• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 18 Ақпан, 2021

Кедейлік пен байлық (жапон ертегісі)

Ерте, ерте, ертеде бір ауылда кедей жігіт өмір сүріпті. Әке-шешесі дүниеден өткен соң жалғыз қалған жігіт үйленіпті. Келіншегі әрі ақылды, әрі сұлу болғандықтан, бүкіл ауыл тамсанып, екеуіне тілектес болыпты. Бірақ екеуінің тұрған үйлерін баяғыдан Кедейліктің пірі мекендеп, өз әмірін жүргізіп келеді екен. «Ей, байқұс! «Жақсы әйел алдым» деп мәз-ау! Менің құзырымда екенін білмейді», –  депті Кедейліктің пірі. Жас ерлі-зайыптылар өздерін жұпыны тұрмыстың иесі билеп-төстеп отырғанын білместен, тырбанып еңбек ете берді. 

Олар  алакеуімде әтештің даусынан оянып, беті-қолын жуған соң егістікке барады. Екеуі таңғы асқа дейін талай жұмысты тындырып тастайды. Жігіттің әйелі данго (күріш күлше Ш.Ж.) пісірсе де, каю (сұйық ботқа Ш.Ж.) әзірлесе де: «О, жебеуші піріміз! Ниетімді қабыл ала гөр!» деп сыйынатын. Мұның бәрін Кедейліктің пірі көріп тұрады, әрине. Жігіт келіншегі екеуі еңбек еткен сайын Кедейлік әлсірей берді. «Осыншалық бар пейілімен іс істеу дегенді бұрын көрмеген едім. Қап, күшімді кемітті-ау», –  деген Кедейліктің пірі  кішірейе беріпті. 

Ерлі-зайыптылар тынымсыз еңбектенген соң тұрмыстары оңала бастады. Үш жыл өтті. Жаңа жыл қарсаңында келіншек тұздалған балық сатып алып, дәмді тағамдар әзірледі, мочи (күріштен пісірілген нан Ш.Ж.) пісірді. Күйеуі екеуі:

Ертең жаңа жыл,
Жаңа жыл ғажайып
Ақ нан болсыншы,
Майдай сакэ толсыншы, – деп өлеңдеткені сол екен, жылаған дауыс келеді құлақтарына. «Бұл кім болды екен?» деп, аң-таң болған олар төңірегіне қарады. Сөйтсе дәл төбелерінде бір шал еңіреп тұр. 

– Қария, қайдан  келдіңіз, көз жасыңызды төгетіндей не жағдай болды?

–  Жыламай қайтейін? Мен Кедейліктің пірі едім. Бұл үйді көне заманнан бері мекендеуші едім. Сендердің жағдайларың оңала бастаған соң қастарыңа жолау мүмкін болмай қалды. Тағдырым тіпті қиындайын деп тұр. Бұл үйге Байлықтың пірі келе жатыр. Мені қуып шықпақ. Бірақ бұл үйден шыққым келмейді. Сол себепті жылаймын. 

Кедейліктің пірі осыны айтты да, көзінің жасын төгіп- төгіп жіберді. Өз үйінің пірін көрген жігіт қатты таңғалды. Бірақ шалға жаны ашып: «Осы уақытқа дейін бірге өмір сүріп келгендіктен, сізді ешқайда жібермейміз. Бізбен бірге тұра бересіз. Ал Байлықтың  пірі келсе бәріміз бірігіп қуып шығамыз», –  деп жұбатты. Келіншек те  күйеуінің сөзін қоштап: «Иә, сізге көмектесеміз. Байлықтың пірін қуамыз», –  деді.
 Кедейлік қуанып кетті де, былай деді: 

–  Онда мені асыраңдар. Күш жинамасам болмайды ғой.

Келіншек бір қазан тамақты тақыл-тұ-қыл шалдың алдына қойды. 

–  Қандай дәмді! –  деді, жалмаң қаққан Кедейлік. –  Енді байлық кіріп көрсінші бұл үйге! 

Сол кезде түн ортасы болды дегендей қоңырау үні естілді де, бар сән – салтанатымен Байлық кіріп келді. 

–  Ей, Кедейлік! Еңбекқор адамдарды билеп-төстегенің жетеді енді. Шық, бұл үйден!

–  Не деп тұрсың? Бұл баяғы заманнан бері менің мекенім. Жеңе алмайсың мені!  Бір қазан тамақты жеп алған Кедейлік күшейіп, Байлықпен ұстаса кетті.

Энсадо гаттачя!
Энсадо гаттачя! (ұран – Ш.Ж.)

Байлық пен Кедейлік сумошылар сияқты күресті. Не дегенмен Байлықтың пірі күшті емес пе? Кедейлік ентігіп қалды. Шайқалақтап барып құлай жаздады. «Көмектерің қайда, ұмыттыңдар ма? Жеңу керек, жеңу керек!» 

Жігіт әйелі екеуі Кедейлікке жақтасты. Күш біткен Кедейліктің пірі Байлықтың пірін әп-сәтте итеріп, шығарып жіберді. Жігіттің үйіне Байлықтың пірі кішкентай балғаны қалдырып кетіпті. «Мұны ұмытқаны жақсы болды», –  деп қуанды Кедейлік. Содан соң балғадан қажетті нәрселерін сұрай бастады: 

–  Маған күріш бер, мисоширо (соя сорпасы – Ш.Ж.) ішкім келеді. Қане, мисоширо, шық! Ақша, шық! 

Сол-ақ екен балғадан шыққан ақша тау боп үйіліп қалды. Ол ол ма, қап-қап күріш, бөшке-бөшке мисоширо пайда болды. Ерлі- зайыптылар шаттанып «Үй бер, баланы да, қораны да шығар!» –  деді жамырасып. 

Түс көргендей күй кешкен ерлі-зайыптылар әлгі төбедегі шалға қарады, да танымай қалды. Сөйтсе, кішкентай балғаны қолына алған соң Кедейлік Байлыққа айналып кетіпті. Ерлі-зайыптылар жаңа жыл мерекесін шат-шадыман қауанышпен қарсы алды. Үйіне Байлықтың пірі үстемдік еткен соң олар дәулетті өмір сүріпті. 

Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

3145 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы