• Спорт жұлдыздары
  • 07 Сәуір, 2021

Дәурен ТҰРСАҒҰЛОВ, футзалшы: Футзал үшін артық салмақтан арылдым

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан футзалында қазақ жігіттері саусақпен санарлық болатын. Сүлейменов пен Жаманқұловтардың орнын басатын қаракөздеріміз жоқтың қасы еді. Дегенмен шағын ғана қаладан шыққан Дәурен Тұрсағұлов аз уақыт ішінде Қазақстан футзалындағы өрені биік ойыншылардың біріне айналып үлгерді. Словенияда өткен Еуропа чемпионатында жақсы танылған Дәурен болашағынан үлкен үміт күтуге болатынын байқатты. Дәуренмен сұқбаттасудың сәті түсті. 

– Дәурен, футзалға деген қызығушылық қайдан туды? Кімдерді үлгі тұттыңыз?

– Аягөздегі спорт мектебінің футбол бөлімін тәмамдадым. Оқу бітіргеннен кейін бапкерім Асет Карманов Алматыдағы Энергиялық колледжге тусуіме кеңес беріп, сол жақта спортты жалғастыруға болатынын айтты. Расында, нағыз футзалды Алматыда ойнадық. Нұр-Сұлтан командасының екінші бапкері Нұржан Әбдірәсіловтің қол астында жаттығып, футзалдың қыр-сырын меңгердік. Алматы қаласының чемпионатына қатысып, жеңімпаздар қатарынан көріндік. 

– «Қайрат»  командасының қатарына қалай қосылдыңыз? «Қайрат» сапында өнер көрсету ойыңызда болды ма?

– Алматыға келгеннен кейін «Қайрат» футзал клубының жастар командасында жаттығып, өнер көрсеттім. Ол жақтан «Ұшқын» сапына ауысып, Астанада бір жылдай доп тептім. Бірақ «Ұшқында» жаттықпай, тек жарысқа шығатынбыз. Сосын «Жетісу» командасының ашылатынын естіп, сол жақта бір айдай оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Бапкердің көзіне түсіп, көңілінен шыққаннан кейін келісімшарт ұсынып, команда қатарында қалуымды сұрады. «Жетісу» командасының басшысы бұрын «Қайратта» жұмыс істеген екен. Мені «Қайратпен» келісімшартқа отырғызып, «Жетісуға» жалға алды. Шынымды айтсам, «Қайратта» ойнау үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. 

– «Колобок» деген де лақап атыңыз болған екен. «Қайратқа» сіңісіп кету қиын болмады ма? 

– «Жетісу» сапында екі жыл ойнасам да, «Қайратқа» бірден сіңісіп кету оңай болған жоқ. «Қайраттың» бас бапкері Кака ойынымызды көріп, «командаға қайта оралғыларың  келе ме?» деп сұрады. Ойланбастан бірден келісімімізді беріп, «Қайрат» сапына ауысуды жөн санадық. Бірақ бапкер бірден салмақ тастауым керек екенін айтты. Әлемдік деңгейде, мықтылармен ойнау үшін артық салмақтан арылдым. Командаға тез сіңісіп кетуіме Димаш Сүлейменов, Шыңғыс Есенаманов, Серік Жаманқұлов сынды ағаларымыздың көмегі көп тиді. 

– Командадағы  бразилиялықтардан бөлек, қазақ жігіттері  өте жақсы ойнайды. Олардың сол деңгейге жетуіне бразилиялық ойыншылардың  әсері болды ма?

– Әрине, олардан үйренеріміз көп. Қазақ жігіттерінің мықты деңгейде өнер көрсетуіне септігін тигізгені рас. Біздің де мақсатымыз солардың көлеңкесінде қалып қоймай, тең дәрежеде ойнау болды. Бапкеріміз Какадан да көп нәрсе үйрендік. Тактикалық, техникалық тұрғыдан жетіліп, әлемдік деңгейдегі ойыншылармен терезесі тең түсетіндей жағдайға жеткізді. 

– Ішкі біріншіліктегі бәсекелестікке қандай баға бересіз?  Ойыншылардың деңгейі қандай?

– Еліміздегі футзалдың да, ойыншылардың да деңгейі әжептәуір өскен. Ұлттық құрама сапында кіл мықтылар ойнайды. Ішкі біріншілікте де бәсекелестік жақсы дамып жатыр. Бұрынғыдай қалпақпен ұрып алатын қарсылас жоқ. Командалар жан-жақтан бапкерлер, легионерлер тартып жатыр. Қазір ел чемпионатында сегіз команда сынға түседі. Жалпы командалардың саны неғұрлым көп болған сайын бәсекелестік те соғұрлым жоғары болып, әр матч тартысты өтеді. Есесіне ұлттық құрамамыз да күшейетін еді.

– «Қайрат» сапында чемпиондар лигасына да қатыстыңыз. Чемпиондар лигасында өнер көрсету,  жеңіске жету қаншалықты қиын екен?

– «Қайрат» командасы әлемдегі ең үздік ұжымдардың бірі екенін жанкүйерлердің бәрі біледі. Екі рет УЕФА кубогын ұтқан команда сапында чемпиондар лигасында ойнау мәртебесі бұйырды. Шыны керек, мүлде бөлек деңгей, бөлек атмосфера. Тек теледидардан көрген «жұлдыздармен» бір алаңда ойнау үлкен тәжірибе болды. Топтық ойындарда ғана гол соғып, адуынды қарсыластарға қарсы ойында құр қалдық. Өкінішке қарай, финалда «Спортингке» есе жібердік. 

– 2018 жылғы Еуропа чемпионатына қалай шақырту алдыңыз? Словенияда өткен дүбірлі дода әлі есіңізде шығар... 

– Қазақстан құрамасының бас бапкері болған Какау оқу-жаттығу жиынына шақырды. Бір айдай дайындығымызды пысықтадық. Жиынға шақырылған ойыншылардың арасынан үшеуі командаға ілінбейді деді. Негізгі құрамның ойыншысы болмағандықтан, «іліне алмай қаламыз ба?» деген де уайым болды. Бірақ бапкер Еуропа чемпионатына баратынымды айтып, Украина қарсы жолдастық кездесуге шақырды. Алғаш рет шетелге шыққанымыз да осы еді. Португалия, Италия, Ресей сияқты мықты командалармен бір қонақүйде тұрып, мықтыларды көзбен көрдік. Шынымды айтсам, ұлттық құрама сапында «жұлдыздармен» бірге, әлемнің үздік ойыншыларына қарсы ойнаймын деп мүлде ойламадым. Футзалға жаңадан аяқ басқан мен үшін бұл чемпионат үлкен тәжірибе болды. 

– Дәл осы жылы студенттер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, чемпионаттың үздік шабуылшысы да болдыңыз...

– Алматыда өткен  әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өкініштісі, финалда Ресей құрамасына жол беріп қойдық. Ресейдің супер-лигасында ойнайтын мықты футзалшылардан құралған команда әу баста фаворит еді. Негізгі құрамда ойнағандықтан, гол соғуға да мүмкіндік көп болды. Бірақ үздік шабуылшы атанам деп ойламадым. «Алматы Аренаға» жиналған 12 мың жанкүйер қошемет көрсетті.

– Қандай шетелдік командаларда өнер көрсеткіңіз келеді? Қандай командалардан ұсыныс түсті?

– «Қайрат» командасымен үш жылға келісімшартқа отырдық. Дәл қазір басқа командада өнер көрсету ойымда жоқ. Керісінше, «Қайратпен» үлкен жетістіктерге жеткім келеді. Сәуір айындағы чемпиондар лигасының ойындарында жеңіске жетіп, үшінші рет УЕФА кубогын иеленгіміз келеді. Әрине, әр футболшы «Барселона» сынды мықты командаларда ойнауды армандайды. Болашақта Еуропаның мықты чемпионаттарында өнер көрсету ойда бар. Мысалы Испания, Италия біріншіліктерінде бағымды сынап көргім келеді. 

– Қандай отбасыда тәрбиелендіңіз? Ата-анаңыз қандай адамдар?

– 1996 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Үйдің кенжесімін, алдымда екі ағам бар. Үлкен ағаларым Ырысбек пен Дарқан да футбол ойнап, спортқа жақын болған. Әкемнің есімі – Есенғазы, анам – Рағна. Әкем теміржол саласында жұмыс істеген, қазір екеуі де зейнетте. Әкеміздің жолын қуған ағаларым да теміржол саласында жұмыс істейді. 

Дәурен Түлкібай
«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2021

43 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы