• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 14 Желтоқсан, 2017

Сұлтан Бейбарысты сомдаған спортшы

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА Жылы: Қоян (1963) Жұлдызы: Бикеш (20 қыркүйек) Сүйікті тағамы: Қазы-қарта, наурыз көже Сүйікті ісі: Кітап оқу Сусыны: Қымыз, көк шай Әншісі: Батырхан Шүкенов Актері: Досхан және Ерік Жолжақсыновтар, Байкал Белбаев Спортшысы: Брюс Ли Өмірлік ұстанымы: Әрқашан намыс туын биік ұстау Фархад Аманқұлов жайлы сәл ескірген бейнебаянды көрдік те таңғалдық. 90-жылдары қазақ баласының елімізге жаңадан келген ушу саньда, каратэ сынды спорт түрлерінен жарты әлемді өзіне қаратқаны тамсандырмай қоймады. Фарxад ағаның жекпе-жекте айла-әдістерін асқан шеберлікпен жасауы кино мамандарының да қызығушылығын тудырған. Спортшы әрі актер ағамызбен сұқбаттасуды жөн көрдік. Қазіргі таңда Муай-тай спорт федерациясының вице-президенті лауазымында отырған Фархад Аманқұловпен кездесуіміздің өзі оңай болған жоқ. Біз байланысқа шыққан уақытта шет елде екенін ескерткен. Елге оралысымен келгенін айтып хабарласқан соң, бірден сұқбаттың уақытын белгілеп жолығуға келістік. Уәделескен мекенжайға қаланың қалыпты кептелісінен әжептеуір кешігіп бардық. Аздап қобалжуды ағаның ақкөңіл қабақ қағысы сейілтіп жібергендей. Алғашқы сөзді де, жолды да өзі бастап, музейдің мінберіне көтеріле кеттік. Елухан кәсіби спорт клубында орналасқан музейдің тарихымен таныса бастадық. Фархад ағамыз спорт клубтың атауын қапияда қаза тапқан Елухан есімді шәкірті әрі спарринг-серіктесінің құрметіне қойған екен. Ал, музейден ағамыздың және шәкірттерінің жетістіктері мен муай-тай спортының аңызына айналған Буакхау По Прамуктың қолтаңбасы бейнеленген суретті де көрдік. Музейді аралау барысында Фархад аға жеңілістің ащы дәмін татты ма екен деген тосын ойдың да жетегінде жүрдік. Анық-қанығын білмекке әңгіме ауанын ағаның өзіне бұрған болатынбыз. – Мен Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында дүниеге келдім. Әкем Амен Мәскеудегі И.М. Губкин атындағы мұнай институтын тәмамдап, аспирантурасын Бакуде оқыған. Сол жақта жұмыс істеп жүрген кезінде інім Елхан екеуміз дүниеге келген екенбіз. Анам Күлән алты құрсақ көтерген. Менің алдымда ағам Жанболат, әпкем Ғалия, Елхан және Алма, Раушан есімді қарындастарым бар. Әкем Маңғыстау облысының тумасы. Менің әкем де, атам да мұнай саласында қызмет еткен жандар. 1965 жылы Алматыға әкемнің қызметіне байланысты көшіп келдік. Бала күнімде жиі ауырып, дәрігерлердің тікелей бақылауында болдым. Тіпті, дәрігерлер қатты жүруге болмайтынын да ескертетін. Ауруханада айлап жатқан кездерім де болды. – Ал спортпен қай уақыттан бастап айналыстыңыз? – Аурудан әбден мезі болғаннан кейін, ақырындап спортпен шұғылдана бастадым. Ауладағы турник, брюсада жаттығу жасап, жүгіруді де қолға алдым. Сосын футбол, шаңғы спорты және бокс үйірмелерінің бәріне қатысып көріп, ешқайсысын жаныма жақын тартпадым. 14 жасымда елімізге ушу саньда спортын Қытайдан алып келген Михаил Иванович Рубцовпен жолым түйісті. Содан бастап ушу саньда спорты өмірлік серігіме айналды. Спортпен айналыса бастағаннан кейін ауру атауының барлығы жоқ болып кетті. Екі жылдың ішінде Кеңес Одағының басты турнирлеріне қатысып, жеңіске жеттім. Әкем менің спортпен айналысатынымды сол жарыста топ жарғанда ғана білді. – Сіз тек ушу саньда да ғана емес, өзге спорт түрлерінен де жекпе-жекке шықтыңыз емес пе? – Жалпы ушудың саньда және таолу деген екі түрі бар. Ушу саньда жекпе-жек түрі болса, Ушу таолу да гимнастикалық және акробатикалық қимылдар арқылы әртүрлі айла-тәсілдерді көрсетесің. Бұдан өзге ұстазымыз бізге каратэның және шаолинь спортының да қыр-сырын үйретті. 1980 жылы Алматыда каратэден Кеңес Одағының чемпионатында жеңімпаз атандым. Ал 1990 жылы ушу саньдадан Бүкілодақтық КСРО кубогы өтті. Бұл додаға мен де қатыстым. Жекпе-жекке шығар алдын бас төреші маған: «Сен қайда барасың? бұл ушу таолу емес саған. Қазір таяқ жейсің ғой»,– деді. Мен алғашқы жекпе-жегімде 15 секундта қарсыласымды нокаутқа жібердім. Осы жекпе-жектен кейін жаңағы төрешіміз менен келіп кешірім сұрады. Екінші жекпе-жегімде ресейлік спортшының мысын басып, жартылай финалда қарсыласыммен тең түстік. Менің салмағым қарсыласыма қарағанда 100 грамм ауыр болғандықтан, жеңісті соған берді. 1991 жылы Мәскеуде ушу саньдадан халықаралық турнирде жеңімпаз атандым. Өмірде де, спортта да жеткен жетістіктеріме себепші болған ұстазым Михаил Ивановичтің еңбегін ұмытпаймын. Әрине, спорт жолы өте ауыр. Бұл жолда жетістікке жету үшін шүмектеп, тіпті, шелектеп төр төгуің керек. Аянбай еңбек етіп, алға қойған мақсатыңа жету үшін жарты жолда сынып қалмау қажет. Мен әскерден келгеннен кейін каратэден бүкілодақтық чемпионат өтті. Осы жарысқа мені бапкерлер қатыстырғысы келмеді, құрама сапына алғысы келмеді. Турнирге қатысу үшін құрамадағы он спортшымен жекпе-жекке шығып, барлығын жеңгеннен кейін ғана рұқсат берді. Жарыста ресейлік спортшыны айналып теуіп, сұлатып түсірдім. Жарыстың бас төрешісі бұндай әдіс жасауға болмайды деп, мені жарыстан шеттетті. Негізі мұндай әдістер жасауға бұрындары рұқсат болған. 1993 жылы Алматы қаласында Балуан Шолақ спорт сарайында ушу саньдадан Азия елдерінің арасында кәсіби жекпе-жек өтті. Осы додаға екі күн қалғанда мен жаттығуда қолымды сындырып алдым. Қарсыласым қырғыз спортшысы менімен жекпе-жекке шығуға қаймығып, кездесу өткізгісі келмейтінін айтқан. Алайда, сол кезде бокстан бас бапкер болған Әбдірашид Әбдірахманов қырғыз спортшысының намысын қайрап, менің қолым сынғанын айтып, жекпе-жекке ойланбай шығуға кеңес берді. Жекпе-жек барысында қырғыз спортшысы менің сынған қолыма зақым келтіруге барынша тырысты. Дегенмен,қарсыласымды 7-раундта айналып теуіп нокаутқа жібердім. Қай жылы екені есімде жоқ, Орталық циркте мен ушу таолудан қылышпен өнер көрсеттім. Сол жарысқа Мұстафа Өзтүрік ағамыз келіп, біздің өнерімізді тамашалады. Жарыстан кейін, Мұстафа Өзтүрік қазақ спортшыларын шақырып, барлығын белбеумен марапаттады. Ал мен бұл марапатты керек қылмай, бармай қойдым. Сол кезде ағамыз: «Осы қазақтар қызық, шақырсаң келмейді», – деп ренжіп қалған екен. Негізі мен атаққа, мәнсапқа ешқашан құмартқан емеспін. Бұл – менің жан дүниеме жат нәрсе. Мұстафа ағамыз біздің біраз жарысымызды тамашалады. Ол кісімен танысқаннан кейін қазақтың нағыз нар тұлғалы азамат екенін көрдім. Мұстафа Өзтүрік елімізде у-шудан өткен тағы бір турнирдің ақтық сынына келу керек болған. Өкінішке қарай, ол кісінің қайтыс болғаны туралы хабар жетті. – Музейден шәкірттеріңіздің де жетістіктері аз емес екенін көрдік. Қазіргі жастардың спортқа деген қызығушылығы қандай? – Қазіргі жастарға намыс жетпейді. Бізге жаттығуға келетін балалардың 70 пайызы ауылдың өрендері болса, қалғаны қалалық жеткіншектер. Мен ауылдың балаларына қатты назар аударамын. Өйткені, олардың бойында қайсарлық, намысшылдық деген қасиеттер тулап тұр. Алыста тұрса да жаттығуынан қалмай келіп, аянбай еңбек етеді. Маған, ең бастысы, шәкіртімнің рухты, намысты болғаны керек. Небір талантты, айтқаныңды бұлжытпай орындайтын шәкірттер болады. Бірақ олар бір жарыста жеңілгеннен кейін, сынып кетуі мүмкін. Себебі, муай-тай спорты өте қиын, төзімді талап етеді. Жақында ғана жастарымыз әлем чемпионатына барып, керемет нәтижеге қол жеткізіп келді. Шетелде өнер көрсеткенде біз спортшыларды әрдайым намысты күймен, рухты әндермен шығарамыз. Бұл шәкірттерімізді одан сайын рухтандырып, намысын қайрай түседі. Шәкірттерімнің ата-аналары келіп, «Біз ұшпаған ұшақпен осылар ұшып, жер әлемді аралап жүр» деп, балаларының жетістігіне ризашылығын білдіреді. Қазіргі таңда біздің спортшылар әлемдегі ең мықтылардың бірі болып саналады. – Жекпе-жек өнерінің арқасында біраз киноларға түстіңіз. Бірақ, «Сұлтан Бейбарыс»  фильміне түсу ойыңызда болмаған екен. – Иә, бұл киноға түсу идеясы менің ұстазыма келді. Сол кісі мені «Қазақфильмге» апарып, сол жерде маған жекпе-жек өнерімді көрсетуімді сұрады. Негізі бұл рөлге көптеген актерлер түскісі келген. Менің өнерімді көргеннен кейін, режиссердің таңдауы маған түсті. Біз спортта темірдей тәртіпке үйренгенбіз. Түсірілім алаңында қай уақытта гриміңді жасап дайын тұр десе, мен тура сол уақытта сақадай-сай тұратынмын. Ал әртістер 4-5 сағат кешігіп жүреді. – Бейбарыс фильмінде сондай тарихи тұлғаның образын алып шығуға қиналған жоқсыз ба? – Жоқ, аса қиын болды деп айта алмаймын. Өйткені, фильмде сөз сөйлемеймін. Тек режиссердің айтқанын бұлжытпай орындадым. Жалпы қандай тұлғаның рөлін сомдайтынымды білдім. Сұқбат барысына Фархад ағамызды фильм режиссері Болат Мансұров бекер таңдамапты деген ойға келдік. Бұл кинода Фархад ағамыз өзін-өзі сомдап шыққан сияқты көрінді.  – Спортшы болған оңай ма, актер болған оңай ма? – Мен актер емеспін. Өзімді актер деп есептемеймін. «Сұлтан Бейбарыс» фильміне ұстазымның қалауымен барсам, қалған түскен фильмдерімде режиссерлар көмек сұрады. Сергей Бодров және Эльдор Урузбаев сынды режиссерлар менен көмек сұрап, өздерінің ұсыныстарын жасады. Бірақ мен өзім ешқашан киноға түсуге сұранған жоқпын. Үлкен кісілер көмек сұрағаннан кейін, неге қолұшын бермеске? Шынымды айтайын, түскен киноларым үшін ақша да сұраған емеспін. Қазір де киноға түсу туралы неше түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ қазір мүлдем уақытым жоқ. Фархад ағамыз жалпы саны жеті киноға түскен. Ең алғаш 1989 жылы «Сұлтан Бейбарыс» фильмінде Бейбарыстың құл кезін сомдаса, 1991 жылы жарық көрген «Экстрасенс» фильмінде де жаңа образда ойнаған. «Дикий Восток» (1993ж.) фильміне Моңғолдың рөлін ойнаса, 2001 жылы шыққан «Удар Лотоса» фильмінде өз рөлін, яғни Фархадты сомдады. Сондай-ақ, 2008 жылы «Бақсы» киносында  Батырдың рөлінде, 2009 жылы шыққан «Прыжок Афалины» фильмінде басты рөлде болған Тимурды сомдады. – Қазір муай-тай федерациясының вице-президенті лауазымын атқарасыз. Еліміздегі бұл спорттың даму қарқыны қандай? – 1995 жылы Алматы қаласында Ушу саньдада алғаш рет халықаралық турнир өткіздік. Сол доданы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отбасымен арнайы келіп көрді. Жарыс жоғары дәрежеде өтті. Қазір муай-тай спортын елімізде қарқынды дамытуға барымызды салып жүрміз. Осы жылдың соңында Малайзияда Азия ойындары өтеді. Муай-тай спорты бұл бағдарламаға енген. Осы додадан кейін муай-тайдың Олимпиадалық спорт түріне ену-енбеуі шешіледі. Қазақстанның түкпір-түкпірінде федерацияның филиалдары бар. Спортшыларымыз оқу-жаттығу жиындары, жарыстардан шет қалмайды. Жастардың да қарқыны жаман емес. Қазіргі біздің негізгі жұмысымыз – осы спорттың түрін олимпиадалық спорт түрінің қатарына қосу. Бұйырса, келесі жылы муай-тай Олимпиада бағдарламасына енуі мүмкін. Ағамыздың жекпе-жектерінің видеосын жіберген шәкірті, муай-тайдан Еуропа чемпионатының екі дүркін жүлдегері Тілектес Оспановтан Фархад Аманқұловтың қандай ұстаз болғанын сұрадық. Тілектес Оспанов ұстазының сол кезде айтқан ақылын қазір де азық қылып жүргенін айтты. Ол: «Фархад ағамыз өте керемет, нағыз жанашыр адам. Бізді спортқа баулып қана қоймай, әрқашан ақыл-кеңесін айтып жүрді. Сондай-ақ, ол кісі өте әділетті. Жарысқа нағыз мықтыларды ғана апарды. Мен Фархад ағаның өзі апарған жарыстың бәрінде жүлдесіз қайтпадым. Өйткені, ұстазымыздың рухты сөздерінен кейін шаршы алаңда жеңілу өліммен тең», – дейді Тілектес. Фархад Аманқұловтың спорттағы жетістіктері: 1990 жыл: КСРО кубогының қола жүлдегері; 1991 жыл: Мәскеуде өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы; 1993 жыл: Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Оңтүстік Корея) 1994 жыл: Әлем чемпионатының жүлдегері, (Малайзия) 1994 жыл: Польшада өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы.

Әңгімелескен Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11 Қараша, 2017

 

2830 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы