• Бүгінгі проза
  • 12 Желтоқсан, 2023

Болат СӘРСЕНБАЙ. Жетім торы

Қазақ ауылының сәні қашанда той ғой. Біздің отбасымызда да осындай думанды той оқушы кезімізде өтті. Ауыл адамдарын, алыс құда-жекжаттарды шақырып бір той жасадық. Осы тойда бізге туыс болып келетін Күнебай аға қазақтың ежелгі дәстүрімен той шашуына деп бір жылқы атады. Ел-жұрт әбден разы болысып: «Ой, азамат екен!» – десіп жатты. Арада үш-төрт ай уақыт өткеннен кейін, Күнебай аға үйге келіп, әкеме:
– Әлгі жылқыны үйге әкеліп қойдым. Ноқта ала барып, жетектеп алыңдар, – деді. Балалардың естиярлауы болған соң, әкем жылқыға мені жұмсады. Ноқтаны алып, кешкісін барсам, Күнебай аға үйінің төңірегінде, қора жағында жылқы көрінбейді. Көзге түспеген соң үйге кірдім. Амандықтан соң:  
– Аға, кешегі жылқыны алып кетейін деп келдім, – дедім.
– Жүр онда, – деп ілестіріп, Күнебай аға үй артындағы бақ ішіне ертіп келді. Тал арасында бір жетім торы тай жатыр. Өзі қотыр әрі көтерем екен.
– Міне, осы тайды ноқталап алып кет.
– Ой, аға, мынаны мен алмаймын. Өзі өлгелі тұр. Рақмет, керегі жоқ, – деп көңілім толмай, ренжіп бұрылып кетіп қалдым. Әй, үлкендер-ай, жылқы деп әспеттеп, кіп-кішкене жаман тайды әлдеқандай ғып... 
Үйге келіп, әкеме: «Бір көтерем, өлгелі қалған тай екен, алмай кетіп қалдым», – дедім. Ол кісі бетіме бажырая бір қарады, бірақ ештеңе айтпады. 
Ертесі біздің үйге бір балаға торы тайды жетектетіп, Күнебай аға өзі келді.
Әкеме: «Ана жүгермек неғылған кесір неме еді, тайды өзінше менсінбей тастап кетті», – деп базына өкпесін айтты. Әкем туысына ештеңе демеді. Тек: «Самат, мына тай сенікі, өзің қарап, күтіп ал», – деген сөзді нығыздап айтты. Мен қарсылық білдіре алмай, үнсіз қалдым. Торы тай жетім қалып, әбден азып кетіпті. Енді ерекше күту керек. Бірден Қапшағайдағы әпкеме телефон шалдым. «Тәте, көтерем жылқы малын тез оңалтатын дәрі ме, бірдеңе беріп жіберіңіз» деп өтіндім. Өйткені жездемнің  жолдас жігіттері мал дәрігері еді. Ертеңінде әпкем Алматыдан ауылға қайтатын таксиден хат жазып, бір қап балықтың жемін беріп жіберіпті. Балықтың жемі ең жақсы құнарлы азық екен. Хатқа тайға қанша көлемде беруге болатынын да жазыпты. 
Сонымен, жетім торы маған күнделікті ермек болды. Мектептен келе сала тайымды баптауға кірісемін. Балықтың жемі сұмдық әсер етеді екен. Тай жылдам оңалды. Біртіндеп ет ала бастады. Қотырын да жазып алдым. Уақтылы суғарып, арасында сылап-сипап үйретіп жатырмын. Мінейін десем, көкке қарғып асаулық танытады. Салмақ болсын деп арқасына екі қап тең артып қойып үйреттім. Ары мөңкіп, бері мөңкіп, біраздан соң шаршап бастықты. Жүріс жасасам, аздап жорғасы да бар екен. Бірте-бірте көндіге бастады. Алдыңғы оң аяғы мен артқы сол аяғын арқанмен байлап, жорғалық жүрісін аштым. Күнде түстен кейін ауылдан алысырақ барып, жорғасын шығарып жүгіртіп, суға апарып жуындырып, тазалаймын. 
Оның жорғасын шығарып жүргенімді ешкім білмеді, білуге құмарлар табылмады да. Өзімнің де айтқым келген жоқ. Осылай тайды ақырын баули бердім. Үйдің іші жетім торы деп атап кетті.
Арада  үш ай уақыт өтті. Бір күні ауылымызда үлкен бәйге болатын болды. Тайлардың жорға жарысы да болады екен. Соны естіп, әкеме:
– Жетім торыны жорға жарысқа қосайын, – дегенім сол еді, үйдегілердің бәрі ду ете түсті. Қарқылдап күліп, інілерім мені мазақтады. Әкем ғана «өзің біл» дей салды. Баптауға кірісіп кеттім. Шешеме жабу тіккізіп алдым. Тайымды күнде жаратып, желдіріп, терін алып баптадым. Ақыры бәйгеге  қосатын болған соң алтыншы сыныпта оқитын інімді де айналдырып:
 – Менің салмағым ауырлау болады, жетім торыға жеңілдеу сен мініп шық, – десем:
– Ой, қойшы-ей!.. Сенің жаман тайыңды мініп шығып, елдің алдында келеке болатын жайым жоқ. Аулақ ары, мінгіш болсаң қотыр тайыңа өзің мін, – деп тұра қашты. 
Амал жоқ, тайға өзім мініп шығатын болдым.  Мінгенімді қайтейін, күлкіге қалдым. Тай жарысқа шыққан балалар – үшінші-алтыншы сынып оқушылары. Мен тоғызыншы сыныпта оқимын. Кішкентай тайға добалдай болып мініп алғаным елге аса ерсі көрінді. Амал жоқ. «Күлген ел күле берсін» деп ойлап қоямын. Нөмір алып, тізімге ілініп, қатарласа сөреге тізіліп тұра қалдық. 
Атты кісі жалаушасын сермеп қалды. Жорғажарыс басталды. Қарсыластарым қаздай тізіле жарыс жолымен сыза жөнелді. Қырсық болғанда, тайым қамшы басқаннан аспанға шапшып, мөңки берді. Ондай шулы жерді бұрын көрмеген, басын тұқыртып алып мені лақтырып тастайын деп тырысып-ақ жатыр. Мен жармасып бақтым. Ел-жұрт күлкіден ес жия алмай қалды. Тайым ары лақтырып, бері лақтырып, біраз уақыт оздырып барып, тіпті болмаған соң жарыс жолына түсті. Қарасам, соңындағылардың өзі менен 50 метрдей алға кетіпті. Кейбіреулер: «Ей, Самат, қой болды ені, доғар», – деп күдер үзіп, қол сермеп жатыр. 
Күлген жұртқа зығырданым қайнаса да, тайымды алақаныммен жеңіл ғана қағып қойдым. Жануар енді ғана жорғасын тауып, лекіте берді.

Қимылына  көз ілеспейді. Оны мына дарақы көпшілік білуші ме еді? Ал мен тайымның су жорға қабілетіне сеніп отырмын. Сырқырап отырып бірінші айналым біткенде, жарысушылардың бел ортасына келдім. Уақыт өткен сайын жерді қуырып, біртіндеп шетінен оза бастадым. 
Екінші айналымда қарасам, алдымда екі тай ғана қалыпты. Енді соңғы айналым ғана қалды. «Үшінші келсем де жетеді. Асықпай-ақ қояйын, тайды зорықтырмайын» деп басын тартсам, тайым өзеуреп, басымды жібер деп жұлқынып болмайды. Біреу бұл қылығымды жақтырмай, айқай салды. «Ей, Сама-ат, тежеме деймін, басын жібер» деді. Кім екенін аңдай алмадым. Әкем ғой деймін. Дауыс солай секілді. 
Менің оны бағдарлайтын шамам жоқ, бар ынтам жарыс жолында. «Әй, не болса да басын жіберейін, нар тәуекел!» деп тайымды енді амалсыз ырқына жібердім. Жарықтық жорғалап сызып келеді. Бір кезде екінші тайдан озып өте шықтым. Қарқын керемет! Мәреге 100 метр қалған кезде бәйгенің алдына шықтым. Мұндайды кім көрді дейсің, арқам шымырлап, денемде суық бір тоқ жүріп өтті. Қуанғанымнан көзім жасаурап келеді. Қарқын одан ары үдей түсті. Мәреге жақындағанда елдің қиқуы үдеп кетті. Бәрі кереметке куә болғандарын сезіп, шұрқырасып жатыр. Қызық болғанда, Саматтың қотыр,  жетім торысынан мынандай кереметті ешкім күтпегені анық еді. Мәреге екінші болып келген тайдан 50 метр алда, жеке-дара жетіппін. Ауылдастар, туыстар, көршілер шуылдап әкемді құттықтап жатыр. 
Мәселе бәйгеде емес, менің тайдың бағын ашқанымда еді. Осылай тайым екеуміз айды аспанға бір-ақ шығардық. Елдің сол күнгі бар әңгімесі торы тайдың қызығы болды.
Ертесі Күнебай аға үйге келіпті. Әкеммен келіс-барысын айтып, сөйлескен екен. Әкем: «Мен білмеймін оны. Самат өзі біледі. Өзімен келіс», – дегенін естіп қалдым. Күнебай аға: 
– Самат, торы тайды сен өзіме бер. Мен орнына бір ат берейін. Әйтпесе бір бие берейін. Қалағаныңды ал, – деді. Мен келіспедім. Ақыры келіспеген соң «екеуін де берейін, тайды бер» деп қолқалады. Бәрібір қанша құнын көтерсе де бермес едім. Өйткені торы тайды қатты жақсы көріп кеттім. Ақыры Күнебай аға басын шайқап, үйіне кете барды. 
Торы тай бүгінде, бабы келіскен су жорға нән тұлпар болды. Талай жорға жарыстарында топ жарды. Екінші келу деген жоқ. Бүгінге дейін бес көлік ұтып алдым. Оған әлі де құда түсушілер  көп. «Джипке айырбаста» деп жалынғандар болды. Бірақ мен ешқайсысына келіспедім. Өйткені біздің достығымыз қымбат. Торы тай менің атбегілік бағымды ашты. Қазір жеке шаруашылығым бар, оннан асатын бәйге аттарын жаратып жатырмын. 
– Ал жақсы, аға!
Самат екеуміз Жалаңашқа бұрылатын жолда қоштастық. Темір тұлпарымен кетіп бара жатқан жас жігіттің әсерлі әңгімесінің тәтті тұманынан айыға алмай тұрып қалдым. «Жылқы мен қазақ егіз» дегеннің не екенін түсінгендей болдым. Мұндай да болады екен-ау.

 Алматы облысы 
Кеген ауданы 
Ақай ауылы

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2023

2043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы