• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 03 Сәуір, 2017

Робот құлтемір емес немесе робототехника адамды жан-жақты дамытады

Робот, андроид, робототехника... Осының бəрі күні кеше фантастика болатын. Бүгінде «ақылды» мəшинелер өмірімізге дендеп ене бастады. Сан салада – медицинадан бастап космонавтикаға дейін адамдар роботтардың көмегіне жүгінеді. Төбеде қалықтап жүріп, мерекелік шараларды бейнеге түсіретін робот-дрондарға, күрделі механизмдерді көз ілеспес жылдамдықпен жəне асқан дəлдікпен құрастыратын робот-қолдарға көз үйрене бастады. Оны айтасыз, сарапшылар алдағы 20 жылда адам істейтін жұмыстың тең жарымын роботтар атқаруы мүмкін деп отыр. Қысқасы, біздің заманымыз – робототехника заманы. Адамды алмастыратын болашақтың таңғажайып роботтары Қазақстанда жасалып жатса, таңғалмаңыз. Себебі, қазіргі таңда робототехника мектеп бағдарламасына енгізіле бастады. Көптеген білім ордаларында робототехника зертханалары ашылды. Балалардың бұл салаға қызығушылығы жыл санап артып келеді. Өнертапқыш өрендер осы бойынша  елімізде, шетелде өткізілетін жарыстарға белсене қатысуда. Ақпан айының 17-19 күндері Астанадағы Тəуелсіздік Сарайында «Kazakhstan Robotics Challenge 2017» атты республикалық жас робототехниктер чемпионаты өтті. «Дарын» республикалық ғылыми-тəжірибелік орталығы, Астана қаласы Білім басқармасы жəне «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен білімпаздар бəйгесіне еліміздің барлық аймағынан келген 250 оқушы қатысып, бақ сынасты. Мектеп оқушыларын инновацияға талпындырып, зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған бұл жарыста топ жарып, жеңімпаз атанған ұл-қыздар аз болмады. Солардың қатарында Алматыдағы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» қыз балалар лицейінің оқушылары бар. Атап айтқанда, Ақерке Ақат (10 «А» сынып) пен Нұрфатима Қыпшақбаева (10 «В» сынып) І орынды иеленіп, алтын медальмен марапатталды. Ал Ажар Кульясова (10 «В» сынып), Алуа Нұрахан (10 «В» сынып), Мəдина Омарқұлова (10 «В» сынып) жəне Əмина Саян (9 «В» сынып) ІІ орынға табан тіреп, күміс медаль иегерлері атанды. Жуықта біз осы робот құрастыратын қыздармен жақынырақ танысып, əңгімеге тартқан едік. – Қыздар, жеңістерің құтты болсын! Робототехникамен айналысқандарыңа қанша уақыт болды? Бұрын мұндай жарыстарға қатысып көрдіңдер ме? – Ақерке Ақат: Бұл іспен, үш жылдан бері айналысып келеміз. Жетекшіміз – информатика пəнінің мұғалімі Хавва Эрдал Яман. 2015 жылы Алматыда өткен «IITU Robocon Games» жарысында біздің лицейдің командасы ІІІ орынға ие болды. Ал өткен жылы осы жарыста үздік өнер көрсетіп, IT Халықаралық университетіне оқуға түсуге жеңілдіктер алдық. Астанада өткен І республикалық робототехника жарысында қола медальді иелендік. Сондай-ақ,  біздің лицейдің шəкірттері – Гүлназ Самсақова мен Адилям Тілегенова Сан-Францискода (АҚШ) өткен «Technovation Challenge» халықаралық сайысының финалына қатысты. – Теледидардан «Роботтар шайқасы» деген бағдарламаны талай тамашаладық. Сендер қатысқан жарыстың одан қандай айырмашылығы бар? – Нұрфатима Қыпшақбаева: «Роботтар шайқасы» белгілі дəрежеде роботты техниканы насихаттайтын шығар. Дегенмен, ол – бірінші кезекте, шоу. Онда роботтар ережесіз жекпе-жектегідей бірін-бірі қиратып, бүлдіріп жатады. Бұл дегеніңіз – барып тұрған агрессия. Ал біз қатысқан жарыс мүлдем басқа мақсатты көздейді. Əрине, мұнда да «робосумо» деген спорттық номинация бар. Алайда, ол негізгі бағыт саналмайды. Мұнда сен адамзатқа пайдалы, күні ертең өндіріске енгізуге жарайтын робот үлгілерін жасауға тиіссің. Əр жарыстың тақырыбы болады. Халықаралық роботтар олимпиадасында да солай. Мысалы, былтыр Үндістанда өткен олимпиадада «Зиянды қалдықтармен күрес» деген тақырып ұсынылған болатын. Əлемнің көптеген елдерінен келген балалар экологияны жақсартуға үлес қосатын роботтарын көрсетті. Былай қарағанда, дайын үлгілер. Кейін олардың біразы өндіріске еніп жатуы əбден мүмкін. [caption id="attachment_17938" align="alignright" width="217"] Ақерке[/caption] – Астанада өткен жарыстың тақырыбы қандай болды? – Алуа Нұрахан: Бұл жарыстың тақырыбы – «Қазақстанның экологиясы мен туризм саласын дамыту». Чемпионат ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында өткендіктен, көрікті мекен Бурабайға туристерді таситын робот-көліктердің үлгісін жасадық. Роботтар арнайы жолмен жүріп отырады. Сенсор арқылы бағытын анықтайды. Белгіленген жолынан ауытқымайды. Кедергілер кездессе, айналып өтеді. Электр қуатын пайдаланатындықтан, экологияға зиян келтірмейді. Басқарусыз жүретіндіктен, жұмыс күшін үнемдейді. Бір сөзбен айтқанда, нағыз заманауи техника құралы. – Роботтар қалай жасалады? – Ажар Кульясова: Біз арнайы LEGO конструкторын пайдаландық. [caption id="attachment_17939" align="alignleft" width="183"] Нұрфатима[/caption] – Сонда дайын үлгі бойынша жасадыңдар ма? – Ажар Кульясова: Жоқ, олай емес. Конструкторда қосалқы бөлшектер болғанымен, болашақ роботты толықтай өзің жоспарлайсың. Кез келген пішінде, түрлі қызметтер атқаратын роботтар құрастыруға болады. Яғни, конструктор робототехниктің шығармашылық қабілетін шектемейді. Қайта қиялыңды шарықтатуға мүмкіндік бар. Негізі, бұл салаға маманданған адам кез келген қолжетімді материалды пайдаланып робот құрастырады. Мысалы, «IITU Robocon Games» жарысына қатысқанда роботты бастан аяқ өзіміз жасап шықтық. Оған органикалық əйнек, ПВХ, пластикті пайдаландық. – Робототехникада команда болып жұмыс істеу маңызды ма? – Əмина Саян: Роботты жалғыз өзің де құрастыра аласың. Бірақ оған біршама уақыт кетеді. Ал команда болып істесең, жұмыс əлдеқайда жеңілдейді. Робототехника – əмбебап өнер. Мұнда біреу болашақ роботтың дизайнын ойластырады. Екінші адам компьютерлік бағдарлама дайындайды. [caption id="attachment_17940" align="alignright" width="273"]Ажар Ажар[/caption] – Робототехникамен айналысу үшін қандай пəндерді жақсы оқуың керек? – Əмина Саян: Робототехника, былай қарағанда, бір-біріне қатысы шамалы бірнеше пəнді бір арнаға тоғыстырады. Оның қызық жері де осында. Робот құрастыру үшін математиканы, физиканы, информатиканы жетік білуің керек. Тіпті, биологияның заңдылықтарын сақтауға тура келеді. Жұмыс барысында күнделікті алып жатқан біліміңді тəжірибеде қолданасың. Мұның өзі сенің білімге деген талпынысыңды арттыра түседі. Жалпы, робототехника адамды жан-жақты дамытады. [caption id="attachment_17941" align="alignleft" width="160"] Алуа[/caption] – Қазір робот дегенді қазақшалап «құлтемір» деп айтып жүрміз. Қалай ойлайсыңдар, осы дұрыс па? – Ақерке Ақат: Меніңше, роботты «робот» деп атаған дұрыс. Неге дейсіз бе? Біріншіден, бұл – халықаралық термин. Ағылшындар да, түріктер де, француздар да осылай айтады. Екіншіден, «құлтемір» деген сөз «роботтың» дəл аудармасы емес. Бұл терминді чех жазушысы Карел Чапек ойлап тапқанын білетін шығарсыз. Қазақ тіліне аударсақ, «құлдан» гөрі «жұмыскер» деген мағына беріп тұрады. Үшіншіден, роботтың бəрі бірдей темірден жасалмайды ғой. Əсіресе, қазіргі заманғы роботтар. Айтпақшы, «робототехника» немесе «роботика» (robotics) дегенді əйгілі фантаст жазушы Айзек Азимов ойлап шығарған. «Робототехниканың 3 заңын» ұсынған да сол кісі болатын. – Олар қандай заңдар? – Ақерке Ақат: Қаласаңыз айтып берейін: [caption id="attachment_17942" align="alignright" width="179"] Мәдина[/caption]
  1. Робот адамға зиянын тигізбеуі керек. Адамға қауіп төнгенде көмекке келуге міндетті.
  2. Робот əрдайым адамға бағынып, оның бұйрықтарын бұлжытпай орындауға міндетті. Бұйрықтар, бір ғана жағдайда, Бірінші Заңға қайшы келгенде орындалмайды.
  3. Робот өз қауіпсіздігін ойлай алады. Бірақ оның əрекеті Бірінші жəне Екінші Заңға қайшы келмеуі керек.Міне, робототехниканың 3 заңы деген осы. Бұл заңдар əлі күнге дейін мəнін жойған жоқ. Оларды робототехникамен айналысатын əрбір адам жақсы білуі тиіс.
– Сендер болашақ мамандықтарыңды таңдап қойған шығарсыңдар? Олар осы саламен – робототехникамен байланысты ма? – Алуа Нұрахан: Əзірге толықтай шешім қабылдаған жоқпын. Дегенмен, техникалық мамандықты таңдайтыным анық. Робототехникадан қол үзгім келмейді. Бұл сала алдағы уақытта қарқынды дамиды. Қазір робототехникадан Жапония алда келеді. Көптеген дамыған елдердің өзі робот жасауда Жапониядан 10 жыл артта қалып отыр. Жер көлемі кіп-кішкентай азиялық мемлекеттің озық технологияда осыншама жетістікке жетуі кімді болса да ойлантады. [caption id="attachment_17943" align="alignright" width="197"] Әмина[/caption] – Мəдина Омарқұлова: Робототехникада зор жетістіктерге жеткен, үлгі тұтарлық тұлғалалар елімізде бар. Мысалы, «Robo Technologies» компаниясының директоры Рүстем Ақышбеков балаларды оқытатын тамаша роботтар сериясын шығарды. Болашақта осындай мамандар елімізде көбейетініне сенімдімін. Өз басым, болашақта робототехникаға арналған қазақ тілді сайт ашуды армандаймын. Қазір ғаламторда ағылшынша немесе орысша сайттар жетерлік. Өкінішке қарай, робототехникаға арналған сауатты қазақша ресурс жоқ. – Əңгімелеріңе рахмет! Зор жетістікке жетулеріңе тілектеспіз!

Əңгімелескен

Бағдат МƏЖИТОВ

«Ақ желкен» журналы, №3

Наурыз, 2017

 

5782 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы