• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 12 Наурыз, 2021

Хақым бар өмір сүруге...

(II бөлім. Жалғасы. Басы өткен санда)

Межелеген жерімізге жеттік. Таныс көшелер. Үйім есіме түсті. Көліктен  түскенде құшақ жая, қуаныштың көз жасын тыя алмай күтіп алған, сағынған, сағындырған туыстарым. Үй іші абыр-дабыр, менің екінші өмірімді тойлап жатыр. Есік қаға достарым кірді, жүздерін көрген соң олар да есіме түсе бастады. Аттарын атай бастағаным сол екен, олар да мені құшақтап, көз жасын тоқтата алмады. Қонақтар тарқап, өзіміз қалғанда үш ай бойы көре алмаған, соңғы рет тамсана қараған әсем жүзімді тамашалау үшін айнаға жақындадым... Айна алдындағы түрім қуанышымды су сепкендей басып тастады. Жібектей шашымнан, ел тамсанған сұлулығымнан түк қалмапты. Адам танымастай өзгергем, жарты бетімді алып тұрған тыртықтар... Құбыжыққа айналғандаймын...

Жайлап бәрі есіме түсіп, қара күндерім ұмыт болып келе жатқанда, қайта ота жасау туралы әңгімені құлағым шалып қалды. Тағы пышаққа түсуге тура келетінін білдім. Жаным бырт-бырт жыртылып бара жатқандай... Естігеніме сенгім келмеді, көнгім де жоқ. Өткен қиындықтың тағы алдымнан шығатынын ойлап, сағаттап аққан жасыма тұншықтым. «Көргенімнің бәрі түс болсыншы, тағы ота жасауды керек етпейтін сау адам болайыншы» деп Құдайға жалынып, қиялдадым. «Бармаймын операцияға, күшім қалмады, күрескім келмейді, бар-жоғы екі  жылда төрт рет пышаққа түсетіндей не жазып қойдым, шаршадым ғой», – деп егілдім. Күйінгеннен Тәңірімнен бұл жолы денсаулық емес, қинауын тоқтатып, жанымды ала қоюын сұрадым. Сынақтың алдында бір рет те тайсалмаған, жауынгер жүректі бойжеткен тағдырмен күресте жеңілгенін мойындап, мойынсынды. Дегенмен анамның сөзінен соң есімді жидым. «Соңғы рет шыдашы, осыдан өтсең бәрі аяқталады», – деген еді. Өзіме: «Ақырына дейін өліспей беріспеймін деп алып, соңғы сынақ қалғанда құлайсың ба?» – деген сұрақ қойып, таусылудың аз алдында тұрған күш-жігерімді қайта жинадым.

Қара күз қайта келді. Енді келмеспін деген үмітпен қоштасқан Алматы қаласындағы Әскери клиникалық госпитальға қайта оралдым. Еркін тынысым тағы тарылды. Жайғасып болысымен отаның жай-жапсарын, басыма салынатын пластиктің бағасы қанша миллионға жуықтайтынын білуге дәрігерлер бөлмесіне кірдік. Ол шығынды госпиталь көтеретінін айтып қуантып қойды. Бұған себепкер  терең ұйқыдан оятып, адам қатарына қосқан дәрігерім екен. Түн ауа отаға дайындай бастады. Болар-болмас шашымды сыпыра бастағанда моншақтай көз жасымен шыққан күйікті-ай!..

Айна алдына келдім. Орамалымды басымнан сырғыта салғаным сол-ақ екен, көргенімнен өзім шошып, айғайлап жібердім. Жарты басым жоқ. Қорқынышты фильм кейіпкеріндеймін. Шынайы құбыжықты енді көрдім. Өз-өзіме «Мен қалай тірі жүрмін?» деген сұрақты қоя берем. «Көреріңді көрмей көрге кірмейсің» деген осы екен-ау дедім. Таңертең медбике: «Дайындала ғой, жарты сағаттан соң отаға кіреміз», – деп айтып кетті. Тағы да сол айна алдында жылап тұрмын. Алайда осы жолы өзіме мотивация бермек оймен кірдім. Бәрі өз қолымда, мықтымын деп қайталап, еңірей бердім. Қайта адам шыдатпас ауруды ойлап емес, азапқа түскен жанымды ойладым. 

Біраздан соң көз жасымды сүртіп шықсам, медбикелер дайын тұр екен. «Дайынмын» деп каталкаға жаттым да, жымиған күйі өзімнің мықты кейпімнен танбай, қорыққан ота бөлмесіне жеткеніме қуанып, артымда еңіреп қалған анамның қолын жіберіп, төртінші отаға кірдім. «Сіздерге алдын ала рақметімді айтып қояйыншы», – деп дәрігерлерді бір қорқыттым да, жүзіме күлкі үйірген қалпымда ұйқыға кеттім. 

Төрт сағаттық ота. Көзімді ашқанымнан жанымның қалғанын ұқтым. Жансақтау бөлмесі. Көзкөргендерім кезектесіп жаныма келіп «Жарайсың!» деп жылы жымиып кетеді. Сол бір ауыр күндерде апамдай болып кеткен Рая тәтем де жақындап, қолымнан сүйіп, бетін сүртті. Ұйқылы-ояу халде көзімді ашсам, бір кісінің қолына жармасып алыппын. Бұл кісі де қиын күндерде жаным үшін арпалысқан дәрігерлерімнің бірі екен. Мені сөйлетуге тырысып, биязы күлкісімен сұрақ қоя бастады. Нейрохирургия бөліміне алып бара жатқанда «медбратым» да жылы жымиып: «Енді қайтып келме, қарындасым», – деп шығарып салды. «Қатты ауырып бара ма?» деген сұраққа, солқылдатып алып бара жатса да, «шыдауға болады» деп жауап бердім. Дәрігерім палатама келді. Маған мейірлене қарап: «Как самочувствие, Жанелечка, сильно болит?» – деп сұрай бергені сол-ақ екен: 

– Сізді сағындым ғой Ержан аға, неге мені жалғыз тастап кетесіз? – деп сұрақпен жауап бердім. Сол сәтте дәрігер мен науқастың арасында пайда болатын сыйластықтың бар екеніне көзім жетті. 

Наркоз тарқамайды, ұйықтай бердім. Сол ұйқым жақсы екен-ау, оянып кетсем, шыдатпас ауру қайта басталады.  Дегенмен есімді жиып келем. Қатты ауырғаны сонша, әне-міне ана дүниеге жүріп кетем деп ойладым. Осынша уақыт өмір үшін күрескенім жайына қалып, мойынсынғандай, кетер сағатымды күтіп жаттым. Анаммен тілдесіп қалайын деп, сөйлеудің өзі қиын болса да, бірдеме шүлдірлеп: «Мам, соңғы сағаттарым сияқты, осы уақытқа дейін ауырды демесем де айтып қалайын, шыдатпай барады», – дедім де, ұйқыға кеттім. Үміттенбеген едім, бірақ ояндым. Бір жыл бойы ауырған басым ауырғанын қойыпты. Рақаттанып жатырмын. Осы рақатты қайта сезу үшін күрестім ғой. Бәрі артта, сонша қорыққан отамнан да аман-есен шықтым, көзім шайдай ашылды.

Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталінен қайтадан өз үйіме, Сарыөзегіме қайтып барам. Осы жолы «Мен жеңдім» деген мақтаныш сезімім бойыма күш беретіндей. Тағы да терең тыныстадым, енді тынысымды тарылтар жәйттің болмайтынын ойлағанда көзіме қуаныштың жасы келді...

Білер ме едім өмірімнің бағасын?..
(ІІІ бөлім)

Жаз. Үш ай сайын ем қабылдайтын госпиталь екінші үйіме айналғанына екі жылға жуықтайын деді. Жағдайым жақсарды, менің жағдайымда адамдар тіл тартпай кетіп жатса, мен құдіреттің күшімен ояндым, адам болдым. Қоғам, тіпті дәрігерлер күтпеген нәтижелерге аз уақытта қол жеткіздім. Әйткенмен қатарластарымнан артта қалдым. Оқу арманға айналғалы да біршама уақыт өтті. Университет қабырғасын аттап, жаңа достар табу тіпті орындалмас қиялға айналған. Дәрігерім: «Енді адамға айналғанда оқуға рұқсат жоқ, жағдайың тағы нашарлап кетсе, осы күнге дейін жеткен жағдайыңа жете алмай қаласың, қатарыңнан қалу сонда болады», – деп түсіндірген еді. Қатарластарыма қосылам деген ойдың жетегімен Ержан ағаның кабинетіне келдік.

– Университетке түссем бола ма? Жағдайым жақсарып қалды ғой... – деген назымды естіп, жымиып қана: 

– Қандай факультетке түскің келеді? – деп сұрады.

– Журналист болғым келеді. 

– Неге саған шаштараз немесе аспаз болмасқа? Миға салмақ салмайтын, көп ойланбайтын мамандық таңдауың керек. Ал журналист болу оңай емес. Көп ақпаратқа қанық болу керек, көп сөйлеуге, оқуға, ойлануға тиіссің... Дегенмен барып көр. Бір айдай бақыла. Ауыр екенін сезіне бастасаң, дереу оқуды таста. Миға салмақ салма. Беске оқуға талпынба, оның салдары қандай болатынын білмейсің ғой. Өзіңді қинай берме, Жанеля...

Соңғы сөзден кейінгі қуанғанымды айтсаңшы!.. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне, журналистика мамандығына түсемін деп бекіндім. Шығармашылық емтихан мен кешенді тестіні ойдағыдай тапсырып, студент атандым.

2020 жыл 24 мамыр

Алайда алғашқы жарты жыл бойы томаға-тұйық болдым. Ешкіммен сөйлеспейтінмін, жаңа достар оңай таба қоям-ау деген ойым бекер екен. Топтастарым мені «ешкімді жақтырмай, өз әлемінде жүретін қыз» деп есептеп, жаныма жақындамайтын, көзімдегі тыртыққа тіксініп қарайтын... Ол тыртықтың ​​​​​​​қалай пайда болғанын қайдан білсін? Жаныма жақындап, бірге көбірек уақыт өткізуге ұялатынмын. Өйткені басымдағы оңбағандай тыртықтарды көріп, себебін айтуымды сұрайды деген қорқыныш болатын. Одан бөлек жаны ашып, мүсіркеп қарай ма деген ой да бар еді. Өзім тілеп алмаған, тағдырдың жазуымен пайда болған тыртықтардан ұялуыма  адамдардың менен көзін алмай қарап, «естіп қояды-ау» демей, соңымнан мүсіркей қарайтындары себеп болып еді. Жан жарам әлі ашық күйінде тұрғанда ләм-мим деуге дайын емес едім. Оқытушыларға да жағдайым туралы ауыз ашпайтынмын. Жағдайымды кураторым мен кафедрадағы екі оқытушы ғана білетін еді. Сол кісілер ғана түсіністікпен қарайтын. 

Бірде сабақтан шығып, бағытты таксиге міндім. Алдымда таныс бейне отыр, бірақ кім екенін есіме түсіре алмай қойдым. Өйткені есте сақтау қабілетім әлі толық қалпына келмеген болатын. Әлгі кісі маған көліктегі адамдардың көзінше дүрсе қоя берді. Аз күннен соң сабақта қайта кездестік. 4-5 топ бірге отырамыз. Аудиторияға толы студенттердің алдына шығарып, айқайға басты. «Не аман-сәлемің жоқ, қалай мені танымай қаласың? Осынша ұмытшақпысың?» деп аузына келгенін айтып, сонша жұрттың алдында масқаралағанына қаным қарайды. Ол кісіге «өзін енді танып келе жатқан адамнан не сұрайсыз?» дегім келді. Бірақ жылаудың аз-ақ алдында тұрғандықтан, үндемей қоюды жөн санадым. Жағдайым бірден нашарлап, үйіме келіп, қос-қостап дәрі ішіп, тұра алмай жатып қалдым. 

Кей оқытушыдан артық сөз естіп, ашынған күнім де болды. «Мұғалім деген – психолог» дегенді еститін едім, бірақ қайдам... Тобымдағы балалардан қанша алшақ жүруге тырысқаныммен, тыртықтарымды көріп: «Неден пайда болған, құлағансың ба?» – деген сұрақтар қояды. Не дерімді білмей «жай» деп қысқа жауап қаттым да, сөйлемей қойдым. Сол күннен араласа бастадым. Басында жаңа ортаға бауыр басып кете алмаймын деп ойлағаныммен, басымнан өткен жайтты ешкімге айтқым келмегенімен, қазір мені түсініп, әрдайым қолдап, қуантып жүруге тырысатын достарым бар.

Басым ем алатын уақыт келгенде ауырып мазалайтыны болмаса,  аяқталмастай көрінген сынақтарды жеңгендегі мақсатыма жеттім деп айта аламын. Құдайдан денсаулық сұрадым, бүгін-ертең бермесін білсем де, сабырмен күттім. Шашым да қайта менің бір бөлігіме айналатындай болып өссінші деп тіледім. Қазір шашым белімнен сәл асты. 

Дәл уақытында мені ауруханаға жеткізіп үлгеруі, қақпадан аттағалы тұрған өмірімді сақтаушы дәрігерімнің қайта оралып, сәтті ота жасауы, әскери госпиталь нейрохирургының басшылық нұсқауы керек дегеннен кейін анам әскери қызметкер болғандықтан, генерал-майор Майкеев Мұрат Жәлелұлының телефон нөмірін тауып хабарласуы, Ержан ағамның «мен күресіп көрер едім» деген сертінде тұрып, менімен бірге күресуі – мына ғажап өмірді ары қарай сүруіме жазып тұр екен. Ертегі кейіпкеріндеймін... Әлде қорқынышты фильм бе?.. 

Осы жағдай басымнан өтпегенде сөйлей алатыныма, жүріп-тұрғаныма, көзімнің көретініне шүкір айту керек екенін білмес пе едім?.. Бұл сынақ өмірге екі жақты қарау керегін үйретті. Адамдардың маған таңғала қарауы жайдан-жай емес. О дүниеден оралған адамды күнде көрмейтінің анық. Мұғалімге жағдайымды түсіне қоймады деп ренжімес бұрын, өзімнің түсіндіргенім абзал еді. «Мен мұндай жазаға ие болатындай қай жерден ағаттық жібердім, неге мені Аллам сонша қинады?» деп ашынуға болмайды екен. Керісінше, қайта өмір сүруге мүмкіндік беріп, Алла маған үлкен сый жасапты.  Адам баласы өте қайырымсыз! Басына күн түспейінше Жаратушының бар екенін ұмытады, тығырыққа тірелгенде ғана көктен көмек сұрайды. Бірақ көмек сұрамас бұрын «өмір сүріп жатқаным үшін бір рет болсын шүкір деп көрдім ба?» деп ойланса екен!..

Жанель АБЫЛАЙХАНОВА,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті 
журналистика мамандығының 
ІІІ курс студенті.

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

675 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы