• Бүгінгі проза
  • 12 Желтоқсан, 2023

Ренжіскен кітап пен телефонды адам қалай татуластырды? (ертегі)

Ерте-ерте, ертеде кітаптар әлемі болыпты. Ол жақта адамзат та өмір сүріпті. Үлкендер де, балалар да кітаптан ақыл сұрап, сырласады екен. Кітаптар әлемінің тұрғындары тәртіпті, әдепті, білімді болған екен. Күндердің бір күнінде кітапты көп оқыған адамдар радио ойлап 
тауыпты. Кейін теледидар мен компьютер дүниеге келді. Бірақ бұл құрылғылар адам мен кітаптың достығына сызат түсіре алмады.
Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Осылайша кітаптар әлемінің тыныштығы бұзылды.
– Құрметті кітаптар, бауырларым менің! – деп сөз бастады Үлкен кітап. – Біз енді адамдармен дос емеспіз!
– Қалайша? 
– Мәссаған!
– Не боп қалды? 
– Бізсіз қалай күн көреді?
Әр жерден кітаптар сөйлеп жатыр еді, жиынға сау етіп Адам кіріп келді. 
– Күн көреміз. Кітаптарсыз да күн көреміз!
– Әй, адам! Олай артық кетпе! Дос болғаның-ды ұмытып кеттің бе? 
– Ұмытқаным жоқ, – деді Адам танауын көтеріп. – Тек сенімен дос болуға уақытымыз жоқ, кітап мырза!
– Адамдар, біз сендерге ақыл бердік, білім бердік. Оны қалай ұмыттыңдар? Сырлас болдық. Қажетіңді бізден табатын едің. Кітапты адам жазса да, адамға ең адал дос біз емес пе? 
– Біз, адамзат, кез келген уақытта кітап жазып ала аламыз. Ендеше, біз кітапқа мұқтаж емеспіз! Қаласақ, өртейміз!
– Не айтып тұрсың? 
– Масқара!
– Ұялмайсың ба? – Кітаптар шулап кетті. 
– Адам! – Үлкен кітап тағынан түсіп, оның жанына келді. – Тәубеңді ұмытайын деген екенсің, әй, адам! Қалаған уақытыңда кітап жазу үшін кітап оқу керек екенін ұмытып қалдың ба?
– Міне! – деді адам қалтасынан смартфонды алып көрсетіп. – Бәрі де осында. Енді сендердің қажеттерің шамалы.
Дәл осы кезде аспаннан құйрықты жұлдыздай ағып смартфон, гаджеттер ұшып келіп жатты. Әртүрлі пішінде. Экрандары жарқ-жұрқ етеді. Адам баласының қолындағы смартфон соларды көріп қуанып кетті. Кітаптардың еңсесі түсіп кеткен. Тек Үлкен кітап қана өр, маңғаз қалпында айналаға көз тастап қойды.
– Кітаптар! Тыңдаңдар мені. Бізді адам оқымайды екен деп мұңаймаңдар! Естеріңде болсын, адам кітаптан алшақтаған сайын жамандыққа жақын болады. Ал әлемде түптің-түбінде жақсылық жеңеді. Ол үшін адам баласы тек бізден ғана білім алады, бізден ғана қуат алады. Өйткені жақсылық пен ізгілік, махаббат бізде ғана бар. Оны біз ғана бере аламыз. Түбінде адамзат бізді іздеп келеді. 
Осыдан кейін кітаптар жігерленіп, қуанып қалды.
– Рас айтасыз! Адам кітап оқымады екен, смартфонға үңіліп, бізді елемеді екен деп несіне қайғыруымыз керек?! 
Осылай деп басқа кітаптар да Үлкен кітаптың сөзін қостап қойды.
– Дұрыс айтасыздар! – деді бейтаныс үн. Кітаптар «бұл кім, дауыс қайдан шықты?» деп елеңдеп жан-жаққа қарап еді, бұл смартфонның дауысы екен.
– Сіздердікі жөн, құрметті кітап мырзалар мен ханымдар, – деді ол.
– Смартфон, не деп кеттің? Мен сені досым деп жүрмін ғой, мені бұлай жерге қаратпа! – деп адам ренжи сөйледі. – Мұның не?
– Кешір, адам! Смартфон пайда болды екен деп ескі досыңды сатып кеткенің, ұмытып кеткенің дұрыс болмады. Құрметті Үлкен кітап! Адам үшін сізден кешірім сұраймын. 
– Не үшін, балам? – деді Үлкен кітап. Смартфонға Үлкен кітаптың «балам» дегені ұнады.
– Себебі, адам мен кітап әуелден дос, бір-біріне жақсы серік. Түптеп келгенде, менің бойымдағы ақпараттың бәрі кітапта, мына сіздерде тұр. Ал адамдар керек мәліметті менен тапқан соң ғана мені мақтайды, қолынан тастамайды. Соңында біз айыпты болып шығамыз. Өтірік деші, адам?! 
Адам көзін жерден алмады. 
– Адам баласы, біз сені ортаға алып тергеп, сөгуден аулақпыз. Шынын айтқанда, мына мені де, алдымда тұрған смартфон баламды да сен ойлап таптың. Сосын мені оқып адам болдың. Сені адам еткен білім, білімді берген біз едік, – деп Үлкен кітап сабырлы даусымен адамды ортаға алды.
– Иә, адам кітап пен смартфонды жау көреді. «Смартфон кітап оқуға уақыт қалдырмайды» деп бізді жазғыратын да тағы адам. Ал негізінде кітап та, смартфон да, адам баласы да біріне-бірі дос, бауыр іспетті. Солай емес пе, қадірлі кітаптар? 
Смартфонның үнінде қуаныштың лебі бар.
– Рас!
– Турасын айттың!
– Иә, біз доспыз! 
Кітаптар да, смартфон мен гаджеттер де шулап қоя берді. Смартфон адамға қарады.
– Мен кітабы жоқ, кітап қоятын сөресі жоқ үйден қорқамын. Оның соңы жақсылыққа әкелмейді. Сен кітапты оқымасаң, бізді де ойлап таппас ең. Бізден кейін де әлі талай адамзатты таңғалдырар технологияларды әкелерсің. Оған күмәніміз жоқ. Бірақ кітапқа деген құрметіміз ешқашан азаймауға тиіс.
– Енді кітап оқып жүремін. Ал смартфоннан пайдалы мәліметті ғана аламын. Келістік! – деді адам жүзі жадырап.
– Ақылыңнан айналдым! – Үлкен кітап смартфонды мейірлене құшақтады.
– Адам, сен де кел, – деп оны да бауырына басты.
Арада талай ғасыр өтті. Адам баласы содан бері бұрын-соңды болмаған технологияларды ойлап тауып, қарыштап дамыды. Себебі, үнемі кітап оқуды үзбеген екен.

Азамат ӘБІЛҚАЙЫР

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2023

1405 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы