• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 24 Наурыз, 2021

Тағдыры шиыр қазақ қарпі

ЖАЗУ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Ең алғашқы өркениет қазіргі Тигр мен Евфрат өзендерінің арасында Месопотамияда пайда болды дейді ғалымдар. Бұл жерлерді шумерлер мен аккад тайпалары мекендеп, б.з.д. 4-3 мыңжылдықта мемлекет құрған. Қалалық мәдениет қалыптастырған. Америкалық ғалым С.Крамер: «Тарих шумерден басталады», – дейді. Жалпы экономиканың өсімі елдегі сауда-саттықпен тікелей байланысты екеніне дау жоқ. Шумерлерде де солай болды. Қарапайым айырбас арқылы жүрді сауда. Бірақ шаруа егінін күзде орады. Ал ұста-шеберлердің тауары әр кезде дайын. Біріне азық керек болса, екіншісіне құрал керек. Сондықтан саудагерлер қазіргі ақшаның, дұрысы құнды қағаздың баламасын ойлап тапқан. Олар қыш сыналарға кімнің қандай қарызы барын жазып, уақытында сол арқылы қажетін алып отырды. Осы «қарыз жазулардан» шумер жазуы пайда болған. Әлемдегі ең алғашқы жазу. Мұны ғылымда «тұрмыстық жазу» деп атайды. Кейіннен бұл жазу дамып, шумер тілі ғылым тіліне айналған кезең де болды.

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНІҢ ТАРИХЫ

Шумерлердегі бұл үлкен жаңалық саудагерлер, керуеншілер арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне тарады. Мысыр, Бабыл секілді ежелгі өркениеттің жазулары осы негізде пайда болды. Бабылдан тараған жазу өнері дами келе, Финикияға жеткен. Олар жазуды дамыта келе, ең алғашқы фонетикалық жазуды дүниеге әкелді. Ал финикия әліпбиінен грек, грек әліпбиінен латын әліпбиі шыққан. Қалай болғанда да, латын тілінің ғылым тілі болуымен, бұл әліпби Еуропаның көп халқына тарады. Әр халық ондағы 26 таңбаны өз тіліне ыңғайлап отырған. Осыған байланысты жазу үсті, жазу асты белгілер мен диграфтар пайда бола бастады. Бүгінгі технология – Еуропа мен Америка өркениетінің жемісі. Сондықтан ғылым мен технология тілі латын графикасына негізделген. Бұл бүгінгі технология арқылы ғана қалыптасқан гегемония емес. ХХ ғасырдың басында-ақ болашақтың әліпбиі латын әліпбиі болары белгілі болған. Оның айқын дәлелі ретінде Кеңес одағындағы латындану процесін атап өтуімізге болады.

КЕҢЕСТІК ЛАТЫН САЯСАТ ПА?

А.Луначарский Кеңес өкіметіндегі ең беделді латын әліпбиін қолдаушы болды. Оның айтуынша, В.Ленин де осы әліпбиді толығымен қолдаған. Бірақ ол латын әліпбиіне көшу туралы: «Мен осы орыс әліпбиінің латынға ауысатынына сенемін. Бірақ бұл жолда асығуға болмайды», – деген еді. Алғашқы қадам ретінде өзге графика қолданушы ұлттардың әліпбиін латынға ауыстыра бастады. Оның ішінде араб графикасын қолданатын ұлттарға баса назар аударылған. Осылай кеңес өкіметі құрамындағы 50-ге жуық ұлттың өз тіліне орайластырған латын графикасы пайда болды. 1929 жылы мемлекеттік статус беріліп, көп ұлт мектептерінде латын қарпімен оқу басталды. Орыс тілі негізінде де латын графикасының 4 нұсқасы жасалды. Енді осы тұстан қандай саясат көруге болады? Латын әліпбиін Ленин қолдаса, осынша қыруар жұмыстар жасалып жатса, біздің «ұлтты құрту үшін жасады» деп жүргеніміз қызыл өкіметке жабылған жала болмас па?

Бір қарағанда бәрі дұрыс секілді. Озық әліпбиге ұмтылу жаңа құрылған мемлекетке өте қажет. Бірақ бір мәселеден айналып қаша алмасымыз сөзсіз. Ол – орыс тілінің сол күйі кирилл қарпінде қалуы. Иә, латынданған нұсқасы жасалды, бірақ 1929 жылы барлық ұлттардың латын қарпіне көшуіне мемлекеттік статус берілгенде, олар үнсіз қалды. Ал 1930 жылы Сталиннің бұйрығымен орыс әліпбиін латынға ауыстыру туралы бүкіл жұмыстар мен зерттеулер тоқтатылды. Ал латынға көшіп үлгерген ұлттар 1939 жылға дейін осы әліпбимен білім алған еді. Қорытындылай келе, Кеңес өкіметіндегі латын графикасына көшу процесі дұрыс басталып, саяси астармен жалғасын тапқан деп айта аламыз.

АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ЛАТЫНЫ

Қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшу процесі 1924 жылдардан басталды. Бұл бастамаға салған жерден А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамедұлы секілді қазақ зиялылары үзілді-кесілді қарсы болған еді. Олар бірнеше дәйек ұсынып, араб қарпіне негізделген төте жазуда қалуды көздеген. Негізгі аргументтердің бірі ретінде латын графикасының қолмен жазуға ыңғайсыздығы сөз болды. Мысалы, солдан оңға қарай жазу қағаз бен қол арасындағы үйкеліс күшінің көбеюіне әкеліп соғатын. Ал оңнан солға қарай төте жазумен жазу бұл кедергіні біраз азайтатын еді. Бұл, сол кезеңдегі жағдаймен қарасақ, өте маңызды дәйек. Сол кезеңдегі өкімет көзіне түсірмей, жылдам жазып, жариялау керек деген шығарма, мақаланың барлығы осы жазумен жазылатын. Бұл қатарда М.Әуезовтің «Хан Кенесін» айтуымызға болады.

Тағы бір дәлел ретінде араб графикасының қазақ тіліне орай реформаландырылғаны сөз болды. Сол тұста ешбір түркі халықтарында мұндай реформа болмаған. Латын қарпіне көшуді Н.Төреқұлов бастаған топ қолдап, өз нұсқасын ұсынды. Х.Досмұхамедов латын қарпіне қарсы болса да, мемлекет тапсырмасымен өз нұсқасын жасап өткізді. Қазақтан бас-аяғы бес нұсқа жасалып, осылардың қосындысынан жасалған әліпби қолданысқа берілген болатын.

Жалпы латын қарпіне көшу туралы кеңес құрамындағы ешбір халықта мұнша тартыс болған жоқ. Барлығы ың-шыңсыз, жылдам қабылдады. Бұл тартыстың мәні «сол кездегі қазақ зиялыларының көптігінде және тіл саласындағы білімділігінде жатыр». Осындай талас-тартыспен қазақ халқы латын қарпіне ең соңғылардың бірі болып өткен болатын.

БҮГІНГІ ҚАЗАҚ-ЛАТЫН ӘЛІПБИІ

Жаңа технологиялар тұтастай латын қарпіне орайластырып жасалатынын айттық. Халықаралық ғылым тілі – ағылшын тілі, ал оның қарпі латын екені тағы бар. Қарапайым ғана мысал, интернеттегі 77 пайыз ақпарат ағылшын тілінде екен. Бұл үш ширектен де көп. Сондықтан ағылшын тілін меңгеру қазақ ғылымы үшін кезек күттірмейтін мәселе екені даусыз. Ал оны үйренуді жеңілдету үшін әліпбиді де сол тілге ыңғайластыру керек деген шешімге келдік. Бүгінгі қолданып отырғанымыз көңіл қимас төл әліпбиіміз емес екені даусыз. Егер грузин, қытай, жапондардай өзіміздің төл руна жазуымызды осы уаққа дейін қолданған болсақ, қарсы шығуға болар еді. Бірақ бір бөтен әліпбиден технология тіліне жақын екінші бөтен әліпбиге өтудің сөкеттігі жоқ.

Қазақстан-2050 стратегиялық жобасында Н.Назарбаев «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген еді. 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бұл мақсатқа бастар нақты қадамдар жасала бастады. Сол уақыттан бері халық талқысына бірнеше латын графикасы нұсқалары ұсынылды. Барлығынан әйтеуір бір кілтипан табылып тұрады. Филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов бұл проблема төңірегінде: «Тіл білімі институтындағылардың өзі қазір 2-3 топқа бөлініп кеткен. Бірі фонетикалық принципті ұстанса, екіншілері үнемшілдік принципін дұрыс көреді. Осы екі топ ортақ мәмілеге келе алмай жатқандай», – деп пікір білдірді.

ҚАЗАҚ ДЫБЫСТАРЫНЫҢ ТАҢБАЛАНУ ТАРИХЫ

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық топтың мүшесі Гүлфар Мамырбек: «Қазақтың, түркінің төл әліпбиі сақ дәуірінде қалыптасқан десек қателеспейміз. Алтын адамның жанынан табылған күміс тостағандағы жазулар Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі жазуға ұқсайды. Қазақ даласына діннің келуімен халқымыз 10 ғасырдан астам уақыт бойы араб әліпбиін қолданды. Алғашында қадим жазуы болып, ол тұтас араб жазуының заңдылықтарына бағынған. Яғни дауысты дыбыстар таңбаланбайтын. Кейіннен жәдит жазуына ауыстық. Мұнда дауысты дыбыстар толық таңбаланатын еді. Бұл жерден араб графикасының қазақ тіліне ыңғайлана бастағанын аңғарамыз. Ал қазақ тіліне толық икемделген араб графикасын А.Байтұрсынұлы жасап берді. Оны «төте жазу» деп жүрміз. Әлемдік ғалымдар бұл графиканы «ешқандай өзгерту мен толықтыру қажеті жоқ толыққанды әліпби» деп мойындады. Ол 24 таңбадан тұратын», – дейді.

Төте жазуда «ء «дәйекше сөз алдына қойылса, сол сөздегі барлық дауысты дыбыстар жіңішке деп түсінілген. Мысалы: ىدرۇت – тұрды, ىدرۇتء – түрді. Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе көтерілген күннен бастап кез келген адамның басында «1930 жылдардағы латын әліпбиін неге қайта қабылдамасқа?» деген ой туғаны анық. Бұл турасында Г.Мамырбек: «Ол әліпби, біріншіден, қазіргі техникалық сұранысқа толықтай жауап бере алмайды, екіншіден, ол әліпбидегі бірқатар таңбалардың дыбыстық мәні қазір өзгерген. Мәселен, «cana» деген сөзді қазіргі қоғамға «шана» деп оқыту қиын, ол әліпбиде ш дыбысы с таңбасы арқылы берілген. Сондай-ақ «ғ» дыбысы «ƣ» арқылы: «saƣan», «у» дыбысы – «v», «ы» дыбысы «ь» арқылы, «ү» дыбысы «у» арқылы берілген. Сонда «тауық» деген сөзді ол әліпби бойынша «tavьq» деп, «күн», «үміт» сөздерін «kyn», «ymit» деп жазуымыз керек. Әрине, ағылшын, орыс тілінің қазіргідей үстемдік алмаған, кирилмен жазу қолданысқа әлі енбеген уақытта мұндай әліпбиді үйрету жеңіл болды. Ал қазір жағдай басқа. Үшіншіден, ол әліпбиде «ә», «ө» дыбыстары дәл осылай алынған: «әsem», «өner». Мұндай жартылай кириллнегізді әліпбиді қабылдамайтынымыз анық», – дейді.

Кирилл қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұлтымыздың өмірінде маңызы ерекше екеніне дау жоқ. Бұл әліпби турасында Г.Мамырбек: «Түркі тілдерін кирилл әліпбиіне ыңғайлау 1876 жылдардан басталды. Кирилл әліпбиіне негізделген тұңғыш графика авторы Н.Ильминский еді. Бірақ оның әліпбиінде «қ», «ң», «ғ» секілді төл әріптер болған жоқ. Ал бүгінгі қолданыстағы әліпби 1940 жылы қабылданды. Бұл жобаға белгілі ғалым Сәрсен Аманжолов жетекшілік етті. Қазіргі әліпбиіміздің ең басты артықшылығы ә, ө, ү, ұ, і, қ, ғ, ң тәрізді дыбыстардың бәріне жеке-жеке таңба арналды. Яғни ұлттық дыбыстық ерекшелік толық қамтылды. Ал кемшілігі – тілімізде жоқ дыбыстардың таңбалары әліпби құрамына еніп кетті (ц, э, щ т.б.). Осыған байланысты төл сөздерді – қазақ емлесімен, кірме сөздерді орыс емлесімен жазатын қайшылық орын алды», – дейді.

СОҢҒЫ НҰСҚА ТУРАСЫНДА

2017 жылдан бері латын әліпбиінің бірнеше нұсқасы жасалып халыққа ұсынылған еді. Бірінде диграфтар болды, екіншісінде жоласты, жолүсті таңбалар көп дедік. 2021 жылы жарияланған соңғы үлгі де сынға ұшырамай қалып жатқан жоқ. Ал бұл туралы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан: «Жаңа әліпби заман талабына толықтай жауап береді», – дейді. Оның артықшылықтары турасында: «Жетілдірілген жаңа әліпби жобасында 31 таңба бар, диакритика саны төртеу: умлаут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ); диакритикамен берілген әріп саны алтау (ä, ö, ü, ğ, ū, ş); «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес, диграфтар жоқ; ұлттық тілдің 28 дыбысын толық қамтиды; шеттілдік сөздегі дыбыс таңбасына Vv (в), Ff (ф), Hһ (х) әріптері алынды;

Негізгі артықшылығын атайық. Біріншіден, дыбыстардың әртүрлі қасиетіне жеке диакритика алынды. Бұл оқылымды жеңілдетеді, тілдің дыбыс қорының әліпбиі жүйесіндегі көрінісін бедерлейді.

Екіншіден, халықаралық тәжірибе ескерілді. Мысалы, халықаралық латын жүйесінде умлауттың бір ғана мағынасы бар – дауысты дыбыстың жіңішкелігін білдіру.

Үшіншіден, кириллдегі «у» әрпінің орнына – еріндік дыбысқа жүретін u таңбасы, ал «и», «й» орнына і таңбасы алынды. Бұл «у» мен «и» дыбысы бар сөздердің мәтін ішінде бірден танылуына ыңғайлы: uran, vakum; uaqyt, sauda, juu, tuu; іne, jіyn, kögoraі, aіdar; іnstіtut, inovasia, titul. Шеттілдік сөздерді халықаралық жазу кеңістігіндегі тұрқына ұқсас таңбалайды: universitet, respublika, turizm. Бұл әлемдік білім кеңістігімен интеграция үшін қолайлы.

Төртіншіден, мектеп оқушылары мен шеттілдіктердің әріп тануына, оларға тіліміздің дыбыстық жүйесін жылдам әрі тез үйретуге ыңғайлы.

Бесіншіден, жазба коммуникацияны жеңілдетеді. Диакритикамен берілген әріптердің барлығының жалпы жиілігі өте төмен, яғни олар көп болмайды. Мысалы, ä (ә), ö (ө), ü (ү), ū (ұ), ğ (ғ), әріптерінің бесеуінің жалпы жиілігін қосқанда, ең жиі кездесетін жалғыз «а» әрпінен төрт есе аз болады. Жиілігі жоғары «ш» дыбысына диакритикасы әріп астынан түсетін, қолды жолдан үзбей жазуға болатын «ş» әрпі алынды: Şämşı, şеşım. Қолжазуға ыңғайлы, көзшалымға қолайлы.

(«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатынан)

ҚОРЫТА КЕЛГЕНДЕ...

Латын әліпбиіне көшу бүгінгі заманның талабы екеніне дау жоқ. Десек те әліпбиден бөлек қоғамдық мәселелер де алдымыздан кес-кестеп шыға береді кейде. Әлде мұның бәрі «қорыққанға қос көрінеді» дегеннің кері ме? Әлде біз бірдеңе өзгертуден, тіпті өз өмірімізді өзгертуден қорқып қалған ұлтпыз ба?

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

515 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы