• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 13 Сәуір, 2021

Заңсыз бір де бір ағаш кесілмейді

Экологиялық мәдениет ағаш отырғызумен ғана шектеле ме? Әлбетте, жоқ. Ағаш ектің екен, оның күтіміне де өзің жауаптысың. Көктем келген сайын қоғамның әртүрлі топтарында жер-жерге шыбық отырғызу шаралары басталады. Біздің экологиялық мәдениетіміз осыдан аспайтын секілді құдды. Экологтар да қала ішіндегі бақтарға көбірек назар аударады. Ал Алатаудың қойны-қонышындағы тал-теректердің жағдайы қалай? Ондағы ағаштарды табиғаттың өзі өсіре ме, әлде адам қолы араласа ма? Осындай мәселелер төңірегінде Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Орманды қорғау, молайту және ландшафты орналастыру» бөлімінің инженері Тоқтарбай Әлиасқаров мырзамен сұқбат құрдық. 

– Іле Алатау ұлттық паркі 1996 жылы 22 ақпанда Үкіметтің қаулысымен құрылды, – дейді Тоқтарбай Әлиасқарұлы. – Жердің жалпы аумағы – 199 185 гектар. Негізгі міндеті – қазір өсіп тұрған өсімдіктерді, ағаштарды, аң-құстарды қаз- қалпында сақтау. Одан кейін мүмкіндігінше орман қорын молайту. 2014 жылы ұлттық паркте орман орналастыру жұмыстары жүрді. Ол әр 10-15 жылда болатын шара. Одан бөлек, жыл сайын 42 гектар орман екпелерін отырғызамыз. Оның ішінде 17 гектарға – Тянь-Шань шыршасы, 15 гектарға – алма, 10 гектарға өрік отырғызылады. Бұл жыл сайын қайталанады. Бұл жұмыс 2030 жылға дейін міндеттелген. Тянь-Шань шыршасы отырғызылғаннан кейін 10-12 жылдан кейін мемлекеттік орман қорына аударылу керек. Ал алма 5 жылдан кейін, өрік 4 жылдан қорға аударылады. Орман екпелері туралы толығырақ айта кетейік. Бірінші кезекте өсіп тұрған ағаштардан тұқым жиналады. Оны тазалап, «Республикалық орман селекциялық орталығына» анализге жібереді, сол жақтан кластық сапасын анықтайды. Сапалысын көктемге дейін екі ай қар астында сақтайды. Шыршаны көктемде – мамыр айында тұқым бақтарда отырғызады. Ол жерде төрт жыл өседі. Бұл уақытта ол 15 сантиметрге дейін жетеді. 4 жыл баптаған соң оны тауға апарып отырғызады. Он жылда жақсы өссе, мемлекеттік орман қорына аударылады. Аударылғанда, оның биіктігі, гектардағы саны ескерілу керек. Талаптарға сай келсе ғана қор қабылдайды. Ал жеміс ағаштары – алма мен өрік күзде себіледі. Мысалы, біз 2021 жылдың жоспарын өткен жылы қазан айында тұқым баққа сеуіп қойдық. Алма тұқым бақта екі жыл күтім көріп, үшінші жылы тауға отырғызылады. Өрік тұқым бақта бір жыл қаралады да, келер жылы орманға апарамыз. Бір жылда бұлар 1 метр 20 сантиметрге жетіп қалады. Отырғызылған соң алма мен өрікке келер жылдан бастап қатарынан үш жыл күтім жасалады. Қопсытады, арам шөбін жұлады дегендей. 

– Тауға отырғызуға неге дәл осы үшеуі таңдалған?

– Бұлар – экологиялық сараптамадан өткен тұқымдар. Бекітілген жоспар, жері белгіленген, яғни бұл орындалу керек. Ұлттық парктің мақсаты – жергілікті ағаштарды ғана отырғызады. Алманың шыққан тегі Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы саналады. Оны шетелдік ғалымдар да дәлелдеп отыр. Академик Аймақ Жанғалиев кезінде көп жұмыс атқарған. Қазақстан ғылым академиясының Бас ботаника бағында жабайы жеміс-орман өсімдіктері бөлімін басқарған. Сол кісі де алманың отаны біздің жер екенін айтып еді. Біздің алмамыз Жібек жолы арқылы бүкіл дүние жүзіне тараған екен. Бізде отырғызылатын алма мен өрік жеміс-жидек жинайтын өнім емес, табиғаттың көркі болып сол күйі қалады. Бізге өсіп тұрғаны маңызды. 2011 жылы дауылдан кейін Медеу шатқалында көп ағаш тамырымен бірге құлады. Оны 2015 жылға дейін тазалап, жаңа көшеттер отырғыздық. Ал басқа жерде мұндай шығын болған жоқ, қаз-қалпында тұр. 

Тянь-Шань шыршасының бір ерекшелігі – тамыры жайылып өседі. Жердің бетінде де көрініп жатады. Кішкене жел соқса қопарылып қалады. Ұлттық паркте орманның негізгі құраушысы – Тянь-Шань шыршасы. Қаскелеңнен басталып, Бәйдібек биден (бұрынғы Маловодное) асады. Төрт филиалымыз бар – Ақсай, Медеу, Талғар, Түрген. Парктің 199 185 гектар жері қорықтық аймақтарға бөлінген.

– Орман ағаштары қандай жағдайда кесіледі?

– Қураған ағаштар аурулар көбеймес үшін кесіледі. Кез келген ағашты кесе беруге болмайды. Қоғамдық тыңдау өткізіледі. Ақпарат құралдарына хабарландыру беріледі. Ол жиынға қоғамдық ұйымдар, жеке тұлғалар, орман шаруашылығына қатысты мекемелер, экологтар қатысып, ойларын айтады. Яғни бір де бір ағаш заңсыз кесілмейді. Бір ағаш кесілсе де, ережелер мен заң аясында іске асады. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтарға қатысты заң бар. Кез келген жерге мал жаюға да болмайды. Бұл да заңсыз боп есептеледі. Шабындық жерлерге жаюға рұқсат етілген.

– Ал орман ағаштарына шабуыл жасаушылар бар ма?

– Әзір жоқ. 1990 жылдары көп болатын. Қазір заң бар. Күрекке сап алу үшін кесетін жағдай бірді-екілі боп тұрады. Оны орманшылар анықтап, айыппұл салады. 

– Ал парк тарапынан тал-теректен тұрмысқа алынатын, сыртқа сататын жағдайлар бола ма?

– Паркте санитарлық кесу, сирету деген бар. Оның бәрі ұлттық парктің өз қажеттігіне жұмсалады. Декорациялық туристік аймақтарға беседкалар, үстел-орындықтар, дәретханалар жасау үшін пайдаланылады. Әр филиалда бір-бір ағаш өңдеу цехы бар, сонда жасалады. 

– Қала ішіндегі ресторандар, әсіресе кәуапханалар көп ағаш пайдаланады. Соларға сатылмай ма?

– Жоқ, бізден алмайды. Олар көбіне сексеуіл жағады. Бірақ қазір сексеуілге мораторий жарияланды, оны кестірмейді. Ал бұлардың қайдан алып жүргені белгісіз. Қазақстан орманының 50 пайызы – сексеуіл. Шығыс Қазақстан мен Орталық Қазақстанда көп. Солай бола тұра, оны кесуге тыйым салынды. 

– Тянь-Шань шыршасы неше жыл жасайды?

– 250 жылға дейін өмір сүреді. Мұның ерекшелігі сол – бір-ақ жерде, Іле Алатауында ғана өседі. Қырғыз Алатауы жағында да бар.

– Қала ішіне ағаш отырғызу мен оларды қорғау жөнінде бастамалар, бағдарламалар көп қой. Бір мезетте көп көшет отырғызылады. Ал олар көшеттерді қайдан алады? 

– Алматының төңірегінде жеке тұқым бақтар өте көп. Солар түрлі ағаштарды өсіріп, түп-тамырымен сатады. Базарды қарасаңыз, толып тұрады. Соның бәрі жекеден сатып алады. Олар Алматыға ғана емес, басқа да қалаларға жібереді.

– Бірде достарымызбен Көкжайлауға шығамыз деп жолдан адасқанымыз бар. Мүлде басқа төбеге ойысып кеттік. Сонда қурап, құлаған ағаштарға жолықтық. Қалың жыныс боп кетіпті. Үсті-басымыз жырым-жырым боп сол жерден әрең өтіп едік...

– Не ат бара алмайтын, не техника бара алмайтын қолайсыз жерлер бар. Шамасы сондай жерге тап болғансыздар. Егер ыңғайлы жер болса, кесіп, атпен түсіруге болады. Ал қолайсыз жерде құлаған ағаштар солай қалады, оны түсіріп алу мүмкін емес. 

– Құлаған ағаштың жанында өсіп тұрған ағашқа зияны бар ма?

– Көп әсер ете қоймайды. Тянь-Шань шыршасы зиянкестерге өте шыдамды, ауыра қоймайды. 

– Өрт қаупі қаншалықты?

– Былтыр 17 өрт оқиғасы болды. Бірақ бәрін де демде өшіріп үлгердік. Айтарлықтай шығын болған жоқ. Былтыр қазан айында Түрген филиалында бір өрт болды, 140 гектар ашық жер жанды. Өрт көбіне ауылдық жерлерде болады. Бір ауылдан өрт шықса, ол міндетті түрде орманға жетеді. Біздің инспекторлар көбіне сол ауылдың өртін сөндірумен болады. Ал жергілікті өрт сөндірушілер жақтан көп көмек бола бермейді. Таудағы өрттің көбі найзағай түсуінен болады.

– Өртенген жерді қалпына келтірудің әуресі көп шығар?

– Керісінше, өртенген жерге жақсы шығады. Бұта, итмұрын өскен жер өртенсе, келесі жылы бұдан да жақсы шығады. Ал егер шыршаның орны өртенсе, ол жерге екі жылдан кейін ғана отырғызылады. Біздің әр филиалда он адамнан құрылған оперативтік топтар бар. Олар өрт жағдайында, су тасқыны кезінде үнемі әзір отырады, дайындықта болады.

Тоқтарбай мырза осы салада 30 жылдан бері істеп келеді екен. Парктің ардагері де өзі. Отыз жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі жағдайдың айырмашылығын, осы жылдарда халықтың табиғатқа көзқарасын сұрап едім: «Ол кездегі жұмыстар қолмен атқарылса, қазір де солай. Бір типте істелетін жұмыс болғаннан кейін көп айырмашылық жоқ. Ол кезде адам көп болатын. Уақытша істейтін жұмысшылар алатын. Ал халықтың экологиялық мәдениеті өзгерді деп айта алмаймын. Тауға шықса, кез келген жерге от жағады. Оны толық өшірмей кетеді», – деп өкпесін білдірді сөз соңында. 

Әңгімелескен 
Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2021

380 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы