• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Сәуір, 2021

Фанат болған жақсы ма, жаман ба?

2009 жылы Майкл Джексонның дүниеден өтуі дүниежүзін дүр сілкіндірген оқиға болды. Өйткені оны мәңгі жасайтындай көретіндер көп еді. Әлі күнге дейін Майклдың өлгеніне сенетіндерден гөрі, сенбейтіндердің  саны басым екен. Адамның өмірге келіп-кетуі – табиғаттың заңы. Бірақ бізді таңғалдырғаны, Майклдың артынан фанаттарының өзіне қол салып өлуі еді. Поп-королінің өліміне мойынсына алмай, өзіне қол салған фанаттардың саны әлем бойынша он екіге жетіп тоқтады. «Айдаладағы» әнші үшін өмірін қиюдың мәнін ары ойлап, бері ойлап, еш қисынын таппадық.  

Байқасақ, табынушы мен жанкүйерді және фанатизмді шатастыра береді екенбіз. Ал зерттей келе, табыну мен жанкүйерліктің «асқынған» түрі фанатизм болып саналатынын анықтадық.  Қазір біздің жасөспірім оқырманымыз өзіне кумир тауып, жанкүйер болатын шақта жүр. Фанатизм олар үшін қаншалықты жақсы, әлде жаман екенін түсіну  өте маңызды десек, артық айтпаған болар едік. Фанатизмді психологтар проблемаға жатқызады. Бұл адам бойындағы жай ғана қызығушылық емес, нәзік жіп сияқты, шетін мәселе.

Сырттай қарағанда қарапайым нәрсе болып көрінуі мүмкін, алайда спортқа, компьютерлік ойындарға, діни ағымдарға да фанат болып кетіп жатқан жастарымыздың болашағы не болатыны белгісіз. Фанатизм – жасөспірімдерді қатты мазалайтын мәселенің бірі. Мұндай кезде олардың қасында ақыл айтып, сырын тыңдайтын ата-анасының немесе жақыны болғаны абзал. 

Жастар көп шоғырланған Инстаграм, ТikTok-ты ашып қалсаңыз, олардың кімге фанат болып жүргенін бірден байқайсыз. Мысалы, Димаш Құдайбергенге бүкіл Қазақстан фанат сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның dears-тарындай Димаштың нешінші өлшемді аяқ киім киетініне, неге Инстаграмға сурет салмай кеткеніне бас қатырмаймыз. Ал фанаттарына көпшілікке белгісіз осындай ұсақ-түйек ақпараттың бәрі маңызды. Бұдан бөлек, Димаштың фан-парақшасының саны бірнешеу. Тіпті Италия, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Эквадор елдеріндегі Димаштың фанаттарына арналып ашылған парақшалар да бар.

Жастарымыз сүйіп тыңдайтын Ninety one тобының әр мүшесіне арналған фан-парақша да көп. Ол жерде әншінің өнерінен бастап, жеке өміріне дейін айтылып, талқыланып жатады. Бірде «Жас Отанға» өткен Ninety one тобының солисі ZaQ-қа (Дулат) қатысты айтылған сынды қабылдай алмай, eaglez-тар сын айтушының парақшасын жабылып жауып тастағанын көрдік. 

Жақында «Грэмми» байқауында Оңтүстік Кореяның K-pop жұлдызы BTS тобының жеңіске жете алмауы әлем жастарын біраз әуреге салды. Әлем бойынша миллиондаған фанаты бар топ «Грэммиден» кейін тікелей эфирге шығып, army фандомдарын жұбатумен болды. Фанаттары оларды жұбатып әлек. «Көңіл-күйі түсіп кетті ме екен? Жылады ма екен? Шаршады ма екен?» деп уайымға салынған фанаттары «Грэмми» ұйымдастырушыларын жерден алып, жерге салып, әлеуметтік желілерде «қып-қызыл» төбелес шығарды.  LightltUpBTS, BTSOurGreatestPrize секілді хэштегтермен Туиттерде біраз дүбір тудырды. Бір жағынан army деген атаумен белгілі BTS тобының фанаттарының табандылығына сүйсінуге болады. Осы топтың бір мүшесінің туған күні жақындағанда арнайы қаражат жинап, әр елдің арбаттарындағы экрандарға, Дубайдағы зәулім сарайға суретін шығарып, спутник арқылы суретін ғарышқа ұшыру секілді шараларды ұйымдастырады. Ең қызығы, BTS-тің фанклубына қосылудың өзіндік шарттары бар екен. BTS-ті жақыннан көріп, шоуларына бару, постерлерін алуға – тек үшінші дәрежелі фанаттарының ғана қолы жетеді. Үшінші дәрежеге жету үшін тест тапсырып, біраз маңдай тер төгуге тура келеді. BTS-тің фандомдары үшін жақында арнайы ашылған платформаға тіркелу құны 25 доллар тұрады. Бұл топтың фандомына тіркелу неге сонша иерархияға айналғанын түсіну қиын емес те сияқты. Фанаттардың арасына хейтерлер де кіріп алып, бүлік шығаруы мүмкін деген қауіп бар. Олар өз фандомын өз үйіндей қорғайды.

Корея елінің айдолдарына қазақ жастары да үйір. Инстаграмнан, Телеграмнан оларға арналып ашылған бірнеше парақша бар. Өнер адамына фанат болу – сол адамды жұтар ауадай көріп, ынтығу. Бұған фанаттардың кумирінің жеке өміріне араласып, сталкерлік жасап, қорқытып-үркітуін де жатқызуға болады. 

Фанатизм – шексіз ынтығу, құлай берілу, соқыр сенім... Сондықтан олардың әлемі басқа, оларды түсіну тіпті қиын. Қазір қоғамда фанатизмнің үш түрі белең алып тұр: дінге, спортқа, өнерге. Дінге берілгендер – теракт жасауға, спорттың фанаттары – жақтастары үшін төбелесуге, өнердің фанаттары кумирі үшін өмірін қиюға дайын тұрады. Әрнәрсеге қызығып, әуес болған жақсы, әрине. Бірақ ол әуестік шектен шыққан кезде тепе-теңдік бұзылатыны тағы бар.

Фанат екеніңді қалай білесің?

– Өз өміріңе сырттай қарайтын болсаң, үйіңде не болып, кімнің қандай жұмыс істейтінін білмейсің. Есесіне, өзіңнің кумирің туралы бәрін білесің. 
– Бөлмеңде, үстеліңде, компьютеріңде, телефоныңда, жеке заттарыңда кумиріңнің суреттері көп болады
– Кумирің туралы ақпарат бөлісетін парақшаларды көп оқып, чаттарда жиі отырасың. 
– Кумиріңе қатысты жағымсыз пікір айтқандарды жек көріп, жамандайсың. 
– Әңгімеңнің көбі кумирің туралы болады.

Өзіңді фанатизмнен қалай тыюға болады? 

– Алдымен кумирің де өзің сияқты адам екенін, көшеде қыдыратынын, біреумен ренжісіп, айғайласатынын, ұйықтайтынын, шаршайтынын ойла. Кумир өмірде мүлде басқа адам болуы әбден мүмкін. 
– Кумиріңнен шабыт алып, сол сияқты жетістікке жетуге тырыс. Өзіңнің қабілетіңді ашып, еңбектенсең, ертең сен де біреуге кумир боласың. 
– Шынайы нәрселермен айналыс. Өзіңді дамытатын, тұлға ретінде жетілдіретін нәрселерге көп көңіл бөл. Мысалы кітап оқу, тіл үйрену, қолөнермен айналысу, т.б.

Дінге фанат екеніңді қалай білесің?

– Жақсы мен жаманды ажыратудан қалады. Құдай мен сенімінен басқа көзіне ештеңе көрінбейді, ақиқатты іздеуге талпынбайды. 
– Өзінен басқаларды адасып жүрген надан дегенге саяды. Әлемде ғылыммен дәлелденген нәрсенің бәрін өтірік деп біледі және басқалардың көзқарасын түсінбейді, қабылдамайды, оларды тек жау санайды.
– «Біздікі дұрыс», «біздің дінде рұқсат етілген» деген ұраны бар. Олар фанат болып қана қоймай, басқаларды да осы ағымға тартып, тықпалаудан жалықпайды.

Діни фанатизмге өзіне сын көзбен қарайтын адам ешқашан ұрынбайды. Тәнің ауырса, дәрі ішіп, емделуге болады. Ал адамның психикасы ауруға ұшыраса ше? Сондықтан не нәрсенің болса да фанаттық деңгейіне жетпей тоқтай салған дұрыс. Дінге деген фанатизмнің шектен шыққан жері – терроризм. Терроризмнің адамзатты қандай қасіретке ұшыратқанын жазып шығу мүмкін емес.

Спортқа фанат болған дұрыс па?

Спортқа жанкүйер болған қоғамда жақсы қабылдайды. Жанкүйер болу сүйікті спортшыңның әрбір жетістігінің тарихын білу, соның суреті басылған киімдер кию сияқты қарапайым нәрселерден тұрады. Ал спортқа фанат болу кәдімгідей ауру. Сүйікті клубы қай жерде ойнаса, сол жерге билет сатып алып бару, жеңіліп қалған спортшысы үшін төбелес шығару да жанкүйерлерге тән болғанымен, фанатизмнің арасы жер мен көктей. Фанаттар спирттік ішімдіктер пайдаланады, энергетикалық сусындар мен есірткінің жеңіл түрін қолданады. Спортқа фанат болатындардың ішінде денсаулығын тәуекелге қоятындар да бар. Яғни мұрнынан қан кеткенше жаттығу, ағзасын тынықтырмай, зорығып кету де спортқа «құлай берілудің» зардабы.

Өзіңді қалай тоқтатуға болады?

Спортшыға фанат болу мен спортқа фанат болудың да шегі бар. Ол үшін өзін жақсы сезінетін адам аптасына спортпен қанша рет айналысу керек, денсаулығында кінәрат бар болса, оған спорттың қандай түрі пайдалы, қандай түрі зиян екенін білу. Ал спортшыға фанат болуды тоқтатудың жалғыз амалы  – өзіңді тоқтату. «Мен осыған көп уақыт бөліп жатқан жоқпын ба?» деген сұрақты қою арқылы арылуға болады.

Фанат болу жаман деп үзілді-кесілді айтудан аулақпыз. Кумиріңнің жақсы жағына еліктеп, жаман жағын сызып тастап отырсаң, осының өзі жетістік. Фанатизмнің түр-түрі бар. Біз соның тек үшеуіне ғана тоқталып отырмыз. Жалпы адам баласы әлдебір идеяға тәуелді болса, арты фанатизмге ұрындырары сөзсіз. Тарихта болған соғыстар, жекелеген адамдардың басындағы қасіреттер фанатизмге ұрынудың әсері екені дәлел. Біз ары тереңдеп кетпей, бергі жағын, бүгінде қоғамда болып жатқан фанатизмнің көріністерін ғана айтып отырмыз. 

Жасөспірімдердің арықтаймын деп аннорексия ауруына ұшырауы, кумирімдей боламын деп оның жаман қылықтарын қайталауы, денсаулығымды жақсартамын деп үздіксіз түрлі дәрумендер іше беруі, өзімді жетілдіремін деп, кез келген тренингке қатысуы, мықты боламын деп бұлшықет өсіруі... осының бәрі – фанатизм деңгейіне жеткеннен кейін болатын зардаптар. Адамның еліктеушілігін тудыратын осындай дүниелерден өзіңді қашанда алшақ ұстасаң, тұлға ретінде қалыптаса түсерің сөзсіз. 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2021

861 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы