• Оқулыққа қосымша
  • 03 Мамыр, 2017

«Жармақ» жанайқай ма, әлде не?

Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романына қатысты бұл сұхбат телеарнада, газетте, интернетте біраз талқыға түсті. Оқырман мен көрерменнің соншалықты қызығушылық танытқанына қарап, әдебиет туралы әңгіменің қоламтасы шынымен де бір көселіп қалғанын байқадық. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы жайында айтылып жүрген екіжақты пікір бір-біріне дес беріспейтін түрі бар. «Жармақ» әу баста қазақ қоғамында құбылыс ретінде қабылданды. Алайда, оқи келе пікір екіге жарылды. Осы екі топтың жыртысын жыртып жүрген, бүгінгі күндегі ең белсенді екі әдебиетшімізді пікірталас айдынына алып шыққанды жөн көрдік. Бірі әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке, екіншісі –  танымал публицист, ақын Аманхан Әлім.  Біздің білуімізше «әлі»  алақай  деп жүрген − Әмірхан Меңдеке, «әй, қап» деп қалған − Аманхан Әлім. Әмірхан мырза, айтыңызшы, Мұхтар Мағауиннің «Жармағы» қолыңызға қалай тиді? Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Осы кітап жарыққа шықты деп естідім де, Мұхтар ағамның осы Алматыда тұратын Мадияр дейтін баласына «кітапты қайдан табам?» деп телефон соқтым. Ол маған әкеліп берді. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Аманхан, сіз қайдан алдыңыз? Қайдан оқыдыңыз? Аманхан ӘЛІМ: «Арыстанның өзін көруден бұрын, даусы жетеді» деген әдемі сөз бар. «Жармақ» туралы әңгіме Қазақстанға келмей жатып қозғалды. Шедевр екен, классика десті жұрт. Тіпті баспасөзде де айтылып жатты. Мүмкін ол оқыған адамдардың пікірі шығар, дегенмен қатты қызықтым. Кейін студенттер қолдан қолға көшіп жүрген, көбейтілген нұсқасын әкелді. Асықпай оқып шықтым, шынымды айтайын, көңілім толмады. Көңілім толмағаннан кейін «мүмкін мен бірнәрсе түсінбей жүрген шығармын» деп ойладым да жылы жауып қойып, «Жұлдыз» журналына шыққанын іздеп жүріп, тауып оқыдым. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әмірхан, Мұхтар Мағауин негізі насихатқа зәру емес. «Жармақтың» да өз насихаты өзінде деп есептеймін. Десе де, бұны құбылыс деп бағалағанның бірі сіз едіңіз. Әлі де сол пікірден қайтпай жүрген секілдісіз. Тым құрығанда әдебиет  сыншысы  ретінде осы кітаптың кемшілігін неге көргіңіз келмейді? Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Мен бұл пікірден қайтпаймын. Бұл кітапты әдеби құбылыс деп бағаладым, әлі де сол пікірімде қаламын. Жармақ − ұсақ ақша. Ірі ақша емес. Ұсақ ақша қалтаңнан түсіп қалса онша ренжи қоймайсың ғой. Өйткені ол ұсақ ақша. Біз де ұсақталып кеттік, әсіресе қазақтың зиялылары. Біз қазір Абылайдың түсіндегідей бақа-шаянға айналып кеттік. Бізге осындай сыншыл романдар бәрібір керек еді. Мысалы, Жапонияда да, Италияда да өзінің ұлтына сын көзбен қарайтын романдар көп. Абай да аямайды, мысалы. Абай қазақты сынаған кезде ешкім ілесе алмайды. Бұл да сондай. Ал енді Мұхтар Мағауин қазақты неге сынап жатыр? Қазақты ерекше сүйгендіктен. Міне, біздің бойымызда осындай кемшіліктер бар. Өзіміз қазақтың зиялыларының арасында жүргеннен кейін байқамаймыз, дабыр-дұбыр, шумен бірге. Ал Мағауин қазақтың зиялыларын бөлек қойып қояды да сыртынан қарайды. Сөйтіп өзінің сыншыл ойын айтып шығады. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әңгімеңіздің бағдары түсінікті болған сияқты. Мен сұрақты керісінше, басқаша қойып көрейін. Аманхан, сіз ше? Сіз «Жармақтың» артықшылығын неге көргіңіз келмейді?   Аманхан ӘЛІМ: Шынымды айтайын, аты дардай үлкен жазушымыздың соншалықты ұсақталып кеткеніне, ұсақ шығармасына көңілім қалды. Мынандай сөздері бар: «Бізге соқтыққанның өзінің соры қайнайды» дейді. Екінші бір сөзінде «Бізге қара күйе жаққан кісінің өзі қарабет болады» дейді. Бұл не? Бұл шығарманы алдын ала автордың қорғауы ма? Мен сонда шығармаға пікір айтсам, авторға соқтыққаным бола ма, болмаса қарабет болам ба? Біз ешуақытта автор жөнінде әңгіме айтпаймыз. Шығарма жөнінде ғана әңгімелесеміз. Ал автор неге осы сөзді пайдаланды деген сұрақ менің көкейімде қалып қойды. Яғни автор өзіне өзі сенбейді, сенбеген адам алдын ала осындай сөздер айтады. Мен қарабет болу үшін немесе өзім сорлап қалу үшін пікір айтпаймын. Мен ол кісінің жеке басына айтпаймын, шығармасына айтамын. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кітаптың сыртына емес, кітаптың ішіне де үңіле отырайық. Мысал үшін салыстырып айтайын, Солженицынның өмірінің соңында жазған мақалалары, мәселен «Как нам обустроить Россию?» деген атышулы мақаласы шовинистік тұрғыда, онда да Ресейдің мақсат-мүддесі тұрғысынан жазылған дүниелер ғой. «Жармақ» деген кітаптың атын естігеннен кейін, оны Мұхтар Мағауин жазып отырғаннан кейін, бәлкім ұлтшылдық мақсатта, мемлекетшілдік мақсатта басқа бір дүние күткен шығарсыз. Сіз сияқты кейбір оқырманның көңілін қанағаттандыра алмағаны содан емес пе?  Аманхан ӘЛІМ: Ол рас, мен үлкен нәрсе күткен едім. Алғаш шыққанда «бұл – жаңалық»  деді жұрт. Қазір ашылатын еш жаңалық жоқ, меніңше. Герман Гессенің «Степной волк» романында Гарри деген кейіпкері бар. Жазушы сол кейіпкерінің қолжазбасын тауып алып: «Мен Гарридің жазған бір сандық қолжазбасын оқып отырмын», – дейді. «Жармақтағы» оқиға Герман Гессенің «Степной волк» романы сияқты басталады. Бұл ешқандай да жаңалық емес, дегенмен мәселе деталь, сюжет алуда емес, мәселе соны қалай алып шығуда. Мысалы Фауста мынандай сөз бар. «Ах, две души живут в груди моей» дейді, менің кеудемде екі жан бар деген сөз. Сондықтан Фаустың кезінде басталған заманда, бір кеудеде екі жанның болуы ешқандай жаңалық емес, бұл менің романға деген үлкен құштарлығымды жоғалтты. Екінші көңілім қалған себебі, романды оқып шыққанда шын мағынасындағы ұлттық, мемлекеттік мүддені көре алмадым. Бұл роман кәдімгі сары басылымнан бастап, осы күндері шығып жүрген газет-журналдардағы мақалалардың жиынтығындай әсер етті. Бірақ басқа сәттермен, басқаша сөздермен айтылған. Мысалы,  тараншылар, өзбектер туралы сартстан дейді. Үшінші менің көңілімді қалдырғаны, бұл кісі өзінің кейіпкерлерін аямайтыны. Романда 28 адам бірдеңеге қарсы хат жазыпты. Соны 28 надан, топас дейді. Осындай ауыз, екі көшедегі жаргондар, «қарғаулар» көп. Бұл үлкен жазушыға үлкен күнә. Менің ойымша, автор өзінің жағымды да, жағымсыз да кейіпкерін бөліп қарамауы керек. Авторға екі кейіпкер де бірдей болып отыруы керек, бірақ жағымсыз кейіпкер екенін дәлелдеп отыруы керек. Төртінші көңілімді қалдырғаны, ішіндегі кейіпкерлер өмірде бар адамдар, оларды тұтастай қаралап көрсету өмірде де, әдебиетте де келмейді. Қандай жаман адам болса да, оның бойында жақсы қасиет бәрібір бар. Мысалы, Юрий Нагибин «Моя золотая теща» романында Игорь Шафаревичь деген орыстың ұлы математигін, ұлтшылын, патриотын Макареевич деген жалған ат қойып сынайды. Бұл да әдеби тәсіл. Бірақ ол кейіпкерін ит, надан, сорақы, сұмырай демейді. Сондықтан төртінші менің көңілімді қалдырғаны осы болды. Ішінде кейбір жақсы нәрселері бар. Оны жоққа шығармаймын. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы пікіріңізге кітаптың бас насихатшысы не дер екен? Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Біз қазір ұлт ретінде қатты азғындалдық. Рухани тұрғыдан. Бірақ бұл көбіміздің көзімізге көрінбейді. Мысалы жақында ғана чуваштар өздерінің ана тілін жойды. Сол жайында Түркияда конференция өтті. Тілдері жойылғанда қырылып қалған жоқ. Беттері табақтай-табақтай болып отыр. Бірақ тіл жоқ. Осы рухани азғындау ма? Меніңше, рухани азғындау. Олар рухани азғаннан өздерінің ұлттық тілін жойып алды. Ал енді чуваштардың тәртібіне қараңыз. Мысалы, кавказдықтар шу шығарып жатыр ғой. Чуваштар шу шығармайды, бәрі галстук тағып алған, жұмыс істеп жүр. Рухани азғындауды көру өте ауыр. Мен ойлаймын, рухани азғындауды көзінің алмазы бар, көкірегінің дүрбісі бар Мұхтар Мағауин сияқты мықты жазушылар ғана көре алады деп. Сол көргенін бізге жеткізген. Өз басым бұны роман-ескерту деп бағалаймын. «Құрисыңдар! Шекке жетіп қалдық! Осы шекке жетсек құрисыңдар!» деген дабыл қағу. Бұл керемет роман. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Дегенмен кейбір өзімізге таныс, зиялы қауым өкілдері арасындағы іштарлық, бақастық, бәсекелестік, бір-бірін қаралау, бір-бірінен өш алу сияқты жайттар де көп орын алып кеткен екен кітапта. Осының бәрі ұлттық, мемлекеттік мүдделерімізді көмескілендіріп тұрған жоқ па? Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Көмескілендіріп тұрған жоқ. Біріншіден, Мұхтар Мағауин нені жазатынын біледі. Жаңа сен, Аманхан, романда 28 адам қол қояды деп айттың, иә. Романда 28 адам неге қол қояды? Әрі ғалым, әрі шенеунік өзінің атағын шығару керек қой. Былай дейді: «Қазақта мүлде мемлекет болмаған. Ал қазақтың басында тұрған Кенесары, Абылай, әз Жәнібек, бәрі моңғолдар», – деп хат жазады. Сол хатқа қазақтың бүкіл қаймағы қол қояды. Сұмдық қой енді, сұмдық. Бізде неге мемлекет болмаған? Бұл өте қорқынышты нәрсе. Біздің зиялыларымыздың төмендегені сонша, осындай хатқа қол қояды. Бізде неге мемлекет болмаған? Бәріміз аяғымыз салбырап аспаннан түстік пе? Бізде бәрі болған. Мұхтар Мағауиннің айтайын деп отырғаны сол. Аманхан ӘЛІМ: Әмірхан, мен сіздің сөзіңізге толық қосыламын. Иә солай, Мағауиннің сөйтіп жазғанын да жоққа шығармаймын. Бірақ газетте мың сан рет көтеріліп қойған, публицист-журналистер айтып қойған, дуалы ауыздардан сан шыққан, газеттерге басылған сөздерді қайталап, роман жазуға бола ма?.. Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Аманхан, сен «Мың бір түн» хикаясын оқышы. Айтылмаған нәрсе жоқ ішінде. Мәселе бұл жерде Мұхтар Мағауиннің айта алғанында. Қазақтың тағдырын, өмірін көркемдеп, байыптау арқылы біздің өзімізге ұсына алуында. Мен осы романды оқып отырғанда, Аманхан, талай рет тұншығып кеттім. Ана жаққа барып ауа жұтып келіп, қайта оқыдым. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мына сұраққа жауап беріңізші. Бұл кітаптың көркемдігі қандай, тілі қандай? Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Қазір біз көркемдік дегенді басқаша ұғамыз. Мысалы, Мұхтар Мағауиннің «Шахан Шерісін» оқышы. Тілдің шұрайлысы сонда. Ана жолбарысты қалай суреттейді, мысалы. Нар қамысты суреттегенін айсаңшы. Ал бұл романда мақсат басқа. Телеграфтық стильмен жазылған. Дастарханның басында өсек айтылғанда орныңнан тұрып кете алмайсың ғой. Өйткені, өсек қызық. Көркем тілмен табиғатты суреттеу деген сияқтыларды ысырып тастайды да, оқырманға жеткізетін ойды телеграмма құсап шұғыл жеткізеді. Содан кейін Мұхтар Мағауин тілді керемет білетін адам ғой. Бұны да сол бұрынғы шығармалары құсап көркемдеп жазуға болатын еді. Бірақ өзінің алдында мақсат тұрған. Оның тілі өте құнарлы. Қара жер сияқты салмақты. Мұхтар Әуезов: «Менде Абай шығармаларының мәдениеті бар» деп айтады екен. Басқа жазушылар ренжімесін, мен әдебиетті зерттеп жүрген адаммын, Абайдың тілінің мәдениеті мен Мұхтардың тілінің мәдениетін мен ұдайы Мағауиннің шығармаларынан кездестіремін. Орыстарда «библейский язык» дейтін бар. Достоевскийдің тілін «библейский» тілге жатқызады. Неге? Өйткені ол ақиқатшыл тіл, бос сөйлемейді, жылтырап сөйлемейді. Әр сөзі ақиқатты ашып отырады. Қара жерді қопарғандай, әр сөзі шындықты аударып отырады. Мұхтар Мағауиннің сөздері де сондай, мен солай бағалаймын. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қалай десек те, меніңше, Мұхтар Мағауиннің «Жармағы» тосын шығарма. Кәдуілгі қазақы әңгімеден бөлек. Ішінара еуропаланған ой саптасымен де ерекшеленеді. Кітаптың осы тарапта бір сыйлыққа ілігіп кетуі мүмкін бе? Мұхтар Мағауиннің нақ сондай мақсатты көздеуі мүмкін бе? Әмірхан, кітап не үшін, қандай мақсатта жазылды? Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Біздің қазақтың рухани азғындап бара жатқанын Мұхтар Мағауинге дейін көп жазушылар айтқан. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында. Бір қазақтың ауылын казактың үш солдаты қырып кетеді. Сонда алпыс шақты, ішінде баласы да, шағасы да бар, барымташысы да бар, бәрі қорқып бір киіз үйдің ішінде жатады. Сонда ана солдаттармен әйелдер айқасады. Ақбілектің шешесі айқасады. Егер сол алпыс жігіт орындарынан тұрып үш солдатпен айқасса, ары кетсе алты қазақ өлетін еді. Қорқақ, үркек. Сонда Аймауытовтың айтайын деп отырғаны мынау: «Құдай-ау, неге біз қорқақпыз, үргедекпіз?». Мұхтар Әуезов те айтқан: «Абай жолында» екі кейіпкер бар: біреуі Манас, біреуі Қарахан. Екеуіне әйел айырбастаттырады. Бірақ бүкіл жазушы, редакторлар қарсы шығып: «Ойбай, сен қазақты дүниежүзіне масқара қылайын деп жатырсың, әйел айырбастау деген не масқара?» деп тоқтатып, үзіндіні алдырып тастайды. Бірақ мен ол үзіндіні оқыдым. Керемет, ғажап. Әйел айырбастау деген не? Ар-намыс айырбастау деген сөз. Біз қазір бәрін айырбастап жібердік қой. Ар-намысымызды ақшаға айырбастап жібердік, мысалы. Ана тілімізді ағылшын тіліне, орыс тіліне, ислам тіліне айырбастап жібердік. Өстіп біздің рухани азғындағанымыз туралы бір шығарма шығу керек деп ойладым. Рас, Тынымбай Нұрмағанбетов екі-үш шығарма арнады. Керемет шығарма, өзім Тынымбай Нұрмағанбетовті керемет бағалаймын.  Өзімізге сыншыл көзбен қаратады. Ал енді Мағауиндікі тұтас роман. «Қазақ зиялылары қазақ жұртын алдыға шығарып қойдым, міне қараңдар» дейді. Бізге өзіміз байып, өзіміз бақытқа жетсек болды. Қазақ бақытсыз. Мұхтар Мағауин бізді іремей сояды. Бұл романды оқымай жіберіп алған оқырман қатты өкінетін  болады. Біз өзіміздің ұлтымызды сыйлай алмаймыз, өзімізді қадірлей алмаймыз. Біз өзгеге табынамыз, өзгенің мүддесін көздейміз. Қазақтың жазығы не? Кімнен кембіз? Бұндай роман жазылған жоқ дегенді осы тұрғыда айтып отырмын. Әр жер, әр жерде көтерілген мәселе мына романда тұтас көтерілген. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Екі жақтың екі түрлі пікіріне қарамастан, осы кітапты көп таралыммен шығарса қайтеді? Қалай қарайсыздар? Аманхан ӘЛІМ: Көп таралыммен шығару автордың құқындағы нәрсе. Жаңа ақша деп кетті Әмірхан. Мен жаңа бір сөзді айтамын деп отырып, есімнен шығып кетіпті. Мынандай сөз бар кітапта: «Бүгінгі заманның тұлғасы – сылдыр сөз емес, сиқыр ақша» дейді. Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Рас қой. Аманхан ӘЛІМ: Сылдыр сөз емес деген не сөз? Жалпы сөзді тұлға деуге бола ма? Сөйлемнің орашолақтығы. Сөзді тұлғаға теңейтін, сылдыр сөз болса, оның несі тұлға? Мен автордың сөйлем құраудағы жауапсыздығына таңғаламын. Өзі сылдыр сөз болса, оның несі тұлға? Автор ақша мен сөзді салыстыратын кезде сылдыр деген сөзді қолдану арқылы өзінің сөйлем құрауындағы әлсіздігін, яғни асығыстығын көрсетіп отыр. Бұл жерде Мағауин тіл білмейді деген сөз болмау керек. Мәселе қалайда бұл кітапты тез шығару, тез оқырманға жеткізу болған шығар. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Менің ойымша, екі жақтың пікір қайшылығы мұнымен аяқталған жоқ. Бұл заңды деп ойлаймын. Себебі Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы бізге бұдан кейін де тыныштық бермейтін сияқты. Бұл айналасына осындай пікір тудырып жүретін кітап. «Жармақтың» өз насихаты өзінде деп отырғаным сол еді. Кешелі-бүгінгі ұрпаққа ғана тән, соларға ғана белгілі қоғамдағы жайттарды талқылағаннан кейін ол келер ұрпаққа қызық па? Келер ұрпақ бұны көркем дүние, не болмаса әлдебір шешіре-тарихымыз деп қолына ұстай ма? Аманхан ӘЛІМ: Мына кітаптың келешегі туралы не дейсің дегенде менің айтарым, газет оқымаған, оқымайтын, осы кітаптың ішіндегі проблемаларды бүкіл газет-журналдардың жазып қойғанын оқымағандар үшін бұл кітап – кітап. Мен үшін оқырман ретінде Мағауин не жазыпты деген қызығушылықпен оқып, жауып қойып, қайтадан ашпайтын кітап. Өйткені мен тақырыпты публицистикалық мақала ретінде жазып қойғанмын. Сондықтан бұл менің кітапханамда тұра ма, тұрмай ма, өзімнің еркімдегі нәрсе. Ал бірақ бұл кітаптағы мәселе мен үшін ешқандай да таңсық емес, қызық емес. Өйткені мен өзімді көзі ашық оқырманмын деп есептеймін. Сондықтан үлкен интеллектуалды газет-журналдарды жібермей оқитын оқырман үшін бұл кітап күнделікті мақалалар мен оқиғалардың жиынтығы ғана. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әмірхан, сізге бір сұрақ. Осы шығарманы қайталап оқуға шыдамыңыз жете ме? Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Қазір жауап берейін. Аманхан, менің де жоғарғы әдеби білімім бар. Айтайын дегенім, Мағауин мақсатты түрде жазған. Мысалы, Мағжан Жұмабаев «Психологияны» жазды, өлеңін жазып жүре бермей ме? Неге? Қазақтар үшін. Мынау да сол сияқты мақсатты түрде жазылған. Мынау қазақтың зиялыларын айтып отыр. Романның ішінде қазақтың ақын-жазушыларын суреттейді. Сонда әдебиет күнкөрістің қамына кірісіп кеткен. Бір бай адамды көрсе болды соған арнап кітап жазып, апарып береді. Анау оған ақша береді. Сондықтан Мағауин осы кітабымен сөз дегеннің не екенін түсіндіргісі келді. Аманхан ӘЛІМ: Әмірханға қосыламын, мүмкін мақсатты түрде жазған шығар. Бірақ мақсатты түрде жазғанда... Өзінің үлкен жазушылығын күнделікті газет-журналдарға шыққандарды жинақтап беруге дейін түсіру... Дұрыс айтады, Жұмабаев «Психология», Аймауытов «Педагогика» деген кітап жазған. Бірақ оларды бұл кітаппен салыстыруға болмайды. Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Шындап келсеңіз, әлемдегі ең мықты жазушы Достоевский емес пе? Қазіргі мықтылардың бәрі Достоевкийдің шәкірттері. Ал ол сол шығармаларына сюжетті газеттегі хроникалардан алған. Мәселе бұл жерде көркемдік байыптауда, мәселе ой айта алуда...  Аманхан ӘЛІМ: Мен сенің сөзіңе толық келісемін. Достоевский «Раскольниковтың өлтірілуін» Санкт-Петербургтегі газеттен алған. Ал  Достоевский соны қалай көтерді. Мәселе сонда, Достоевский діни тұрғыдан алып көтереді. Ал мынау күнделікті тұрмыстан аса алмай қалған. Егер осының ішінде Құран Кәрімнің идеясындағы ұлы нәрселер болатын болса, Достоевскийдің «Преступление и наказаниесі» секілді болса, мен ақтап алар едім. «Преступление и наказаниеде» Раскольников түрмеге түседі, түрмеде жатып Библияны оқиды. Достоевский жаңағы газеттегі нәрсені діни тұжырымдар арқылы тұрмыстан жоғары көтерген. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: «Бәрін айт та, бірін айт» деген, үшеуіміздің де көмейімізде тұрған бір сөз бар. Соны айтып көрейікші. Мысалы, осы «Жармақта» Мүштәр Маханов деген кейіпкер бар. Ол кейіпкер ұлт үшін, тіл үшін күреседі. Мағауин солай жазады. Бірақ сол Мүштәр Маханов сол әрекетті шын көңілмен істемейді дейді. Себебі ол Шыңғысханды жау санайды. Ол басқа да бір қазақтың тарихына, қазақ қоғамына байланысты көптеген қателіктерге ұрынады дейді тағы. Мүштәр Махановты бұл кітап,  төте сөзбен айтқанда, мазаққа айналдырады. Ал енді біз оның кім екенін көріп отырмыз. Кейіпкер деп алайықшы, нақты өмірде бар демей-ақ қояық. Біздің ұлт үшін, тіл үшін күресіп жүрген қаһарманымыз, осы кітаптың кейіпкері неге осы ұлт үшін, ел үшін кітап жазып отырған Мұхтар Мағауиннің мазағына айналуға тиіс? Ұлттың маңдайына басқан екі үлкен тұлғасы неге бірін-бірі жоққа шығаруға тиіс? Сол оқиға, сол көрініс неге осы романда көрініс тауып отыр? Осыны айтыңыздаршы... Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Біріншіден, бұл – көркем  роман. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мүштәр Махановтың кім екенін біліп отырсыз ғой. Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Біліп отырмын. Көркем романның заңы бойынша, Мүштәр Маханов мына адам деп көрсетуге біздің хақымыз жоқ. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ал енді қараңыз! Сол Мүштәр Махановтың жазып жүрген еңбектерін, істеп жүрген істерін, тіпті қол қойғызып жүрген хаттарына дейін дәл келтіреді. Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Бұл жерде Мүштәр Маханов типтік бейне. Егер біз Мүштәр Маханов мынау деп бір адамды көрсететін болсақ, автордың бізді сотқа беруге қақысы бар. Көркем романда ойдан шығарылған нәрсе көп. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әмірхан, біз нақты мына адам деп отырған жоқпыз. Аманхан ӘЛІМ: Жүке, бұл жерде автор жазушы ретінде өзінің кейіпкерлерінің сөз сөйлеу, мінез, жүріс-тұрысын, бәрін белден басады. Меніңше, автор бұған саналы түрде барып отыр. Ал шынайы жазушы ешуақытта ондайға бармайды. Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Аманхан, мына көркем романды олай талдауға болмайды. Көркем романның шартына тән емес. Мүштәр Маханов деген романның кейіпкері. Оның ең жаман жері креслоқұмар, атаққұмар. Өзінің атаққұмарлығын ұлттың мүддесі арқылы шешкісі келеді. Қазақтың есебінен жеткісі келеді. Мына роман маған түк қызық емес деп Аманхан айтып отыр. Егер шын түсінсек, бұл Мұхтар Мағауиннің іштегі шері, іштегі запыраны, іштегі айқайы. Халықтың қасіреті, қазақтың қасіреті. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әмірхан, Аманхан, біздің бүгінгі талқылауымыз аяқталмаған сияқты көрініп тұр маған. Бұл әдебиеттегі, қоғамдағы заңдылық деп есептеймін. Мақсат осы кітапты аспандату емес, болмаса жоққа шығару емес. Жалпы осы кітаптың оқырман қолына жетуіне жасалған біздің бір әрекетіміз деп ойлаймын. Қазіргі заманда кітап оқылмай жатыр дейміз. Ал енді ішінара болсын біздің кейбір кітаптарымыз, шығармаларымыз осындай құбылыс ретінде қабылданып, оның төңірегінде осындай қызғын әңгіме жүріп жататын болса, оқырман неге оқымасқа?  

1329 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы