• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 17 Сәуір, 2021

Раиса Қадыр: Біз аударған кітаптар қазақша оқу ләззатын сезіндірді

«Steppe World&Publishing» баспасы Хәрри Поттер сериясын қазақ тіліне аударып, жұртты елең еткізді. Мұнда бәрі де жаңаша: құлағымыз бен көзіміз үйренген Гарри – Хәрри, Гермиона – Хәрмиона, т.б. Ең бастысы, жас оқырман қазақ тілінің бай мүмкіндігіне қанықты, көз жеткізді, жаңа өріс тапқандай болды. Анна Франктың күнделігі де, Руал Даһлдың «Матилдасы» да жаңа, аса көркем аудармамен оқырмандарға жол тартты. Атажұртқа оралған екі жыл ішінде аса үлкен шаруа тындырған қайраткер баспагерді жақында сұқбатқа тарттық.

– Раиса Сайранқызы,  еліміз тәуелсіздік алғалы отандық кітап нарығы мынау ұшқыр заманға сәйкес дамып, қанат жайып шырқап кете алмай жатыр. Республикалық баспасөзде берген сұқбаттарда Қазақстанға алғаш келгенде кітап дүкендерінен балаларға арналған көркем әдебиетті таба алмауыңыз түрткі болып, «Steppe World&Publishing» баспасын ашқаныңыз туралы шешіле айттыңыз. Баспаның атауы ағылшын тілінде «дала» және «әлем» деген ұғымды білдіреді дейсіз. Дүниежүзілік таңдаулы балалар кітабын тұпнүсқадан ана тілге аудару идеясы өте тамаша. Бұл істе алғаш жол салушысыз. Әйткенмен, бұл меніңше, біржақты идея. Егер сіздің осы бизнес-жобаңыз нығая түсіп, үлкен кітап нарығында бәсекеге қабілетті болып, жеке кәсіпкер ретінде күшейе түссеңіз, ары қарай не істер едіңіз?

– Шынымды айтайын, әлем бізді әлі танымайды. Орта Азия деп айтсам,  Өзбекстан не Қырғызстанды біледі, ал Қазақстанды көп біле бермейді. Моңғолияның өзін қазір бәрі біледі, ал Моңғолияның атын шығарған – мына біздің қазақтар. Қырдағы бүркітшілерімізді көруге жазда әлемнің әр түкпірінен миллиондаған турист келеді. Бүркітші қызымыз Айшолпан туралы фильм жарыққа шығып, көптеген жүлделерге ие болды. Бұл фильм тек экзотикалы және аутентикалы қазақ көшпенділердің өмірі мен тірі табиғатты түсіріп резонанс алумен қатар, қоюшы-режиссер Отто Белл көрерменге ерекше әсер ететін кішкентай бүркітші қыздың батылдығын, табандылығын көрсетіп берді. Шынайы дүние қашанда құрметтеледі ғой. Батыстан, шығыстан, қаншама миллиондаған турист осы әсерді  қайталауға қырға, ауылға барады. Ол жақта инфрақұрылым, саяхаттап келген шетелдік меймандарға бес жұлдызды қонақүйлерге лайық қызмет көрсету сервисі, дәретхана жағдайы нашар болса да, кішкене қолайсыздықтарға бәрі шыдап, жан дүниесі байып, рухы тасып дегендей керемет әсер алып, жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетеді. Себебі, үлкен мегаполистерде өмір сүретін адамдар тірі табиғи ортаны, жабайы жаратылыстың қылдай сызат тимеген ғажап көркемдігін өз көзімен көруге ерекше құштар. Экологияны бүлдірмесе, саналы күштер бәрі бірігіп, мұзтауларды ерітпеуге күш салып, ғаламдық жылынудың алдын алса, Жер ғаламшары адамзаттың алтын бесігі екенін баршамыз білеміз. Кітап әлемінің құдіреті мен құпиясы сонда – бала жастан табиғатты сүюге, сұлулық негіздерін сақтауға үйретеді.

– Бұрынғылар «Жақсыдан шапағат» деп бекер айтпаса керек. Бүркітші қазақтар, жасөрім Айшолпан моңғол елін жер-жаһанға танытуға үлес қосқаны біздің халқымыз үшін зор мәртебе. Көкейімді тесіп бара жатқан сауалды жасырмай айтайын – қазақ балалар әдебиетінің таңдаулы туындыларын ең әуелі ағылшын тіліне тәржімалауды жүрексінбей қолға алар ма едіңіз?

– Біз оқырманға ерекше әсер ететін адамзатқа ортақ құндылықтарды арқау еткен  қазақ жазушыларының туындыларын, амандық болса, ағылшын, француз, неміс, түрік, қытай, жапон тілдеріне аударғымыз келеді. Мұндай жоба шынымен ауқымды болады әрі үлкен қаражатты талап етеді. Сондықтан үлкен ұйым не мемлекеттен қолдау көрмесе, қандай баспа болсын бұл істі бел шешіп игеруге шамасы жетпей қалуы мүмкін. Ұлттық аударма бюросы қазақ әдебиетінің қос антологиясын БҰҰ-ының 6 тіліне аударғанда қаншама еңбек, уақыт, қаражат кеткенін өзіңіз көрген шығарсыз. Мұндай ауыр жүкті шынымен жүрексінбей сәтті атқарған Рауан Кенжеханұлына алғыс айтамын. Мұндайда «бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой» демеуші ме еді. Шынында да, көп жазушыларымыз баспа ісін, баспа индустриясын жақсы түсінбей келеді, нақты білмеген соң көбі оңай деп ойлайды, бірақ оңай дәнеңе жоқ. Нарық жаңадан ашылып дамып жатыр, Құдай қаласа, сол нарықпен бірге біз де өсіп кеңейеміз.

– Әрине, бұл бір адам жүзеге асыра қоятын жоба емес, мемлекеттің ықпалынсыз жолға қою өте қиын. Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында аударма бөлімі бар, онда жыл сайын 3 тілден кәсіби аудармашылар дайындайды. Демек, бес жыл сайын 15 тілден кәсіби аудармашы білікті мамандар өсіп шығады. Бұл процесс үнемі қайталанып отырады. Институт 5 жыл әлем әдебиетін оқытып және аударма негіздерін үйретеді.  Ірі әдебиетші ғалымдар-оқытушылар дәріс оқиды. Соның арқасында Ресей әдебиет саласында мықты держава болу мәртебесін ешқашан жоғалтпайды. Мәдениет – мемлекеттік іс. Бізде Ұлттық аударма бюросы құрылды, бірақ оның базасында мамандар даярлайтын институт болмағаны өкінішті. Баспагер ретінде кәсіби аудармашыларды қалай таңдап аласыз? Қандай қисынға сүйенесіз?

– Баспаның ең маңызды шарты – 100%  ағылшын немесе неміс, француз тілін білу, сосын 200% қазақ тілін білу. Ал енді көркем аудармаға келсек, шет тілінен аударатын тәжірибелі аудармашыларымыз өте аз. Ондай аударма жасау үшін аудармашы тек сөз бен сөйлемді дөп басып аудару емес, жазушының ішкі ойын, стилистикасын, сол елдің нюанстарын толық оқырманға ана тілінде түсіндіріп беруге қабілет-қарымды болуы керек. Айта берсе, аудармашылардың өзі қаламы төселген жазушы болуы тиіс. Қазір көптеген жастар баспаға аударма жасайыншы деп келеді, бірақ солардың көбін байқап қарасам, әдебиеттен алыстау, расында, кітапты аз оқыған. Бұл үлкен олқылық. Қазақ әдебиетімен жақын таныс емес бола тұра аударма жасағанда, жұмыстың сапасы төмен екені белгілі болып қалады. Көңілден шықпайды. Кітап бір басылған соң ырыққа бағынбайды, артынан оның ақауын түзеу деген бос сөз. Сондықтан әу бастан аса сапалы жұмыс істеуге мүдделілік бәрінен жоғары тұрады.

– Авторлық құқық алу өте қиын. Авторлық құқықты қалай алдыңыз? Аудармашыларға төленетін қаламақы мөлшері шетелдік нарықтағыдай ма? Жастар біртіндеп кәсіби мамандарға айнала бастайды. Оларды сізбен, әлеуеті айқын нақты жобалармен жұмыс істеуге не қызықтырады деп ойлайсыз?

– Авторлық құқықты автордың өзінен не автордың агентінен алуға болады. Жалпылай баспа үйіне қойылатын талаптары болады, сосын лицензия бағасына келісіп, авторлық рұқсатты сатып аласыз. Иллюстрацияларға да солай. Мысалы, біз Руал Даһлдың әңгімелерін мұрагерлерінен алған болсақ, Даһлдың кітаптарына сурет салған атақты иллюстратор Куентин Блейктің рұқсатын бөлек алғанбыз. Жалпы рұқсат алу процесі өте баяу жүреді, кейде екі айда, кейде бір жылда әрең келісімшартқа жетеміз. Біздің баспада жұмыс істейтін мамандарымыз ең әуелі біздің мақсатымыз және жоспарларымызға қызығады. Әрине, шамамыз келгенше нарықтағы бағадан жоғары қаламақы береміз, бірақ істеген ісінің сапасы соған сай болу керек деген нақты талап қоямын. Шала іс бәрібір білінеді. Сонымен қатар мүмкіндігім келгенше барлығына шығармашылық еркіндік беремін, әр жобаға келгенде бірге ашық талқылап, бірге қуанып,  не қайғырып отырамын, барынша қолдау көрсетуге тырысамын.

– Эрнест Хемингуэй Марк Твеннің «Гекльберри Финнің бастан кешкендері» атты кітабын ең үздік кітап әрі одан асырып ешкім жаза алмайды деп керемет бағалаған. Маған мынау әулиелік сөзде түк жалғандық жоқ сияқты көрінеді. Том Сойер мен Гек Финн атты қос балақайдың бастан кешкен хикаялары бала түгілі үлкендерді жалықтырмайды, қайталап оқи бергің келеді.    Қазақ прозасында балаларға арналған қандай үздік шығарманы атар едіңіз?

– Әр халықтың әдебиетінің негізі фольклорда, мифтік әңгімелерінде, аңыздарында жатыр. Сондықтан қазақ ертегілерін өз балаларыма оқытамын, жануарларға арналған ертегілерді, салт-дәстүрге байланысты ертегілер қызық. Әсіресе, «Ер Төстікті» сүйіп оқимыз. Меніңше, бұл ертегіде көшпелі тұрмыстың шетелдіктерге экзотика сезілер көріністері, ел болып ұйысудың, асқан бауырмалдықтың, ержүректіктің саф үлгілері және керемет қиял дүниесі әдемі қиюласады. Мысалы, мыстан кемпірдің сегіз аяқты аса жүйрік Шалқұйрық атқа мінген Төстікті қууының өзі қандай ғажап суреттеу! Басқа халықтың қазынасы болса, баяғыдан осы ертегіден-ақ бренд жасап қояр еді деп ойлаймын. 

Классиканың қасиеті сонда, ол ешқашан ескірмейді. Жазылғанына бір ғасырға тақап қалса да Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» атты әңгімесі балаға да, үлкенге де бірдей арналған деп ойлаймын. Құрмаштың әжесі жылап келіп, өлі Көксеректің басынан тебетін жері қандай әсерлі! Ал қазіргі қазақ прозасына келсек, соңғы 30 жылда балаларға арналған әдебиеттің таралымы аз болуы себепті, арнайы дүкендерден іздеп жүріп таппадым десем не айтасыз!

– Раиса, сіз әлемдік кітап жәрмеңкелеріне жиі барасыз. Әкеңіз Сайран Қадыр дипломатиялық елшілік қызметте араб елдерінде 30 жыл болыпты. Еуропада оқыдыңыз, жазда қазақ ауылында ұлттық дәстүрге уыздан жарып өстіңіз. Сіз сияқты қазақ қызына бірнеше тіл білу бұйырғаны бекер емес. Лондонда, Роттердамда білім алдыңыз, шығыстану, қаржылық бас-қару сияқты қазіргі заманғы аса қажетті мамандықты игергенсіз. Қазақ болуды теріс қабылдап, ұлттық болмысын түсіне алмай қор болып, тілде, дінде адасып жүрген бауырларымыз сонда нені түсінбейді деп ойлайсыз? Неге олар қазақ болуды кем санайды? Мұның астарында бесік жырын тыңдай алмай өскендіктен туған кедергілер – ана тілін жатсыну, ұлттық әдебиеттің қасиетін білмеудің кесірі және ақшаға тәуелділіктің құлдық қамыты жатқан жоқ па? Ана тілде кітап шығаратын баспагер ретінде аудиторияны қалай жаулап алуды ұсынасыз?

– Осы сұрақтарға өзім де толық жауап іздеп жүрмін. Меніңше, бұл – колониализмның кесірі. Ал өзіме келсем, қазаққа қызмет ету, ұлтын сүю, ана тілімді сүйіп, қазақ болғанымды мақтаныш көру отбасымның тәрбиесі ме деп ойлаймын. Менің атам Түселбайұлы Қадыр 1950 жылдардың соңында – аймақтық баспа өндірісінде редактор, ал 1960 жылдары әкімшіліктің мәдениет бөлімін басқарған. Атам 1970 жылдары қайтыс болардан бұрын Баян-Өлгей аймақтық партия комитетінің идеология ісін басқарған хатшысы болыпты. Нағашы атам көп жыл математика мен физика мұғалімі болса да, керемет ертегілер жазған жазушы болды. Яғни түсінгенім, тек қуалап, ата жолын қуып келе жатыр екенмін. Адам тұқымына тартады. Қаншама жыл әлемнің ең мықты білім ордаларынан білім алып, жер көріп, тәжірибе жинасам да, ақыры осы баспа саласына неге бет бұрғанымды енді-енді түсініп келемін.  Ал алғаш кітап шығарғанда танылып кеттік деп айта алмаймын. Ал Хәрри Поттер сериялы шығармаларына келсек, біз қоғам ішінде мұндай жылдам резонанс тудырамыз деп ойламадық. Әрине, әр елдің өз Поттерман фанаттары болады дегенмен, біз өзіміз қазақ Поттер фанаттарын қалыптастырайық дегенбіз. Жарнамаға көп көңіл бөлдік, қазіргі заманда жарнамасыз іс бітпейді, оқырмандарымызға тосынсый әзірледік дегендей. Сосын Гарри «Хәрри» болғанына осыншама көп хайп және наразылық болады деп есептемедік. Қанша негатив болса да, біз үшін бір жарнама болды. Ал енді оқырманға келсек, оларға ең ұнағаны кітап сапасы ғана емес, мәтін сапасы болды. Шынымды айтсам, егер мәтін сапасыз әрі түсініксіз шыққан болса, біз ілгері жүре алмас едік, өйткені ең маңызды сыншы – оқырман және оны ешқашан алдай алмаймыз. Сондықтан мен біздің аудармашы және редактура тобымды қатты құрметтеймін. Тағы бір жайымыз сол, біраз шет тілдегі есімдерді атау ережесін бұздық, совет заманынан қалған орыс тілінің ережесімен қалыптасқан жүйеге бағынбай, транслитерация тәсілін қолдандық. Бұл да біздің оқырманға қатты ұнады. Кітаптарымыз оқырманға не берді десек, именбестен айта аламын, қазақ болып қазақша оқудан ләззат алу сезімін берді.

– Өз есебімнен кітаптар шығарамын дейсіз. Батыс жазушыларының кітабын аудару үшін баспалардың және авторлардың рұқсатын алу қажеттігін айтасыз. Бұл баспалардың ең әуелгі қоятын шарты кәсібилік дейсіз. Шетелдіктердің бәрі әдеби агенттермен жұмыс істей ме? «Steppe World&Publishing» баспасы шетелдік миллионер жазушыларға қаламақы төлей ме? Бір сұқбатыңызда Анна Франктің күнделігін аударып, қазақша шығарғаныңыз туралы айтыпсыз. Ол бұрын қазақ тілінде шықпаған депсіз. Расында, оның қазақша нұсқасы бар. Мен мектепте, шамамен 5 сыныпта оқығанмын, 45 жыл бұрынғы кітап болған соң кітапханалардан табылмауы мүмкін. 
 

Сіздің баспа қай авторды болмасын түпнұсқадан аударады? Мұның Қазақстан жеке ел болу артықшылығынан туындағаны сүйінішті фактор. Кеңестік дәуірде балаларға арналған шытырман хикаяларды шам алып жүріп оқитын ынтызар, өлермен оқырман болғанмын. Александр Дюманың «Үш мушкетер» атты романы жарық көргенін газеттен оқып, кітап дүкенінде сатылғанша тағатсыздана мазам кеткені ойымда. Айтайын дегенім, сол уақытта қазақ тіліне барлық классикалық кітаптар орыс тілі арқылы аударылды. Ал аудармашылар негізінен жатық, қапысыз аударды. Баршасы талантты ақын-жазушылар, ана тілдің қайнары лайланбай, тұнығы шайқалмай тұрғанда өмір сүрген адамдар ғой. Қазір баспасөзде қазақтың ұлттық сөйлеу мәдениетін, машығын бұзу жиі кездесіп жатады. Мұны болдырмау үшін не істейсіз?

– Баспамызға 2019 жылдың күзінен Назгүл Қожабек ханым бас редактор ретінде қосылып, Хәрри Поттер сериясына және басқа кітаптарымызға үлкен үлесін қосты. Мен өзім орыс мектебін бітірдім, кейін ағылшынша оқыдым, қазақы ортада мүлде болмадым. Қазақстанға келгелі, міне, 2 жыл ғана болып жатыр. Қазақстанда адамдар бөлек сөйлейді, ал мен сол шетелде өскен соң теріс сөйлейтін шығармын деп ойлайтынмын. Сөйтсем, елімізде көбі орысша ойлап, сосын оны тікелей қазақшалап, калька тілге енгізіп жіберген екен. Бұрынғы заманның аудармашылары өздері жазушы болған, қазақ тілі бүлінбеген керемет заман болған ғой. Сол әдебиеттің көбі Моңғолиядағы диаспораға жеткен. Сол саясаттың арқасында ата-әжем, әке-шешем қазақ тілін таза сақтап қалған. Ауылымыздан шыққан қаншама тамаша ақын-жазушыларымыз бар. Алғаш сол «калька» деген сөзді Ғалым Боқаш аға айтып еді, соның мәнін жақсы түсінбей жүріп, Назгүлдің арқасында толық сезініп түсіндім деуге болады. Расында да, көптеген оқырман маған «қазақша кітап оқиын десем мәтіннен екі бет оқып, ары оқығым келмейд»і деп айтатын еді. Ал Хәрри Поттерды бір деммен оқып шықтық деді. Мұнда сол автор, аудармашыларымыз әрі редакторымыздың еңбегі зор екені көрінеді. Бұл енді шығармашылық топ мүшелері оркестрдегідей өзара келісе үндескен, жұдырықтай жұмылып, күш біріктіргендіктен шынымен үйлесімді жұмыс болды.

– Раиса, сізбен Зәуре Батаеваның айтуымен таныстық Хәрри Поттер туралы 1-кітапқа ғылыми рецензия жазуыма түрткі болды. Жарты ай табанды уақыт жұмсап, терең зерттеп эссе жазып кеттім. Қазақ балаларына жанына жақын мамандықты таңдауға септігі тиетін танымдық материалдарды жиі жариялайтын, өсіп келе жатқан жас буынды білімде, спорт пен өнерде көшбасшы болуға бастайтын «Ақ желкен» журналының 2020 жылғы №6, №7 сандарында эссем жарық көрді. Егер сіз бұл кітапты қазақ балаларына тарту етпегенде, бұл тақырыпқа жазуым екіталай еді. Осы эссе арқылы 2020 жылы «Ақ желкен» журналының жылдың үздік авторы атауына ие болдым. Қазіргі заманғы халықаралық әдеби байланыстарға мұндай зерттеулер алтын көпір екені талассыз.

– Керемет жаңалық екен, үздік автор болғаныңызды бүгін ғана естіп отырмын. Пандемия көптеген істерімізді кейінге қалдыруды талап етті. Өткен жылы және биыл әлемнің үлкен әдебиет шараларының бәрі кейінге қалдырылды. Сонымен қатар осы заманда қандай бір нақты жоспар құру да күрделі болып кетті. Мұндай болады деп өзім де күтпедім.

– «Steppe World&Publishing баспасы көбіне балалар әдебиетімен жұмыс істейді. Балалар әдебиеті – баспа жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қалады.  Біздің басты мақсатымыз  қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақ қалыптастыру» деп жақсы айттыңыз. Балалар кітабында басты құндылықтың бірі – иллюстрация. Қазақстанда дарынды кәсіби суретшілер көп. Жазушылар және суретшілер тандемін қалыптастырған баспаның болашағы керемет боларына сенемін. Батыс елдері мен орыстарда бұл тандем ежелден берік қалыптасқан. Бұған не айта аласыз? Баспаңыз суретшілерге тапсырыс беруге дайын ба?

– Баспа тек жаңа туындыға байланысты жоба жасағанда иллюстратор- суретшіге тапсырыс береді. Қазақстанда өте сапалы сурет салатын көптеген дарынды суретші бар. Біздің баспаның негізгі жұмысы – шетелдік авторлардың танылған туындыларын қазақ оқырмандарға түпнұсқадан аударып ұсыну. Әрине, арман мен жоспарымыз көп, бәрін бір жолда жасау үшін үлкен шығармашылық топ әрі мол қаражат керек. Шамамыз келгенше қазір ешқандай көмексіз өзіміз ісімізді жасап келеміз. Оқырман мен қолдаушыларымыз көбейген сайын бұйырса, көптеген басқа ісімізді іске асырамыз.

– Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» атты роман-эпопеясын оқымай-ақ орта мектепте әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген мұғалімдер бар көрінеді. Бұл кейіннен жоғары оқу орындарында білім берудің сапасы өте төмендеп кеткенін айғақтайды. Түбі тұтас ұлтқа зиянды құбылыс. Оқушыларды және ересектерді  классикалық әдебиетке қызықтырудың бір жолы бар. Көлемі зор классикалық туындыны бөлік-бөлікке, фрагментке бөлшектеу арқылы ұсыну. Сонда бөлшектерден қайтадан бүтін құрап алуға әбден болады. Кино, кітап, аудиокітап, театр арқылы. Мен сізге бұрыннан бар әдісті ұсынар едім, бала кезімде әйгілі романдардың бір үзік фрагментті кітапша қылып суреттерін әсемдеп шығарғанын білемін. Виктор Гюгоның «Аласталғандар» атты романынан Козетта туралы тарауын. Сіздің баспаға осы әдісті неге қолданбасқа?! Бұл кішкентай оқырмандар санын көбейте түсер еді!

– Шынымен де тамаша ой. Келешекте баспамызда жарық көрген әр кітапқа байланысты нұсқаулық шығаратын ой бар. Сол кезде балалар класс ішінде ашық әңгіме құрып, сонымен қатар сыни тұрғыда ойлану қабілетін дамытады.

– Алматы Гете институты балаларға арналған бірнеше кітапты неміс тілінен аударып басты. Рауза Мұсабаева, Таңсұлу Рахымбаева  сияқты кәсіби аудармашылармен, Гете институтымен бірлесе жұмыс істеуге болар ма еді? Авторларды таңдап алуда тек бестселлер болуы шарт па?

– Отбасыммен біраз жыл Германияда өмір сүрдім, екі үлкенім сол жақта дүниеге келген. Немістердің мәдениеті, әдебиет және кітапқа деген құрметі казіргі жасап жүрген ісіме көп түрткі болды деп айтамын. Жыл сайын өтетін Франкфурттағы кітап жәрмеңкесіне барғанда Германияның үздік баспа үйлерімен танысып, балаларға арналған тамаша кітаптардың құқығын алғанбыз. Еуропа елдерінің бәрінде өз елінің төл әдебиетін насихаттауға, аудармаға арналған гранттар болады. Германияның мәдениет саласында үлкен жұмыс атқарып жүрген әлемге әйгілі Гете институты неміс тілінен тікелей аударма жасаған кезде грант береді. Баспамыздан шыққан тамаша спорт кітабын еліміздегі ең мықты неміс тілінің аудармашысы Таңсұлу Рахымбаева апайымыз мінсіз аударып берген еді. Осы аудармаға грант берген Гете институтына алғысымызды білдіреміз. «Steppe & World» баспасы Норвегиядағы NORLA әдебиет қорынан тағы бір тамаша туындыға жартылай грант ұтып алғанбыз – ол да біз үшін үлкен қолдау. Дегенмен кітапты басып шығарудың шығыны көп, аударманың сыртында редактура, корректура, қағаздың бағасы, басып шығарудың бәрі біздің мойнымызда.

– Таңсұлу Рахымбаева Ұлттық аударма бюросының тапсырысымен Абайдың 16 өлеңі мен қарасөздерін түгел жолма-жол аударып, Аня Тукерман көркем редакциялап, Абайды неміс тілінде сөйлетті. Бұл әлі бағасын алар қыруар құнды әрі жанкешті еңбек деп санаймын. Біз мықты аудармашы мамандардың бағасын анық ұққан кезде үлкен рухани кеңістікке жол ашылады. 

Балалар әдебиеті өркендеу үшін әдеби конкурстар мен сыйлықтардың рөлі орасан. Өз басым әдеби кеңістікке балалар прозасымен  – 1983 жылы республикалық жабық конкурста II орынға ие болу арқылы тік шығып кеткен жазушымын. Скандинавияда балалар әдебиетін қолдайтын халықаралық ірі қос сыйлық – Ханс Кристиан Андерсен атындағы сыйлық және Астрид Линдгрен сыйлығы бар. Андерсен сыйлығының қақ жартысын әйел жазушылар алыпты. Бұл сыйлықтар жазушылармен қатар кітапты безендіруші суретшілерге беріледі. Қазақстанда балалар әдебиетіне жыл сайын мемлекет тарапынан беріліп тұратын арнайы сыйлық әлі тағайындалған жоқ. Кітап таратуды жандандыру үшін сыйлықтардың рөлі үлкен. «Steppe World&Publishing» баспасы оқушылар арасында «Ең үздік оқырман» сыйлығын тағайындап, оны шынайы бағалау арқылы беріліп тұруына мұрындық болу идеясына не айтасыз?  Оған үлкен қаржының керегі де жоқ.

– Баспамыз құрылғалы төрт жыл ғана болды, мен өзім қазақ еліне келіп жұмыс бастағалы екі жылға да жеткен жоқ. Жұмыс жанданып, қызу жүргізейік деген кезде әлемде пандемия басталды, сонымен көптеген жоспарлаған жұмыстар кейіндеп қалды. Баспагер ретінде біз үнемі батыс елдерінің үздік әдеби сыйлықтарының иелері кім болады деп сырттай бақылап отырамыз. American Library Assosiation өте жақсы ақпарат беріп отырады. Мысалы, АҚШ-та көптеген институттардың премиялары бар – солар әртүрлі категориямен премия иегерлерін жариялайды. Баспа үйінің сыйлығы деген де болады, сол туралы біз көп ойландық. Аяғымызға тік тұрып мықты баспа үйі болған кезде осы идеяны іске асырып тек қана сыйлық емес, әдеби сын жазамыз, оқырман жазушылар арасында іріктеу дегендей жарыс ұйымдастырамыз, бұйырса. Бұған аса үлкен қаржы керек емес болғанымен – объективті көзқарасы бар мықты төрешілер мен тұлғалар керек.

– Раиса ханым, Алла қолдасын, іске сәт! Бұл идеяларыңыз өте жағымды екен! Әрқашан жақсылықта жолығайық!

Сұқбаттасқан Айгүл Кемелбаева, 
                                жазушы

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2021

1511 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы