• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 19 Ақпан, 2021

Жайық деген жанды су...

Ару Жайық, ақ ерке Жайық... Жайыққа неге осынша ерке есімдер қойдық екен?! Әйтпесе бұл нағыз ерге лайық тағдырды кешіп келе жатқан арна емес пе еді. Жайық... жылап ағатындай ма, күліп ағатындай ма?! Қалай десеңіз де, басынан бағы да, соры да арылмағанын тарих-куәгер таңды таңға ұрып, зарлап айтуға бар. Тек тыңдай беріңіз. Әуелі халық өлеңдеріне, ел зарына құлақ түресіз...

Жайықтың жағаладым жарыменен,
Ыстығы үдей түсті шаңыменен.
Қосылып бұйра толқын сыңсып жатты,
Халықтың күңіренген зарыменен.

Жайық жөніндегі халықтың өлеңі осылай еді, – дейді көне қолжазбаларда. – Өйткені ол кезде Жайықта мақтағандай сиық жоқ болатын. Ол кезде Жайықтың суын құм, халқын мұң басқан кез еді. Ол кез Жайықтың қоғасын шаң, халқын қан басқан кез еді. Жайықтың суы қу өмірдің құрығынан құтылуға зар болып, күңіренген көп халықтың мұңына қосылып жылай ағатын. Жайық суының толқыны басы байлаулы, аяғы кісендеулі сұм дәуірдің торындағы халықтың бұлқынған күшімен бірге толқитын: Жайық талай арманда кеткен арыстандардың анасы еді. Ол –
Халқы үшін серт еткен,
Күрескен жауын мерт еткен.
Арыстандай айбары,
Есіткен дұшпан селт еткен –
Исатайды туды.
Көп бастайтын көсем ғып,
Сөйлесе жүйрік шешен ғып,
Махамбетті туды.
Домбырасын қозғатқан,
Ұстаса күйді қоздатқан,
Он саусақтың өнері,
Екі шекті боздатқан,
Құрманғазыны туды.
Толқынды зор дауысы,
Бұлтты жара аңқыған.
Есіткен үнін адамның,
Сүйсінген көңілі балқыған,
Мұхитты туды.

Бірақ осы ұлдардың еркін өмір сүрген қызығын көре алмады. Олар қу өмірдің құлдығында көздеген мақсатына жете алмай арманда кетті. Әлпештеп өсірген ұлдарынан айрылып көкірегін шер басып жүргенде Жайық жағасын өрлей көшіп, еркін жайлаған елден де айрылып аңсап бір қалды.
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Қайран да менің Жайығым, – деп жырласа:
Жайық: Амал не халқым бұл іске?
Болғасын солай дәуірім, – деп, бірнеше жыл жағасын жайлаған халқымен қоштасып, сыңсып жатты. Ол кезде Жайықтың суында балық пен бақа, жағасында көсенің мұртындай түп-түп болып біткен сиректей тырбық талдан басқа ештеңе жоқ еді. Ұшқан құстан басқа серігі жоқ, құлазыған қу даланы кезе жылап ағып жататын...
Жайықты жағаладым
жеміс теріп,
Орманын араладым 
қызық көріп,
Сылдырап мөлдір суы 
шалқып жатты,
Сәулетті сәнді өмірдің
нұрына еніп –
Қазіргі Жайық жөнінде халық осылай жырлайды. 

Өйткені қазір Жайықтың жағасы малға толды, жайлауы елге толды, алабы ен дәулетке бөленді. Жайықтың жоғарыдағы бел балалары – Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Мұхиттың арман еткені осы еді. Олардың арманы бүгін орындалды.

Туып-өскен Жайығынан өксіп айырылған халықты Октябрь революциясы мекеніне қайта қондырды. Бір кезде құлазыған Жайықтың жағасына бүгін сандаған сәулетті қалалар орнады. Алқабын колхоз, совхоз, МТС жайлады. Бір кездегі Жайықтың жағасына шыққан тырбық талдың орнына бүгін арасында сан бұлбұлы сайраған, ну боп қайың орман өсті. Бір кезде Жайықтың суында балық пен бақа ғана жүрсе, айбарлы асау толқынды айырған сандаған пароход жүр. Жайықтың басы Орал тауының тасқан кені болса, аяғы Каспийдің балығы мен Ембаның мұнайы. Жайық сұм заманның бұғауында арманда кеткен ұлдарының орнына бүгін мыңдаған ерлерін, сандаған ғылым иелерін, қалам қайраткерлерін, искусство майданының мыңдаған мастерлерін туды...» – деп жазыпты Х.Байғалиев 1938 жылғы 6 қараша күнгі «Екпінді құрылыстың» нөмірінде. 

Расында солай ма еді?! Заманына сай осылай толғату керек болған шығар, бәлкім. Әйтпесе, бұдан бұрын өмір кешкен Мұрат Мөңкеұлының «Жайықтың бойы – майлы қиян» дегенін ұмыта қойған жоқпыз. Одан берідегі Ақтан Керейұлының «Жайық деген жанды су» дегені де Жайықтың сол кездегі табиғатын суреттейді. Тіпті осы екі сөз-ақ ерке өзеннің бүкіл бітім-болмысын ашатындай. 

Ал «Жайық» сөзінің түп-тұқияны қайдан бастау алады екен?! 

– Жайық гидронимі көне ғасырлар қойнауында қалыптасса керек, – делінеді «Жайық» атауы хақындағы мақалада. – Біздің жыл санауымызға дейінгі VI ғасырда өмір сүрген оқымысты әрі саяхатшы Геродоттың сипаттауынша Жайық өзені «Лик», «Ликос» деп аталған. Ал біздің заманымызға дейін ғұмыр кешкен грек оқымыстысы Клавдий Птолемейдің «География» жинағында Македон – парсылықтардың Батыс Азияға билік құрып тұрған кезеңінде Жайық өзені «Джаха» деген атау алғаны туралы мәлімет бар. Орта ғасырда 845 жылы төменгі Еділ және Жайық өзендері арқылы арабтардың Саллям бастаған экспедициясы өтеді. Осы саяхаттың негізінде Ахмед ибн Фархад өзінің «Путешествие на Волгу в 924-922 гг.» деген еңбегін жариялайды. Бұл еңбекте автордың мынадай сөздері бар: «Біз көп күн жүріп Джаха өзенінен өттік. Содан кейін Ырғыз өзенінен өттік» (Путешествие Ибн Фардана на Волгу. Под. ред. академика И. Крачковского. Москва. 1939 г.) Осы еңбекте келтіріліп отырған атаудың Жайық сөзі екенін Джаха-Джаик – Жайық салыстырулары арқылы анықтау қиыншылық тудырмайды. Себебі Еуропа мен Азияның қос бұрысы тәрізді қатар ағып жатқан Еділ мен Жайықты бір-бірінсіз кесіп өту мүмкін емес. 

Жайық гидронимінің семантикасы төңірегінде де, қалыптасу тарихы туралы да түрлі пікірлер бар. О.М.Ковалевскийдің «Монголо-русско-фран-цузский словарь» сөздігінің ІІІ томында «Яй» немесе «Джай» – орын (место), кеңістік – пространство, ал «Ийк» – ерекше (особенность) деп түсіндіріледі. 

Белгілі қазақ лингвисі, топонимист-ғалым Ә.Әбдірахманов бұл атау төңірегінде мынадай ой өрбітеді: «Жайық» деген топонимнің сөз ретіндегі көне формасы «Жазық» болу керек. «Жазық», «жайық» деген сөздер мағыналық жағынан да жақын. «Жазық» деген сөз кеңістіктің құрылым түріне байланысты қолданылады». (Әбдірахманов Ә. Қазақстанның жер-су аттары. Алматы. 1956. 156 бет). Осы пікірі арқылы «Жайық» сөзінің семантикасын жоғарыдағы сөздікте берілген ұғыммен сабақтастырады. Борис Кузнецовтың 1986 жылы шыққан «Жайық туралы» кітабы көп жағдайдан хабар береді. Ең ғажабы, бұл кітап – Жайықты жағалай жүріп жазылған кітап. 

– Бұл өзен осыдан талай жүздеген жылдар бұрын да жағасына келген жолаушыны дәл осылай қарсы алған шығар-ау, – дейді Борис Кузнецов зор толқыныспен. – Олардың арасында кім болмады: скиф, гун, хазар, печенегтер, половцылар... Бір тайпаның орнын екіншілері басты. Батысқа қарай өршелене ұмтылған Батидың өзеннен өткен атты әскерінен аң-құстың өзі үркіп, безіп кеткен. 

Сөйтіп өзен ормандар мен даланы кезіп аға берді. Бірақ Жайық деген атқа ие болған бұл өзен XV ғасырдың аяғында өзінің жағасынан жаңа тұрғындарын көрді. Олар Матюшка немесе Гугня есімді қатал атамандары бар ушкуйниктер тобырлары еді. Орыс патшасының әскерлерінің қолы жете алмайтын жер іздеген олар Еділ және Дон бойынан шығысқа қарай ығысқан болатын. 

Қашқындар біртіндеп көбейе берді. Олар орманды кесіп, өртеп жер жыртты, егін салды. Балықпен қоректенді. Жолы болғаны ұзындығы аршын келетін бекіре ұстаса, кейбірі сары сазанмен қанағат тұтты. Әйтеуір өзен байлығы мол еді. Өзен бойында дүрбелеңі мол бөтен далаға қырағы көзін қадаған орыс қалалары пайда бола бастады. Кейде бұл қалаларға көшпенділер шабуыл жасап, айнала қылыш үніне толып, Жайықтың суы қанға боялатын. Талай рет орыстар жеңіліп, талай рет жеңіп те шықты. Бүгінгі таңдағы халықтар арасындағы достық оңайлықпен келген жоқ. 

Осылайша Жайық казак әскерлерінің басы құралды. 1614 жылы осында оның астанасы ағаштан салынған Жайық қалашығы пайда болды. Пугачев көтерілісінен кейін ол Орал қаласы атанды. Сол кезден бастап өзен де «Жоғары мәртебелінің әмірімен» Орал деген атқа ие болды. Бұл 1775 жыл еді. 
Уақыт өткен сайын Жайық жағасына және оның бойындағы далаларға қоныстанушылар көбейіп, олар өз тағдырын осы өзенмен байланыстырумен қатар өңірдің дами түсуіне де игі әсер етті. Ол түсінікті де. Өйткені әрбір өзеннің өзіндік сипатымен қатар өмірбаяны да бар. Оның сипаты негізінен жер бедері, суының молдығы, салаларының саны сияқты табиғи факторларға, ал тарихы белгілі бір қоғамдық оқиғаларға байланысты, – дейді Борис Кузнецов.

Иә, осылайша Жайық өзені бұл кезеңде өзінің төл атауынан айырылды. Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін, оның көсемі өлтірілген соң, халық санасындағы көтеріліс туралы және оның басшысы Е.Пугачев туралы жадыларды түбегейлі жою мақсатында Екатерина ІІ патшайым Жайық өзенін Орал (Урал), Жайық қалашығын Орал (Уральск) деп өзгерту туралы жарлық берген болатын. 

– Бұл өңір оқымысты-лардың да назарын аударды, – дейді Борис Кузнецов. – 1768-74 жылдары осында саяхат жасап, өлкенің географиясы жайлы алғаш ғылыми мәлімет берген академик Петер Симон Палластан бастап өлкеде ондаған ғалымдар болды. Олардың көбі аса көрнекті адамдар еді. Осы жерде Орал өңірін зерттеушілердің атасы, «Орынбор Колумбы» атанған Петр Иванович Рычковты қалай еске алмассың. Ол Ломоносовтың ұсынысымен Петербург Ғылым Академиясының алғашқы корреспондент-мүшесі болды. Ғалым жазған өлкенің тарихы, экономикасы және табиғи байлығы жайлы кітаптар – күні бүгінге дейін өз мәнін жоймаған ғылыми қазына. 

Екінші мыңжылдықтың басында Орал мен Волга өзендерінің аралығын мекендеген халықтар араб елдерімен байланыс орнатып, тұрақты араласып-құраласа бастады. Шығыс географтары қиянда жатқан Орал өлкесі жайында біршама хабардар болған. 1154 жылы араб географы әл-Идриси еңбегінде әлдебір Руза өзені туралы сипаттап жазды, оның айтуына қарағанда, бұл Жайық – Орал өзеніне келеді. 

Жайық өзенін орта ғасырларда батысеуропалық көпестер, миссионерлер, елшілер әлденеше рет кесіп өтіп, бұл туралы өз жолжазбаларына түсіріп отырған. Орал арқылы ортағасырлық Сарайшық қаласына әуелі Рим папасы IV Иннокентийдің елшісі Плано Карпини (1249 ж), ал сәл кейінірек француз королі IX Людовиктің елшісі Гильом де Рубрук (1253 ж) жол тартқан. 

Қырымнан Жайықты басып, шығысқа асатын жол туралы Франческо Бальдучи Пегалотти «Сауда тәжірибесі» атты шығармасында жазып қалдырды. Ол Танадан Сарайшыққа баратын жолдың ерекшеліктерін атай отырып, өтімді тауарлар, сондай-ақ жергілікті халықпен есеп айырысуға қолайлы ақша түрлері жайында сипаттап жазады. 

1333 жылы Мароккодан шыққан белгілі араб саяхатшысы, кезбе көпес Ибн Баттута да Жайық арқылы өткен. 

– Адамды өлең жолдары ғана шексіз әсерге бөлеп қоймайды. Табиғаттың да ұлы ақын екенін Жайық бойымен саяхатқа шыққан әр адам көзімен көріп, мойындары сөзсіз. Мұнда су, орман, шабындық, дала және қуаң жерлер бір-бірімен әсем үйлесім тауып жатқаны таңдандырады. Осындай шебер суретшінің қылқаламына лайық әсем табиғат көріністері жаныңды жадыратады. Бұл өңірде талай қызықты оқиғаларға да куә боласыз. Мысалы, суға батпайтын өзенде шомылуға болады, – дейді Б.Кузнецов. 

«Жайықтың суы адамға қуаныш сыйлайды. Көптеген өзендердің адамдардың тікелей араласуымен өзіне тән бірқатар қасиеттерін жоғалтып алғаны құпия емес. Реті келгенде айта кетсек, бір кезде Жайық өңірінде болған белгілі натуралист Александр Гумбольдтың: Адамдарды орман қарсы алып, қуаң дала шығарып салады, – деп ашына айтқан сөзі жердің көгілдір байлығына да қатысты. Күнделікті пайдаланып жүрген мол суды өз-өзінен келіп жатқан табиғат байлығы деп түсінеміз. Ал академик Карпинскийдің сонау 1931 жылы «Судан асқан бағалы қазба байлық жоқ», – деген сөзін әркім біле бермейді. 

Қымбат дүние мұқият сақталады, алайда соңғы кезге дейін адамдар суды үнемдей алмайды және оған мән де бермеді. Жағалауындағы ормандар кесілген соң жылғалар жоғалып, өзендер қайраң тартты. Өзен, көл бойларына өнеркәсіптік мекемелер салынып, ал оның қалдықтары суға ағызылды. 
Бір қуантарлығы, Жайық мүлде ластанудан аман қалды. Табиғат заңдылығын түсінбей тұрып оған жөнсіз араласудың зиянды әсері дер кезінде анықталды. Әрине кейде мұндай сабақтың өзі тым қымбатқа түсті. Алайда Жайық үшін бұл тым үлкен игілікке айналды. Уақытылы қабылданған шаралар оны таза сақтап қалуға мүмкіндік берді».

Бұл 1986 жылғы жазба. Әлбетте, заман өзгереді. Ал бүгін адамның өзгеруі демде. Әр өзеннің тағдыры бар десек, оны жағалап келуші әркімнің де өз жасап кетер қатері бар. Дүниені құлпыртып тұрған осы ерке өзен екенін қашан түсініп болар екенбіз?! 

Жайық өзінің асау да ерке толқындарымен арнасын кезек соққылап әлі талай аға берер. Әлі талай өлеңдер де жазылар. Әлі талай көздер телмірер. Бірақ баяғы Жайық бір Жайық боп қала берері анық...

Асылан Тілеген

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

765 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы