• Бүгінгі проза
  • 28 Ақпан, 2021

Ұcқынсыз сурет (ертегі)

Бір елде әлемге атағы шыққан суретші болыпты. Оның суреттерін көрген жандар қатты таңғалып, қасынан кете алмайды екен. Әр суреті дәл қазір жан бітіп, сөйлеп кетердей керемет тартымды болыпты. Суретшінің есімі Алтай екен. Ол өзінің суреттерін шын ұнатқан жанға ойланбастан сыйға тартатын жаны жомарт, кеңпейіл жан екен. Ал «тай» деген жұрнақ оның ештеңеден тайынбайтын тәуекелшіл, ержүректігінің белгісі еді. 

Күндердің бір күнінде ол қиялында жүрген қыздың суретін салмақ болады. Суретті салып жатқан кезде байқамай, қыздың көзін қисық қып жібереді. Қисайған көзді түзеп, жөндемекші болып, қанша тырысса да, ештеңе шығара алмайды. Ақыры, қолын бір сілтеп, сәтсіз суретті қоқысқа тастамақшы болған Алтай ойға қалады. «Бұл суретті тастасам, дәл осындай етіп, оны қайта сала алмаймын ғой. Обалына қалып...» 

Ата-анасына көрсеткенде олар мұндай сәтсіз суреттің оған лайық емес екенін айтып, ешкімге көрсетпеуін өтінеді. Көңілі қалған Алтай өз үйіне кетіп (өз үйі болса да, ол көбіне әке-шешесінің жанына барып, демалып, сурет салғанды жақсы көретін), көзі қисық қыздың суретін төрге іліп қояды. Ал басқа суреттерге ұсқынсыз қыздың бейнесі мүлдем ұнамайды. Алтайдың барлық суреттері керемет көркем, сұлу болатын. Бұрын салған суреттері бірігіп, Алтайға көзі қисық қыздың суретін ұмыттырмақ болады. Алтай болса, оны ұмытудың орнына одан әрі әдемілеп, қисық көзін түзетуге тырысады. Тіпті, оған ат қойып та үлгереді. Ол оны Әсем деп атайды. Оның бұл ісі ешкімге де ұнамайды. Достары мен таныстары сұрықсыз, сәтсіз суретін сонша әспеттеп, құрметтегеніне таңғалысады. Ал Алтайдың суреттері өздерінің елеусіз қалғандарына қапаланып, Әсемге қарсы жоспар құра бастайды.

–  О, достар, менде бір ой бар, – дейді суреттердің бірі.

–  Қандай, Жазира? –  деп сұрайды қалғандары.

–  Бәлкім, біз үйді өртейтін шығармыз?

–  Жақсы ой. Дегенмен, қалай?

–  Уайымдамаңдар, достар. Қол-аяғымыз қимылда-мағанымен, шеберлік жағынан біз адамдардан кем түспейміз.

–  Жазира, сен осы сөзіңмен бізге не айтпақшысың? 

–  Әлі ұқпадыңдар ма? Біз Алтайдың түсіне кіріп, сол арқылы оны басқарамыз.

– Жазира, бұл Алтайға қауіпті болмай ма? –  деп күдік білдірді суреттер.

–  Жоқ. Біздің бар әре-кетіміз тек Әсемге ғана қатысты болады.

–  Онда... қашан бастаймыз?

–  Кешке қарай. Ал қазір, Әсемді тығу керек, –  дейді Жазира өз ойын ашық айтып.

–  Неге?

–  Ол бізді көріп тұрса, ойымызды жүзеге асыруға бөгет болады.

Суреттердің бәрі бірігіп, Әсемді тығып тастайды. Кеш бата барлық суреттер қосылып, ой біріктіреді. Сол арқылы олар Алтайдың түсіне еніп, оған от жаққызып, өз үйін өртетеді. От жаққан бетте суретші сол оянбаған қалпы орнына барып, жатып қалады. Үй өртенуде. Алтай болса, әлі ұйқыда. Түсінде үйі өртеніп, қатты мазасызданады.
Енді не болмақ? Алтайға кім көмектеседі?
Әне-міне дегенше таң атып, Алтай көзін ашады.
Өртеніп жатқан үйін көріп, түсін есіне алғанда ол мән-жайды бірден ұғады. Басында мұны түсінің жалғасы деп ойлауға тырысқан ол ақыры өз үйінің шынымен өртеніп жатқанын, сүйікті суреттері оны сатып кеткендерін мойындауға мәжбүр болады.

Алтай есін жиған бетте жанталасып, Әсемді іздейді. Ол өзінің алтын, асыл бұйымдары мен ақшаларын емес, жанына жылу беріп, суретші ретінде өзін дамытуға мүмкіндік берген сүйікті туындысын іздейді. Әсемді тапқан бетте  далаға атып шығады. Шыққан бетте өз көзіне өзі сенбей, жан-жағына қарайды. Қолындағы сурет ғайып болып, оның орнында керемет көркем сұлу қыз пайда болады. 

–  Сәлем, Алтай! –  дейді қыз суретшіге күлімдей қарап. Алтай өз көзіне өзі сенбейді.

–  Сен... Әсембісің?!

–  Иә, Алтай. Мен сурет емеспін, шын мәнінде сенің періштеңмін.

Әсемді мұқият тыңдаған Алтай оның қандай адам екенін білу үшін періште әдейі сурет бейнесіне еніп, оны сынағанын біледі. 

–  Сол арқылы мен сенің жаның таза, жақын адамыңды қиындықта қалдырмай, қамқор болатын жомарт жүректі жан екеніңді ұқтым, –  дейді періште. – Саған алғысым шексіз. Кез келген бір тілегіңді орындайын. Не қалайсың?

–  Рахмет, маған ештеңенің керегі жоқ, –  дейді Алтай. –  Менде бәрі бар.

–  Суреттерің ше? Сен оларды өмір бойы салдың ғой. Жаның қиналып, құлазып тұрғаныңды білемін. Шабытыңнан айрылып, өз өнеріңнен бас тартпау үшін мен сенің үнемі жаныңда болып, шабыт беріп отырамын.

–  Әсем, саған бір сұрақ қойсам. Тек менің ғана суретіме ендің бе?

–  Жоқ, – дейді періште, басын шайқап. –  Саған дейін сынаған суретшілерім аз емес. Сынақтан ешқайсысы өте алмады. Көбі мені өртеп, қоқысқа тастады. Сол үшін оларды сурет салу қабілетінен айырдым. Жан-дүниесінде кіршіктей кінәраты бар жан өнер иесі бола алмайды. Ұсқынсыздығыма қарамай, қасымда болып, қадірлеген сен ғанасың.

–  Көп-көп рақмет саған, Әсем!

–  Саған да, –  деп күлімдеп, Әсем ауаға сіңіп, ғайып болады. 

Содан бастап, Алтайдың шабыты қайыра оянып, бұрынғыдан да керемет суреттер салып, көрермендерінің алғысына ие болады. Уақыт өте Әсемнің бейнесін құлпыртып, қайта салады. Ол өзіне «өмірімде қандай қиындықтар болса да, Әсемнің суретін сатпаймын» деп уәде береді. Өйткені, ол – Әсем жайлы естелік. 

Ол басқа суретшілерден өз суреттерінің тірі адамдарға ұқсайтындығымен ерекшеленеді екен. 

Ақерке Қуанышқызы,
оқушы.
 Алматы

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

427 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы