• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Наурыз, 2021

Жауапкершілік жас-кәріге қарамайды

Адамның қоғамнан тыс өмір сүруі мүмкін емес. «Мен саясатқа араласпаймын, жұмысыма барамын, үйіме келіп, тамағымды ішіп, ұйық-таймын» деген күннің өзінде, қоғамдық көлікке мінесіз, жол ақысын төлейсіз, билет алып, кинотеатрға барасыз, тіпті аптасына бір рет қонақта боласыз, ол жерде өзіңізді мәдениетті ұстауға тырысасыз. Осының бәрі сіздің әлеуметтік жауапкершілігіңізді көрсетеді. Ал қоғамдағы заңдылық-тарға бағыну – әлеуметтік жауапкершілігіңіздің қай деңгейде екенін көрсетеді. Басқасы басқа, дәл қазіргі уақытта бізге адамның әлеуметтік жауапкершілігі ауадай қажет. Неге?

Үйіңнен басқа жердің бәрінде маска тағып жүру міндеттелген. Маска тақпағандарға айыппұл салынуы мүмкін деді. Бірақ автобусқа мініңізші, адамдардың тең жартысы бетпердесіз отырады. Базарда да, көшеде де «тұмылдырықсыз» жүретіндер көп. Мұндай адамдарды «вирустан да, айыппұлдан да қорық-пайтын батырлар» деп қолпаштаймыз ба, әлде әлеуметтің алдында жауапкершілігін сезінбейтін салақ деп сөгеміз бе? «Маска киіңіз» деген ескертпе үшін жаға жыртысқандар да кездеседі.

Жауапкершілігі үлкендердің мойнына жүктелген балалар да маска тақпайды. Олардың маска тақпауына бір ғана себеп бар: «Балалар ковидпен ауырмайды, ауырса да тез жазылып кетеді». Ең өкініштісі, бұл дәйекті балалардың құлағына ата-аналардың өзі құйып қойған. Кішкентай кезінен адамның жауапкершілікті сезініп немесе сезінбей өсуі үйдегі тәрбиесіне тікелей байланысты. Үлкендердің өзі қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінбесе, балалардан жауапкершілікті қалай талап етеміз? 

Алматы қаласы Жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері Әлия Бейсенбайқызы 2017 жылы менингококкпен, 2019 жылы қызылшамен ауырғандарды қарап, емдепті. Яғни бұл салаға кеше-бүгін келген маман емес. 2020 жыл оның ғұмырындағы білім-білігін сынайтын жыл болды. Былтыр наурыз айында Германиядан Covid-19 вирусымен ауырып келген алғашқы науқастарды қараған. Осы күнге дейін коронавируспен ауырып жатқан балаларды емдеп жүр. Сол еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Әлия Бейсенбайқызы «балалар коронавируспен қалай ауырады?» деген сұрағымызға: 

«Covid-19 вирусы балалардың анатомиялық, физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты жеңіл түрде өтеді. Ата-ана балаға вирус жұққанын кездейсоқ, ПТР тест немесе иммуноферментті анализге қан тапсырған кезде бір-ақ біледі. Иммундық жүйесі төмен балаларда дене қызуының көтерілуі мен жоғары тыныс алу жолдарының зақымдануы болады. Көбіне тұмау сияқты өте шығады. Иммунитеті төмен балалар пневмониямен де ауырды, бірақ үлкендер сияқты ауыр түрде ауырған жоқ. Үлкендер иіс, дәм сезуден қалып жатса, бұл жағдай бес жастан асқан балаларда ғана байқалды», – деп жауап берді.

Алайда бұл балалардың бетперде тақпай жүре беруіне болады деген сөз емес. Өйткені дәрігер Әлия Бейсенбайқызы: «Вирусты үлкендер қалай тасымалдаса, балалар да солай тасы-малдайды. Сондықтан балалардың да маска тағып жүруін қадағалаған дұрыс. Көпшілік жерге алып бармау керек. Осындай сақтық шаралары да індеттің жұғуын азайтады. Осындай қатаң тәртіп болса, бұрынғы өмірімізге қайта оралар едік», – дегенді қосып айтты. Біздің ұққанымыз, балалар арасында бұл вирус тез таралады екен. Әлем бойынша балалар коронавируспен аз ауырғанның өзінде солай болып тұр. Балалар өздері ауырмағанның өзінде, үлкендерге көп жұқтыратыны айтпаса да түсінікті болды.

«Пандемиялық шаршау» ма, әлде «өлімге құштарлық» па?

Қазір вирустың бар екенін жоққа шығарып, сенбейтіндерді «ковид-диссидент» деп  атайды. Әдетте диссидент деп бұрын «діннен безгендерді» айтса, беріде бұл атау «өзге пікірдегілерге» ауысқан. Ал ковид-диссиденттердің шығуына бірден-бір себеп – қорқыныш. Қорқыныштың өзін түр-түрге бөліп қарасақ, «жоққа шығару» да қорқыныштың бір түріне жатады. Ковид-диссиденттер дәл осы «жоққа шығарғыштардың» қатарынан десек қателеспес едік. Қазір ковид-диссиденттер әр үйде бар. «Вирусты ұшақпен шашты, ауаға әдейі таратты, пневмонияны тудыратын дәрі егіпті» деп жағы талғанша дәлелдеп отырып алады. Текке жүрмей, уотсап желісінде хабарламалар таратып, айналасына үрей шашып әлек. Бір қызығы, вирустан сақтанып жүргендерді, «маска тақсаңызшы» дейтіндерді мазақтап, келеке жасайтындар да – осы ковид-диссиденттер. 

Ал шетелдік ковид-диссиденттердің әрекеті тіпті адам шошырлық. Мысалы, әлем бойынша Бельгия корона-вируспен ауырғандар да, өлгендер де көп болған елдің қатарына жатады. 11 миллион адамның 20 мың 800-і осы вирустан өлді. 11 миллион халқы бар Бельгия үшін бұл үлкен трагедия. Коммен-данттық сағат енгізіп, қатаң шектеулердің арқасында ғана өлу көрсеткіші азайды. Соған қарамастан қайта-қайта наразылық көрсетіп, көшеге шығып алады. «Вирустан осыншама адам өлуі мүмкін емес» дейді олар. Бельгия елінің көршісі Нидерландта да осындай жағдай. Еуропаның барлық елінде де «коронавирус жоқ, маска тақпауға құқығымыз бар, өйткені бұл менің бетім» деген жазуы бар плакатты көтеріп алып, көшеде айғайлап жатқандарды көріп отырмыз. Алғаш осы вирус пайда болған ел Қытай да вирусты әдейі жұқтырғысы келгендерімен күрес жүріп жатыр. Олар лифтінің басқышына түкіріп, дүкендерде азық-түлікке сілекейін жағып, нара-зылығын білдіреді екен. Мұны ковид-диссидент деген «дерттің» асқынған түрі деуге болатын шығар. Вирусты әдейі жұқтыратындардың қатарында жастар да бар. Олар жаппай клубқа барып, отырыс жасау арқылы бұл дертті жеңеміз деп ойлайды екен. Осылайша әлемде коронавируспен де, ковид-диссиденттермен де күрес жүріп жатыр.

Психолог Сәлима Сатылғанқызы ковид-диссиденттердің бірнеше сипатын айтып берді: «Біріншіден, халық вирус туралы жалған ақпаратқа көп сенеді. Екіншіден, «өзінің басы ауырып, балтыры сыздамаған» соң «бұл дерттің маған қатысы жоқ» деп жоққа шығарады. Үшіншіден, «бұл ауру мені айналып өтеді» деп өзін алдарқатады. Төртіншіден, пандемияның салдарынан жұмыссыз қал-ғандар күйзеліске түсіп, бейсаналы түрде «ауру болсам бола берейін» деген түсінік қалыптасады». Яғни ковид-диссиденттердің «өзге пікірде» болуының психологиялық сипаты осындай екен. 

– Адам дүниеге келгенде өмірге құштар болумен қатар, өлімге де құштар болып келеді. Егер адамның өмірге құштарлығы көп болса, дәл осы жағдайда маска тағып, антисептик сеуіп, өзін сақтауға тырысады. Ал өлімге құштар болса, «мен де ауырайын, басқа да ауырсын» деген теріс ойы басым болады»,  – дейді психоаналитик Сәлима Сатылғанқызы. 

Қазір әлем халқы «пандемиялық шаршауды» бастан өткеріп жатқанын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы растап отыр. Бұл пайыммен Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Әсел Қалықова да келісетінін айтты. Адам-дардың коронавирусқа қорқыныш сезімі жоғалғанын, соның салдарынан санитарлық нормалар, маска режимі бұзылып, мерекелік шаралар көбейіп жатқанын жуырда өткен баспасөз мәслихатында айтқан еді. Алайда бұл адамның қоғам алдындағы жауапкершілігінен құтқармайды. Сіздің жауапсыздығыңыздан жақыныңыз ауырып қалса, «менде пандемиялық шаршау болды немесе өлімге құштар едім» деп ақталмайсыз ғой. Адамның төзімін сынаған өмір үшін күресте қарап отырмайтыныңыз анық.

P.S. Дәл осы мақаланы жазып отырған кезде, мұрныма темекі түтінінің иісі келіп отырды. Иә, мен бұл иіске әбден үйреніп қалдым. Өстіп жүргеніме үш ай. Отоларингологқа қаралдым. «Гаймориттің белгісі бар» деп рентгенге жіберді. Алайда рентгеннен «мұрныңызда ешқандай ақау жоқ, тап-таза» деген жауап алдым. Қайтадан дәрігерге келіп, рентгеннің суретін көрсеттім. «Осыдан біраз уақыт бұрын коронавируспен ауырғансыз, содан орталық ми зақымданған, сондықтан мидың қан айналымын жақсартатын дәрілер жазып беремін» деді. Бес күн мидың қан айналымына тамырдан дәрі салдырдым. Содан кейін басым бәлеге қалды. Ұйқысыздық, бас ауру, сандырақтау, шым-шытырық түс көру... Бірақ бұл жарты айға ғана созылды да жоқ болды, тек мұрнымдағы түтіннің иісі кетер емес. Қазірше коронавируспен екінші рет ауырған жағдай тіркелген жоқ. Тіркелмегенін тілейміз де... Алайда вирус тірі ағзада өмір сүргенді жақсы көретінін үнемі есте ұстаңыз. 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

 

358 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы