• Спорт жұлдыздары
  • 11 Наурыз, 2021

Бес жылдан кейінгі басты дода

Төртжылдықтың басты додасы саналатын 0лимпиялық ойындардың өтпей қалған кездері де болды. 2020 жылғы Токио олимпиадасы да COVID-19 пандемиясында бір кейінге шегерілді. Адамзат тарихында олимпиаданың кейінге қалдырылғаны – бірінші рет, ал жоспарланып тұрып өтпей қалған сындар жоқ емес.

1896 жылдан бастау алатын олимпиялық ойындар алғаш рет 1916 жылы өтпей қалды. Берлинде өтуге тиіс дүбірлі дода Бірінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан тоқтатылды. 1940-44 жылдар аралығындағы ойындар да өткен жоқ. 

Төрт жылда бір рет төрткүл дүние спортшыларының басын біріктіретін әр олимпиаданың өзіндік ерекшеліктері бар. Токио олимпиадасының басты ерекшелігі – 2021 жылға  ауыстырылуында.

Күншығыс елі осымен екінші рет олимпиада өткізбек. 1964 жылы осы шаһарда өткен XVIII ойындарда 93 елдің спортшылары спорттың 19 түрінен бағын сынаса, биыл 206 мемлекеттен 11 мыңдай спортшы қатысады деп күтілуде. 

Биыл Токиода 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал Рио-де-Жанейрода спорттың 28 түрінен 306  медаль жиынтығы таратылған еді. 

Токио олимпиадасына жаңа спорт түрлері енгізіліп, кейбір спорт түрлері бағдарламадан сызылып қала жаздады. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Токио сынына күрес спорты енбей қалуы мүмкін деген де ақпараттар шықты. Дегенмен Халықаралық олимпиялық комитеті күрес түрлерін бағдарламада қалдырды. 

ХОК пен Жапонияның олимпиаданы ұйымдастыру комитеті Токио олимпиадасына жаңадан бес спорт түрін енгізді. Соның ішінде олимпиада ойындарының бағдарламасына еніп, қайта алынып тасталған бейсбол (софтбол) бар. Одан бөлек каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг спортының өкілдері олимпиадада алғаш рет өнер көрсетеді.

Токио Олимпиадасының басты ерекшелігінің бірі – гендерлік теңдік. Жеңіл атлетика, су спорты түрлері, нысана көздеу, ауыр атлетика, бокс түрлеріндегі ерлер жолдамаларының саны қысқарып, әйелдердің үлесіне берілді. Яғни спортшылардың 51 пайызы ерлер болса, 49 пайызы әйелдер болмақ. Расында, бокстан Рио олимпиадасында  әйелдер үш салмақта сынға түссе, Токиода бес салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Риода 286 боксшының 250-і ерлер, 36-сы әйелдер болса, Токиода 286 боксшының 186-сы ерлер, 100-і әйелдер болмақ. Ауыр атлетикадан да әйелдер мен ерлер жеті салмақ дәрежесінде қатысады. Ал Риода ерлер сегіз салмақ дәрежесінде қатысса, жеті салмақта әйелдер қатысқан болатын. 

Маңызды мәселенің тағы бірі – қаржылық шығындар. Жапония олимпиадаға дайындық жұмыстарына 12 млрд доллардан астам қаржы жұмсаған. Бірақ жарыстардың кейінге шегерілуіне және коронавирусқа қарсы шараларға байланысты шығын мөлшері 15,9 млрд долларға жетті. Сарапшылардың есептеуінше, олимпиаданың кейінге шегерілуі жарнама берушілерге 1 млрд доллардан астам шығын әкелуі мүмкін. Дегенмен Токио додасына жергілікті демеушілер 3  миллиард доллар қаражат құйып, рекорд жасады. Алдыңғы рекорд Лондон олимпиадасына тиесілі болатын. Онда додаға демеушілер 1,1 миллиард доллар бөлген еді. 

Олимпиялық нысандар саны жағынан да Токио-2020 рекорд белгіледі. Токиода 42 олимпиадалық нысан болса, Риода 37 олимпиадалық нысан болған. Айтпақшы, олимпиадаға жанкүйерлерді қабылдау туралы мәселе наурыздың соңына қарай шешілетін болды. Әзірше Қазақстан құрамасында спорттың 18 түрінен 43 жолдама бар. Ал біз ел намысын қорғайтын спортшыларға Токио төрінде топ жаруын тілейміз. 

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

439 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы