• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 02 Ақпан, 2017

«Орыстілді болғаныммен, өнерімнің ұлтыма жаттығы жоқ»

Қаланың қым-қуыт, шулы тіршілігінен қашып, тыныштық іздеген адамның тығылатын үш орны бар. Театр, кітапхана, музей. Үшеуіндегі тыныштық та үш түрлі. Жəне бұл құлақтың тыныштығы емес, көңілдің тыныштығы. Ал, көңіл тыныштығы адамды жаңа ойларға жетелейді. Өзгеден бұрын, өзіңді танисың. Тыныштық.Өткен жылдың соңында Ұлттық музейде жас мүсінші, И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік көркемсурет, мүсін жəне сəулет институтының студенті Жанна Нөгербекованың «Таң» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрме экспозициясын əртүрлі техника жəне қола мен қағазға дейінгі материалдардан жасалған туындылар құрайды. Жаннаның көрмеге қойылатын «Түркістан таңы», «Индира», «Сұлу», «Əйгерім» топтамаларындағы əйелдер бейнесі – шығыс əйелінің сезімталдығы мен сырлылығы, нəзіктігі мен шыдамдылығы, əлсіздігі мен рух күшінің құпия əлемі қатар сомдалған парадоксалды бейнелердің тұтас галереясы.«Жайлау» туындысы  – автордың ойы бойынша көрінбейтін төбеден бір сарынмен түсіп келе жатқан отар қойдың ауада қалықтауы арқылы болжамдалған. Жас суретші осыған дейінгі шығармашылық жолында 17 ірікөрмеге қатысып, олардың жартысынан астамында жүлделі орындарға ие болған». Дəл осы хат түскеннен бастап Ұлттық музейдің тек «Жұртшылықпен байланыс» бөлімінде ғана емес, жалпы музейде қарбалас басталды. Көрме өтетін алаңда мүсіндер орналастырылғаннан бастап-ақ қызығушылар көбейді. Бізге мүлдем бейтаныс «Абай», ұшып жүрген қойдың отары мен оны бағып келе жатқан атасы мен немересі, қой мен таудың ортасынан шыққан күн, атып келе жатқан таң, санада көмескілене бастаған шығыстық сұлулық пен шашын тарап отырған, бойына қазақы сұлулық сіңген екі қыз. Əрине, кез келген қызықтырған туынды тудырушысын іздетпей қоймайды. Көрменің ашылуын да көрдік. Өзінің мүсініндегі шашын тарап отырған қазақ қызынан айнымайды. Жүзінен балаңдыққа тəн толқу мен тазалық еседі. Сұхбат алып жатқан журналистер мен камерадан гөрі, туындыларын тамашалаушы көрермендерге назары көп ауады. Бəріне асығыс, алып-ұшып тұр. Ресми шараның бəрі бітісімен, жолығуға келістік. Астананың суығы мен сол суығын қойын-қонышыңа еріксіз тықпалайтын желді түнінде сұхбат жүргізу мүмкін емес, əрине. Əңгіме Астана көшелерінің біріндегі елеусіз бір дəмханада, шəй үстінде басталды... – Сізден бір өтінерім, ресми əңгіме болмай-ақ қойсыншы. – Неге? – Мен орысша сөйлей берсем... түсінесіз ғой. – Иə. – Ал, сіз сұрақтарыңызды қазақша қоя беріңіз. Мен түсінем. – Мен тіпті сұрақ қойғым келмейді. – Жалпы журналистер жайында, барлығына бірдей топырақ шаша алмаймын. Бірақ, олардың «Қанша көрме өткіздіңіз?», «Енді қанша көрме өткізесіз?», «Қанша туындыңыз бар?» деген сияқты сұрақтары шаршатады. Сондай сұрақтардың ішіндегі мен үшін ең ауыры: «Мына мүсініңіз не мағына береді?», – деген сұрақ. Осы сұрақ қойылған сайын, өзімнің мүсінші екеніме күмəнім артады. Өйткені, менің айналысып жүрген өнерім сөз емес. Сондықтан, туындыларымды сөзбен түсіндіргім келмейді. Қорқынышым да осы жерде. Іштей: «Айтқым келген дүниемді түсінбепті. Мен жақсы мүсінші бола алмадым-ау», – деп ойлаймын.  Əрине, олар өздеріне керек дүниені сұрайтын шығар. Бірақ, мен мүлдем басқа дүниелер жайында айтқым келеді. – Мысалы? – Мүмкін, өнер турасында. – Өнер? Ал, өнер деген не? – Өнердің белгілі бір анықтамасы жоқ шығар. Меніңше, адамның айналысқан кезінде жаны жай тауып, рахат алатын ісі – өнер. Адам жақсы көретін ісін жиі жасайды. Ол əдетке айналады. Əдет – салтқа, дəстүрге айналуы мүмкін. Сонда, өнер деген – адамның өмір сүру салты шығар. – Суретші, ақын, биші қыздарды көп көрдік. Ал, мүсінші қызды – бірінші рет... – Иə. Мен осы өнермен айналысып бастаған кезімде де осы тектес сөздерді көп естідім. Бұлай айтқан адамдарды да түсінуге болатын шығар. Өйткені, мүсіншілер ер адамдардың өздерінің көбі қолдана білмейтін заттармен жұмыс істейді. Қола, темір секілді қатты металдарды кесіп, бір-біріне дəнекерлеу жұмыстарын ысырып қойғанның өзінде, олардан жасалған ауыр мүсіндердің өзін көтеру қиынға түседі. Бірақ, мен осы ісімді жақсы көремін ғой. Сол қиындықтарына төзе алмасам «жақсы көрем» деген сөзімнің өзі өтірік болып шықпай ма?  Міне, осындай себептерге байланысты, мүсіншілер а расында əйелдер қауымы аз екені рас. Бірақ, бір қызығы, кəсіби суретші əйелдерге қарағанда, өнер тарихында кəсіби мүсінші əйелдер көптеу. – Осы əйелдер қауымы үшін қиындау өнерді таңдауыңызға не себеп болды? Əйелдер үшін барлық өнер түрімен айналысу қиын шығар... Əсіресе, шығыстық əйелдер үшін деп ойлаймын... – Мүмкін. Менің бұл өнерді таңдауым – кейде өзіме де түсініксіз. Көркемөнер мектебінде оқып жүрген кезімде, бізге таңдау қойылды: суретшілік, сəндік өнер, дизайнер, мүсіншілік. Қызығы, мүсін өнерінен сабақ беретін мұғалім болған жоқ. Бірақ, мен мүсіншілікті таңдадым. Маған, бір нəрсенің суретін салғаннан гөрі, оны қолдан құйып, не қағаздан жабыстырып жасап шыққан ұнайтын еді. Мүмкін, сондықтан шығар. – Бірақ сурет салып тұрасыз? – Əрине. Жазушылар жазатын шығармасының жоспарын жасағаны секілді, мүсіншілер де өз мүсіндерінің эскизін бірінші сурет ретінде салады. – Ақындар қасиетті кітаптарды алға тартып ең əуелі сөз болған дейді. Сазгерлер саз болған деп уəж айтады. Ал, суретшілер: «Ерте ғасырдан жеткен сөз де жоқ, саз да жоқ. Бізге жеткен ең көне өнер туындылары үңгірлердегі суреттер. Сондықтан, ең əуелі сурет болған», – деп таласып жатады. Сіз өз өнеріңіздің адамзат тарихындағы біріншілігі үшін таласқа түсіп көрдіңіз бе? – Бұл таластың мүлдем мəні жоқ деп ойлаймын. Барлық өнерді адамзат тудырған. Ата-ана өз балаларын тұңғышым, ортаншым, кенжем деп бөлектеп, бірін артық, бірін кем жақсы көрмейді ғой. Барлығына теңдей қарайды. Өнерге де солай қарау керек. Қай өнер бірінші пайда болса да, əрқайсысының өзіндік көркемдігі мен адамзатқа өзіндік айтары бар. Тіпті, бірінсіз бірі жоқ. Мысалы, мүсінші ретінде тек мүсіндерге қарап ой түйемін десем де өтірікші боламын. Егер мен ақындардың өлеңін оқымаған болсам, əлемдік композиторлардың музыкасын тыңдамасам, суретшілердің картиналарын көрмесем, тек мүсіндерге қарап жүріп бүгінгі күндегідей дəрежеге жете алмаған болар едім. Өнердің бірінсіз бірі жұтаң деуім осыдан. Жəне, мен өнер түрлерін былай қойғанда, мүсіншілердің ішінде де мына мүсіншіні қатты ұнатамын деп айта алмаймын. Өйткені, ізденіс үстінде болғандықтан, бүгін ұнаған автор, ертең мүлдем ұнамай қалуы мүмкін. – Сонда сіздің жақсы көретін авторларыңыз бен жақсы көретін мүсіншілеріңіз жоқ па? – Бар. Бірақ олардың есімдері белгісіз. Мен олардың ұлылығына шəк келтіре алмаймын. Бірінші – египет мүсіндері. Екінші – Етрустардың өнері. Үшінші – біздің балтастар. – Байқасаңыз, балбал тастардың барлығы дерлік қолдарына сусын құятын ыдыс ұстап тұрады. – Иə. Мен балбал тастарды қашау – сакральды өнер деп ойлаймын. Онда үлкен қасиет бар. Мүмкін біздің бабаларымыздың дəстүріндегі қасиетті рəсімдердің бірінде қолдарында сусын ұстап тұрар ырымы болған шығар. – Бабамыз сақтардың Хаумаварга тобы – адамды мас ететін сусын дайындағаны белгілі. Сол бабаларымыздың жорық алдында екі жиналыс жасап, бірін ішімдікпен, екіншісін ішімдіксіз жасайтыны туралы ақпарат бар... – Мүмкін сол құтылардың ішінде ішімдік болған шығар дегіңіз келеді ғой. Мен толық жəне дəл солай деп айта алмаймын. Бірақ, ескеретін, есте ұстайтын бір дерек бар. Кез келген балбал тастарға қараған адам, олардың қолдарындағы құтыны бос деп ойламайды. Яғни, ол құты сусын толып тұрған ыдыс. Меніңше, ішінде қандай сусын болмасын, біз үшін оның толып тұрғаны маңыздырақ. Яғни, ыдыс ішінде толған береке бар. Ал, береке бірлік болған жерде болатынын ұмытпауымыз керек. – Тəлім алған мектептеріңіз жайында не айтасыз? – Жоғарыда айтқанымдай, ең бірінші осы Астанадағы көркемөнер мектебінде оқыдым. Мектепті бітіре салып, өнер қуған кез келген жанның арманы Алматыға тарттым. Еуропа үшін Париж, орыс халқы үшін Петербург мəдени астана болса, біз үшін Алматы – өнер ордасы. Ақындар үшін ҚазҰУ қандай мектеп болса, мүсіншілер мен суретшілер, актерлер үшін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы дəл солай. Далалы жерде өскен, тау көрмеген мен үшін Алатауды көргеннен басталған санамдағы төңкерістер ұзаққа ұласты. Ізденістерімнің басы осы жерде басталды. – Қазіргі «И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік көркемсурет, мүсін жəне сəулет интитутының студенті Жанна Нөгербекова» деген құжатты қолыңызға алуыңыз қалай болды? – Жүргенов академиясында оқып жүрген екінші курсымызда бізді Санкт-Петербургқа жіберді. Сол сапарымызда Репин атындағы институтқа бас сұқтық. Бірінші көргенімнен-ақ осы жерде оқуым керек деп шештім. Өйткені, бұл жерде мүсіншілер мен суретшілерге ғана арналған атмосфера мен тыныштық бар. Жеке мүсіншілер үшін биіктігі 15-20 метр боларлық үлкен залдар жасалған. Ал, мұндай жұмыс шеберханалары тіпті кəсіби мүсіншілердің өзінде кемде-кем. Су ішкен құдығыма түкірмеймін. Бірақ, Т.Жүргенов атындағы академия жайында бір шындық бар. Ол жерде актер, əншілер мен суретші, мүсіншілер қатар оқиды. Ал, бұл жағдай актерлер мен əншілерді білмеймін, бірақ суретшілер мен мүсіншілерге өте кері əсерін тигізеді. Кейде олардың айқайы мен əн айтқанынан ойлану мүмкін емес. Бұл оларды жек көрем деп, жоғарыда айтқаныма қарсы шығуым емес. Тек, бұл екі өнердің дайындықтары бір-біріне мүлдем жанаспайды. Менің ойымша Т.Жүргенов атындағы академияның ең актуалды көтеретін мəселесі осы болуы керек секілді. – Қазіргі таңдағы ізденістеріңіз этнографиялық бағытта жүріп жатқаны туындыларыңызда байқалады. Сіз үшін қиынға соқпай ма?.. – Менің орыс тілді екенімді айтып отырсыз-ау... Сəл үнсіздіктен соң: – Біздің ауылда қазақтар өте аз тұрды. Менің бала кезімде ойнаған балаларымның бəрі орыстілді еді. Мен осылай орысша сөйлеп өстім. Бірақ, мен қалай дегенмен де қазақ отбасында тəрбиелендім емес пе? Тілім орыс болса да, əке-шешемнің тəрбиесі қазақша еді ғой. Осыдан кейін мен қалайша қазаққа, қазақтың этнографиясы мен дəстүріне жат боламын? Егер өнер ұлт үшін жасалатын болса, мен өзімді ұлтыма қызмет етіп жүрмін деп ойлаймын. Өйткені, менің басқа қызмет ететін екінші ұлтым жоқ. Көздеріне келіп қалған жасты іркіп, тамағындағы кебірсуін шəй ішіп басып алып: – Осы – өз ұлтыма жаттығым көп бетіме басылды. Əсіресе, өзін «патриот» санайтын жігіттердің сөздері қатты бататын. Мен осылай ұл-тымның этнографиясын мүсін өнері арқылы көрсетемін деген арма-нымнан алыстап кеткен едім. Тіпті, оған беттей алмай қалдым. Мұның бəрі Алматыда оқып жүрген кезімде болды. Бірақ, кім ойлаған, менің жігерімді жасытқан сол «патриот» жігіттің өзі мені осы қазақ этнографиясына қайтадан жəне алапат күшпен келуіме себепкер боларын. Академия атынан Астана қаласына келген бір сапарымызда сол бір «патриот» жігіт қолындағы қоқысын бей-берекет тастай салды. Менің қайтып алып, қоқыс жəшігіне таста дегенімді құлағына да ілген жоқ. Өзінің елінің Астанасында осындай қылық жасаған адамнан халқына деген қандай махаббат күтуге болады? Біреу үшін болмайтын нəрсе болып көрінер. Ұлтқа, елге деген махаббат онымен өлшенбейді деуі мүмкін, əрине. Солай да шығар. Бірақ, сол көшедегі қоқысты менің əкем тазалайды ғой! Сол қоқысты қыстың күні əкем қатты тоңған кезінде, сіңілім екеуміз шығып тазалайтын едік қой. Əкем сол қоқысты тазалап жүріп, көшеде сіңілім екеумізді достарымызбен бірге көрсе бізді мүлде танымайтын адамның кейпін танытып, теріс қарап тұратын еді ғой. Əрине, тірі болғанда... Қорғасын үнсіздік орнады. Бағанағы көздерде іркілген жас алысқа кетпепті. Келген өксік көмейден ары аспапты. – Менің мақтанышым – əкем. Егер өнер үшін шабыт керек болса, ал шабытты алатын белгілі бір қуат көзі бар десек, менің қуатым да – əкем. Жасын сүртіп жатып: – Кешіріңіз!.. – Ештеңе етпейді. – Сол бір жігіттің қылығынан кейін мен өзімді сенімді сезіндім. Қазақтың этнографиясын да, дəстүрін де өз өнеріме сіңдіре алатыныма сенімім өсті. Қазір осы бағытта ізденістерімді тереңдетіп, жұмыстарымды жалғастырып жатқан жайым бар. – Сіздің туындыларыңыздың ішіндегі «Жайлау» атты мүсініңіздің төңірегіндегі көрермен көп болды. Неге деп ойлайсыз? – Жылқының үстінде қой бағу, жалпы төрт түлік мал қазақтың түпкі санасында болғандықтан шығар. Бірақ, үстін көріп, астына үңілгені аз болған сияқты. – Астында заманауи Қазақстан сияқты. Көңілді, бақытты адамдар. Ғимараттар. Осы бақыттың барлығы біздің ата кəсібіміздің арқасында. Əлде... – Иə. Астына үңілгені осылай көрді. Сіздің айтып отырғаныңыздай философия түйді саналарында. Ал, мен бұл мүсіннің астындағы элементтерді əлі де үлкейту, əлі де дамыту керектігі үшін қосқан болатынмын. Бірақ, қуаныштымын. Əркім өзінше түсініп жатса, менің туындым осындай ойларға жетелеп жатса, қуанбағанда нем қалады? – Қазақтың Ұлы ақыны Абай біздің санамызда қалың ойға батып отырған кейпімен қалған. Ал, сіздің Абайыңыз бəрінен өзгеше көрінді. Бізге таныс емес Абай. Мұңсыздау, ойсыздау сияқты. Əлде беру формасына байланысты ма? – Жоқ. Мүсіннің формасы мағынаға əсер етуіне жол берілмейді. Сен қандай формамен берсең де, жеткізе алуың керек. Меніңше, біз бүкіл тұлғаларымызды мұңды қалпында елестетеміз. Олар өмір бойы тек сол халқының, ұрпағының жайын ойлап мұңды қалпында жүрген секілді. Адамға кенеттен келетін ой болады емес пе? Дəл сол ой жақсы, жауабын таппай жүрген сауалыңа жауап болса ше? Еріксіз бір тылсымға сенгендей, аспанға қарайды ғой адам. Менің туындымдағы Абай сол сезім үстінде отырған болар. Оның қасында Шоқан тұр. Абайды қозғалыссыз секілді, жалпақ етіп мүсіндесем, Шоқан керісінше бойы ұзын, қозғалысқа бейім тұр. Шынында да, Абай өмірінде көп саяхат жасаған, қозғалыстың адамы болмаған ғой. Шоқан керісінше. Бұл екі мүсіннің жасалу формасының сыры осында. Ал, Шоқанның мундирінің сыртынан шапан ілуі, қандай елде жүрсе де өз халқының ұланы екенінің айғағы деп ойлаймын. Мен солай ойлаймын. Бірақ мен жəй ғана автормын ғой... – Алдағы уақытқа не жоспар? – Жоспардың бірінші пункті дипломдық жұмыс жасау керек. Одан кейінгісі елге оралу. – Ал, өнер жағынан? – Мүсін өнерінің үш түрі бар. Білдек (станковая), монументальды жəне монументальды-декоративті мүсін өнері. Білдек мүсін өнері дегеніміз –қазіргі менің жасап жүрген мүсіндерім. Станок арқылы жасалып, жақыннан келіп қарауға арналған. Бұл мүсіндерге тұратын орны, жарықтың түсуі əсер етпейді. Монументальды мүсін өнері дегеніміз – біздің көріп жүрген ескерткіштеріміз бен монументтер. Мүсін өнерінің бұл саласына тұратын орны, түсетін жарығы, айналасындағы ғимараттары мен басқа да нысандар əсер етеді. Ол мүсін айналасымен үйлесіп кетуі керек. Тіпті, ажырамас бөлігіне айналуы керек. Мысалы Алматыдағы М.Əуезов атындағы театрды жазушының мүсінінсіз елестету мүмкін емес. Менің болашақтағы мақсатым – осы монументальды мүсін өнеріне ауысып, халқымның тарихында қалатын, Қазақстанның қалаларының көшелерін безендіріп, көрген ұрпақтың көзі тоярлықтай мүсіндер жасау. Біздің елде ескерткіштерімізге көп көңіл бөліне бермейтін сияқты. Бір ескерткіштерді бүгін бір жерге қойса, ертесі күні оны басқа жерге ауыстыра салады. Бұл үшін мүсіншілерді де кінəлауға болатын шығар, жан-жағын бағамдамай, орнын дұрыс өлшемей құйған. Сондықтан, жоғарыда айтқандай мүсін айналасымен əбден үйлесімін табуы керек. Тіпті, адамның ескерткіші болса, ол адамның қайда қарап тұратыны да ойластырылады. Жəне қай тарапқа қарамасын, көз қарасының өзінің мағынасы болуы тиіс. Мен осындай жұмыстарды қолға алғым келеді. Мақсатым – осы. – Сұхбатыңызға рақмет! Шығарып салайын. – Жарайды. Желмен жағаласып жүріп келеміз. – Болашақта сурет өнеріне кетем деп ойламайсыз ба? – Кəсіби суретші болып кетем деп айту қиын. Бірақ көңіліме ойларым сурет болып келсе, өз қолымды қақпаймын. Одан мен мүсіншіліктен ажырап қалмаймын ғой. Мүмкін, ет пен терінің арасындағы жəй ғана желік шығар. Сол картинаны жазып бітірсем, жаңа мүсін құюға ой келер. Мүмкін, суретші де болып кетермін. Жалпы, көңілге ой қалай келсе, сол формамен беру керек сияқты. Сурет болып келді ме, қылқаламыңды дайында. Мүсін болып елестеді ме, құяр қалыбыңды дайында. Онда тұрған не бар? Бəрі де өнер ғой. – Менің бір досыма айтылатын сөз екен... – Неге? – ... – Міне, менің үйім. Бүгін түнгі төртте самолет. Санкт-Петербургқа ұшамын. Ал, сау болыңыз! – Сау болыңыз! Есіктің телефон қоңырауына барып тұрып: – Журналистердің «Қанша көрме өткіздіңіз?», «Қанша көрме өткізесіз?», «Қанша туындыңыз бар?» деген сұрақтарын не үшін жек көретінімді білесіз бе? – деді. – Не үшін? – Мен сандарды есімде сақтай алмаймын. – Енді не істейсіз? – Уайымдамаңыз! Телефонмен сұрап ала саламын үйдің нөмірін. Сау болыңыз! – Сау болыңыз! Есіл өзенін жағалап жаяу келемін. Кенесарының мүсіні қараяды. Монументальды мүсін өнері. Айтпақшы, қай тарапқа қарап тұр өзі?  

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1

қаңтар, 2017

990 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы