• Маман кеңесі
  • 15 Тамыз, 2023

«Ол әдемі болғаны үшін кінәлі»

Қай жерге барсаңыз да, адамдарда бір-бірін мойындамау, ұнатпау, жақтырмау, жек көру бар. Сізді де айналаңызда күндейтіндер көп. Сіз оларды «іші тар, көре алмайды» дейсіз және сізді не үшін күндейтінін де сезесіз. Ал өзіңіз басқа адамдарды күндеп көрдіңіз бе? Мойындаңызшы, бір рет болса да басқа адам туралы жаман пікір айттыңыз ғой... Барлық адам бір-біріне дос болса дейміз. Алайда өмірдегі бәсекенің өзіндік қатал заңы бар. Ол ер-әйел деп бөлмей, адамдарға дегенін істетеді. Жігіттер арасындағы бәсеке туралы сөз бөлек, әрине. Осы жолы қыздар арасындағы күншілдік туралы айтылады. Психологияда «мизогиния» деген термин бар екен. Грек тіліндегі мағынасы misos – жиіркену, gyne – әйел. Былайша айтқанда, әйелдердің бір-бірінен жиіркенуі. Әйелдер бір-бірінен қалай жиіркенеді десеңіз, мына келтірілген мысалдарға көз салыңыз.

Жансая:

Бөлеммен сөйлеспеймін

Бөлем екеуіміздің арамыз екі ай. Бірге өстік, бірге ойнадық. Бірақ бөлемнің бір қолы дұрыс істемейтін еді. Сондықтан оған бәрі көбірек көңіл бөлді. Ата-аналарымыз бірдей киіндіріп, бірдей ойыншық алып берсе де, екеуімізді бөлектейтін. «Сен әдемі емессің, Санду әдемі», «Санду жақсы оқиды, саған қарағанда», «Санду ақылды» дейтін. Сөйтіп, біз бәскелес болып өскенімізді байқамай қалдық. Кейін оқуға тапсырған кезде ол түсе алмай, мен түсіп кеттім. Онда да шет мемлекетегі бір университетке түскен едім. Сонда Сандудың ата-анасы: «Неге ол жаққа жібересіңдер? Бұзылып кетеді, құжатын қайтарып алыңдар», – деп шу шығарды. Ұшаққа билет алып, ертең ұшамын деп отырған күні мені солай жылатқан. Оқуымды бітіріп келдім. Бірақ Санду екеуіміз мүлдем сөйлеспейміз де, араласпаймыз да...

Балнұр:

Сыныптастарыммен араласпаймын

Үйдің кенжесімін, мамам мені қырық жасқа келгенде туған екен. Алдымда төрт бауырым бар. Мен дүниеге келген кезде олар жасөспірім балалар болды. Мектепке барғанымда олар жұмыс істейтін, толыққанды азаматтарға айналды. Сондықтан үйде еш таршылық көрмедім. Не киемін, не ішемін дегізбей, қалаған затымды әперді, киіндірді, қыдыртты. Бұл жағынан жолым болды. Бірақ достарыммен тіл табысуға келген кезде қиындық туды.  Олар мені бөлектейтін. Мамасы мектепте басшы болып істейтін сыныптас қызбен үнемі салыстыратын. Тіпті мұғалімдер де бізді салыстыратын болды. Соның алға шығуына жағдай жасап, мені елемей, үнемі төмен баға қоятын. Бірақ мен мектепті «Алтын белгіге» бітірген күні бәрі белгілі болды. «Алтын белгіні» мен емес, ол алуы керек екен. «Сенде бәрі бар, отбасыңда еш қиындық жоқ. Ал оның папасы жоқ қой» деп айтып қалды бір сыныптас қыз. Содан бері сыныптастарыммен сөйлеспеймін. Қазір ойласам, бала болғандықтан көңіліме келіп, жылаған екенмін. Қазір қыздардың арасында мұндай жағдайдың түр-түрі кездесетінін жұмыс істей бастаған кезде байқадым. Алайда оған мән бермей, кеудені тік ұстап, мақсатыңа жетуге тырысу керек.

Назерке:

Досым ба, қасым ба?

Құрбыммен университетке түскен жылдан бастап дос болдық. Екеуімізге көп адам қызыға қарайтын. Тіпті достығымызды бұзуға тырысқандар да болды. Бірақ екеуміз бір-бірімізді қатты жақсы көріп, бірге тұрып, бір-біріміздің ата-анамыздың үйіне барып жүре бердік. Төртінші курсты бітіретін жылы қарым-қатынасымызға сызат түсті. Сол жылы жастар бас қосқан отырысқа бардық. Басында көзі де, өзі де әдемі құрбыма қарап сөйлеп отырған жігіттер сәлден кейін менімен сөйлесе бастады. «Ой, сен басқаша әдемі екенсің ғой» деді арасындағы біреуі. Осы сөз құрбыма ұнамай, мені мазақтай бастады. «Басқаша әдемі қыз торт жесін», «басқаша әдемі қыз сөйлесін, тыңдайық» деп отырыс бойы маған қысым жасаумен болды. Әр қыз өзін әдемімін деп ойлайды ғой. Ал мен әдемімін бе, әдемі емеспін бе, оған басымды қатырмайтынмын. Отырыстан шыққан соң құрбым маған «бұдан былай сенімен бірге ешқайда бармаймын, тым ақылды екенсің» деді. Алғаш рет осылай ұрсысқан едік. Менің жігітіммен өзі хат жазып сөйлесіп алып, «жігітің саған опасыздық жасады» деп айғайлады. Осыдан кейін арамыздағы сызат үлкейе берді... Қарап отырсам, арамыздағы келіспеушілік тек жігіттер үшін болған екен. Ол жүрген жерде мен, мен жүрген жерде ол жүрмейтін болдық. Достығымызға кінәлі – әдімілік деп ойлаймын. Өйткені менің де әдемілігім онікінен кем емес еді...

Анель:

Мен оларға не істедім?

Мен ауылдағы мектепке 10-сыныпта ауысып келдім. Ауылға қаладан қыз келіп тұрса, әрқашан жаңалық сияқты көрінетінін білетінмін. Бұл менің бағамды өсірді. Тіпті мұндай құрметті қаладағы өз мектебімнен де көрмедім. Мектептегі өзара достық құрған қыздар дос болуға шақырды. Басында бәрі мені жақсы көріп, дос болғысы келеді деп ойлаушы едім. Алайда қателесіппін. Мені көргісі келмейтін, оларға ештеңе істемесе де жек көретін қыздар бар екен. Өзара әңгімелесіп тұрған қыздардың қасына барсам, бәрі бірден сөйлемей қалады... Бірде сыныптас қыздың туған күні болған кезде мені шақырамыз ба, әлде шақырмаймыз ба деп әбден талқылапты. Кейін мұны естіп, көңілім түсті. Мен оларға не істедім? Бар ойым – ҰБТ-ға дайындалу, оқуға түсу. Бір жылдан кейін мектеп бітіріп, жан-жаққа кетеміз ғой...

Айдана:

Әріптесімнен алыс жүремін

Мен жаңадан жұмысқа келгенде көбінің жасы үлкен екен. «Апай» деп бәрін сыйлап жүрдім. Бір апайға ғана жақпадым. «Апай деме, «бәленше түгеншеқызы» деп айт, өзің апайсың» деп ұрсып берді. Сол апай не істесем де жақтырмайды. «Саған әлі көп оқу керек», «сен әлі жетілмегенсің», «қолыңнан келмейді», «мынауың дұрыс емес, анау олай емес» деп әбден есімді шығарды. Бір күні ренжіп, жылап қалдым. Сонда мені жұбатып отырған әріптес апайымыз: «Не әдеті бар екенін білмеймін, жас қыздарды ұрсып жүріп, жұмыстан кетіреді. Саған дейін келген қыздардың бәрін сыйдырмады. Өзі сондай, жастарды жақтырмайды. Көңіліңе алмай, жұмысыңды істей бер», – деп жұбатты. Сол кезде барып ол кісінің менімен нені «бөлісе» алмай жүргенін түсіндім. Жұмыста жүргенде көзіне түспеуге тырысам...

Қыздар арасындағы бұл проблеманың қандай да бір себебі болатыны анық. Адамның мінез-құлқындағы құбылыстарды зерттеумен айналысатын мамандар не дейді екен? Психолог Камила Мергенбаеваға бірнеше сұрақ қойдық: 
* Қыздар арасындағы күншілдік бала кезде қалай байқалады? 
* Жасөспірім шақта қалай дамиды?
* Әйелдер арасындағы күншілдік қандай болады? 
* Үлкен әйелдер арасындағы күншілдік қандай? 
* Мизогиния деген қандай «күншілдік»?
* Бұл емделе ме?

Камила Мергенбаева:

КҮНШІЛДІКТІҢ КЕСАПАТЫ КӨП

Күншілдік. Бір ғана сөздің астарында қаншама мән-мағына, терең идеология жатыр. Өзге біреуге деген қызғаныш, көре алмаушылық сезімі байқалатын жандарды біз «күншіл адам» деп атаймыз. Әсіресе, ол нәзік жандар арасында жиі байқалады. Жалпы, қыздар арасын-дағы күншілдік қалай басталады? Ең алдымен, оның физикалық және психологиялық тұстары бар екенін айта кеткеніміз жөн. Енді ғана қоғамға бейімделіп келе жатқан қыз баланың өзімен жасты құрбысының материалдық қажеттіліктері артық өтелуі. Яғни киім-кешек, әшекей бұйым, ұнататын ойыншық тәрізді заттарының болуы. Ал ата-анасының өзін бұл дүниелермен қамтамасыз етпеуі салдарынан құрбысына деген күншілдік сезімі пайда бола бастайды. Психология көңіл күймен тікелей байланысты. Бұл – басқа қыздардың отбасында ынтымақтаса тату-тәтті, анасының мейрімі мен махаббатына, әкесінің қамқорлығына шомылып өсіп келе жатқан қызды көріп, толыққанды емес отбасында тәрбиеленіп жатқан, не  болмаса ашушаң ата-ананың балалары, жылулыққа зәру жандар өз қатарластарына қарап қызығып, қызғаныш сезімі туындауы мүмкін. Бала кезден бастап қалыптасатын бұл сәттер алдағы жасөспірім шақта да жалғасын табатыны анық. Бұл кезең өтпелі шақпен қатар келетіндіктен, өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Қыз бала бұрынғыдай өз ойын көкейінде бүгіп қалмайды, ұнамаған тұстарын баса айтып, екі жақты түсініспеушіліктер болуы мүмкін. Жасөспірім шақта қыз балалардың күншіл болуы тікелей мінез-құлқына әсер етеді. Ол өз қажеттілігі өтелмесе жаман жолға түсіп немесе ашуға бірден бой алдыруы мүмкін. Ол тіпті басқаларға зиянын тигізуі де ғажап емес. Сондықтан әр жеткіншектің психологиялық жай-күйімен жақын танысып, олармен сырласып, жан дүниелеріне терең үңілген дұрыс. Бұл алдағы уақытта ересек өміріне әсер ететіндіктен, жан жарасының түйінін дер кезінде шешкен абзал.

Әйелдер арасындағы күншілдік мәселесі, бала және жасөспірімдік кезеңде психологиялық жұмыс жүргізілмей, бойында өзіне деген сенімсіздік, жеке өміріне көңілі толмау, айналаға қарап тамсанып, өзгелердің өмірін өзінікінен анағұрлым артық санауы одан әрі белең алаң бастайды. Ол отбасылық өмірдің кез келген мәселесін қиындатып, күйеуіне жиі ренжуге, балаларға ашуын көрсетуге, жұмыста әріптестерімен қиын қарым-қатынас орнатуға негіз болады. Ол өзіндегі артықшылықтарды аңғармайды. Қажет, қажет емес деген түсінікті айыра алмай, өзіне тым артық жүктеме артып, дүние жағынан болсын, бойындағы қарым-қабілеті болсын, басқа әйелдермен бәсекеге түсіп, олардан асып түсуге тырысады. Ойына алған жоспар жүзеге аспай қалған жағдайда психологиялық күйзеліске түсіп, күншілдігін үдетіп алады.

Әдетте, күншіл әйелдер уақыт өте келе егде жасқа келсе де, бұл әдеттерінен арыла алмауы мүмкін. Бұл кезде ол өз бала-шағасына, әсіресе келініне күн көрсетпеуге тырысады. Ол кезінде өзінде болмаған сезімдерді, материалдық өтемді жас келіні арқылы өтеуге тырысады. Босағаны жаңа аттаған келіннің бұрынғы өзінің күйін кешкенін қалап, күншілдік сезімі оянады. Көбіне ене мен келіннің көп жағдайға келіспей қалуы, ұрыс-керістің салдары осы күншілдіктің кесірі екенін көбі мойындай бермейді.

Әрине, психология саласы күншілдікке қатысты мизогиния деген терминді де алға тартады. Әдетте оның аудармасы әйел затына деген жеккөрініш сезімі, мойындамау, өзге тіршілік иелерінен төмен санау тәрізді мағынамен пара-пар келеді. Бұл – әйел адамнан бала кезінде қысым көрген, не отбасында қыз баласын қадірлемеген, құнын төмендетіп, еркекке  басымдық берілген тәрбиенің әсері. Нәзік жандарға деген керітартпа ой күншілдікке ұласуы мүмкін. Алайда бұл әр адамның өмірлік ұстанымы мен тәрбиесіне байланысты екені анық.

Жалпы, күншілдік емделе ме деген сауал соңында көпшілікті мазалайтыны анық. Әрине, кез келген дерттің дауасы бар тәрізді, оның да өз шешімі бар. Тек әр адам оған өзі ниет танытуы қажет. Өзгеруге тырысқан жан психологиялық мамандарға жүгініп, бойындағы бар проблемамен күресіп, оның ең негізгі шығу төркінін түсініп, өз-өзімен жұмыс істеген жағдайда айналасына да жаңа көзқараспен қарай бастайды. Қызғаныш сезімінен арылып, өзінде бар дүниеден ләззат алуды үйренеді. Өкінішке қарай, көп адам өзінен мін іздемей, қоғамды кінәлап, айналаға өкпе-ренішпен өмір сүреді. Осылайша күншілдіктің кесірінен қысқа ғұмырын мән-мағынасыз өткізіп алады. Сондықтан білікті мамандардан кеңес алуға намыстанбау қажет. Аз ғана берілген ғұмырдың әр күнін бағалап, барынша қызықты өткізу әр адамның өз қолында. Күншілдіктің кесірі ешкімге тимесін! Әр адам бақытты болуға әбден лайық!

P.S. Күншіл адамды тану бүгінде еш қиын емес сияқты. Әңгіме арасында «соны суқаным сүймейді», «маған ештеңе істемесе де жек көрем, ұнатпаймын» деген «кілт» сөздерді естіп қалсаңыз, күншіл адам қасыңызда жүр деп ойлауға негіз бар. Өйткені «күндестің күлі де күндес» деген қазақтың сөзін ұмытпағайсыз...

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2023

737 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы