• Бала және біз
  • 11 Қыркүйек, 2017

Бота БЕЙСЕНОВА, композитор: Балаларға арнап ән жазуға баланың жүрегіндей таза жүрек керек

Балалар композиторы Бота Бейсенованы арнайы сұхбатқа шақыруымыз себепсіз емес. Қазір балалар айтатын ән, жаттайтын тақпақ азайып кетті. Бота Бейсенова бұл саладағы танымал композитор. Демек, назар аударуға тұратын, бүгінгі тілмен айтқанда сұранысқа ие адам. – Неліктен балалар композиторы болуды таңдадыңыз?  Менің мамандығым – музыка пәнінің мұғалімі. Мектепте жұмыс істеп жүрген кезде балалар әнінің тапшы екеніне көз жеткіздік. Содан композиторлардың біраз әндерін іздестіріп едік, саусақпен санарлық екен, таппадық. «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деп, өзім шығарып көрдім. Сөйтсек қолымнан келетін түрі бар. Керек тақырыптағы әндерді шығарып, қойын дәптерімде жинай бердім. Осыдан 6-7 жыл бұрын «Мектебім, аяулы мектебім» деген атпен алғашқы ән жинағым шықты. Содан бастап мұғалімдер, ата-аналар әндерімді ұнатып қолқа сала бастады. – Демек, сіздің мақсатыңыз қызығушылықтан гөрі қажеттілікке негізделді ғой... – Иә қажеттіліктен. Балаларға ән жазуға мәжбүрліктен келдім. Бұл жоқтың орнын толтыру, жан айқайы. Өзімнің әріптестеріме де, аналарға да көмек. Балалар әндерін ойдан-қырдан жинағанмен, оранжировка жасату кез-келген ата-ананың қолынан келе бермейді. Қазақшада сатып алуға болатын ән жинақты шығарған себебім сондықтан. Сонан кейін әндерімнің ерекшелігі тақырыптық негізінде. Мысалыға әліппемен қоштасуға, ұстаздар күніне арнаған, мектеп туралы бірнеше әнім бар. Жоқ тақырыптарды қозғауға тырысамын. Маған мұғалімдер ата-аналар тарапынан ұсыныстар түсіп жатады. Мысалы, «биыл балабақша және тәрбиешіге арналған ән жоқ» деп, сол кісілердің қолқа салуымен «Балабақша және тәрбиеші» деген ән шығардым. – Балапан телеарнасынан көрсетілетін «Анашым, ана жаным» әнін кішкентайлардың барлығы біледі. Мәтінге қаншалықты мән бересіз? – Енді мен әні мен сөзін бірге шығарамын. Өзімнің ойымда жүрген түрлі проблемаларды қозғауға тырысамын. Балалардың ұлтымызға деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында наурыз туралы үш ән шығардым. Сосын «Қасиетті домбыра» секілді салт-дәстүрге байланысты әндерім бар. – Балалар композиторларына арналған қандай конкурстар бар? – Ондай конкурстар көп емес. Ұйымдастыру қиын сосын балалар сазгерлері аз. Балалар әндері болғаннан кейін балалардың жасына лайық әндер болуы керек. – Шығармашылығын осы нәзік саламен байланыстырып, балаларға ән жазып жүрген бүгінгі күннің композиторлары кімдер? – Мен өзім танитын саусақпен санарлық қана сазгерлер бар. Бірерінің насихаты аздау ма деп қаламын. Себебі біз естімейміз, көрмейміз еш жерден. Менің білетінім Алтын Маханбетова, Мақсат Жәутіков, Татьяна Кулинова, сосын Бибігүл есімді әріптесіміз бар. Осы секілді бес-алты адамды ғана танимын. – Қандай оқушы болдыңыз? Белгілі кейіпкерлерденкімге ұқсадыңыз? – Менің Қожаға ұқсайтын жерлерім бар. Қожаның айнаның алдында отырып, өзін-өзі жиналысқа салады. Сондай сәттер менде жиі болып тұрады. Қожа сияқты қиялшылмын, арманшылмын. Рахманов ағай қанша сотқар болса да, Қожаны жақсы көреді. Сол сияқты мені де мұғалімдерім жақсы көрді өзімде белсенді оқушы болдым. Соның арқасы шығар, қазіргі таңда халықтың алдында жүргеніміз. Өзімнің ата-анам да өнерлі кісілер. Әкемнің сазгерлігі, ақындығы бар еді Ал анамның даусы жақсы болатын. Қазақтың халық әндерін әдемі орындай беретін. Анамды қазақ әндерінің антологиясы деп атар едім. Балаларға ауызекі айтсаң, бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кетуі мүмкін. Ал енді ән арқылы көп нәрсені үйретуге, түсіндіруге болады. Әннің сөздеріне мән беріп орындайтын болса, оның мазмұнын да түсінетін болады. – Өнер адамдары кітапты аз оқиды деп жатады. Рас па? – Мен бұл сөзге қосылмаймын. Себебі біздің әріптестеріміздің арасында өте көп оқитын азаматтар бар. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» – дейді. Өкінішке қарай кейбір әріптестеріміз тілге шорқақ болып немесе сауатсыз жазып жатса бүкіл өнер адамдарына сөз тиюі мүмкін. Сондықтан да мен өз әріптестерімнің намысын қорғауға дайынмын. – Бала кезіңізде кітапқұмар болып па едіңіз? – Балаларға арналған әдебиет аз, өкінішке орай. Бала кезімізде Б.Соқпабаевтың «Менің атым Қожасын» қызығып оқыдық. Ал жалпы алатын болсақ, «Шатырда тұратын Карлсон», «Ақтайлағым-ай» шығармалары ойымызда жатталып қалды. Ш.Айтматовтың «Ақ кемесі» ерекше әсер еткен. Бастысы оқыған нәрсемді ұмытпаймын. Өте қиялшыл болғандықтан оқып отырған нәрсемді көзіме елестетіп, кино көргендей болып отырамын. Сондықтан көп нәрсе ойымда қалады. Біз өзі отбасымызбен киноға жақынбыз. Менің туған екі ағам кинорежиссер, мен де, міне, киноға түсіп, ішкі кухнясын біліп жатырмын. Түсірілім, монтаждау процестеріне байланысты қыр-сырларын меңгеріп жатырмын. Бір арманым балалар фильмін түсіру. «Менің атым Қожа», «Арман атаман», «Алты жасар Алпамыс»сияқты балалар қызығып көретін фильмдер өте аз.Сондықтан балалар фильмін түсіргім келеді, мультфильм де түсіргім келеді. Себебі мен өзім мультфильмге ән жазған адаммын. «Бағдаршам және оның достары» деген екі сериялы мультфильм бар. «Шеврон» компониясы тапсырыс берді де мультфильм түсірілді. Тапсырыс бойынша мен жеті әнді екі тілде шығарып бердім. Үлкен қызығушылық пайда болды. Бізде қазір кино саласы да, анимация саласы да жақсы дамып жатыр. Сондықтан болашақта ойымыз іске асар деп үміттенеміз. – Шығармашылық шабытты қайдан аласыз? Жалпы балалармен жиі сырласасыз ба? Бала достарыңыз бар ма? – Өзім балалармен тез тіл табысатын адаммын. Бір жағынан өзімді шамалы психологпын деп есептеймін. Бала мен бала тілінде сөйлесе аламын. Байқаймын, балалар да мені жақсы көреді. Өмірінде көрмеген, танымайтын балалар қасыма келіп, мені құшақтай салуы, қолымнан ұстап тұруы мүмкін. Сол сияқты іс-әрекеттерді көрген кезде, бұл саламен бекер айналысып жүрген жоқ екенмін ғой деген ой келеді. Өзім де балаларды қатты жақсы көремін. – Баланың алғыс сезімі ерекше ғой? – Жақында Қызылорда қаласынан арнайы Гүлдана есімді бір қыз бала келді. Мен үшін оның маған арнайы келгені тосын сый болды. Ол қызымыз бір жыл бойы менің суреттерімді шығарып сақтап жүр екен. Сол фотоларымды үлкен бір альбомға жинақтап, маған сыйға тартты. Бұл мен үшін аса бір құнды сыйлық болды. Альбомның ішінде бүкіл бір баланың махаббаты жатқанын сезіндім. Балалар жүрегінде махаббаты толып тұрғанмен, кейде сөзбен жеткізе алмауы мүмкін. Сондықтан сөзден гөрі, сол іс-әрекеті қымбатырақ болады. – Балалар күтіп жүр-ау деген қандай жаңалығыңыз бар? – Ең алдымен алтыншы ән жинағымды шығаруым керек. Бұйырса жаңа оқу жылының басында дайын болып қалады. Екінші жаңалығым, менің әндерімнен республикалық байқау өтпек. Биыл екінші рет болатын бұл байқауды дәстүрлі түрде өткізіп отырамыз деген ой бар. Үлкен үлкен сауда үйлеріндегі балалар алаңқайларында көбіне шет елдің әндері орындалып жатады. Қазіргі үлкен жаңалық енді менің де әндерім сияқты мүмкін басқа да қазақ сазгерлерінің әндері орындалып тұратын болады. Біз сол мақсатта, сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз.Осындай сауда үйлерінде шәкірттеріміздің өнер көрсетуімен концерттер ұйымдастырып жатырмыз. – Балалар композиторы болу қаншалықты табысты? – Бұл жерде ешқандай табыс жоқ. Мен көбіне шығынға түсіп қалып жатамын. Кейде демеушілер іздейміз. Бір альбомда оннан аса ән бар, оның аранжировкасы бар, дискті шығару бар. Ал әндерім интернетте болғандықтан оңай тауып алуға болады. Сондықтан табыстан гөрі шығынды болып қалатын кездер көп болады. Дегенмен мұның сауабы өте үлкен. Тағы бір жаңа жаңалық «Балапан» телеарнасында «Балапан жұлдызы» атты фестиваль өзінің кеше ғана басталды. Сол фестиваль әнұранын жазу маған бұйырыпты. Маған тапсырыс келгендіктен гимн шығардық. Сол әнұран бір жыл бойы әрбір көрсетілімнің соңында орындалатын болады. – Рахмет сізге. Шығармашылық табыстар тілейміз. Балалар әнінің байрағын биіктете беріңіз!    

Әңгімелескен Сәуле НЫСАНБЕК

«Ақ желкен» журналы, №8 Тамыз, 2017

3839 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы