• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 14 Сәуір, 2021

YouTube: нарық бос, танымдық арна аз

Қазақ тіліндегі YouTube нарығы бос. Қазақтілді аудиторияны қанағаттандыратын контенттер жоқтың қасы. Сондықтан қазақ аудиториясы көп жағдайда орыс тіліндегі контентті тұтынуға мәжбүр. Біздегі YouTube-тің көшін бастап тұрған –мемлекеттік телеарналар. Жаңалықтар арнасынан кейін әртүрлі ойын-сауық бағдарламалары алдыңғы қатарда. Жекелеген арналар бар болғанымен, олардың қаралым саны алдыңғыларға жете алмай отыр. Үйдегі інімнен «Қазақ тілінде жасөспірімдерге арналған қандай YouTube арнаны білесің?» деп сұрағанымда, ешқандай арнаны білмейтінін айтты. Содан бірден YouTube видеохостингіне кіріп, жасөспірімдерге арналған қандай арналар бар екенін іздедім. Сонымен менің тізімім мынадай болды:

PAZL

Жазылушылар саны: 1 005 700
Жалпы көрілім саны: 199 750 501

Қазақша арна дегенде көбінің есіне Әли, Әділ және Алмас есімді үш ағайынды жігіт құрған «PAZL» арнасы түседі. Бұл танымдық және көңіл-күйді көтеруге бағытталған арна. Негізгі бағыты – әлемдегі ерекше оқиғалардан бастап тарих, спорт, ғылым, технология, әлемде және елімізде болып жатқан соңғы жаңалықтарды талқылайды. 

Бір қызығы, қазақ тілінде әртүрлі танымал ойындарға шолу жасайтын ютубер де, оның жанкүйері де көп екен. Сөзімізге «TAKO», «RAMAZAN», «LORD NANA», «Solbaıagy Balabai», «ARMAN PIRMANOV», «Nurlan Qalam» секілді әртүрлі ойындарды қазақша түсіндіретін YouTube арналар дәлел бола алады. Біз соның жазылушылар саны ең көп бірнешеуіне тоқталып көрейік.

AJIuKZ

Жазылушылар саны: 1 000 2500
Жалпы көрілім саны: 218 789 718

Өзін Алик деп таныстыратын  Әли Келмағанбет былтыр ғана YouTube-тің алтын батырмасын алған. «Minecraft», «Free Fire», «GTA 5» және басқа да қызықты ойындарға арнап видео түсіреді. Әли ойын барысында қай бағытқа жүретінін, қай жерде не бар екенін тәптіштеп айтып отырады. Әр видеосы кемі 150 мыңнан 600 мыңға дейін қаралым жинайды. Тұрақты видео салып отыратынына қарап Әлидің аудиториясы қалыптасқанын аңғару қиын емес. Табысты да сол жақтан табатын секілді. Тіпті әр видеосына 2000-4000 пікір жазылады.  Әлидің «AJIuKZ Live» атты екінші арнасы бар екен. Оған 573 000 адам жазылған. Мұнда да көбіне ойындарға шолу жасайды, өміріндегі оқиғаларға влог, реакция түсіреді. Бұл арнаның да жазылушылары өте белсенді. Былайша айтқанда, арна авторының тұрақты жанкүйері.

NurChannel

Жазылушылар саны: 1 250000
Жалпы көрілім саны: 408 048 537

Арна авторы Нұрмұхамед Жолдыбай «GTA V» ойынының нағыз жанкүйері. Оның арнасына кіріп «GTA V» ойынына қатысты барлық мәліметті білуге болады. Жазылушыларына қарай көрілім саны да көп болатыны белгілі. Ойын барысында ол кейіпкердің образына еніп, даусын құбылтып отырып эмоциямен түсіндіреді. Бәлкім жазылушыларды да тартатын осы болса керек.

NONIKZ

Жазылушылар саны: 656 000
Жалпы көрілім саны: 127 403 589

Ютуб блогер Нұрлан Егембергенов «Little Nightmares», «Free Fire», «Grounded, SnowRunner» секілді ойындарды түсіндіреді.  Басты бағыты да осы. Көрілім саны 50 мыңнан бастап 150 мыңнан асып жығылады. Арнаға видео тұрақты салынады. Жазылушылары да белсенді. Құдды бір ұстаз бен шәкірттер дерсің.

Danik Real

Жазылушылар саны: 510 000
Жалпы көрілім саны: 93 600 107

Танымал ойынға видеогайд түсірумен айналысатын Данияр Садудың «Danik Real» арнасының жазылушылар саны жақында ғана жарты миллионға жеткен. Ендігі меже бір миллион деп жазып қойған екен. Даниктің арнасында «GTA» ойынының жанкүйерлері жиналған. Ойынның соңғы жаңалықтарын осы арнадан білуге болады.

Jaidarman OFFICIAL

Жазылушылар саны: 842 000
Жалпы көрілім саны: 323 746 280

Есен Елеукен жүргізетін «Жайдарман» ойындары тұрақты аудиториясы қалыптасқан еліміздегі ең танымал жоба. «Жайдарманда» еліміздің әр аймағынан келген командалар «Сәлемдесу», «Биатлон», «Бес жаңалық», «Үй тапсырмасы» бөлімдері бойынша әзіл айтып, сайысқа түседі. Әзіл-сықақ жанрындағы «Jaidarman OFFICIAL» арнасының әр видеосы өте жақсы көрілім жинайды. Жайдарманның YouTube-ке салынғанын асыға күтетіндер де жетерлік. 

BOKEY

Жазылушылар саны: 346 000
Жалпы көрілім саны: 28 376 811

«Жайдарманның» бұрынғы ойыншысы Ерғанат Бөкейдің арнасындағы контент ойын-сауық форматында. «40 сұрақ» атты айдармен елімізге танымал блогерлермен көлік ішінде сұқбаттасады. Кейіпкерлердің қазіргі өмірінде, шығармашылығында қандай жаңалықтар болып жатқанын, әсіресе, көпшілік білгісі келетін сұрақтарға жауап іздеуге тырысады.

Salem Social Media

Жазылушылар саны: 274 000
Жалпы көрілім саны: 36 386 736

YouTube видеохостингінде алдыңғы қатардан орын алатын, видеолары ең көп қаралым жинайтын арналардың бірі «Salem Social Media» арнасы. Қазір веб-сериалдар жоғары сұранысқа ие. Соның дәлелі ретінде Salem Social-дың «Қарапайым Қайрат», «Тақиясыз періште», «Жайна», «Оркестр», «Súıkіmdі Stories» сериалдарын айтуға болады.

QAJET

Жазылушылар саны: 215 000
Жалпы көрілім саны: 23 484 029

«QAJET» тәуелсіз жастар арнасы еліміздегі саяси маңызды оқиғаларға шолу жасайды. Қаралымы 10 мыңнан 500 мыңға дейін жетеді. Арна авторы Думан Бақыткелді YouTube алаңын табыс көзіне айналдырған. YouTube-тен қалай табыс табуға болады деген сауалымызға былай жауап берді:

Ең бірінші монетизацияны іске қосу керек. Бұл үшін бірінші кезекте 4000 сағаттық қаралыммен 1000 жазылушы жинап алу қажет. Егер контент иесі авторлық құқықты бұзбаса, арнаға жарнама шығара бастайды. Сол жарнамалардан табыс түседі. Бұл YouTube-ті жаңадан бастаушыларға негізгі табыс көзі боп саналады. Қазақстанда 1000 қаралымға түсетін табыс 500 теңгеге дейін көтерілді. Оның 45 пайызын YouTube алса, қалған ақша авторға түседі. Әрине, бұл арнаның тақырыбына байланысты өзгеріп отырады. Ал Ресейде $1 асса, АҚШ-та 8-10 долларға шейін барады. 

Сонымен қатар, бренд компаниялармен тікелей жұмыс істеу арқылы табыс таба аласыз. Оларды арнада көрсету немесе тікелей жарнама жасау арқылы пайда табасыз. Арнада жазылушылар саны көп болмаса, көп компания келісімшартқа отырмайды. Алайда жазылушылар саны 100 мыңнан асқаннан кейін ең негізгі табыс көзі осы болады. Яғни жаңадан бастаушыларға монетизация табыс көзі болса, кейінгілерге брендтермен жұмыс істеу жақсы табыс әкеледі.

Алмаз Уәлиев

Жазылушылар саны: 184 000
Жалпы көрілім саны: 6 380 542

Жасөспірімдер жиі қарайтын арнаның бірі – Алмаз Уәлиевтің арнасы. Ол «Блогердің ауылдағы өмірі», «Айфон 12 алдым» деген сынды әртүрлі тақырыпта влог, челлендж түсіреді. Оның видеолары 7-15 минут арасында. Қаралымы 10 мыңнан 50 мыңға дейін жетеді.

Тарих-марих

Жазылушылар саны: 123 000 
Жалпы көрілім саны: 6 570 077

Тағы бір ерекше арна деп «Тарих-марих» арнасын айтуға болады. Негізгі ерекшелігі – тарихты әзілмен түсіндіреді. Атын да соған сай «Тарих-марих» деп қойған. Арна авторы Мейірман Заркеновтың айтуынша, көп адам тарихымызды білмейді. Сол себепті жастардың тарихқа қызығушылығын мектеп кезінен арттыру мақсатында осы арнаны ашқан.

ҰБТ Академиясы

Жазылушылар саны: 54 600
Жалпы көрілім саны: 2 210 194

2014 жылы ашылған «ҰБТ Академиясы» мектеп оқушыларына арнап контент дайындайды. Видеоның форматына байланысты әр видеосы әртүрлі көрілім жинайды. Аты айтып тұрғандай, бұл арнада ҰБТ-ға дайындайтын курстар, мотивациялық видеолар жиі жарияланады. Негізгі аудиториясы – мектеп оқушылары.

Feyaperizat

Жазылушылар саны: 44 500
Жалпы көрілім саны: 2 191 660

Нұржан Еркінұлы жүргізетін «Feyaperizat» арнасы подкаст форматында. Аудиториясы – жастар. Подкаст қонағы – көпке танымал өнер жұлдыздары мен блогерлер. Қонақтар шығармашылығындағы жаңалығын бөліседі, елдегі әртүрлі оқиғаларды талқылап, еркін форматта әңгіме айтады. Подкастың әр шығарылымын асыға күтетіндердің көп екенін видео астындағы пікірлерден де білуге болады.

Бір байқағанымыз, қазақша YouTube арналарда танымдық контент өте аз. Әртүрлі бағыттағы контент аз, көбі бір-біріне ұқсайды. Жасөспірімдерге арналған арналар да салыстырмалы түрде жоқтың қасы. Мысалы 17 миллионнан астам жазылушысы бар украиналық Иван Рудскойдың «Ивангай» арнасы  жасөспірімдердің сүйікті арнасына айналып үлгерген. Ол өзінің күнделікті қайда барғанын, не істегенін айтып отырады. Осы секілді қазақ тілінде қарапайым әрі қызықты видео түсіретіндер неге жоқ деп таңғалдық.

Сонымен қатар, бір проблема – тұрақсыздық. Бір рет видео салып, біраз уақыт жоқ боп кететіндер өте көп. Пікір қалдырушылар көп болғанымен, «Осыны оқып отырған бауырым, мың жаса!» деген секілді видеоға түк қатысы жоқ пікір бірнеше рет жазылады. Тіпті пікір қалдыратын жердің жартысын сондай қажетсіз пікірлер толтырып тұр. Әйтсе де, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Біздікілер YouTube-тің күшін әлі толық сезініп, тұрақты табыс тауып кетпегесін де мұнымен ұзақ уақыт айналыспайтын болса керек. Дегенмен табандылық пен еңбекқорлық, тұрақтылық бар жерде жетістік те, табыс та болатыны анық. Алдағы уақытта қазақстандық YouTube нарығы жақсы, сапалы дүниелермен толығады деп сенеміз.
 

Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2021

291 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы