• Маман кеңесі
  • 26 Қыркүйек, 2023

Білім – жарыс емес, мұрат

Жаз да өтіп, жаңа оқу жылының жыры басталды. Ата-аналардың Уотсап чатында «мектепте жақсы оқу керек пе, керек емес пе?» деген тақырып талқыға түсіп жатыр екен. Біраз ата-ана қазіргі мектеп бағдарламасын түсінбейтінін айта келіп, «мұғалім мықты болса, бала жақсы оқиды ғой» дегенге саятын әңгіме өрбітіпті. Енді біразы «дәл қазіргі уақытта білім алмаса, болашақта мықты маман болмайды» деген пікірге тоқтапты. «Мектепте жақсы оқыған неге керек, егер болашақта бай болмасаң» деген тоқтамға келгендер де бар. 

Бәрінің қиналатыны – 45 минут сабақ оқу. Күніне 45 минуттан тұратын алты сабақ мектептегі  базалық білім беру деп аталады. Оқушы қаласа да, қаламаса да мектепке барып, базалық білім алуы керек. Алайда базалық білімді бәрі толық меңгере бермейді. Жалпы «мектепте жақсы оқу міндетті ме?» деген сұрақтың айналасында пікір екіге жарылғаны қашан.

Бұл сұраққа біздің ел ғана бас қатырмайды екен. Ғаламтор бетін ашып қалсаң, шетел ғалымдары мектептегі білімді идеал етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін дәлелдеп жазған мақалаларға тап боламыз. Мектептегі білім ең қажетті деген пәндерді ғана оқытып, қалған уақытты баланың дамуына жұмсау керек деген пікір айтады. Әрине, мұндай ой бізде де айтылып қалып жатыр. «Геометрия пайдама жарамады», «химияны өмірімде қолданбадым» дейтіндер бар арамызда. 

Мектепте жақсы оқу сізге не беруі мүмкін? Жақсы оқу болашаққа жақсы мүмкіндіктер ашуы мүмкін, жақсы баға әлеуметтік өмірді жақсартуы мүмкін, жақсы баға өзіңе сенімділікті арттыруы мүмкін, колледж жақсы оқығаныңа қарауы мүмкін, бірақ ол мансабың табысты болуына керілдік бермейді, жұмыс қабілетіңе қарайтынын еске ұста. Енді ойлаңызшы, баға өмірде маңызды ма?

БАЛАНЫҢ ТАҢДАУЫ БОЛҒАН СӘТТЕ ҒАНА БІЛІМ АЛУ БАСТАЛАДЫ

Алдымен анықтап алайық, бала мектепте неге нашар оқиды? Педагог маман Ескендір Бестай былай деп жауап берді:

– Бала деген екенсіздер, бастауыш деп түсінейік. Бұл жаста бала мектепке не үшін баратынын ұмытпаған жөн. Ол қарым-қатынас – жаңа әлеуметтік байланыс. Ата-ана ескермесе де, мұғалім аңғаруы керек мәселе деп білемін. Одан бөлек, баға мен бағалау әрекеттерінің әсерін де естен шығармау шарт. Қарапайым осы екі күштің өзі баланың оқу үлгеріміне оң әсер ете алады. 

– Жылдар бойы қалыптасқан түсінік: мектепте жаман оқыған бала – болашақта нашар маман болады. Бұл қаншалықты шындық?

– Бұл –  таза миф, негізсіз аңыз. Мектептегі үлгерімнің болашақтағы біліктілікке әсер етпейтініне қай заман? Бұл сабақтастық үзілген деген дұрыс болар. Мектептегі үлгерім емес, осы кезде қалыптасқан қабілеттерінің іргетасы болашақта маман ретінде бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасай алады. Бүгінгі өзгеріс жылдамдығы жоғары уақытта мектептің қоғамдағы рөлін қайта қарау аса маңызды.

– Мектепте жақсы оқу міндетті ме?

– Қай қырынан, кім-нің көзімен қарағанға байланысты-ау. Ата-ана басындағы «тарақанды» тамақтандыру үшін я мектеп директоры өсемін деген үмітін үзбей есеп тапсыра алу үшін оқу әрекетін міндет деп көретін сияқтымыз. Бұл дерттің салдарынан ұзақ таяқ жейтін боламыз. Оқу міндет я борыш емес, баланың таңдауы болған сәтте ғана білім алу басталады. Оған дейін өз өзімізді алдаумен уақыт өткіземіз. 

– Бастауыш сыныпты жақсы оқығанымен, орта сыныпқа ауысқан кезде оқу үлгерімі нашарлап кетуіне не себеп? 

– Мектеп оқушысының өзі мектепке үш түрлі мотивпен барады. Сіз айтып отырған 5-сынып – сол мотивтің ауысатын сәті. Педагог оны ескермесе, баланың шырағын сөндіреміз. Бұл мотивация сынды күрделі тақырыпты түсінікті ету үшін шартты санатқа бөлу деп қабылдаңыз. Бірінші, бастауыш сыныпта бала мектепке сыныптастарымен қарым-қатынас құру үшін барса, орта сыныпта білім алу – жаңалық ашу үшін барады. Жоғарғы сыныпта тұлғалық жеңіс және мойындату үшін барады. Бұл классификация баланың мотивін дөп басуға, оқу-үйрену процесін сауатты құруға қажет. Онсыз оның үйрену құштарлығы тек сөне бермек.

МЕКТЕПТЕ НАШАР ОҚУ – ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ

Е. Бестайдың «балада таңдау болған кезде білім алуы басталады» деген сөзі балалар психологы Гүлнұр Базарбайдың пікірімен сәйкеседі.

Екі маманның да айтып отырғаны бір ой: бала біреуге бірдеңе дәлелдеу үшін емес, біреуге міндетті болған үшін емес, өз қалауымен оқу керек. «Бастауышта жақсы оқығанымен, жасөспірім шаққа аяқ басқан баланың сабағында да өзгерістер болады. Осы кезде балаға ерекше көңіл бөлу керек. Ата-аналар нағыз дос болып, жағдайын жасайтын кез. Сонда, бәлкім, бастауыш сыныптағы оқу үлгерімі өзгермейтін шығар. Жалпы, мектепте нашар оқу – қалыпты жағдай. Негізі, біз баланың әлсіз жағын дамытқымыз келеді. Егер ол математикадан нашар болса, түрлі курстарға беріп, репетитор жалдап әуре боламыз. Бәлкім, ол шығарманы жақсы жаза алатын шығар... Болашақ жазушы болатын шығар... Керісінше, жақсы жағын дамытуымыз керек емес пе? Әдебиетті ұнатып, оқып жүрсе, түрлі әдеби кітаптар сатып алып бергеніміз жөн. Баланың болашағын бағамен өлшемеу керек. «Мектепте «беске» оқымасаң, адам болмайсың» деп бірауыз сөзбен тұқыртып тастағысы келеді. Ал «бала неге нашар оқиды?» дегенге келетін болсақ, бірнеше себеп бар. Алдымен баланың қабілетін ескерген абзал. Физикалық тұрғыдан мықты болғанымен, интеллект жағынан дамуы артта қалуы мүмкін. Сосын отбасындағы жағдай мен ортасы да қатты әсер етеді. Баланың нашар оқуына мұғалімді кінәламас бұрын, баланың мектепте не үшін жақсы оқи алмай жүргенінің себебін отбасы мен ортасынан іздеген дұрыс сияқты» дейді Г.Базарбай.

Бірақ өмірдің өз заңы бар. Оған «маған мектеп ұнаған жоқ, сондықтан жаман оқыдым» деген былқылдақ принцип жүрмейді. Мектептегі білім бір адам игеруге тиіс білімнің кішкентай бөлігі ғана. Мектепте оқитын пәндер ғылыммен жай ғана танысу, алайда барометр емес десек те болады. Мысалы, «Ақ желкен» журналында осы уақытқа дейін шетелде бірнеше оқу орнына қатар түскен бірқанша жастардың сұқбаты берілді. Оның бәрі – көз майын тауысып оқу мен маңдай термен келген еңбектің нәтижесі. Күні кеше ғана ҰБТ-дан жоғары балл алған балалардың еңбегі жанды. Байлық пен өркендеуге түрлі жолмен жетуге болады. Бірақ кез келген елдің тұрақты гүлденуіне халықтың білім деңгейі ықпал етеді. Оны адамның ресурсы деп түсінгейсің. Егер сен мәдениетіңді, салт-дәстүріңді, халқыңды шын сүйсең, жақсы оқудан басқа амал жоқ. Тек осы жол ғана халыққа пайда әкеледі. Келісесің бе, жас дос? Егер алып-қосарың болса, хат жазып, хабарлас!

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2023

Сурет abai.kz сайтынан

3261 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы