• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 23 Наурыз, 2021

Археомодернист

АНЫҚТАМА

Жүсіпбек Қорғасбек 

Жазушы. Журналист. Жүргізушілігі мен «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Ақ желкен» секілді газет-журналдарда басшылық қызметі тағы бар. 
Журналист ретінде – социалист. Социализмді аңсаушы емес. Әлеуметтік, қоғамдық, әдеби проблемалардың әделетті шешімін іздеуші. Журналистік тұлғасы Бейімбет Майлинді елестетеді. Қашанда сергек, бәрінен хабардар және жазуда күй талғамайды. 
Басшылық, редакторлық қызметте – демократ. Заң шеңберіндегі еркіндік демократия болса, бірнеше жылдық  қол астында істеген тәжірибемде ол кісінің заңдық шеңберіне маңдайым тіреліп көрмеді. Бәлкім, либерал деуге болатын шығар. Бірақ либерализм ерте ме, кеш пе, дағдарысқа ұшырайтыны белгілі ғой. АҚШ-тағы бүгінгі ахуалға әлем куә. 
Телевидениедегі жүргізушілікте – структуралист. Хабарлары әрқашан логикалық құрылымға негізделеді. Қонағының ойын шектемейді және көбіктендірмейді де. 
Жазушылықта – археомодернист. 

 

Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы.

Танимысың сен мені?

Мен – қазақтың баласы!

Ен далаға осы шумақтармен жар салып, ат үстінде алқам-салқам жігіт экраннан шауып өткенде тынысың жиілеп, танауың делдиіп кететін. Одан кейін экран түнекке боялғандай болып, «Жансебіл» деген алғашқы титр шығады. Оның астындағы майда жазуларды оқып жатпайсың...

– Абыралыға баратын кім бар? Тфу... Абыралыға баратын біреу бар ма араларыңда? Осы сөздермен кадрға арба сүйреген кемпір кіріп келе жатады. Арба үстінде аяқ-қолы жоқ біртұтам шал отыр. Бірақ оның көзінен қайғы емес, қайсарлық байқалатын. Бала кезімде бұл фильм басталса, теледидар алдынан тұрып кететінмін. Өйткені көзге емес, көңілге ауыр. Елегезіп тұратын бала көңілі «Жансебілдің» қасірет пен кішкентай халықтың ашуы тұнған тыныштығына шыдай алмасы анық. Айналдырған үш телеарнадан көрмейтін фильмді арналар саны көбейген кезде тіпті аттап кететін болғам. Бірақ «Абыралыға баратын кім бар?» деген сөз құлағымда жаңғырып тұратын.

Алматыға Мұхтар мен Мұқағалидан басқа ақын, Әуезов пен Аймауытовтан өзге жазушыны білмей келген біз алғашында абдырап қалғанымыз рас. Сондықтан бас көтермей оқи бердік. ІІ курс кезінде қолыма Аймауытовтан басқа бір Жүсіпбектің кітабы түсті. Аты «Жансебіл» еді. Баяғы фильммен аттастығынан ба, бірінші сол әңгімені оқуға кірістім. «Сарыөзекке баратын кім бар?..» деген алғашқы сөйлемін оқыған сәтте-ақ көмейіме кілкіп өксік кептелді. Қит етсе кемпіріне барқ ететін атамды ойлап, ауылдағы шақар шалдарды ойша кезе отырып, әңгімені бітірген едім. Көзіме жас келді. Бірақ ауылды сағынғаннан емес. Ғаріп шалды аяғаннан да емес. Анық айту қиын. Алты жыл бұрынғы көңіл сәтіме бүгін қарасам, амалсыздықтан жылағандай көрінемін. Киносын да көрдім. Әңгімені сюжеттік тұрғыда кеңіткені болмаса, тарылтпаған. Бірақ 1991 жылы түсірілген фильмнің бір эпизодтарына сол шақтағы халықтың үміті һәм сенімі сіңірілген еді. Ол тұсын бүгінгі саяси көңіл-күймен көру – запыран құстырар.

Ал аяқ-қолынан айырылған адам кіммен соғысар? Бәлкім өзін ғаріп еткен өмірмен бе? Бірақ оны өмірмен алысуға итермелейтін де дүние жоқ. Тек туған жерінен, туыстарынан хабар алғысы келеді. Бары сол. Әңгімеде есімсіз суреттеліп, фильмде Мұқатай атанған шалдың өзегін талдырмайтын да осы үміт. Бұл – сағыныш емес. Әсіресе романтикалық сағыныш емес. Жусанды атырап пен туған топыраққа деген адами сағыныш деуге де келмейді. Бұл – рух сағынышы. Түпсананы торлап, бейсана салонына (К.Юнг) тамырлай бойлаған сағыныш. Адам рухының жаны мен тәнінен жарылып, өзі тектестерді сағынуы. Дәстүрге сағыныш. Қартайған адамның «ана тілінде сөйлеуге» деген сағынышындай.

Жүсіпбек Қорғасбектің шығармашылығы тұтастай осы рух сағынышына негіз- делгендей. «Шіркін, Шекер», «Әмеңгер», «Қасқыр адам», «Жансебіл», «Креш», «Өнер», «Өлмейтін құс» әңгімелері мен хикаяттары, «Көкжалдар» және «Үлпілдек» романдары – бәрі-бәрінде адам рухының сағынышы, тазалыққа, катарсиске, тіпті коллапсқа ұмтылуы десек те болады. «Шіркін, Шекер», «Әмеңгер», «Қасқыр адам» әңгімелері рухтың тектілік пен тазалыққа ұмтылуын сөз етсе, «Көкжалдар» романы тән мен рухтың тартысына құрылған. «Өлмейтін құс» әңгімесі адам рухының тектестеріне түбі бір оралатынына сенім артады. Осылайша жазушы шығармашылығы рухтың бастапқы, саф қалпына оралуға шақырады дей аламыз. Коллапс деп отырғаным да осыдан. Бұл сөз медицинада қан қысымының күрт төмендеуін білдірсе, космологияда Ұлы жарылыстың антонимі ретінде қолданылады.

Күннің сөнері растығындай, ғаламның өлері де ақиқат. Үлкен сығымдалу немесе коллапс – осы сол «галактика өлімі» нұсқаларының болжалды бір бағыты. Яғни жарылысқа қарсы сығымдалу процесі жүріп, соңында Ұлы жарылыс басталған нүктеге бәрі қайта жиналады. Сол нүкте бастапқы энергия, бастапқы рух, бәлкім, Тәңір шығар. Өйткені рухтың саф қалыпқа оралуы дегеніміз Тәңірге оралу болмас па? Егер мұны тым терең десеңіз, рухтың дәстүрге оралуы деп беріден қайырайық. Әдебиетке оралайық...

Дамыған әлем постмодернистік қоғамға аяқ басқалы жарты ғасырдан артық уақыт өтті. Өнердегі постмодернизмнің жасы да осы құралпы. Десек те бұл бағыт теориясы толық қалыптаспады. Басты білеріміз, постмодернизм өнерге шексіз еркіндік берді. Ал шексіз еркіндік дағдарысқа тірелері сөзсіз. Осылай постмодернизм құрған эшафотқа алғашқылардың бірі болып француз поэзиясы көтерілген еді. Бұл бағытта жазуға біздің де жазушыларымыз, ақындарымыз талпынып жүр. Бірақ қазақ топырағында постмодернистік бағыттағы елеулі шығарма туған жоқ. Оның себебі біздің қоғам сырт көзге постмодернистік принциптерді қабылдағанымен, іштей ол кезеңге өткен жоқ. Өтуге мүмкіндігі жоқ. Өйткені постмодернизм барлық салада, әсіресе өнер салаларындағы шексіз еркіндікке үндесе, біздің қоғамды дәстүр мен менталитет, саяси жүйе буып тұр. Бізде ғана емес, әлемнің көп мемлекетінде осылай. Әсіресе кеңестік жүйеден шыққан елдердің әлеуметтік қабаттарының өмірі бір-біріне ұқсамайды. Элита мен қарапайым халық арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Әдеби тұрғыда айтар болсақ, элита постмодернистік қоғамда ғұмыр кешіп жатса, қарапайым халық әлі де болса модернизм тіпті реализм шеңберінде. Мұндай қоғамға постмодерн принциптері сыйымсыз. Сонықтан философ Андрей Дугин философияға жаңа термин енгізуді ұсынады.

Археомодерн. Бірнеше әлеуметтік қабатқа жіктелген қоғамды суреттеуші ұғым. Түсінікті тілде айтар болсақ, археомодерн дәстүр мен жаңашылдық дуализмі, яки үш қайнаса сорпасы қосылмас екі ұғымның интеграциясынан шыққан бағыт һәм мәдениет. Археомодерн терминін кейбір әдебиеттанушылар постмодерннен кейінгі әдеби бағыт болады десе (дәстүрді, рухты қазық етіп жаңалыққа ұмтылу), кей ғалымдар археомодернді суперпозицияда қарастырады. Әлдебір бағыт соңы мен жаңа бағыт арасындағы бос кеңістікті толтырушы ретінде көрсетеді. Яғни ол бұрын да болған, болашақта да бола бермек.

Екі пікірдің айырмашылығы уақыт, бірақ негізі бір. Екеуі де рухқа, дәстүрге қайта оралуды алға тартады. Дегенмен уақыт мәселесі турасында археомодернді суперпозицияда қарастырған дұрысырақ деп білеміз. Өйткені кез келген жанр, бағыт соңы дәстүрге, бастапқы рухқа қайта тіреледі. Мұның айқын көрінісі ретінде әлемдік рок-музыка мен кинематографияны айта аламыз. Екі жанр да бастапқы мифке, фольклорға қайта оралып, бірінде фолк-рок жанры қалыптасса, екіншісінде жаңа фэнтези жанры көрерменге жол тартты. Неге көрермен «Тақ таласы», «Сақина иесі», «Хоббит» секілді кинотуындыларға құмар? Бүгінгі тыңдарман электрогитарасыз елестету мүмкін емес рок музыканы оркестр орындауында тыңдауға неге әуес? Өйткені біз атаған бағыттардың қай-қайсысының да астарында дәстүр, бастапқы рух жатыр. Яки кез келген пенде рухы ежелгі саф рухы мен дәстүрін аңсайды. Жүсіпбек Қорғасбек шығармалары осы аңсарды суреттей отырып, трагедия тудырады. Ал трагедия астарында, Аристотель айтқандай, катарсис жатады. Жаңару, қайта туу.

...Жазушының «Шіркін, Шекер» әңгімесіндегі түнекке сіңген Шекер артынан «тұқымың жат елге кетті-ау» деген Сағидолла сөзін есіңізге алыңызшы. Ол дәл сол координаты белгісіз нүктеде, кванттық позицияда тұрғандай. Яки өз заманы тұрғысынан біздің заман трагедиясына көңіл айтып тұр. «Қасқыр адам» повесі мен оның негізінде түсірілген «Талан» фильмінде адам рухы коллапстанады дедік. Яғни қоғам мен әлемнен тым жат. Өз ішіне жиырылып, булыққан адам, қазақ рухы. «Үлпілдек» романының дәстүрге оралуын формасынан байқасақ, «Көкжалдар» романында тән мен рух қақтығысы немесе байланысы бар.

Археомодерн, дәстүрге оралу дегеніміз, әсіресе бұл ұғымның Ж.Қорғасбек шығармаларында көрініс табуы өткенді аңсаудан тумаған. Жазушы, жоғарыда айтқанымыздай, дәстүр мен рухты қазық етіп, жаңалыққа ұмтылады. Және жазушы шығармаларының позициясы да кванттық суперпозициямен сәйкес.

Жүсіпбек Қорғасбек және оның өнердегі қатарластары да қазақ тарихы тұрғысынан осы бір суперпозияциялық кезеңде дүниеге келгендей. Олар кеңес өкіметін, оның құлағанын, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын және бүгінгі технологиялық прогресс заманын көріп отыр.

Көріп отыр және көзі қарауытар жастан да алыс. Екі жастың бірінен енді асты. Яғни бұл қатардың жазатын кезеңі енді басталғандай. Санамалап шыққан негіздемелерге сүйене отырып, Жүсіпбек Қорғасбекті археомодернист жазушы деп атағым келеді. Оның шығармалары кеңестік реализм мен үзіліп қайта жалғасқан модернизм арасын, модернизм мен постмодерн арасын толықтырушы, аралық кезеңдегі алаңның бейнесі, адасқан қазақ рухының альбатросы секілді. Альбатростың бағыты айныған кемені құрлыққа бастарын білеміз ғой.

***

Журналист-әдебиеттанушы ретінде биыл 60 жасқа толып отырған Жүсіпбек Қорғасбекке берер бағамыз осындай. Ол кісінің журналистігін кәсіпқой журналистер зерттей жатар. Ал шығармаларындағы психологизм, әсіресе Ж.Қорғасбек керемет меңгерген сәттік психология туралы, адам рухының жеңімпаздығы мен асқақтығы турасында кәсіпқой әдебиетшілерге қалдырдық. Біздікі осындай аралық күй, аралық сөз. Археомодерндік кейіп. Тағы бір айта кетерлігі, Ж.Қорғасбекті бүгінде жансебіл жазушы деуге жұрт құмар-ақ. Ол сөздердің ауанынан жазушының еңбекқорлығына сілтеме байқаймын. Мен де Ж.Қорғасбекті «жансебіл жазушы» деп атар едім. Бірақ еңбекқорлығынан емес. Оның қалам алуға қорықпайтын, 12 мүшесі ғана емес, тұтас тәнінің әрбір клеткасының жазуға әрқашан дайын тұратындығынан.

***

Қалам иелерін көбінде «ерте кетті, әйтпегенде жазары көп еді» деп жатамыз. Өтірік. Ол өзіне шақтап берген қалам сиясын тауысып бітірді. Сол үшін кетті. Ал Жүсіпбек Қорғасбек шығармаларынан байқалатын энергия (мәтін энергиясы) оның сиясының әлі де орталанбағанын сездіреді. Сондықтан, аға, «қаламыңыз қалғымасын»! Алпыс талтүс болса, күніңізді санаңыз сергек қалыпта батыруды жазсын!

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

1635 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы