• Ержеттім, бойжеттім
  • 18 Қыркүйек, 2017

«Тісім үшін ұяламын» немесе «жасөспірімдердің көбі ата-анасына өкпелеп келеді»

  Сау тіс – сұлулық. Бүгінде осы сұлулықтың алдында басын иіп, өз болмысына өзгеріс енгізіп жатқандар жетерлік. әйтсе де қалауы мен әрекеті үндеспей, тісінің көркі көңілге қонбайтын жағдайларды да аз кездестірмейміз. Ел алдында қашанда жарқын есте қалатын жұлдыздардың маржандай тіс саулығына кеңесші болып жүрген тәжірибелі тіс дәрігері Дәрібаев Нұрлыбек Әбдібекұлымен тіс ақаулары жөнінде тілдестік. − Баланың тіс күтімі қай уақыттан басталуы керек? − Ең алдымен ата-ана эмбриондық кезеңдерден бастап өте ұқыпты болуы керек. Анасы екіқабат кезде әртүрлі дәрі-дәрмектерді көп қабылдап, денсаулығына дұрыс күтім жасамаса, көп қабылдаған дәрілерінің зияны балаға беріліп, содан бала тістерінде әртүрлі ақаулар, флюрелоз ауруы пайда болуы мүмкін. Бұрын айтылып жүрген титротциклинді ақау сол дәрілердің зардабынан пайда болады. − Тіс щеткасын қанша жастан бастап пайдаланған дұрыс? − Үш жастан бастап ауыз қуысын сақтауға, тістерін тазалауға үйреткен дұрыс. Ал алты жастан бастап тұрақты тістері шыға бастайды. Ол кезде күніне екі рет – таңертеңгі астан кейін, кешкісін жатар уақытта тіс щеткасы-мен жақсылап тазалау керек. Оның да әртүрлі әдістері бар. Соны рет-ретімен тіс дәрігерінің көмегіне жүгіне отырып қолданған дұрыс. Жас баланың ауыз қуысына лайықты мөлшерде тіс щеткасы бар. Тіс щеткасының жұмсағы мен қаттысын үш ай сайын ауыстырып қолданған жөн. Тіс щеткасын пайдаланған кезде алдымен жұмсақ, үш айдан кейін қаттысын пайдаланады. Содан соң кәдімгі тіс пастасын қолдана береді. Гельдің ешқандай зияны жоқ. − Тісті қанша жастан бастап жұлдыруға болады? − Сүт тістері болып, әлі тұрақты тіс шықпаған жағдайда өте қатты асқынған ауру түрлерінде ғана жұлуға болады. Тісті уақытынан ерте жұлдырудың қажеті жоқ. Өйткені астынан шығып келе жатқан тұрақты тістің ұрығы болсын, өзі болсын әртүрлі ауытқулармен бос жатқан жерлерге қарай жылжиды. Астыңғы үстіңгі тіс қатары бұзылып, біріне бірі дұрыс тимейді. Бала дұрыс тамақ шайнай алмайды, жақтың дұрыс дамымауына әсер етеді. − Құрт жеуін тоқтатудың қандай амалдары бар? − Қара дақтың барлығы негізінен кариес болып айтылады. Ата-ана тісжегіні тоқтатуға емес, оны болдырмауға тыры-суы керек. Баланың дұрыс тамақтануына көңіл бөлулері керек. Қалай тамақтанып жатыр, тамақтың құрамында не бар, қандай витаминдер бар, соны қадағалап, балаға уақытылы беріп отырса, кариес пайда болмайды. Кариес болған күннің өзінде бұрын «серебро» деп айтылған фторлак қойыртпағын жаға отырып тоқтатуға болады. Оның да өз тоқтау уақыты бар. Әр үш ай сайын келіп фтор лагін жақсаңыз, кариесті сол күйінше тоқтатып тұрады. Ары қарай дамымайды. Дамымаған соң баланың тісі ауырмайды. Ауырмағандықтан ерте жұлдыруға қажеттілік болмайды. − Жасөспірім кезде тұрақты тістің дұрыс орналаспай шығуы неден? әлде ол табиғи құбылыс па? − Жоқ. Тістің ерте түсіп, кеш шығуы, біріншіден, ерте жұлдырғаннан, жұлдырған кезде астындағы тұрақты тіске зияны тиіп кеткендіктен болуы мүмкін. Мұнда сыртқы және ішкі фактор деген нәрсе бар. Бала денсаулығының кеш жетілуі немесе экологияға байланысты түрлі жағдайлардан да болады. Жоғарыда айтқанымдай, ерте жұлдырсаңыз, астындағы өсіп келе жатқан тұрақты тісті жанында тұрған тістер қысып тастайды. Оған орын болмағаннан кейін тіл жақ бетіне не ұрт жақ бетіне қарай шығуы мүмкін. Сол себепті ауыз қуысы тістерінде ауытқу пайда болады. Ауытқу пайда болғаннан кейін тіс құрттайды, асты-үстінің қатары өзгереді. − Тіс дәрігеріне жылына қанша рет қаралған жөн? − Екі рет қаралған жөн. − Брекетті қанша жастан бастап салған дұрыс? − Брекетті толық тістері шығып болғаннан кейін, 14 жастан бастап сала беруге болады. Бұл уақытта салу өзіне де жеңіл, дәрігер де көп әбігерге түспейді. − Тістің түзелуі неге байланысты? Қанша уақытта түзеледі? − Кей балалардың сүйектері әлсіз, енді біреулерінің сүйектері қатты болып келеді. Бір-екі жылдың арасында түзуленіп шығады. − Ал қанша жасқа дейін брекетпен түзетуге болады? − Әрине, жас кезінде тақса тез әсерін тигізеді. Ал кеш тақса, тістің түзелуі де қиындау болады. Тістері түгел болған жағдайда ешқандай жасқа қарамай-ақ сала беруге олады. − Қырық жаста да ма? − Әрине. Ең жақсысы – 18 бен 25 жас аралығында салу. − Дәрігердің көмегіне жүгінетіндердің жас мөлшері қандай? Қандай жағдайда келеді? − Көбіне брекет салуға келетіндердің басым бөлігі 12-35 жас аралығын құрайды. Кей балалардың тұрақты тістері 12 жаста толыққанды шығып қояды. Ондай жағдайда 12-13 жаста да сала беруге болады. Ал одан ертерек ортодонт мамандары жақты дамытып, тісті пластинкалық протез арқылы түзетеді. − Көп кездесетін тағы бір мәселе: ақыл тісті жұлдырған дұрыс па? − Қайталап айтып өтейін. Тістің бәрін сақтаған жақсы. Ақыл тісті не үшін жұлады? Тістері ауытқыған да, брекет салар кезде орнына келтіру үшін сыймағандықтан ақыл тістерді жұлуға тура келеді. Екіншіден, ақыл тіс жұмысқа, шайнау қызметіне қатыспайды. Тазалаған кезде тіс щеткасы дұрыс тимейді. Сондықтан кариес пайда болады, құрттап кететін себебі содан. − Жұлудың зияны жоқ па? − Зияны жоқ. Ауыз қуысында әр тіс өзінің орнымен тұрса, жұлмаған жақсы. Тістері қисық бітіп, ақыл тістері құрттап жатса емдеуге де болады. Сыймай жатқан кезде шайнау қызметіне қатысатын тістен гөрі, шайнау қызметіне қатыспайтын тісті жұлған тиімді. − Ұры тіс дегеніміз не? − Ұры, яғни ит тіс дегеннің жайын жоғарыда айттым. Тағы бір пысықтап өтейін. Жақ дамып келе жатқан кезде шығатын тұрақты тіс өзінің орнына ауытқулар болып сыймай қалған кезде, тіс ұрт жақ немесе таңдай жақ бетке қарай шығады. Оны жұлмай, брекет салу арқылы түзеткен жөн. Рентген арқылы ол тістің жарамды-жарамсыз екенін анықтай отырып қана жұлуға болады. Егер тіс сау болса, жұлдырмай өз орнына келтірген дұрыс. − Тістің сарғаюы, дақтардың пайда болуы және кетірудің жолдары туралы айтсаңыз. − Тісте дақтардың пайда болуы бала денсаулығында кінәраттың болуынан. Көп дәрі ішуден де, дұрыс тазаламаудан да болады.  Қазір дәрігерлер тістерін ағартып та, түзулеп те, салдыртып та бере алады. − Эмалын жою сияқты қауіп жоқ па? − Эмальға ешқандай зияны жоқ. Тек дәрігердің айтқан ақыл-кеңесін ұқыпты орындап жүру қажет. − Үй жағдайында ағарту үшін лимон, ас содасын, тұзды пайдаланып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс? − Қандай жағдайда да, дәрігер кеңесіне жүгінген жөн. Үй жағдайында ағартатын арнайы пасталар бар. Қораптың ішіндегі қосымша ақпаратты оқу арқылы мөлшерін, тұтыну жиілігін анықтап барып пайдаланған дұрыс. − Тісті сақтау үшін  қандай дәрумендермен байытқан дұрыс? − Алдымен дұрыс тамақтануды үйретуіміз керек. Егер салғырттық танытып, бала тісінің қисаюына алып келсе, ертең сол бала өз ата-анасына ренжиді. «Неге тісімді қисайып тұрған кезде уақытысында көрсетпеді, неге мені уақытылы апармады, неге сіздер маған тазалықты үйретпедіңіздер?» дейді. Витамині көп балық, ет, сүт өнімдерін, құрамында кальцийі, фторы бар тағамдарды жегізіп үйреткен дұрыс. − Бүгінде үлкен кісілерде пайда болатын еттің қашуы жастарда да кездесіп жатады. Бұл неден? – Пародонтоз ішкі, сыртқы факторлардан пайда болады. Генге де байланысты. Бұл жағынан әзірге нақты ем жоқ. Бірақ алдын алуға, тежеуге, уақытша тоқтатуға болады. Барлығы да дұрыс күтімнің болмауынан, зиянды әдеттердің салдарынан болады. Асқынудың әсері қызыл иектен еттің қашып, тіссіз қалу қаупі бар ауруларға әкеліп соқтыруы мүмкін. − Әңгімеңізге рахмет. Тіс дәрігерінен кеңес: Ата-анаға ескерте кететінім, баланың тісіне көңіл бөлгенде зиянды әдеттері бар ма, жоқ па, соған мән беру қажет. Бір балалар тілін тістеп, ернін тістеп, саусағын сорып отырады. Осындай зиянды әдеттер арқылы ақаулар пайда болады. Яғни, баланың астыңғы-үстіңгі тіс түзілімі өзгереді. Баланың дұрыс сөйлеуі, жақтың жақсы қызмет етуі, еріннің формасын сақтауының барлығы осы кезеңде қалыптасады.

Сәуле НЫСАНБЕК «Ақ желкен» журналы, №8 Тамыз, 2017

 

5021 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы