• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 18 Ақпан, 2021

Хақым бар өмір сүруге...

Адам баласы күйбең тірлікпен анаған жетсем, мынаған жетсем деген жанталастың жетегінде жүріп, тағдыр дейтін ұғымның байыбына бара бермейді. Күнде көріп, сөйлесіп жүрген адамның басынан не өткенін де сұрамай, сағаттар жылжи береді... Оқытушы я куратор ретінде кейде студенттердің жағдайына мән бермей, жан дүниесіне үңілмей қалатын кездер де жоқ емес. 

Мен кураторлық еткен топта өзімен-өзі саяқ жүретін студенттің бірі Жанель еді. «Қалыбы бұйығы болар, мүмкін топқа үйренісе алмай жүрген шығар» деп топшылап, ден қоймаппын. Кейін анасымен сөйлесіп, оның төрт рет пышаққа түскенін және дәрігерлер миына салмақ түсіруге болмайды дегенін айтқанын естідім. Қалай да журналист болуды арман еткен қайсар қыз, дәрігерінің рұқсатымен Жетісу университетіне түскен екен. 

«Қазіргі журналистиканың жанрлық формалары» атты дәріс барысында сторителлинг жанрында балаларға ерекше оқиғасы бар кейіпкер тауып жазу тапсырылғанда, Жанель бірден өз оқиғасын жазатынын айтты. Көрген қиындығын жазғанда қиналып қалмауын ескертіп, барынша абай болуын сұрадым. 

Жанель өмірге құштар жан! Оның басына түскен қиындықты жеңгені, сонша қиналса да мойымай күрескені біздің білім ордасының әр студентін ғана емес, қызметкерлерін де бейжай қалдырмасы анық. Жетісу университетінде Жанельдей қайсар, өмірге де, білімге де құштар қыздың оқитынын қашанда мақтан етеміз! Жанельдің оқиғасы сторителлинг жанрының талаптарына толық сәйкес болмағанмен, новеллаға жақын. «Хақым бар өмір сүруге...» атты оқиғаны автор үш бөлімге бөлген. Оны оқыған адам тағдыр деген тылсымның тереңіне тағы бір үңілетіні анық.

Назым Дүтбаева, 
Жетісу университетінің оқытушысы.

Қайта ашылған тынысым 

I бөлім

16 жаста едім. Жастайымнан сахнаға шығып, халықтың ыстық ілтипатына бөленген балдай шағым. Көрсе көз қуанар сұлулығым да бар. Айнаның алдында көбі қызыға да қызғана да қарайтын жібектей шашымды тарап тұрып, ұзындығы тіземнен асқанын көріп қуандым. Бұл келбетіме сол кезде соңғы рет марқайған екенмін.

2016 жылдың 30 қазаны. Алматы қаласына жол тарттық. Темір тұлпармен жүйткіп келеміз. Әлемдегі ең бақытты жан екенімді сезген сәтім. Қапшағай тасжолына жете берісімен көзімді бір-ақ сәтке жұмған едім, ұзақ ұйқыға кетіппін. Көліктегілердің ішінде жалғыз есін жиған бөле ағам кезекпен туғандарымды түсіре бастапты, ешқайсысыда өмір белгісі жоқтай көрініп, күртемен беттерін жаба бастаған. Кезек маған келгенде басымнан қан суша ағып жатқанын көріп, сыртқа шығарған. Сол мезетте тынысым өзгеріп, қорылдап, жан тапсырып бара жатқан мені қан сыртқа қарай ағатындай ыңғайлап жатқызған. Дем арада жеткен жедел жәрдемде жатын орын бір кісілік болып, кімнің өмірін құтқарам деген таңдау жасауға мәжбүр болыпты. Кірпігін қимылдатып, көзін аша бастаған анасына бөлем бір қарап, «кешірші, мама» деп мені жедел жәрдемге салыпты. Қапшағай қалалық ауруханасына жеткенде, басынан қан атқақтап, өз қанына малынып жатқан мені көріп, кезекті демалысына кетіп бара жатқан хирург Қайрат Николайұлы кері қайтып, жансақтау бөліміне қарай жүгірді. Жол-жөнекей сырт киімін дәлізге лақтырған күйі палатаға кіріп, санаулы минуттар қалғандықтан, нейрохирург шақыртуға мүмкігі болмай, ота жасауға бекінеді. Ота сәтті аяқталысымен дәлізде күтіп тұрған туыстарыма: «Төрт минут кем әкелгендеріңізде, біз ештеңе істей алмас едік. Қолдан келгенін жасадық, ары қарай Құдайға тапсырдық», – деп кете береді. Хирургтың соңынан келген медбике қанға шыланған киімдерім мен шашымды туыстарыма тапсырыпты. 

Бір апта өткенде арнайы дәрігерлерді шақырып көмек сұрағанда, жағдайымды бағалап: «Әрі-бері тасудың пайдасы жоқ, осында жата берсін, санаулы күні қалды», – деп тастап кете берген. Ота сәтті өткенмен, жарақатым тым ауыр, тірі қалу мүмкіндігім жүзден үш-ақ пайыз болған. Үміті үзілмеген туыстарым мықты дәрігер екенін естіп, Алматы қаласындағы әскери клиникалық госпитальдан медицина майоры Ержан Тілепбергенұлы Мардановтан кеңес беруді өтінеді. Ол Қапшағай ауруханасына келіп жағдайымды біраз зерттеп, туыстарыммен тілдеседі. «Жағдайы өте ауыр. Еш уәде бере алмаймын. Мен оның өмірі үшін күресер едім, бірақ жоғарыдағы басшылардың рұқсаты керек», – деген сөзі туыстарымның көңіліндегі үміт отын қайта тұтатады. Әскери госпитальға жеткізу жолын іздеп, генерал-майор Мұрат Жәлелұлына қоңырау шалып, көмек қолын созуын сұрапты. Сол кісінің бұйрығымен сол госпитальға реанимобильмен апарыпты. 

23 күн ұйқыда жатыппын. «Ояншы» дегендей таныс дауыс құлағыма келеді. Құдай оңдап, сезімге келе бастадым. Бейтаныс жер екенін сеземін, бөгде адамдардың даусын естіп жатқандаймын. Басым сынып барады... «Ауырып барады» деп айғай салып көмекке шақырғым келеді, бірақ онымнан түк шықпады, тілім икемге келер емес. «Ең болмаса, көзбен ымдайын» деп көзімді ашуға тырыстым, алайда кірпіктерімді де көтере алар емеспін. Денеме жабысқан құрылғылар да оянар сәтімді күткендей дабыл қаға береді. Жаныма біреудің жақындағанын сездім. «Қимылдай бастады» деді қуанған дауыс. Күрес енді басталғандай...

Күндер жылжи берді... Қимылсыз жатсам да өмір үшін күресе бердім. Көзімді ашуға тағы талпындым, жарықты көрдім. Дәрігердің бұлдыр бейнесі байқалды. Ауруханада жатыр екем, бірақ неге? Жанымды жегідей жеген бір сұрақ: «Мен кіммін?»... Есімде ештеңе жоқ. Маған қарап отырып көз жасын төгіп кеткен кім?.. Арада қанша күн өткенін білмеймін, біреу төсегіме жақындап, қолымды ұстағанда болар-болмас ашылып жатқан көзіме қараған бозбала «Мені таныдың ба?» деп жыламсырай сұрады. Ешкімді танымаймын, өзге түгіл өзін танымай жатқан адамнан не сұрарсың?.. Бір таныс бейне – күнде көретін дәрігерім басымдағы дәкені ауыстыруға келгенде, бөгет болмақ оймен қолына жармастым. Қимылға келмей жатқан қолым қозғалды.

Жағдайым жақсарып келеді, палатаға ауыстырды. Менен мейірімін аямай, жанымда айналшықтап жүрген екі адам бар, бірақ танымаймын. «Сенің анаңмын», «татеңмін ғой», «қызымка» деп жылап өздерін таныстырды, ал мен жақындарым екен-ау деп еміренбедім де...

Бүлдіршін шағыма қайта оралдым. Маған сөйлеуді үйретпек. Буындап бір нәрсе түсіндіріп әлек. Сыбырлаған даусым шықты. Екінші өмірімдегі бірінші сөздерге тілім келгендегі қуанышты айтсаңызшы!.. Адам боп келем, ұйқыда жатқанда әркез жанымда болған екі бейнені іздей берем. Тілім шыққаннан айтқан бірінші сөзім – «Апам қайда?» Осы сұрақты қойған сайын жанымдағылар маған үрейлене қарайды. Сөйтсем, іздеген адамдарым біраз бұрын бақилық болған екен... Екі дүниенің арасында қалып қойғандай болдым. Себебі, осы сәтке дейін жанымда апам мен ағам ғана болып еді ғой… Апам ақ қауырсынмен кірпіктерімді көтеріп, «көзіңді аша ғой» деп сыбырлап, басымды құшақтап отырса, ағам жәннат алмаларымен мені тойдырған еді ғой. О дүниенің барына осыдан кейін қалай сенбейін?.. Менің өмір үшін күресіме тірі адамдар түгілі, әруақтар да атсалысқандай болды. 

Бір жарым ай бойы төсекте жатқаннан шаршадым, тұрғым келді. Бірақ тұрып, жүгіріп кетем деген жай қиялым екен-ау. Аяғым да жансыз. «Әлі-ақ жүріп кетесің», – деп жанымдағылар жұбатып әлек. Кеше ғана жүрмек тұрмақ, сахнада аққуша қалқып жүрген адам бүгін аяғын қимылдата алар емес. «Тұрғызып көреміз» деп күн сайын дәрігерім келді. Жүрмек тұрмақ, аяғымды нық басып тұрғанның өзі арман боп қаларын кім білген? Бір нәрсеге байлап тұрғызды. Қадамды қалай басатынын түсіндірген соң, аяғымды қозғағаным сол-ақ екен, құладым. Бұл хәліме көндіге алмай күйініп барам... Дегенмен «әлі-ақ жүріп кетем» деп өзіме басу айттым. Аз күннен соң тағы да сол талпыныс... Осы жолы қадам бастым. Қайтпас мінезімнің арқасында сүрініп болса да әжептеуір жерге дейін жүретін болдым.

«Мынау сенің інің, әпкең» деп 2-3 туысымның суретін көрсетіп, есіме бірдеңе түсіруге тырысты. Әлбетте, таныстырғаннан барлығы есіме түсе қоймады. «Менің осындай ағам, әпкем бар екен ғой, жалғыз емеспін, сағындым ғой оларды», – деген қуаныштың көз жасымен оянатынмын. Туыстықтың қадіріне жеттім. Бірте-бірте жадым да қалпына келе бастады. Үйімнің қайда екенін білмесем де, «үйімді сағындым» деп жылайтынмын. Бір күні дәрігерім палатаға қуанышты жаңалығымен келді. Мені ауруханадан шығарады екен. Туысымдай болып кеткен нейрохирургия бөлімінің медициналық ұжымымен, науқастармен, сүйікті дәрігерім Ержан ағаммен қуана қоштастым. «Мен өмірі үшін күресер едім», – деген сертіне берік болып, аяғымнан тұрғызып, үйіме қайтарды. Қара күзден бері үш ай үйіме айналған аурухананың есігінен сыртқа аттағанда терең тыныстап, үйге қайттым.Терең тынысым ұзаққа созылмасын білдім бе, шіркін?.. 

Жалғасы келесі санда

Жанель Абылайханова,

Журналистика мамандығының 3-курс студенті

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

1343 рет

көрсетілді

23

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы