• Маман кеңесі
  • 22 Ақпан, 2021

Омыртқаның қисаюы қалай емделеді?

Кішкентай кезімізде үлкендердің «бүкірейме», «үстелге түзу отыр», «арқаңды тік ұста» деген ескертпелерін жиі еститінбіз. Алайда жиі естісек те аса қатты мән бермейтін едік. Кейін ойлап қарасақ, ол ескертпенің бәрі омыртқаның саулығын ерте ойлағаннан екен. Ал омыртқа – адам денесінің ең маңызды бөлігі. Себебі ол – қаңқа сүйекті біріктіріп тұрған негізгі тірек.

Сколиоз қандай ауру?

Өкінішке қарай, қазір балалар арасында омыртқаның қисаюы жиі кездеседі. Омыртқа жотасының бір бүйірге қарай қисаюы медицинада сколиоз деп аталады. Оның кең таралған түрлері идиопатикалық сколиоз бен туабітті сколиоз. Жүре пайда болған сколиоз себебіне қарай рахиттік, статикалық, неврогендік және идиопатикалық деп бөлінеді. Сколиоздың идиопатикалық түрі ең жиі кездеседі. Яғни неден пайда болғаны белгісіз. Бұл ауру жас тобына қарай былай жіктеледі:

  • 3 жасқа дейінгі балаларда – инфантилді сколиоз.
  • 4-10 жас аралығындағы балаларда – ювенилді сколиоз.
  • 11-18 жастан асқан балаларда – жасөспірімдік сколиоз. 

Ал туабітті сколиоз бала іштен дамыған кезеңнен бастап болады. Ол жас ағзада қабырға мен омыртқа сүйектері дұрыс қалыптаспаған жағдайда пайда болады. Оған омыртқалардың тұтасып бітуі немесе қабырғалардың тұтасып бітуі әсер етеді.
Идиопатикалық сколиоздың негізгі 4 сатысы бар:

1-дәреже: 0-100С
2-дәреже: 10-250С
3-дәреже: 25-500С
4-дәреже: 500С жоғары 

Белгілері қандай?

  • Арқа мен белдегі ауырсыну сезімі
  • Ұзақ уақыт отырған уақытта омыртқадағы шаршау сезімі
  • Иықтың біркелкі түзу болмауы, бір иық екіншісінен ұзын болуы
  • Омыртқаның кез келген жаққа қатты қисаюы

Омыртқаның қисаюын тез анықтау қиын. Өйткені ол ауырмайды. Баланың тез өсетін шағында ғана білінеді. Аурудың ең алғашқы белгілері ретінде арқадағы ауырсыну, тез шаршауды айтуға болады. Арқасы ауырған баланың сабаққа зейіні нашарлап, өзіне ыңғайлы жаққа жатқысы келеді. Осындай белгілер байқалса, мұғалім баланың ата-анасына ескертіп, оны ортопед дәрігерге апаруы керек. Ата-ана баласының омыртқасы қисая бастағанын байқаған бойда уақыт созбай ортопедке апарса, емдеуге мүмкіндік көп. Адам есейген сайын оны емдеп жазу қиындай түседі.

– Бала – өсуші ағза. Мәселен, гүлге топырақ, су, күннің көзі, минералдар қажет болғаны сияқты, балаға да дәл сондай дәрумендер қажет. Бала 3-7 жаста және 11-14 жас аралығында қатты өседі. Осы кезеңдерде ол ағзаға қажетті дәрумені бар тамақ ішпесе, сүйекке кальций жетіспей қалуы мүмкін. Оның салдарынан сүйек иілгіш боп, құрылымы бұзылады. Ата-бабамыз «Жақсы ас бар жерде жаман ауру тұрмайды» деп бекер айтпаса керек. Малдан шыққан айран, қатық, сүт, ірімшік секілді өнімдерде ағзаға қажетті барлық дәрумен бар. Ал қазір жағдай басқаша. Бұрынғыдай табиғи, таза өнімдерді аз пайдаланамыз. Дүкендегі өнім біздің қажетімізді толық қанағаттандырмайды. Балалардың сүйегінің әлсіз болуының бір себебі осында жатыр, – дейді жоғары санатты балалар травматологы, ортопед Жомарт Сүлейменов.

– Баланы жүргенде және тұрғанда денесін дұрыс ұстауға үйрету керек. Тұрған кезде салмақты бір аяққа түсіріп тұру омыртқаның қисаюына әкеледі. Егер бала сөмкесін үнемі бір жаққа көтеріп жүрсе, дене дұрыс дамымайды. Сол себепті баланың сөмкесін арқалап жүруін қадағалау қажет, – дейді ортопед маман.

Қалай емделеді?

Ең әуелі аурудың негізгі себебіне үңіліп, дәрежесін анықтап алу шарт. Дәрігердің айтуынша, сколиозды емдеудің екі жолы бар. Бірі – хирургиялық, екіншісі – консервативті. Егер 1-дәрежелі сколиоз болса, дене шынықтыру, физиотерапия, суда жүзу және емдік гимнастикамен, 
2, 3-дәрежелі сколиоз кезінде бала өсуі тоқтағанша корсет (түзеткіш, қозғалыс және бекіткіш корсет) киіп жүріп емделеді. Ал 4-дәреже кезінде, яғни ауру асқынғанда хирургиялық ем жасауға тура келеді. 

Массаж көмектесе ме?

Омыртқаның қисаюын массаж арқылы емдеуге болады деген де пікірлер бар. Алайда массаж толық жазады деуге негіз жоқ. «Атлант» ортопедия оңалту және спорт медицина орталығының массажшысы Ильхом Медаевтың айтуынша, шамалы ғана жақсартпаса, массаж толық жақсарта алмайды. Сондықтан алдын алу шараларын жасаған абзал. Дегенмен өз уақытында жасалған массаж омыртқаның қисаймауына кепіл бола алады.

Негізінен омыртқаның қисаюына әкелетін факторлар бала кезден басталады. Ең басты себептері ретінде бала бойының аяқасты тез өсіп кетуін, тістерінің дұрыс дамымауын (соңғы кезде дәлелденіп жатыр) және табанның, жамбас бұлшық еттерінің дұрыс дамымауын айтуға болады. Осы өзгерістерден кейін омыртқа қисайып, бұлшық еттер дұрыс жұмыс істемейді. Мұндай жағдайларда біз массаждың көмегімен бұлшық етте пайда болған ауырсынуды кетіруге, яғни тонусы жоқ бұлшық етке тонус беруге, гипертонус бұлшық еттің тонусын азайтуға әрекет жасаймыз. Осылайша бұлшық еттегі ауру сезімін азайтамыз, бұлшық ет биомеханикасының дұрысталуына көмектесеміз, – дейді Ильхом Медаев.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл дерт ұлдардан гөрі қыздар арасында бірнеше есе көп кездеседі. Ауруды дер кезінде емдемесе, жүрек пен тыныс жолдарына зақым келуі мүмкін. Жалпыға ортақ ем жоқ. Әр науқасқа диагнозына, ауру деңгейіне байланысты ем қолданылады. Сколиоз диагнозы қойылған науқас 6 ай сайын ортопедке тексеріліп тұруға тиіс.

(Тақырыптың 
жалғасы мына сілтемеде)

Дайындаған 
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

2224 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы