• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 27 Желтоқсан, 2017

Полоның түп-тамыры – қазақтың шөгені

Қилы замандар қалтарысында қалған ұлттық ойындарымыздың бірі – шөген (шоған). Шөгенді ат үстінде таяқпен доп қуалап жүріп ойнайтын болған. Бұл ертеде ақсүйектердің ойыны болған деседі. Бүгінде «поло» деген атпен танымал. Әлемдік спорт түріне айналып келеді. Төл ойынымыз бізден гөрі шетелдерде жоғары бағаланып отыр. Осы ұлттық ойын түрін жаңғырту мақсатында 2012 жылы Қазақстанда Шөген федерациясы құрылған. Еліміздегі шөген ойыны жайында кеңірек білу үшін Шөген федерациясының вице-президенті, қазақ күресін дамытушы, шөгеді жаңғыртушы Сәрсен ҚҰРАНБЕКПЕН сұхбаттастық.
– Ұмыт болып қалған ойынның түрі өте көп. Бірақ, неліктен шөгенді таңдадыңыздар? Бұл ойынды жаңғыртуға не ықпал етті? – Бұл идеяның бастамашысы – «Самрұқ Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеев. Ерекше ынтамен ойналатын полоны көріп, қызығушылық танытқан екен. Кейін «Осы ойынды біздің жігіттер ойнай ала ма?» деген сұрақ туындап, жүзеге асыруға кіріскен. Қазақстанға поло ойынын енгізу туралы пікірлер алғаш айтылған кезде, жан-жақты зерттеуге кірістік. Нәтижесінде полоның астарында ұлттық ойынымыз шөгеннің бар екенін түсіндік. Полоның түп-тамыры шөген екені ешкімнің ойында болмаған. Артынша бұл спортты дамытайық деп қолқа салғанда, полоны емес, шөгенді жаңғыртуды жөн көретінімді айтып, ұсыныс тастадым. Пікіріммен бәрі келісіп, әлемдік ойынға ұлттық шөгеніміз арқылы интеграция жасайтын болып шештік те, бұл жұмысқа білек сыбана кірісіп кеттік. – Бұл қазақтардың ұлттық ойыны екенін дәлелдейтін қандай нақты деректер бар? Ойын ағылшындарға қалай жеткен? – Шөгеннің шығу тарихына үңілгенде, алдымен Асқар Егеубаевтың кітаптарына сүйенеміз. Сонымен қатар, Қытайда тұратын Мәдениет Мұқатайұлы деген кісінің жазған мақалаларынан да біршама нақты деректер алуға болады. Зерттеп, білген дүниелерім өзімді де таңғалдырды. Халықаралық Поло федерациясының ресми сайтын ақтарып отырып, қызық деректерге тап болдым. Полоны екі мың жылдай бұрын парсылар ойнаған дейді. Сондай-ақ, бұл ойынның дәстүріне қытайлар да таласыпты. Дегенмен, полоның негізін қалаған, шығысында Ұлы Қытай қорғаны, батысында Каспий жағалауының аралығын мекендеген Орталық Азия көшпенділері екеніне күмән жоқ деп жазады. Енді ағылшындарға поло қалай барды? Ағылшындар бұл ойынды ХІХ ғасырда Үндістанды жаулап алған кезде иемденіп алған. Клуб құрып, Англияға апарып, ары қарай бүкіл әлемге таратқан екен. «Ал, Үндістанға бізден қалай жеткен?» деген сауал туындайтыны хақ. Шыңғыс ханның ұрпақтары мен Әмір Темір ұрпақтарының арасында аталарынан қалған жерді иеленіп, билеу үшін өзара қақтығыс болған. Нәтижесінде Шыңғыс ханның ұрпақтарының қысымына шыдамаған Әмір Темірдің немересі Бабыр сұлтан жерінен қашып, Үндістанға ауып барған. Ол Үндістанда Ұлы Моғол империясын құрғаны белгілі. Сол кезде осы ойынды өзімен бірге ала барған екен. Атауына тоқталатын болсақ, ойын көне түркі дәуірінде «шоған» деп аталған. Асқар Егеубаевтың ықпалымен оны қазақшаға бейімдеп, икемдеп, қазіргі кезде «шөген» деп жүрміз. Сонымен қатар, кейбір жерлерде полоны «шоқ ван» дейді. Бұл сөздің нақты мағынасын қару-жарақ этнографы Қалиолла Ахметжаннан сұрадық. Ол кісі «шоған» сөзі «шоқпар» сөзімен түбірлес, бұл сөз «ұру, соғу» деген сөзден шығатынын айтты. Әрине, басында күмәнмен қарадым. Бірақ, дәлелдері қаққан қазықтай болды. «Қазақта «тоқпақ» деген сөз бар, білесің бе? Сол сөздің түбірі «соғудан» шыққан. Ол «соқпақ» деген сөзден шыққан, өзгеріске ұшырап, «шоған» деп өзгерген», – деген дәлелдер келтіріп, түпкі мағынасы «соғу» сөзінен шығатынын айтты. – Ата-бабамыз шөгенді қандай мақсатпен ойнаған? – Бұл ойынды көшпенділер жаугершілік өнерге үйренудің таптырмас құралы деп есептеген. Ата-бабаларымыз үшін «Ер қанаты – ат» болғаны белгілі. Оның күтіміне аса мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қараған. Әсіресе, әскери өнерге бейім атты қатты баптаған және соған орай оның құны да жоғары еді. Осы тұрғыдан атты жаралап алуға болмайтын. Мәселен, шоқпар сілтегенде атының аяғына тигізіп, сындырып алса немесе қылышын сермегенде атының мойнын шауып түсіріп жатса, жеңіліс деген сөз. Сонымен қатар, шоқпар мен сойылды тізеден төмен ұрғанда нақты нүктелерге ғана «жұмсаған». Ал аттың үстінде шауып келе жатып, иыққа тигізу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін мықты дайындық керек. Қазақта «бата тимей, қата тиді» деген сөз бар. Қата мойынға тиіп, үзіп жіберсе не болды? Адам мерт болатыны белгілі. Барымтада өлген адамның құны 100 жылқыдан да көп болған. Сондықтан қандай қару-жарақ болса да, қолдану барысында дәлдікті қажет еткен. Ал дәлдік жаттығуды талап еткендіктен, көшпенділер бала күнінен, шоқпар тәрізді арнайы таяқшалар жасап, өздерінің балаларын жаугершілік өнерге баулып отырған. Бұл ойынның негізгі атқаратын функциясы осы. Осы тұста, біздің барлық ұлттық ойындарымыз көшпелі өмірге, жауынгерлік өнерге бейімделу үшін ойлап табылғанын айта кеткен жөн. Мысалы, жамбы ату өнері – ірі тайтұяқ алтын, тайтұяқ күміс іліп, садақпен атқызған. Атып алған бәйгесі, мергеннің өзіне тиесілі еді. Сол себепті, мақтау, мадақтау ретінде «Құралайды көзге атқан мерген» деген сияқты тіркестер пайда болған. Сосын, аударыспақ – аттан қарсыласын аударып алатын ойын, былай қарасаң күрестің түрі. Байқап қарасақ, түркі күрестерінің барлығы белбеу күресі болып келеді. Біріншіден, беліне белбеу байлап күреседі, екіншіден, белден төмен ұстауға болмайды. Өйткені, аттың үстінде көкпар тартқанда, серкені қойып, тайыншаны тартатын жігіттердің тақымына қол салатын болсаңыз, не болады? Темірдей тақымында қолыңыз ғана қалмайды, өзіңіз бірге бүктеліп кетесіз. Сондықтан аяқтан ұстау түкке де қажет болмаған. Сосын, күресте оң жақпен, сол жақпен, оң жамбас, сол жамбаспен алу деген ұғым бар. Бұл да – жауынгерлік өнерді үйренуге арналған дүние. Көшпенділерде жазылмаған қағидалар болған. Жекпе-жекте белден төмен ұстау тұрмақ, белден төмен қару жұмсауға болмайтын. Демек, жекпе-жекке шыққан басқа бір көшпендінің ұрпағы, аттың үстінде белден төмен қылыш немесе найза жұмсамауы керек. Себебі, атқа тиіп кетеді, атқа тиіп кеткеннен кейін ат түкке жарамайды. Түкке жарамсыз аттың бағасы соғыммен ғана тең және оны алып кете алмайсың. Осындай жазылмаған ар-намыс кодексіне ата-бабамыз сүйеніп отырған.
– Шөгенді жаңғыртудағы мақсаттарыңыз қандай? – Жылқының қазақ жерінде бес мың жыл бұрын қолға үйретілгенін ағылшын ғалымдары дәлелдеген. Ол аксиома болып бара жатыр. Қазақтың кез келген баласы аяғына тұрғаннан бастап, жылқының жалына жармасып өскен. Жылқысыз қазақты елестету мүмкін емес. Өкінішке қарай, бұрын әр үйде бір-бір тай байланып тұрса, қазір ауылға бара қалсаңыз, бір көшеде бір жылқы ұстамауы да мүмкін. Қаланы айтпай-ақ қояйық... Ауылдың баласы атқа мінбей жатса, қаланың баласы туралы не айтуға болады? Қазақ аттан алыстап бара жатыр. Шоғанды жаңғыртудағы басты мақсатымыз да сол. – Ал, әлемдік полоның арнаулы ережелері бар ма? – Иә, арнайы ережелері бар. Оның негізіне біздің ата-бабаларымыз ойнаған шөген ойынының негізгі қағидалары алынып, жетілген, дамыған нұсқасы ұсынылып отыр.Қазір Халықаралық Поло федерациясы бекіткен арнайы ережеге сүйенеміз, яғни шөгенді полоның ережесіне сәйкес ойнаймыз. – Шөгенге мінетін жылқылар өзімізде баптала ма, әлде шетелден алғызып отырсыздар ма? – Біз федерацияға келмес бұрын, жеті-сегіз пони шетелден алынған екен. Алайда, 2014 жылы Асылжан Мамытбеков мырза федерацияға президент болып келгелі бері бұл саясатты түгелдей өзгерттік. Шетелден жылқы сатып алмадық. Қазір жүзге тарта жылқымыз бен өз командамыз бар. Атәбзелдері мен ойын құралдарымен қамтамасыз етілген. Жылқының барлығы өзіміздікі. Қостанай жылқы зауытынан, Луговойдағы жылқы зауытынан қазақы жылқыларын, будан жылқылардан алып, өзіміз баптап өсірдік. Тіпті, болашақта полоның айналасында тіршілік жасап, жылқыларымызды шетелдерге шығарып, сатуға да толық мүмкіншілігіміз бар. Бұл – біздің жылқыларымыз поло понилерге қойылатын халықаралық стандартқа толықтай сай деген сөз. Сонымен қатар, арнайы атәбзелдерін де өзімізден жабдықтап жасау қолға алынды. Бізге қиыншылық тудырып отырғаны – ойын таяқшасы мен ойын добы ғана. Біз Аргентинаның полосының даму жолымен жүргіміз келеді. Бұны тек аса бай адамдар ғана емес, қарапайым адамдар да ойнағанын қалаймыз. – Жаттықтырушылар туралы не айтасыз? – Алғаш Мәскеуде оқу-жаттығу жиынынан өттік. Ол жерде 10-15 күн ғана болып, солардың білгенін барынша қамтуға, үйренуге тырыстық. Келгеннен кейін төрт-бес ай бойы шеберлігімізді арттырып, қайтадан оқу-жаттығуға Аргентина астанасы Буэнос-Айреске, Мәскеуге бардық. Командамыз жетіліп, үйренген соң халықаралық турнирлерге шыға бастадық. Сол арқылы жігіттеріміздің шеберлігін шыңдадық. Соның арқасында жай ойыншы емес, жаттықтырушы да тәрбиелеп шығару қолдан келді. Оған дәлел ретінде биыл мамыр айында қолға алған «Балалар шөген академиясын» айтсақ болады. Сол шөген академиясында қазір отыз жеткіншек тәрбиеленіп жатыр. Тіпті, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен республикалық турнирде сол балалардан құрылған екі команданың ойынын көрерменге ұсындық. Сондай ойындарды келесі жылы жүйелі түрде өткізіп тұрмақпыз. Бұл – біздің ойыншыларымыз бапкер ретінде өздерін көрсете білді деген сөз және сол бапкерлердің өнерін шыңдай бермекпіз. – Әлем бойынша полодан озық шығып, алдыңғы қатардан көрініп жүрген ойыншылар бар ма? Қазақстанның әлемдік аренадағы орны қандай болмақ? – Аргентинада поло ойыны тұтас бір индустрия ретінде дамыған. Ол жақта бір отбасының мүшелері бір команда құрады да, ойнай береді. Қараша мен мамыр айының аралығында оларға поло үйренуге туристер келеді, аттарын жалға алады, жаттықтырушыларынан дәріс алады, алаңдары мен ат қораларына қаржы төлейді. Қыс басталғанда жаттықтырушылары, атты үйрететін адамдары, бәрі шетелге шығады. Еуропа мен Азияға барып, жаттықтырушы, ойыншы, ат баптаушы болып жалданып, табыс табады. Оның сыртында жылқыны, ат әбзелдерін, ойын құралдарын сатады. Сонымен қатар, туристер ойын көруге барады. Мысалы, Argentine Open поло турнирінің финалдық ойынына 20 мың көрермен жиналады. Оның көбі шетелдіктер. Бұлардың ең үздік ойыншысы Адольфо Камбассионың өзі жылына 5 миллион долларға дейін қаржы табады. Ал біздің әлемдік аренадағы орнымыз жайында айту қиын әрі күрделі. Себебі, біз жаңадан тәй-тәй басқан бала іспеттіміз. Шөгенді жаңғырта бастағанымызға екі жарым жыл ғана болды. Осы аралықта әлемдік полоның ортасынан ойып орын алу үшін біз бірнеше талапқа сай болуымыз керек. Олар біздің инфрақұрылымның дамуын, командалардың саны мен олардың қамтамасыз етілуін, халықаралық жарысқа жүйелі түрде қатысуды, бәрін есепке алады. Жүз шақты жылқыны ұстап отырып, әлемдік деңгейдегі полодан айтарлықтай орын аламыз деу әбестік болар. Ол үшін бізде дәстүр жалғастығы болуы керек, біршама уақыт керек. Ал ойыншыларымыздың деңгейі орташа. Шамамен әлемнің 84-85 мемлекетінде поло дамыса, соның белортасында тұрмыз деуге болады. Себебі, біз Халықаралық турнир өткізіп, жарыстарға қатысып, жүлделі орыннан көрініп жүрміз. Әлемдік деңгейге шығу үшін кемінде 10-15 алаңымыз, 500-600 жылқымыз, 150-200 ойыншымыз болуы керек. Мәселен, бір Аргентинаның өзінде 3 мың алаң бар. Сондықтан олар озық тұр. – Әңгімеңізге рақмет! Дана РУСЛАНҚЫЗЫ, «Ақ желкеннің» жас тілшісі «Ақ желкен» журналы, №12 Желтоқсан, 2017

1651 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы