• Оқулыққа қосымша
  • 15 Маусым, 2017

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ. Азиядан ауған америкалықтар

Компьютер экранындағы жыпыылықтап, жазуыңның қай тұсқа келіп қалғанын көрсетіп тұратын таяқшаның мазасыздығы кейде жүйкеңді жұқартады. Өзі асыққан жаққа асықтырып, жыпылықтап жазғаныңды аңдып тұратын сияқты. Жаза бастасаң ілеседі. Тоқтасаң аңтарылып саған қарайды. алғашқы сөйлемнің ауырлығын оған қалай түсіндірерсің? адамзаттың әлімсақ тіршілігі жөнінде жазғалы отырған мақаланың өзінен гөрі, алғашқы сөйлемі көп ойландырды. Иә, алғашқы сөйлем туралы сенің басыңдағы долбарлар сияқты, адамзаттың пайда болуы жөнінде де долбарлар жетерлік. Ғылымға белгілісі төртеу, көпшілікке белгілісі екеу. Ғылыми төрттікті «дарвиндік», «діни», «уфологиялық» және «мутациялық» теориялар құрайды. осылардың ішіндегі көпшілікке танысы алғашқы екеуі екені айтпаса да түсінікті болар.
  1. Уфологтар адамзатты жерде пайда болмаған жат элемент, ғарыштан келген келімсектер ретінде қарастырса, көпке белгісіз теорияның екіншісі адамды радиациялық мутацияның жемісі деген пікірге тоқталады. Бұл екі теорияның жақтаушылары аз болғанымен, ғылым үшін өзіндік жаңалықтары баршылық.
«Адамзат тарихы маймылдан, маймылтектестерден бастау алады». Бұл «дарвинистердің» пікірі. Ислам дініндегі деректерде жерге түскен алғашқы Адам ата мен Хауа ананың сөйлей білгені, Адам пайғамбардың білімді болғаны айтылады. Тағы бір деректерде жер бетіне 124 мың пайғамбар түскені туралы сөз бар. Ойлап қарасаң, саналы адамның 50 мың жылдық тарихына 124 мың пайғамбарды сыйдыру мүмкін емес. Ғалымдар адамзаттың саналы ғұмырын сол 50 мың жылдан асырмай отыр. Не діни деректерде, не ғалымдардың болжамында шикілік бар. Себебі, жәй арифметикалық есеп бойынша әр жылда екі пайғамбардан, ал кей жылдары тіпті үш пайғамбардан түсіп отырған болып шығады. Мұндай күмәнді, күмәнсіз деректерді көптеп келтіруге болады. Біз олардың барлығына тоқталып жата алмаймыз. Бұл бізді ойландырған сұрақтардың бір ұшы ғана. [caption id="attachment_18188" align="alignright" width="232"] 1-сурет[/caption] Сонымен, адамзат осыдан 5 миллион жыл бұрын Африканың шығысында пайда болып, Еуразия даласына қарай жылжыды. Ал, қазақ топырағына адамзат шамамен миллион жыл бұрын қоныстана бастаған. Алғашқы адамдардың қоныстары Батыс Қазақстан, орталық Қазақстан өңірлері мен Арал теңізі маңайында кездеседі. Археологтардың соңғы жаңалықтарының бірі ретінде Қаратау сілемдері бойынан 9 метр тереңдіктен табылған ерте темір дәуіріне жататын тұрақтарды айтуға болады. Электронды-парамагниттік резонанстың көмегімен анықталуы бойынша, бұл тұрақтан табылған бұйымдардың жасы 501000 жыл және дәл мұндай тұрақтарды Қазақстан даласынан көптеп ұшыратуға болады. Бір сөзбен айтқанда, саналы адамның дүниеге келуі кезеңінде Еуразия материгінде, оның ішінде Қазақстан территориясында тіршілік қайнап жатқан еді. Демек, адамзаттың саналы ғұмыры туралы болжам әлі талай өзгеруі ғажап емес.
  1. Иә, бүгінде Американың түпкі халқының Азиядан ауғаны туралы дерек жаңалық емес. Тіпті қалай қоныс аударғаны туралы деректер де жетіп артылады.
Қазіргі әлем картасында Еуразия мен Америка материктерінің арасын 82 шақырым ғана Беринг бұғазы бөліп жатыр. Ал, жер бетіндегі соңғы мұз басу дәуірінде бұл бұғаз мүлдем болған емес. Мұз басу дәуіріндегі судың мұздықтарға жиналуы теңіз деңгейін бүгінгіден елеулі деңгейде төмендеткен. Бұл тұс екі алып материктің біртұтас кезеңі болатын. Тұтас «Пангеяның» ыдырауының ең соңы Солтүстік Америка мен Еуразияның ажырауымен аяқталды десек қателеспеспіз. Дәл осы мұз басу дәуірі Американың түпкі халқы «үндістердің» (бұл ғылыми термин) Азиядан қоныс аударған уақытына тура келеді. Ал, олар кімдер еді? Бүгінгі біздің даладан кеткен халықтың бізге қаншалықты қатысы бар? Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі көптеген ғалымдардың ден қойған тақырыбы осы болатын. Олар Американың түпкі халқы жөнінде антропологиялық, стоматологиялық зерттеулер арқылы көптеген тұжырымдар жасады. [caption id="attachment_18189" align="alignleft" width="228"] 2-сурет[/caption] Америка құрлығындағы Гренландиядан Аляскаға дейінгі территорияда өмір сүретін эскимостардың антропологиялық әлпетін зерттеген ғалым М.Г.Левин Ежелгі Азия халықтары мен эскимостардың морфологиялық ұқсастықтарын ғылыми түрде дәлелдеп берді. Ғылымның дамуы ДНК-лық сараптамалар жасауға жол ашқан тұста, Америка материгінде өмір сүретін «үндістердің» барлығы генетикалық тұрғыдан шамамен 15000-30000 жыл бұрын бір генетикалық топтан тарағаны дәлелденді. Ал, мұның ішіндегі генетикалық топтардың 95%-ы бүгінгі Азияда өмір сүретін халықтардың ДНК сараптамаларымен сәйкес келеді. Өз кезегінде лингвист ғалымдар «үндіс» тайпаларының тілдерін зерттей келе, олардың Жаңа құрлыққа бір емес, бірнеше мәрте қоныс аударғанын алға тартады және жаңа құрлықтың ескі тұрғындарының тілі бүгінгі Алтай тілдеріне жақын деген пікірлер көтерілді. 1967 жылы шведтік «Этнос» журналында басылған ориенталист (шығыс тілдерін зерттеуші ғалым) Стиг Викандердің «Мая тілдер тобы мен Алтай тілдер тобы арасында байланыс бар ма?» атты мақаласында: «Мен бірінші рет мая тайпаларының бір бірімен сөйлескендерін көріп үлкен таңданыста қалдым. Олардың сөйлеу интонациясынан өзім аз ғана уақыт бұрын сапар шеккен Стамбул қаласының тұрғындарының интонациялары байқалады. Әрине, мұндай ұқсастықтар алдамшы болуы мүмкін. Бірақ, маялықтардың тілін зерттей келе түрік тілінде кездесетін көптеген сөздерге тап болдым. Айтылуы жағынан да, мағынасы жағынан да», – деп жазды. Осы деректерге қарап, алтай тілдері, яғни бүгінгі түркі, моңғол тілдерінің негізі Азия даласынан «үндіс» тайпаларының ауа көшер алдында қаланған деген пікірге келуге болады. Шамамен бұл 40 мың жыл бұрын. Ең соңғы, әрі нақты заттай деректер ретінде археологиялық қазбалар кезінде табылған бұйымдар да үндіс тайпаларының басқа емес, дәл Азиядан кеткенін айғақтайды. Жаңа құрлыққа ежелгі халықтардың, дәлірек айтсақ «палеоазиялықтардың» үш дүркін қоныс аударғанын лингвистермен қоса археологтар да қуаттаған. [caption id="attachment_18190" align="alignright" width="199"] 3-сурет[/caption]
  1. Тотемизм әр халықтың, тайпаның өзіндік тотемдік белгісін қалыптастырды. Түркінің тотемі – бөрі. Оның арғы жағында арқар немесе таутеке, одан ары жылан немесе айдаһарға тірелуіміз мүмкін. Тотемдік тарихымызға тереңдей түссек, көкте қалықтаған құсқа, тіпті тасбақаға да кезігудің сәті түсер. Әрине, оқырман келтірілген дерекке дәлел күтеді. Бәрі өз ретімен.
Сіз «Күлтегін» ескерткішіне назар аударып көрдіңіз бе? Мәтініне емес. Құрылымына. Бітік тастың жоғарғы жағы жартылай дөңгелек болып келеді. Біз көріп жүрген суреттер мен көшірмелерде сол жартылай дөңгелектің бір жақ бөлігін оқ жұлған. Ал, егер бүтін болғанда қандай болар еді? (1-суретті қараңыз). Өздеріңіз көріп отырғандай Ескерткіштің жоғарғы бөлігінде басы бөрі тектес айдаһар бейнеленген. Айдаһардың арғы тегі жыланнан. Қазақ мифтерінде адам көзіне ұзақ ғасырлар бойы түспеген жыланның айдаһарға айналатыны туралы сюжеттер кездеседі. Ал, ортадағы ерекше бөлінген тұсында таутеке немесе арқар. Қалай дегенмен де тауда өмір сүретін, көкке бір табан жақын жануар бейнеленген. Ал, ескерткіштің бүтін кезінде астында «бақатас» болған.(2-суретті қараңыз) Қарапайым бақадан гөрі, «тасбақаға» көбірек ұқсайды. Ал, «Күлтегіннің» тастан қашалған бас мүсінінің маңдайында қанатын кеңге жайған самұрық құстың бейнесі бар. (3-суретті қараңыз) Орхон Ескерткіштеріндегі суреттер негізінен осылай болып келеді. Мысалы, «Бұғыты» кешенін алып көрейік. (4-суретті қараңыз) Ұстын тас тасбақаның үстіне орнатылған. Ал, ескерткіштің жоғарғы бөлігінде бөрі емген баланың бейнесі бар. Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай түркілік танымдағы «бөрі» бейнесі «Бұғыты» кешенінде ғана емес, Күлтегін, Білге қаған, Қарабалғасу ұстындарының да бас жағында бейнеленген. Бірақ, бөрі көбіне реалистік тұрғыда емес, қияли мифтік тұрғыда суреттеледі. «Бұғыты» ұстынының суретіне назар аударсаңыз, ескерткіш басы – қасқырдың басына ұқсап, денесі айдаһарға, аяғы жолбарысқа, шудасы арыстанға ұқсатылып қашалған. Қорыта келгенде, Орхон ескерткіштерінің ең бірінші ұқсастығы ретінде олардағы айдаһар, бөрі сынды тотемдік белгілердің мифтік негізде қашалуын айтуымызға болады. Бұл ескерткіштердің көпшілігіне ортақ тағы бір дүние – тасбақа тұғырлары. Бөрінің жайы белгілі. Жылан мен айдаһар да біздің мифтерде көп кездеседі. Таутеке немесе арқар да биікте көкке жақын жануарлар ретінде тотемдік белгілер қатарында. «Күлтегін» бас мүсінінде самұрықтың бейнеленуінің де өз түсіндірмесі бар. Осы аталған жан иелерінің барлығы дерлік біздің бүгінге дейінгі танымымызда сақталған. Бірақ, барлық ескерткіштерге тұғыр болып, осы тотемнің барлығын көтеріп тұрған тасбақа жөнінде қазақ мифтерінде көп дүние кездеспейді. [caption id="attachment_18191" align="alignleft" width="191"] 4-сурет[/caption] Иә, тасбақа барлық ескерткіштерде кездескенімен, тотемдік белгі болғанға ұқсамайды. Өйткені, тотемнің барлығы ескерткіштердің жоғарғы жағында. Ал, тасбақа барлығын көтеріп тұрған тұғыры. Қазақтың жерді көтеріп тұрған көк өгіз туралы аңызы есіңізде ме? Бұл тектес аңыздар бүкіл әлемді кезіп жүргені мәлім. Тек жерді көтеріп тұрған жан иелері әр халықта әр түрлі. Біздің халық түсінігінде жерді мүйізімен көтеріп тұрған көк өгіз болса, Американың түпкі халықтарында жер тасбақаның арқасында орналасқан. Теңіздің арғы бетінде аңыз бойынша аспаннан алғашқы адам түсіп келе жатқанда оны құстар көтеріп ұшып, табанын тигізетін құрлық іздеді. Бірақ, табылатын емес. Ұзақ ізденістен кейін құстардың қанаттары талып, адамды ұшы-қиыры жоқ теңізге құлатып алуға тақағанда теңіз бетіне алып тасбақа көтеріледі. Осылай алғашқы адам табаны алғаш рет тасбақаның арқасына тиді. Ол оны құрлыққа жеткізді. Осылай сөйлейтін аңыз бойынша ежелгі үндістерде жерді тасбақа көтеріп тұр деген түсінік қалыптасқан. Біздіңше, бұл миф бір кездергі америкалық үндістер мен біздің бабаларымыздың арасы ажырамай тұрғандағы түсінік. Теңіздің арғы бетінде тасбақа алғашқы құрлық ретінде сақталып қала берген болса, біздің мифтің аңыздарда тасбақа ұзақ жасау мен ақылдылықтың символына айналған болатын.  Бірақ, жерді көтеріп тұрған тасбақа туралы түсініктің сарқыншақтары Түрік қағанатының тұсында да біршама сақталғанға ұқсайды. Өйткені, бітік тастарда бейнеленген бүкіл тотемдерді тасбақа көтеріп тұр. Біздің барша түсініктерімізді ежелгі шеберлердің тасбақаның арқасына артып қоюы тегін емес шығар. Америкалық үндістерде «тотемдік бағаналар» көп кездеседі. (4-сурет) Ағаштан ойылған бұл бағаналарда белгілі бір тайпаның бүкіл тотемдік белгілері өз ретімен мифологиялық тұрғыда бейнеленеді. Ежелгі тотемдер жоғарыда, одан кейінгілері төменнен орын тапқан. Көптеген тотемдік бағаналарды қарап отырып, Америкалық үндістердің ежелгі тотемдерінің бірі самұрық құс болғаны байқалады және бұл халықтың басына құстың қауырсындары қадалған баскиім киетінін есіңізге түсіріңізші. Әрине, самұрық құс деп отырғанымыз құстың үлкендігін білдіру мақсатында. Ал, үндістердің өз тілінде «қасиетті қанатты» немесе «күркіреу құсы» (аспанның күркіреуі) деп аталады. Аңыз бойынша бұл құс ұшып келе жатқанда қанатынан жел тұрғызып, найзағай шақырады. Есіңізге ештеме түсірмей ме? Ертөстік ертегісіндегі балапандарына асыққан «алып қара құс» та ұшып келе жатқанда қанатынан дауыл көтеріліп, көз жасы жауын болып жауатын еді ғой. Екі аңыздағы алып қара құстың түбі бір болуы әбден мүмкін. Мұның үстіне, Күлтегіннің бас мүсінінің маңдайындағы самұрық құсты қосыңыз. Екі халық арасындағы ең ескі тотемизмдік түсініктегі ұқсастықтар самұрық немесе алып қара құстың және тасбақаның төңірегінде топтасады. Және екі халық та өздерінің ежелгі тотемдеріне өте үлкен құрметпен қараған. Бірінде арнайы ағаштан бағаналар ойылса, екінші халық даладағы тастан қашалған ескерткішіне өз тотемдерін ғажап шеберлікпен сыйғызған.
  1. Азиялық халықтар Америка құрлығына 3 дүркін қоныс аударды дедік. Алдыңғы екеуіне көзің түгілі, көңілің жетуі қиын. Ал, соңғы көш «ит жүгірткен шаңғышылар» көші болды деп болжауға мүмкіндік беретін деректер баршылық.
Ит – ғалымдардың дәлелдеуінше, осыдан 10-15 мың жыл бұрын адамзаттың ең бірінші қолға үйреткен жануары. Олардың арғы тегі қасқырдан, кейбір иттердің түпкі тегі шибөрілерден таратылады. Адамның бүгінгі күнге дейінгі ажырамас досы болып келе жатқан ит ең бірінші Оңтүстік Азияда қолға үйретілді. Бірақ, әлі де олардың адам қолына өздері үйренгені немесе адамдар үйреткені дәлелденген жоқ. Біз сөз етіп отырған Американың ежелгі халықтарында да қолға үйретілген ит болған. Олар тіпті бұл жануарларды жер бетіндегі ең бірінші пайда болған және ең соңғы өлетін жануар ретінде сенген. Алғашында ғалымдар жаңа құрлықтағы иттердің тамырын Солтүстік Америкадағы қасқырлардан тарады деп ойлады. Мексика, Перу, Болливия сияқты жерлерден табылған ежелгі үндістердің иттерінің ДНК сараптамасы сәйкес келді. Тек, Солтүстік Америкалық қасқырлардың ДНК-сымен емес. Олардың ДНК сараптамасы Кәрі құрлықтың қасқырларымен сәйкес келетін еді. Иә, Америкаға қоныс аударған азиялықтардың соңғы үшінші дүркін көші кезінде олардың қасында қолға үйретілген иттері болды. Ал, шаңғышылар кімдер? Әрине, прототүркілер. Жоқ. Протоскифтер дегеніміз жақындау болатын сияқты. Сіз бұған келісерсіз. Бірақ, біздің бабаларымыздың осыдан 10-15 мың жылдар бұрын шаңғы тепкеніне келісе қоясыз ба? Ең ежелгі шаңғышылар ретінде норвегиялықтар аталады. Осы елдің тастарынан табылған суреттерде шаңғы теуіп жүрген адамдар кездеседі. Ал, оның жасы 4500 жыл. Кейіннен жастары 8 мың жылдан асып түсетін дәл осындай шаңғышылар суреттері Швейцария мен Ресейдегі Орал тауларынан табылған болатын. Бірақ, Норвегияны атағынан ешкім айырған жоқ. Сонымен, осы уақытқа дейінгі келтірілген деректер шаңғының жасын 8 мың жылға апарады. Ал, бұл кезде протоскифтер жаңа құрлыққа өтіп кеткен болатын.2005 жылы Алтай тауларындағы «Дұндырбұлақ» деген жерден тастағы сурет табылды. Ол суретте бір қатарда кетіп бара жатқан жеті адам бейнеленген. Бастарында шошақ баскиімдері бар. Алдыңғы төрт адамның артында жануарлардың бейнелері бар. Ал, қалған үш адам белдерін сәл бүгіп, сыңар таяққа сүйеніп шаңғы теуіп барады. Бірақ, бір қызығы бұл сурет қашалмаған, бояумен салынған. Ал, суреттің жасы шамамен 12 мың жыл. Бұл тұста бояу қайдан жүр? Әрі, ғылымы дамыған заманның өзінде оншақты жылдан ары өз реңін сақтап тұратын бояу табылмай жатқанда, тастағы ежелгі халықтың 12 мың жыл бұрынғы суретінің бүгінге жетуі адам сенгісіз дүние. Бірақ, қарапайым адам таңғалса да, ғылым таңғалыссыз. Себебі, Франция, Испания сияқты мемлекеттер территориясынан тастарға бояумен салынған 20-30 мыңжылдық суреттер кездеседі. Яғни, тастардағы ежелгі бояумен салынған суреттердің бізге бұзылмай жетуі әбден сенерлік құбылыс. Бұл жаңалық талас тудырмай қоймайды. Осыған орай шаңғы отаны саналатын норвегиялықтар бастап, он шақты елден ғалымдар тобы Алтайлық тастағы суреттің айналасына үймелесті. Нақты фактілерге сүйене отырып, ғалымдар суреттің жасы 10-12 мың жыл деген қорытындыға келді. Кейбіреулері 20 мыңға жеткізді. «New York Timеs» газетіндегі биылғы жылы шыққан мақала да осы деректерді қуаттайды. Яғни, біздің далада қозғалыс құралы ретіндегі шаңғы 10 мың жылдан ары уақытта пайда болса, жаңа құрлыққа ауған палеоазиялықтардың соңғы легі бизон соңынан жүріс өндіру мақсатында шаңғымен жүріп отырды дегеніміз логикаға сиятын болжам. Әрі шаңғышы халықтың жанына ерткен сенімді достары болды. Ал, бұл  дерек бүгінгі күнгі сібір халықтарының шанаға ит жегіп жүруінің алғашқы кезеңі болмады ма екен деген де болжам туғызады. Әрине, балдаққа сүйеніп, тұралап тұрған болжам. Ары қарай зерттей түсесің. Америкалық үндістерде иттердің мақсатына қарай үш топқа бөлінетінін көзің шалады. Ол иттердің бір бөлігі шанаға жегілетін болғанын оқығанда тіпті кеудеңді қуаныш кернейді. Иә, болжамың сүйенген бір балдағын тастап, сыңар балдақпен-ақ нық тұра алатын жағдайға жетті. Сонымен, шаңғының отаны – Алтай. Көз алдыңа Алтайдан ауған азиялықтардың соңғы легі ит жетектеп, кейбірі шаңғысына ит жегіп шығысқа қарай жылжып бара жатқаны келеді. Жаңа жерлерді бағындыруға деген құлшыныс бабаңның бойында осы сәттерден-ақ бастау алғанын сезінетіндейсің. Тастағы аң қуған шаңғышылар. Бұл біз үшін ғана емес, сол тұстағы халық үшін де тарихи сурет болуы мүмкін. Иә, палеоазиялықтардың соңғы көші дәл осы суретте бейнеленген болса ше? Бұл суретті көшкен жұрттың туған жерде туатын тың ұрпаққа қалдырған тастағы баяны немесе үлкен іс алдындағы жұрттың жантебіренісі десек ақылға сияр ма? Әрине, бұл болжам адам бойындағы әр ісіне бір белгі қойғысы келетін қызығушылықты ғана сүйеу етеді. Басқа ештеме емес.  

Досхан ЖЫлҚЫБАЙ «Ақ желкен» журналы, №5 Мамыр, 2017

1268 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы