• Мәртебелі поэзия
  • 21 Наурыз, 2021

Жұлдыз Молдағалиева, ақын: Бәлкім, біздің жүрегіміз – мұңстан

айнадағы мен емеспін.... емеспін...

құлағым ба сәтсіз жайды тек естір?!

мен адамның бәрі адал деп келдім,

мен адамның бәрі жақсы деп өстім...

 

кешті батыр, мейлі, әрең таңды атыр...

қанша тағдыр құламақ боп жарда тұр...

жүрексіз боп кетті неге адамдар?

сұрықсыз боп кетті неге алматы?!

 

неге ешкім айта алмай жүр ештеңе?

күзде қалған естелігің есте ме?...

(алматының аспанында ай бар ма?)

жеткізбей жүр жағаға да еш кеме...

 

...әділ деген құдай қайсы? құдай кім?

бұлт көше ме? жұлдыз неге құлайды?

...сен бір күні өлемін деп жылайсың...

мен құрбыны жұбата алмай мұңайдым...

 

айнадағы сен емессің... (көмескі үн.)

ай да оған кінәлі емес... емес күн...

сен де адамның бәрі адал деп келдің,

сен де адамның бәрі жақсы деп өстің...

балалық қайда?

– Неге бәрі кіші әріп?

– Шынымды айтсам, соны өзім де білмеймін. Мен күнделік не өлең жазғанда, оған мән бермеймін. Әдейі солай жазайын деп те жазбаймын. Қалай жазылады – солай жазамын. Ол бір ерекшелену мақсатында да емес. Жазылған өлеңге қайта өзгеріс енгізбеуге тырысамын. Меніңше, өлеңді қандай да бір шеңберге сыйғызу дұрыс емес. Ең бастысы, оның бәрі – жүректің сөзі. Соның айтқысы келгені...

– «мен жүрген мынау тағдырдың жолы тайғанақ,

Басыма сосын қона бермейді бақ та онша».

Қайдан білесің, бақ қонып қойған шығар?

– Адамзатта ең бақытты біреу болса, сол – мен. Бағы бес елі, арманы алдамаған, төрт құбыласы тең адам да менмін. Өмірде әртүрлі жағдай болады ғой. Сондай бір сәттерде сынып кеткен шығармын. Сондай бір сәттерде осы жолдарды жазған шығармын. Ақынның өлеңіне қарап, өмірі туралы біржақты пікір айтудан арылатын уақыт келген сияқты. Ол мұңды өлең жазса, тек қайғылы күн кешіп жатыр деген сөз емес қой. Негізінен, қуанған кезде өлең жаза алмайсың. Кейбір кездерде адам да сынып кетеді, мұңаяды, жылайды. Ақын да солай. Адамдар ол туралы ештеңе айтпайды. Ақындар тек жазады. Айырмашылық осында шығар. Әйтпесе, жағдайдың бәрі қарапайым тірліктегідей.

– «біз екіні қостық сосын екіге...

Бірақ неге төрт шығады үнемі?»

Шынында да, неге төрт шығады?

– Себебі мәнсіздік, мағынасыздық шығар. Стереотиптер, ережелер, бұлжымас қағидалар, тұрақты заңдар. Осының бәрі мағынасыздыққа апарады. Өзіңді іздеп шыққан жолыңнан өзіңді одан сайын жоғалтып, шыққан жолыңа қайта айналып келесің. Әрине, өзіңді таппай. Бәрін басқаша, бәрін керісінше жасағың келеді. Стереотиптерді бұзғың, ережелерді таптағың, қағидаларды теріске шығарғың, заңдарды бүктей сап лақтырғың келеді. Бірақ сен жалғызсың ғой. Ол мүмкін емес... Тырысасың, өзгертуге талпынасың, айналаңнан да соны талап ететініңді білдіресің... Бірақ сол баяғы шеңбер өз осімен айнала береді... Бірақ сондай бір күн міндетті түрде туады. Мен соған сенемін! Бар болмысыммен сенемін!

– «сіз қашаннан барсыз тобырда?!

Сіз қашан шығасыз тобырдан?!»

Тобырдан шығу мүмкін бе өзі?

– Еркін ойлай бастағанда шығуға болады, меніңше. Санада шектеу болмағанда. Армандардың орындалатынына күмән келтірмегенде. Екіжүзділікті бір шетке ысырып қойғанда. Айта берсең, біраз сөз. Қазір бізде осы санаттағы адамдарға басқаша көзбен қарап жүр ғой. Қазір соған келе жатқан сияқтымыз. Көз үйреніп дегендей... Мен ол үшін қуаныштымын. Мен әр қазақтың, жалпы, әр адамның еркін болуын қалаймын және бәріңізді еркін ойлауға шақырамын! Демек, тобырдан шығуға болады. Қиын болса да. Шықпаған күннің өзінде де, соған тырысу керек деп ойлаймын. Оларды біреу түсінуге міндетті болғандықтан емес, өзгелерді түсінуге ұмтылғаны үшін де!

– «жаны жалғыз адамдарды аяйсыз...

қа-атты аяйсыз. сіз де соның бірісіз...»

Жан неге жалғызсырай береді?

– Біз о бастан жалғызбыз. Біз әрдайым жалғызбыз. Оның жалғызсырауы заңды деп ойлаймын. Біз оны бойымыздағы әр тамыр-талшығымызбен, әр жасушамызбен сезінеміз. Одан қашпау керек. Керісінше, жалғыздығыңмен үйлесім табу керек. Сол кезде бәрі жақсы болады. Тек көп жағдайда уақытша болсын күлкімен, жымиыспен, қуанышты сәттермен оны байқамауға тырысатын шығармыз. Бірақ ішімізде бірдеңенің жібермей тұратыны рас қой. Жанның жалғыздығы – бөлек дүние. Ата-анаңнан, досыңнан, серігіңнен шет жүргендегі жалғыздық емес. Немесе жалғыз тұру емес. Жалғыз өзі бір үйде тұратын адам өте көңілді, қуанышты, көпшіл болуы мүмкін. Көптің ішінде жүрсе де өзін жалғыз сезінетіндер тағы бар. Жанның жалғыздығы – табиғатынан.

– «өстіп жүріп өлуге де қорқасың,

құдайына қалай барады мына бет?»

Қорықпайтындар көп сияқты, иә...

– Құдайдың бар екені анық. Басқасын білмеймін. Күнәларың мен кінәларың өзіңе ғана айқын. Өзіңнен қашатының да содан. Өзіңнің қателеріңді білуден қорқасың. Біз бәріміз белгілі бір дәрежеде қорықпайтын сияқтымыз. Немесе керісінше... Ал өзіме жауап беретін болсам, қорқамын. Дәл осы сәтте, дәл осы күйде өлуден қорқамын. Өзімнен қашатыным да содан...

– «мен өмірге келмеген сияқтымын».

Сонда өмірге қашан келеді адам деген?

– Өлімнен қорықпағанда немесе өлуге дайын болғанда... Өзін тапқанда. Айнаға қараған сәтте өзінен ұялмағанда, мүмкін. Нақты жауап бере алмаймын. Кейде осы өлеңді де мен жазбайтын сияқтымын. Кейбір сезімдерді мен емес секілді сезініп жүремін. Адам өмірге барлық жағынан шынайы болғанда келетін шығар, мүмкін. Мысалы, біреумен асүйде шынайы, бүкпесіз әңгіме айтқанда, осы өмірде бар екеніңді аз уақытқа болсын сезінген сияқты боласың ғой. Мүмкін, құдайды жүрегіңнен тапқанда?! Тіпті, өмірден өткен күні келетін шығармыз...

– «жүрексіз боп кетті неге адамдар?

сұрықсыз боп кетті неге алматы?»

Адамдарда бұрын жүрек бар ма еді?

– Жүрегі бар адамдар аз ғой, аға. Мына дүние сондықтан астаң-кестең... Бірақ жер бетіндегі кез келген адам – жақсы адам. Тек үйлеспеу ғана кедергі. Біреуі – мінез жағынан, біреуі – көзқарас жағынан. Осының кесірінен ғой біздің «жүрексізденіп» бара жатқанымыз. Сол үшін де жан жалғызсырайды. Шын күліп, шын жылайтын адамдарды жақсы көрем. Ең қатал деген адамның да жүрегі бар... Ең мейірімді деген адамыңыз да сатқындық жасай алады. Жүректі болу деген ерлік жасау емес қой... Осы күнде жүрегіңді аман алып жүру – ерлік.

– Кімдерді оқисың?

– Мен мектеп кезінде, шамасы, 6-7-8 сынып оқып жүрген кезімде аға буынның жазғандарын оқитынмын. Қызығушылығым қатты болды. «Қандай күшті! Осылай да жазуға болады екен ғой» деп таңғалатынмын. Сол маған көмек болды ғой деймін. Біразының шығармашылығымен ерте таныстым деп толықтай айта аламын. Ал қазір өз қатарластарымның жазғандарын оқуға тырысамын. Бірақ бәрін емес. Жақсы өлең, жақсы шығарма, жалпы, жақсы дүние оқуға тырысамын. Тығылып оқитын 1-2 авторым тағы бар. Мынаны оқимын деп бөліп-жармаймын. Ең нашар деген ақынның да ең сәтті жазылған, жақсы бір өлеңі болады. Сол өлеңді оқуға тырысамын. Жастардың, яғни өз қатарластарымның арасынан жаңашыл жазатын ақындар ұнайды. Негізінен, поэзияны көп оқымаймын. Қатты ұнайтын 4-5 өлеңді айналдырып оқып жүре беремін. Сондықтан айналамдағылар не жазып жүр деп ойламаймын.

Сұқбаттасқан Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

 

жапыраққа сыр жасырды таң ғып күз.

шамаң жетсе, ғарыш жаққа халді ұққыз!

...құдай ұлы, құдай ұлы деп жүріп,

қанша ұлыны қолдан жасап алдық біз...

 

жолдамыз (рас) сәл-ақ жүрсек бітетін...

(кейде тірлік жібере ме жүдетіп?!)

...жер бетіне ақырзаман келгенін,

(о,несі бар?) діншіл шығар күтетін...

 

тірлік - майдан. сол майданда шыңдалдым.

сырласым деп сырыңды айтсаң тыңдармын.

...ара-тұра бабын тауып жүретін,

біздің шаттық көңілдесі мұңдардың...

 

көрдіңіз бе сана жаққа гүл егіп?

мысы басым неткен ауыр түн еді...

...біз екіні қостық сосын екіге...

бірақ неге төрт шығатын үнемі?..

 

мен де сіздей мұңаймауға тырысқам...

(бәлкім, біздің жүрегіміз – мұңстан.)

...сіз бес күннен мән-мағына іздейсіз...

...мен жай ғана келе жатам жұмыстан...

 

сүйенбей-ақ ережеге, мақалға.

(ал, сіздіңше, тағдыр біздің қатал ма?)

келер күнім жайлы ұза-ақ ойлаймын,

жалға алған пәтерімде жатам да.

 

***

ескермей-ақ бунақты да көлемді,

жазғым келген іштегі өлең. ол өлді.

жұрт көңілін қалдырмаймыз дегенде,

жұрттан қалған көңіл бізге не берді?

 

аралап-ақ көшені де қаланы,

ауылды һәм, шексіз-шетсіз даланы,

өнеге алар кісі іздеп келесің,

ал өнеге беретінің шамалы...

 

өмір жайлы әдемі өлең жаздым деп,

жүрген ақын...сосын бізде азғын көп...

сен өзімді таппадым деп налисың,

ал мен өлең жазғаныма мәзбін бе?!

 

қалғың келсе келер күнге мұра боп,

(әттең бізде жасап қойған күнә көп...)

өстіп жүріп өлуге де қорқасың,

құдайына қалай барад(ы) мына бет...

 

жапыраққа бар сырыңды аштың ба?!

кейде өзім ұқсап кетіп қашқынға...

тастай жүрек болатынын адамда...

жүрегі бар болатынын тастың да...

 

сен бәріне, бәрі үшін күйесің.

сен әлемді жүрегіңмен сүйесің...

құдайыңдай сосын тағы сыйлайсың,

жалға алған пәтеріңнің иесін...

 

жүрегімді қасқыр сынды ұлытып,

жоқ адамдай түк қайғысы, мұңы түк...

дым ойламай ұйықтап кеткің келеді...

(жан сыйлаған құдайыңды ұмытып.)

***

құлағың келетін құшақ бар!

сенсең ғой.

күз келсе, тұратын терек пе теңселмей...

мәжнүнтал сорымды бөлісіп...(жылайды.)

бұл менің езілген еңсем бе-ей?!

 

күлкім бе жоқ әлде тоналған сезім бе?!

ап-ащы зілдей мұң тұра ма көзімде...?

қыс түссе жылылық іздейтін (байғұстар),

(не етесің жан тоңса), құстар да өзімдей...

 

кітаптың ішінде жүрмін бе?! жоқ! көше.

аяй ма ол? тағдырға кетеді текке есе.

күрсінгің келсе егер, мысалы... күрсінгің...

ал сенің жай ғана тынысың жетпесе...

 

...мен сондай күй кешіп келемін. жүрек, кеш!

суыққа тоңбадым. боп алдым дір етпес...

жөн бе екен аппақ қар табанда тапталса...

қайсың бар мендегі арманға тілектес?

 

үреймен қараймын басылған қадамға әр.

қиянат тікені қадалған табан бар...

...күрсінгің келгенде дем жетпей қалады...

сол жайлы неліктен айтпайды адамдар?

432 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Сүйеніш

26 Наурыз, 2021

Мен неге оқыдым осыны...

Мүрат .М.Отарбаев

03 Сәуір, 2021

Жазған әңгимеңиз жанға жайлы жағып барады өмирге деген қүштарлык керемет алға

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы