• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 29 Наурыз, 2021

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы...

Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиеттанышқышта» дүниені «табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе» һәм «адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе» деп екіге бөледі де, «табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселердің бәрі табиғат дүниесі болады; адам ісінен шыққан жасалынды нәрсенің бәрі өнер дүниесі болады» деп тұжырымдайды. Демек адам ісінен шыққан нәрсенің бәрі – өнер. Қандай анық тұжырым! Осы күнге дейін Еуропаның, орыстың өнер зерттеушілері «Что такое исскусство?» деген сұрақтың жауабын таппай шарқ ұрады. Дәл осы сұрақтың жауабын табамын деп Толстойдың да біраз әуреленгені бар. Бірақ Байтұрсынұлы айтқандай анық тұжырым олардың «ақыл жайлауына қонып», уысына түспеген бе деймін. Өнердің бәрі бірдей болмайды. Байтұрсынов өнерді де «тірнек өнері» һәм «көрнек өнері» деп екіге бөледі. «Тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері болады, жан үшін жұмсалатын өнер көрнек өнері болады». Бұл – Ахаңның жіктеуі. Біздің тоқталатынымыз – көрнек өнері, соның ішіндегі сөз өнері. Соның ішінде мазмұн мен форма деген ұғымдарды Абайдың «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы» деген екі тармағына сүйеніп, тарқатып көрмекпіз.

Байтұрсынов былай дейді: «Шығарманың екі жағы бар: бірінші, ішкі пікір жағы, екінші, тысқы тіл жағы». Дәл осы жіктеу қазақтың қара өлең тілінде «Іші алтын өлеңімнің, сырты – күміс» деп өрнектелген. Бұл – мазмұн формадан жоғары тұрады деген сөз. Бұл қазақ жасаған бүкіл өнерге арқау болған алтын ереже еді. Біз жоғарыда мысал еткен Абайдың екі тармағының тамыры да осы қара өлеңге барып тіреледі. Қазіргі модернизмнің түрлі бағыттары – осы сыртқы форманы мазмұннан жоғары қоюдың әуресі, екеуінің парқын білмей шатастырудың әлегі. Одан соң осы бағыттың еуропалық өкілдерінің көбі «қиын» адамдар болған. Сөзім құр сөз болмас үшін бір-екі мысал келтірейін. Мысалы, итальяндық фашизмді жақтаған, мектеп қабырғасында жүріп «Варварская похоть поцелуев», «Эфирные перси, на которых проходят» деген өлеңдер жазған (тақырыптарына мән беріңіз) акмеист Д’Аннунцио Габриелені алайық. Габриеле – орыс акмеистеріне қатты ықпал еткен адам. Осы Габриеле фашизм дәуірлеп тұрған шақта князь титулын алып, «Корольдік ғылым академиясын» басқарған.

Сюрреализм терминін қоданысқа енгізген, кейіннен осы бағытқа көп «еңбек» сіңірген Гийом Апполлинер шығармашылығынан имморализм мен эпатаж сипаттары көрінеді. Имморализмнің мәні – жалпы адамзатқа ортақ адамгершілік қағидаларын мойындамау. Дәл осы түсініктердің сол кездегі Еуропаның жалпы танымына тигізген ықпалы зор болғандығын атап өтуіміз керек. Сюрреалист Андре Бретон, Филипп Супо, Жан Коктолар Гийомның шапанынан шыққандар. ХХ ғасыр басында Мағжанның:
– Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Қараңғыда бір адам жоқ лақпаған.
«Иман» деген асыл сөзді ұмытып,
«Қарын» деген сөзді ғана жаттаған,
– деуі сол дәуірдегі батысты тап басып танығандық деп білеміз. Бұлардың сондағы «дерті» – «адамзатқа белгілі ізгілік шегінен шығып ақиқатты іздеймін» деушілік. Ізгілік шегінен шыққан адам ақиқатты қалай таппақ?! 

Мұқағалидың ақиқатты іздеуі бұларға мүлде ұқсамайды. «Ел қайда ақиқат деп аталатын» деп шарқ ұрған ақынның жолы бұлардан бөлек. Одан соң қара өлеңнен нәр алған Мұқағалида форманың неше түрі  бар. Мысалы «Тағдырластар» өлеңі – формалық ізденістің биік үлгілерінің бірі. Бірақ Мұқағалидың бұл ізденісі – мазмұн тұнықтығына көлеңке түсірмеген қайырлы ізденіс. Меніңше, «алпысыншы жылғылар» кезеңінде Мұқағалидай терең ізденісте болған ақын кемде-кем. Ол – әлем әдебиетінің ең озық үлгілерін бойына сіңірген ақын. Бірақ арқа сүйеп, үлгі тұтқаны – қазақтың қара өлеңі. 
Гийом прозасына тән екінші аспект – эпатаж. Бұл қазақтың «атың шықпаса, жер өрте» дегеніне келеді. Ақиқатын айтқанда, сан қилы форма іздеп сабылғандағы негізгі мақсаты – жұртты таңғалдыру, «өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылмақтың» әлегі. Сюрреалист Пикассоның суреттеріне бір сәт мән беріп қарап көріңіз. Өз басым Пикассоның суреттерін көріп отырып, оған жаным ашиды. Оның талантты суретші екеніне дауым жоқ, бірақ сол талантты құбыжық образдарға сарп еткені өкінішті. Қазақ әйелінің көрпешеге салған құрағы мен кемпірлердің текеметке салған түріне астар болуға жарамайтын рабайсыз бейнелер бір жағынан Пикассоның ішкі әлеміндегі бей-берекет өмірден хабар беріп тұрғандай. Ішке суық көзбен қарап, «сырттың шашбауын көтерген» осындай бағыттың бірі – негізін Тристан Тцара ныспылы ақын қалаған дадаизм. Дадаизм сөзінің мәніне байланысты бірнеше нұсқалар бар. Біреулер зәңгілердің Кру тайпасы тілінде «Қасиетті сиырдың құйрығы» деген мағына береді десе, енді бірі бұл жай ғана баланың былдыры дегенді айтқан. Бізге оның аты емес, заты керек болғандықтан, оған тоқталмаймыз. Қайткен күнде де «дадаизм» сөзі өнердегі тұтас бір ағымның атауы ретінде тарихқа енді. Дадаистердің айтуы бойынша, бұл өмір мағынасыз. Олардың ұраны мынау: «Дадаист деген ешкім емес, олар ештеңеге де жетуді көздемейді». Ал түсініп көріңіз.   

Модернизмнің түрлі бағыттарының өзіндік ерекшелігі болғанмен, олар бір-бірімен араласып, астасып, сапырылысып жатады. Дадаизмнің негізі қалағандар сапында Хуго Балл, Рихард Хюльзенбек, Тристан Тцара, Макс Эрнст бар. Бұлардың барлығы өз елдерінің басшыларына деген жеккөрініш сезімімен «уланған» жандар болатын. Мүмкін, олар жаратылысынан саф, шыншыл, өмірге сергек көзбен қарайтын ізгі жан болған шығар, бірақ кейін өмірден тепкі көріп, шатасқаны анық. Дадаизмге жақын ағымның бірі – Эмил Гудодан тарайтын фумизм (фюмизм деп те айтылады). Фумистердің жалпы ұстанымы адамның көзін ашытып, тұншықтырғаннан басқа пайдасы жоқ, түтінді елестетеді. Фумистердің бықсып өмір сүрген адамнан жанып тұрған өнер шықпайтынын білмегені анық. Альфонс Алленің бір «шығармасы» «Битва негров в глубокой пещере темной ночью» (1882) деп аталады. Сондағысы – қағазды қап-қара бояумен бояп тастаған. Болды. Мағынасыздығы өз алдына, бұл «өнер туындысының» астарында нәсілдік кемсітушілік жатқаны айқын. Алленің тағы бір «шедеврі» «Темекі шегіп тұрған Джоконда». Неғұрлым түсініксіз болу, неғұрлым тұманды ойлармен бүркей түсу, ешбір шектеусіз мазақ ету фумистердің негізгі ұраны деуге болады. Ақ қағазды сары, қызыл, көк түспен бояу, осыны өнер санап шуласу кейінгі кезеңде тіптен көбейіп кеткені белгілі. Солардың арасындағы ең атақтысы – супрематизмнің шашбауын көтерген Казимир Малевичтің «Қара шаршысы». Басқа суретшілерді айтпағанда, Малевичтің өзінде мұндай шаршылардың бірнешеуі болған.

Сюрреалистік бағыттағы суретшілер қолданған техниканың бірі – негізін Вольфганг Паален қалаған фьюмаж. Бұл техниканы кейіннен Сальвадор Дали көп қолданған. Осы шым-шытырық «измдердің» негізгі проблемасы – ақиқаттан ажырау. Шындық нұрынан ғапыл қалып, сағым қуу. Осы бағыт өкілдері сөз өнеріне ешқандай үлес қосқан жоқ, модернистік бағыттағы қаламгер біткеннің барлығының тұлғасы жоғарыда авторлар сияқты деуден аулақпыз. Тек өнерге «іші алтын, сырты күміс» болсын деп талап қойған бабалар мұрасынан форма қуалаған желөкпе өнерді жоғары қоймайық демекпіз. Тәуелсіздік дәуірінде әдебиетке келген буын өкілдерінің арасында осы түрлі бағыттардың ішкі мәніне терең бойламай, сыртқы сәніне алданғандар да бар. 

Біз әлемдік әдеби үдерістен тыс қала алмаймыз, егер олай етсек, қателескен болар едік. Сонымен бірге, ессіз еліктеп кеткеніміз де жөн бола қоймас. Ізденіс керек. Мазмұндық тұрғыдан да, формалық тұрғыдан да ізденбей болмайды. Оған дау жоқ. Егер біз форма іздесек, оның түп-тамыр қайнар көзі қазақтың қара өлеңінде, батырлар жырында, жыраулар поэзиясында екенін ұмытпай іздеуіміз керек. «Ішті алтын, сыртты күміс» деп бағалаған ұлттық танымға табан тіреуіміз керек. В.Катаев «Пушкиннің дүния есігін ашумен басталып, Чеховтың бақиға аттануымен тәмамдалды» деп сипаттайтын орыс әдебиетінің Алтын ғасырының модернизмнің келуімен Күміс ғасырға айналуы көп нәрсені аңғартады. Аңғара білгенге, әрине... Сонда форманың қажеті жоқ па? Қажеті бар. Қазақ «өлеңнің сырты күміс болсын» деп отыр. Күміс деген жай темір емес. Бірақ ол бәрібір алтыннан жоғары бола алмайды. Алтын – мазмұн. Әр нәрсені орнына қою ғылыммен болады. Мысалы, қазақтың мына бір шумақ қара өлеңіне үңіліп көрейікші:
«Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің түріндей-ау.
Өтіп дәурен бара жатыр
Сіз бен бізге білінбей-ау».

Алғашқы екі жол жай ұйқас үшін ғана алынған сияқты көрінгенмен, шын мәнінде олай емес. Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиеттанытқышта» дүниені жаратылған, жасалған дүние деп екіге бөлгенін айттық. «Алма ағаштың гүлі» жаратылған дүниеге жатса, «текеметтің түрі» адам қолынан шыққан өнер дүниесіне жатады. Өлеңнің «Алма ағаштың гүлімен» басталуы кездейсоқ емес, қайта әділетті боп тұр. Әділет әр нәрсенің өз орнында тұруы болса, бұл – әрі сұлу, әрі әділетті өлең. Осылай жүйелеп келіп, адамзат баласына дәуреннің «білінбей өтіп бара жатқанын» ескертіп қоюы һәм шын, һәм сұлу шыққан. Қаншалықты әдемі болса да, алма ағаштың гүлі бір күні солады, текеметтің түрі оңады, білінбей өтіп бара жатқан дәурен де сол. «Тас бұлақтың суындай сылдырап» тұр. «Іші – алтын, сырты – күміс» деген осындай-ақ болар. Мазмұн да, сыртқы қалып та бір-бірімен жымдасқан жақұт жырдың бірегей үлгісі.

Мұхтар Әуезов Абайдың шығармашылық ұстанымын талдай келіп: «Когда он приходит к западу, за спиной его служит опорой, разумом воспринятое мусульманство, восток» деп ақ, адал тұжырым жасайды. Яғни Абай Еуропаға барғанда арқасын шығысқа, бастауы қара өлеңнен өрбитін «Іші алтын өлеңімнің, сырты – күміс» деген алтын ережеге тіреп алып барды. Осыны ұстанбасақ, ұтыламыз. Абай осыны «Қазақтың келістірер қай баласы?» деп қолына қалам ұстаған қауымға салмақты сұрақ қойып, ауыр міндет артып отыр. Тәкенше талдап, Жүсіпбекше жіліктей алмасақ та, азырақ сөз айттық.

Абай Қалшабек,
әдебиеттанушы

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

1593 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы