• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Ақпан, 2021

Қалада қой жетектеген Арман

2014 жыл. ҚазҰУ-дың екінші курсында оқимын. Балмұздақтық кезең қалып, өзімізден кейінгі курстарға «аға» болып, оқу корпусына келуді сиреткен кез болатын. Жатақханадан шықпай, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев сынды кәнігі кітап кеміргіштермен іштей егесіп том-том кітаптарға көміліп жататын едік. Бірнеше кітапты тауысып, тау қопарғандай анда-санда оқуға келетін күндердің бірінде кафедра меңгерушісінің көзіне түсіп қалдым. Ол кісі қолындағы конференцияға шақыру хатты ұстатты да, «Қазақфильмнің» сол кездегі директоры Ермек Аманшаевқа апаруымды тапсырды. Есімімді атам қазақтың атақты актерімен аттас қылып қойған соң ба, кейде ішімде актерлік арман жылт ететіні бар-тын. Кафедра жетекшісінің қолыма ұстатқан шақыру хаты менің актерлік карьерама берілген билеттей елестеп, тәтті арманның құшағында әл-Фараби даңғылымен зымырап барамын. Директор Ермек Аманшаевқа кірсем, ол менің есімімді сұрап, ары қарай әңгіме жалғасса... Ауылдан кіндігіміз ажырай қоймаған біз ол кезде барлық адамды ауылдың кісілеріндей елестететін едік. Ауылдағыдай атымызды, тегімізді сұрайтындай көретінбіз. Бірақ менің қолымдағы билетім «Қазақфильм» директорының хатшысына кіруге ғана жарады. «Осында қалдырыңыз» деген сәтте бүкіл ой-арманымның күл-паршасы шыққан еді. Маған біреу-міреудің көзі түсіп қалар деп, киностудияның дәлізін кезіп ұзақ жүрдім. Бұл жүрісім де «актерлердің бәрі «Қазақфильмде» жұмыс істейді» деген балаң түсінігімнің жемісі болатын. Ешкім жолықпады. Ешкім атымды, тегімді сұрамады. Бірақ менің сұрайтын нәрселерім көп еді...

...«Қазақфильм» киностудиясының дәлізіндегі афишалардан көз тұнады. Оның кемінде 60 пайызы мен білмейтін, көрмеген фильмдер екен. Көбін жазып алып, жатақханаға келіп интернеттен іздей бастадым. Таппадым. Әлі күнге сол туындыларды ғаламтордан табу қиын. Қазақ киносының қара шаңырағының YouTube желісіндегі парақшасына да бұл кинолар салынбаған. Ал салынғандарының көбі орыс тілінде. Сонда әлі күнге дейін қазақ кинолары толық, ана тілімізде жинақталған платформа жоқ болғаны ғой. Осылай көрерменнің қолы қазақ киноөнерінің «Алтын қорына» жете алмай отыр. Ал жеткенінің жартысына жуығы орыс тілінде. Осындай қазақтың өмірі суреттеліп, бірақ қазақшасы ғаламторға жүктелмеген бір фильм «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» деп аталады.

Барлығымызға бала кезден таныс, әрбір кадры көз бен көңілге ыстық бұл фильмнің режиссері және сценарисі – Әсия Сүлеева. Сценаристер қатарында атақты Сергей Бодров та бар. Бұл киноның түсірілуіне, оның режиссері ретінде Ә.Сүлееваның тағайындалуына С.Бодровтың тікелей қатысы бар екенін де айтпай кеткеніміз болмас.

«Сергей Бодров – кинорежиссер және сценарист. «Кавказ тұтқыны» және «Моңғол» фильмдері «Оскар» сыйлығына үміткер болған. Қазақстанмен, қазақ киносымен тығыз байланыста. Атап айтсақ, «Моңғол» фильмі Ресей мен Қазақстанның ортақ кинотуындысы саналады. Сонымен қатар, С.Нарымбетовтың «Мұстафа Шоқай» фильміне сценарист ретінде араласса, «Көшпенділер» фильмінің Иван Пассерден кейінгі режиссері болды. Кино әлеміндегі есімі – Үлкен-Сергей Бодров. Оның себебі Кіші-Сергей Бодров та бар. Ол 90-жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңді суреттейтін А.Балабановтың «Бауыр (Брат)» фильмінде басты рөлді сомдаған. Бұл туынды атақты «Бумер», «Бригада» сынды фильмдермен иық тірестіре алатын, жастарды өзіне еліте алған культ фильмге айналған».

1983-1984 жылдары Мәскеуден корреспондент ретінде Қазақстанға келген С.Бодров Ә.Сүлееваның бірнеше деректі фильмдерін көріп, онымен жұмыс істегісі келеді. Өйткені қазақ режиссерінің картиналары оған мейірімділігімен, отбасы құндылықтарын дәріптеуімен ұнаған болатын. Екі режиссер 2-3 аптаның ішінде «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» киносының сценарийін дайындап, Мәскеуге қарауға жібереді. Барлық талдаудан өтіп, түсіруге рұқсат берген кезінде Ә.Сүлееваның режиссер болуы туралы мәселе көтерілген. Өйткені Ә.Сүлеева деректі фильмдер режиссері болатын. Бірақ С.Бодровтың араласуымен біз бүгінгі картинаны отандық режиссердің түсіруімен тамашаладық. Картина адам мен табиғат, қазақтың рухы мен даланың, еркіндіктің үйлесімін суреттейді. Картина алғашқы кадрларынан-ақ қазақтың этнографиясын түгендейтіндей.

Идеологиясымен келісесіз бе?

...Мықшыңдап екі шелек суды көтеріп келіп Арман оны ошақтағы қазанға құйып жатыр. Ал ошақ маңайын киіз үйдің керегесімен қалқалап қойған. Осылай кино қасиетті ошаққа су құйылып, от түтеуімен басталады. Ал қой үстіне отырып алып, алысқа дүрбі салып отырған балақайдың тақиясына қадалған қауырсын ше? Бұл қазақтың қаламға, білімге жақындай түскенінің белгісі ме, әлде біздің мұхиттың арғы жағындағы туыстарымызға сілтеме ме екен? 

Арманның Мұратпен күресетін сәтін есіңізге түсіріңізші. Олар балбал тастың алдында күресіп жатады. Бұл да кездейсоқ дүние емес екені анық. Ал олардың күресіне қарап тұрған қарындастың басында үкісі желбірейді. 

Киноның негізгі кейіпкері Арман – қарапайым шопанның үлкен баласы. Ол биыл мектепке барады. Бірақ ол оқу қуып академик, ғарышкер емес, шопан болуды армандайды. Осы тұста киноға идеология ретінде қарайтын қазақ көрермендерінің тамағына тотияйын тамып кеткендей болары анық. Өйткені қазақ баласының арманын шопандықпен шектеу – ұлтты кемсітудей көрінеді. Жастары әскерге барса көбіне Құрылыс батальонында қызмет өтеп, оқуға түссе зоотехник пен аграрлық салаларда, ары кетсе мұғалімдікте оқығаны бүгінгі көзі қарақты қазақтың шымбайына батады. Бұл дүние бізге де қатты тиеді. Дегенмен мұндай қақпайлау мен қағажуды көрген тек қазақ халқы емес екенін ұғынуымыз керек. КСРО-да түсірілген фильмдердің көбі ауылдан тамыр үзбеуге үндейтіндей. Тіпті сол кездегі ақын-жазушылардың шығармашылығынан осындай мотивті байқауға болады. 

Қарапайым орыс жігітінің жан дүниесін суреттейтін Георгий Данелияның «Афоня» фильмін, дәл осы режиссердің грузиндер мен армяндар арасындағы мәңгі бітіспес дауды суреттейтін «Мимино» фильмін есіңізге түсіріңізші. Екі фильмде де үлкен қаладан бақыт тауып, адамдарымен тіл табыса алмаған басты кейіпкерлер ауылға қайтып оралатын. Атақты «Сәттілік серілері» (Джентельмены удачи) атты кинотуындыдағы Василий Алибабаевичтің «Қалалар» ойынында айтатын сөзін білетін шығарсыз. «А» әрпінен басталатын қаланың атын айт дегенде: «Жамбыл», – дейтін ол. Мәнін сұрағанда: «Ол жақ жылы. Үйім сонда. Онда анам бар», – деп жауап беретін. 

Яғни кеңес әдебиеті мен киносындағы үйге, ауылға оралу мотиві сол кездегі кез келген халықта болды. Бұл бір жағынан кеңестік идеологияның (ол кезеңде ауылды жерлерге жұмыс күші көп қажет еді) жұмысы десек, екінші жағында соғыстың әсері де тұр. Бірінші дүниежүзілік соғыс туралы шығармаларды біз көп біле бермейміз. Бірақ Екінші дүние-жүзілік соғыстан кейінгі жазылған шығармалардың барлығында үйге оралу мотиві болатын. Осы сюжеттік желі соғыстан кейін қалыптасқан ұрпақтарға қатты әсер етті. «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» атты Ә.Сүлееваның киносында да осы бір мотив байқалады. Яғни бұл кинодағы баланың «шопан боламын» деген арманын бір жағы идеологияға тіресек, екінші жағында осы бір қалыптасқан мотивке сүйеуімізге болады. Фильмдегі идеология мәселесін осылай бір түйіндедік. Сіз келісесіз бе?

Ауыл мен қала образы қалай көрінген?

Арман мен онымен жасты екі бала интернатқа оқуға келеді. Осы жерден біз сол кездегі жастардың, жалпы адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін анық аңғарамыз. Оқу басталып, күндер жылжи береді. Бұдан әрі ауыл мен қала қақтығысы бой көтереді. Мұнда ауыл образы – бала Арман, ал электр жөндеуші, қала тұрғыны Ғұбайдулла – қала бейнесі. Фильмдегі барлық қақтығыс осы екі образ арасында өрбиді. 

Арманның дөңгелекті тақтайшамен жүріп Ғұбайдулланың көлігіне соғысуынан басталатын қақтығыс соңы Арман мен әкесінің полиция учаскесінде отыруымен аяқталады. Мұның ортасында ауылда өскен Арманның қарбызды білмей, сыныптастары алдында күлкіге қалуы, Ғұбайдулланың қызына ғашық болып, оның есігіне жерлеуге апаратын гүл іліп қоюы секілді қаншама қызықты сюжеттер баршылық. 

Ғұбайдулла үнемі Арманның үстінен интернат тәрбиелеушілеріне арызданып, бала сөгіс алған сайын ауылға кетіп қала береді. Қалаға бір қайтқанында әкесі Ғұбайдулладан кешірім сұрап, оған қой әкеледі. Бірақ оны Арман бергісі келмейді. Тағы баяғы қырсықтығына басып, қойын жетектеп ауылына тайып тұрады. Алматы көшелерімен қойын жетектеп келе жатқан балаға қарап жаның сүйсінеді. Оның бойындағы қырсықтық пен қайсарлық, кеңдік пен мейірім айналасына еш назар салдырмайды. Бағыты – ауыл, мақсаты – қойын бермеу. 

Киноның көп эпизодында Арманның әкесі өте қатал, қырсық адам ретінде көрінген. Бірақ Арманның да ол қырсықтықтан ада емес екенін, әкесіне тартқан бала екенін аңғару қиын емес. Бұл қазақ танымындағы әке мен бала арасындағы өте нәзік қарым-қатынас. Әке – қаталдық, ана – мейірім. Бала тәрбиесінде екеуі де орнымен қажет қасиеттер. 

Арман Ғұбайдулланың көлігіне бюст құлатып, оның ата-анасына тағы хабар беріледі. Бұл жолы әкесі қатты ашулы және кешірімге алып келген үш қойы бар. Оның сұсынан Арманды сыбап алардай көрінеді. Бірақ ол баласының интернат еденін жуып жүргенін көріп тосылып қалатын. Иә, қазақтың танымында ер әйелдің, әйел ердің ісіне араласуына болмайды. Тіпті киіз үйдің өзі солай жасалған. Ал ер мінезді азаматтың өз баласын еден жуу үстінде көруі тіпті қиын. Сол сәтте әке ашуы сап басылған еді. 

Арманның әкесі Ғұбайдуллаға алып келген үш қойының бірін де бермей, баласына балаша көлік үстінен мақтанып, ауылға қайтады. Ал Арман мен қала арасындағы қақтығыс жалғаса беретіндей. Бірақ енді қала образында Ғұбайдулла емес. Ол Арманның бар мінезін танып, оған жай бала ретінде қарайтын болған. Оны біз соңғы эпизодтардан байқай аламыз. 

Доп ойнап жүріп жолға шығып кеткен Арманнан қашып, «Волга» автокөлігі автобусқа соғылады. Сол сәтте Ғұбайдулла Арманды құшақтай алып, «Волга» жүргізушінің бұрынғы өзіндей шыр-пыр болып жатқанына қарап қарқылдап күлетін еді. 

«Ауылым Көктөбенің бөктерінде» фильмі осылай баланы ұлттық мінезде, танымда тәрбиелеуге бастайтын қазақ киносының шоқтығы биік туындысы. Әрбір көрген сайын ауылды аңсатып, тыныштықты сағындырады. 

Досхан Жылқыбай

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

 

960 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы