• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 10 Мамыр, 2021

Владислав Тен: Біз әлі-ақ ортақ рухты ел боламыз

«Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөз тек қазақтарға арналған ба? Неге қазақтар бір-бірін қазақ деп санауы керек? Қазақ басқа қандай да бір қазақты қазақ деп көрмесе де, сол адам қазақ бола алмай ма? Қалай түсіну керек? Астармен айтылған сөз бе? Мүмкін, өзге ұлт өкілін де қазақ деп, яғни жақын дос деп санамасаң, істің бәрі бос деп айтылған шығар...» 

(Владислав Теннің Фейсбуктегі жазбасынан).

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Lingva Ten» тіл үйрету орталығының жетекшісі В.Теннің әлеуметтік желідегі осы жазбасын оқи сала, әңгімелесуге асықтық. Владислав үнемі қазақ тіліне қатысты жақсы пікір білдіріп отырады. Кей сөздің төркінін жіті түсініп, астарын аңғарып, ойлы сұрақ тастайды. Сөйтсек, Владислав қазір қызығушыларға қазақ тілін үйретуге де көшіпті. Өзіндік әдістемесі де бар. Егжей-тегжейін өзінен білейік.

– Мен Ташкентте дүниеге келдім. Қазақстанға он бір жыл бұрын келдім. Негізі, ата-анам – қазақстандықтар. Мен олардың жалғыз ұлымын. Ташкентте дәрігер болып жұмыс істедім. Тілім орысша шықты. Кеңес одағы кезінде бәріміз орысша сөйлестік. Жалпы, посткеңестік елдерде корейлердің бәрі орысша сөйлейтін адам ретінде қабылданады. Ал өзбек тілін үйренуге қажеттілік итермеледі. Негізі, Ташкенттің жартысы орысша сөйлейді. Өзге ұлт өкілдері көп. Бірақ дәрігер болу үшін өзбек тілін білу керек. Облыстардан келетін пациенттерді түсіну үшін өзбек тілін түсінуім керек болды. Өйткені олар білетін жалғыз тіл – өзбек тілі. Өзімнің тіл үйренуге бейімім бар. Жақсы дәрігер болу үшін бір жыл ішінде өзбек тілін үйреніп алдым. 

Қазақстанға келген соң, қазақ тілін үйренгім келетінін айтқанда, әкем күмәнмен қарады. «Саған қазақ тілі неге керек? Мұнда бәрі орысша» деді. Бірақ әкемнің сөзіне ренжи көрмеңіз. Ол – орыстілді адам. Ол қазақ тілін құрметтейді, бірақ сөйлемейді. Солтүстік жақта негізінен солай. Бұл шындықтан қаша алмайсыз. «Бәрібір қазақ тілін үйренемін» деп мақсат қойдым. Дәрігер болғандықтан, ми функциясын жақсы білемін. Тіл үйрену үшін мидың қандай функциясын дамыту қажет екенін де шамалаймын. Жеті жылдан бері қазақ тілін үйреніп келемін. Толық меңгеріп алдым дей алмаймын. Өйткені, айналамда тілдік  орта жоққа тән. 

2017 жылы «Lingva Ten» деп аталатын тіл орталығын аштым. Ана тілім – корей тілін де үйреніп алдым. 30 тілдің грамматикасын білемін. Бес тілде еркін сөйлеймін. Қазақ тілі – өте бай тіл. Оны бірнеше ұрпақтан бері орысша сөйлеп келе жатқан қазақтар да меңгере алмайды. Қазір қазақ тілін екінші тіл ретінде орыстілді аудиторияға үйрете алатын деңгейге жеттім. Тіл орталығында қазақ тілі мұғалімдері бар, олар да менің әдістемем бойынша жұмыс істейді. 

Тәуелсіз ел болғанымызға отыз жыл өтті, бірақ қазақ тілінің мәселесі әлі де бар. Бұған себеп – өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білмеуі емес, кей қазақтардың өзі ана тілін білмейтіні, тіпті менсінбейтіні. Олар үшін қазақ тілі шет тілі сияқты. Біз корейлерміз, бірақ ана тілімізді білмейміз. Бірақ оған біз кінәлі емеспіз. Өйткені ата-анамыз бізбен корейше сөйлескен жоқ. Бірақ депортацияның алғашқы толқынымен келген корейлер бір-бірімен ана тілінде сөйлесті. Бірақ олардың балалары, яғни біздің ата-анамыз орыс тіліне көшті де, өз ана тілін менсінбеуге көшті. Ана тілін ауыл тілі деп санады. Қазақтардың тілге қатысты мәселесін жақсы түсінемін. Оларды кінәлі деуге бола ма?

Сондықтан оларды кінәлай бергенше, көмектесуіміз керек. Басқа тиімді жолмен қазақ тілін түсіндіруіміз керек. Рухани жаңғырудың мағынасы неде – Қазақстан халқының бір рухта болуында. Бәріміз бір тілде, яғни қазақ тілінде бір-бірімізді түсіне білетін күнге жетсек, ортақ рухты ел боламыз. Мысалы, қазақтілді ақпарат аз. Менің екі балам бар, олар да орыстілді. Себебі, біз үйде қазақ тілінде сөйлеспейміз. Олар ағылшынша түсінеді. Екеуінің қолында да – гаджет. YouTube-тен орысша, ағылшынша контент көреді. 

Мен Қазақстанда үш жыл дәрігер болып қызмет істедім. Өзімді дәрігермін деп санаймын. Ал тіл білмеу – мен үшін аурудың бір түрі. Қазір менің тіл үйрену орталығымда шенеуніктер де, үлкен кісілер де сабақ алды, оқып жүр. Олар аты-жөнін жасырып ұстағысы келеді, маған айтпа дейді. 
Қазақ тілінің аясы кеңімеуіне, бір есептен, қазақтар өздері де кінәлі. Басқалармен қазақша сөйлеспейді. Ортаға басқа ұлт өкілі кіріп кетсе, бәрі орыс тіліне көше қояды. Қазақтың тілі де қонақжай. Кореяға барсаңыз, кім сізге қазақша сөйлейді? Сондықтан мен адамдармен ақ ниетпен, махаббатпен, еш агрессиясыз қазақша сөйлесуге тырысамын. 

Әр тілдің өз рухы бар. Біз кеңес кезінде өзімізді корей деп санамадық, орыспыз дедік. Танымал әнші Виктор Цойдың түрі корей болғанмен, ол өзін орыспын деп санады. Тілі қандай болса, адам өзін сол ұлттың өкілімін деуге бейім. 

Тәуелсіз ел болған соң, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген соң, ұлттық көңіл күй көтеріліп тұрады. Тіл мәселесі болмаса, біз ондай мәселені ойламаған да болар едік. Қазақстан халқы бір-бірімізді қазақ деп санасақ қана, тілге деген қызығушылығымыз арта түсер еді. Мен кезінде ағылшын тілін тез үйреніп алдым. Өйткені медициналық кітаптардың бәрі ағылшын тілінде. Оны түсіну үшін ағылшыншаға бет бұрдым. Ойлана келе, «неге Қазақстанда тұратын барша халық қазақ тілінде сөйлемейді?» деген сұраққа жауап таптым. Оның бір ғана себебі бар – менсінбеу деген. Өзбекстанда жүргенде мен де өзбек тілін менсінбегенмін. Бұл пиғылымның астамшылық екенін сезіп, өзбек тілін жақсы көре бастадым. Қазаққа деген құрмет, жақсы ниет болмаса, ешкім тілге қатысты жетістікке жете алмайды. Қазақтар да басқа ұлттарды түсінуге тырысуы керек. Бір-бірімізге көмектесуіміз керек.
Қазақ жері біз үшін киелі. Депортацияға ұшырап келген корейлерге қазақтар бір үзім нанын бөліп бермесе, дәл қазір сізбен қазақша сөйлесіп отырған мен болмас едім. Мен киелі жеріме оралдым. Енді осы елдің болашағы үшін барымды саламын. Бәріміз де барымызды салуға тиіспіз.

Жазып алған Естен БАЙБИ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2021

651 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы