- Оқулыққа қосымша
- 12 Ақпан, 2018
Мылқау мен Шәкәрім
Ымдасуға болар. Бірақ, біздің ауылдың адамдары ол кісімен ымдасуға да қорқатын. Жындылығы жоқ. Кесек денелі. Ұзын бойлы, қияқтай мұртты, әрқашан серілерше киініп, сұлу ат мініп жүретін кісі болатын. Өзі аңшы, мерген, атбегі, құсбегілігі тағы бар. Бірақ, жұрт қорқатын. Өзінен емес, артындағылардан. Артына түскен «үш әріптен» қорқады екен. Оны кейін білдік.
Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері, абайтанушы ғалым Қайыржан Күзембаевпен музейдегі Шәкәрім Құдайбердіұлының суретінің алдындағы әңгіме осылай басталды. Әңгіме ауаны Абайдың сенім артқан шәкірті әрі інісі Шәкәрімнің суретінің бүгінге жетуі турасында еді.
– Шәкәрімнен жалғыз қалған сурет осы ма?
– Жоқ. Тағы екі суреті бар. Тек соңғы екі суреті осы сурет негізінде табылды. Бірақ Шәкәрім деген жерде біздің ойымызға осы суреттегі қаба сақал, тақиялы кісі келері сөзсіз.
– Бұл суретті мылқау кісінің сақтағаны қызық-ақ.
– Иә. Ол кісінің есімі Шәукен болатын. Шын аты – Оразғали. Қазір бір деректерде оның тілін қызыл белсенділер кесіп алғаны туралы айтылып жүр. Бірақ бұл шындыққа жанасымсыз. Шәукен ақсақал отызыншы жылдары НКВД жанынан құрылған ОГПУ-дың (Объединённое государственное политическое управление) басшысы Абзал Қарасартовтың атқосшысы, қыстың күні сол ОГПУ-дың от жағушысы болып жұмыс істеген. Оларға ішкі болып жатқан әңгімені, беріліп жатқан тапсырмаларды түсінбейтін адам керек. Бұл жұмысқа мылқау Шәукеннің тартылуы да сондықтан. Ел ішінде тыныштық кете бастағанда Шыңғыстау жұрты 1931 жылдың 3 қыркүйегінде бас көтеріп, Қарауыл ауылын шауып, белсенділерді жазалайды. Негізінде осы көтеріліс басталмай тұрып, ауылдың бас көтерерлері жиналып, 1915 жылдан бастап елден бөлек, саятқорада жатқан Шәкәрімге ақылдасуға келген деседі. Бірақ, Шәкәрім «елді босқа қырып аласыңдар» деп келіспеген. Қазіргі деректерде Шәкәрім Зият атты баласын Қытайға өз ақылымен асырып жіберген деген сөз айтылып жүр. Негізінде оны бас көтеруге Шәкәрімді қосып алу үшін кепілдікте ұстаған. Шәкәрімнің амалсыз көтерілісшілерге қосылуының мәні осында. Бірақ, жазалаушы отряды келген кезде қашқан елмен Қытайға өтпей, қашып кері оралған. Сол қайтар жолда Керегетас деген жерде жазалаушы отрядқа жолығып, ешбір сот үкімінсіз оққа ұшады. Жазалаушы отрядын бастап келген Абзал Қарасартов ақынның мүрдесін ауылына алып барып жерлеймін деген адам болса тастап кететінін айтқан екен. Әрине қандай болмасын, «халық жауы» деп атылған адамның мүрдесіне ешкімнің жармаспасы анық. Абзал белсенді оны да іштей сезген болуы керек. Сезе тұра, біле тұра, халық арасында өзін ақтап алу үшін қараша алдынан бір өткені де.
Сол күні ақ жауын себелеп тұрды. Тіпті Шәкәрімнің досы Керімқұлдың да қолынан ақын мүрдесін алып қалу келмеген. Тек баласы Қабышты отрядтың артынан аңдытып жібереді. Арысы белгілі. Қажының мүрдесін құдыққа тастап, бетін көміп кеткен. Негізінде, ол алғашында құдық емес, жәй ғана шұңқыр болған. Жанында Мая апаның зираты бар. Кәдімгі Майбасардың бәйбішесінің зираты. Сол зираттың қабырғасын тұрғызарда кесек құюға, қалауға, сылауға топырақ алу үшін қазылған шұңқыр. Кейіннен халық дайын шұңқырды құдыққа айналдырған. Осы құдық Шәкәрімнің алғашқы зираты. Ең өкініштісі Шәкәрімнің көмусіз қалуы емес, оның 1915 жылдан 1931 жылға дейінгі жазған 15 жылдық еңбегінің өртеліп кетуі.
– Сонда бізге жеткені қай еңбектері?
– Кітап болып басылып шыққандары ғана. Шәкәрім атылған соң, оның артында қалған дүниелерді де құрту керек болған. Ешбірі халыққа жетпеуі тиіс. Белсенділер ақынның саятқорасына барып, кебеже-кебеже қолжазба, дорба-дорба кітаптарын түйеге теңдеп, ОГПУ мекемесіне әкеліп, Шәукеннің қолымен өртеткен. Шәукен қалай дегенмен де мылқау, қара танымайтын сауатсыз адам ғой. Не өртеп жатқанынан хабары жоқ. Бірақ, әйтеуір, құнды дүниелер екенін іштей сезсе керек. Оның артынан қызыл әскердің солдаты бақылап тұрады. Кітаптар мен қолжазбаларды бірінен соң бірін отқа лақтырып жатқанда бір кітаптың ішінен Шәкәрімнің суреті сусып түседі. Сол замат Шәукен суретті жерден көтеріп алып, ішігінің тысын жыртып, сол жыртықтың ішіне салып, ОГПУ-дан алып шыққан. Кітаптарды өртеп бола салысымен, үйіне асығады. Әрқашан баппен, асықпай жүретін мылқаудың бұл қылығы белсенділерге оғаш көрінсе керек, артынша барып Шәукеннің үйінтінтіген. Не іздеп жатқанын өздеріде білмейді. Бірақ, Шәукен ақса-қалдың үйін белсенділер үш рет астаң-кестеңін шығарған. Осы кезден бастап, өлгенінше артынан аңду кетпеді. Ауыл адамдарының оған жуыспайтыны сондықтан екен.
– Шәкәрімнің өртелген дүниелері туралы дерек бар ма?
– 1900 жылдары Абай Құнанбайұлының қарашаңырағында бір топ ақсақалдармен отырғанда Абайға:
– Шәкіртің бар ма? – деген сұрақ қойылған екен.
– Бар. Шәкәрім, – деп айтып ауыз жиғанша есіктен Шәкәрім кіріп келеді. Сонда Абай:
– Ұзақ жасайды екенсің, Шәкәрім. Айтшы қане, не біліп жүрсің? – дейді.
– Сіз берген кітаптарды оқып, орыс тілін жетілдіре түсудемін, – деген жауабына разы болмай:
– Сеніп жүрсем, әлі ауыл айналасынан шықпаған екенсің ғой. Олай болса мен сені бүкіл қаражатың мен жолыңды көтеріп, шығысқа ғылым үйренуге жіберемін, – депті Абай.
– Қайда барам? – деген сұрағына:
– Бірінші араб еліне барып, ислам дінінің негіздерін зерттейсің. Оны айтып отырған себебім, қазіргілер дінді сан-саққа жорып жүр. Қазақ қайсысына барарын білмей дал. Сондықтан, сен қазақтың: «Дін не, Алла кім?» деген сұрақтарына жауап табасың. Екінші, түркі еліне бар. Қазір қазақтың арғы түбін әркім әрқалай айтады. Сен соны бірізділікке келтіріп, шежіре жазасың. Үшінші, Мысырға барып, ғылым мен білімнен өзіңнің өміріңнің соңына дейін жететін азық алып келесің, – деген. Басты үш бағыты осы.
– Шәкәрім «қажы» атанған ғой?..
– Иә. Бірақ, атасы Құнанбай секілді тәу етіп бармаған. Ғылым іздеген. Оның үстіне, Шәкәрімнің «қажы» атағын шығарған бір нәрсе, қазіргі тілмен айтқанда, «виза». Өйткені патша заманында қазақтарға шетелге шығуға бір ғана жағдайда мүмкіндік берген. Қажылыққа бару үшін. Міне, Шәкәрімнің «Қажы ата» атануы сондықтан.
– Алдыңғы сұраққа қайта оралсақ...
– Иә. Міне, Шәкәрім сол сапарында екі жылға жуық жүріп, елге оралып, атақты «Үш анықты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» жазған. Сәбит Мұқановқа жазған хатында: «Қазақ, қырғыз, қалмақ, түрiк» шежiресiн де бiр мың бастырып таратып едiм. Соларды балаларға iздетiп, шежiренiң бiр жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғанында қате бар, әм қосылмаған сөздер бар болғандықтан көшiрiп, түзетiп жатырмын», – дейді. Міне, осы түзетілген нұсқасы біздің қолымызда жоқ. Осы Сәбитке жазған хатында: «Американың Бичер Стоу деген әйелi жазған құлдар тұрмысы жайынан «Том ағайдың балағаны» деген романын қазақшаға аударғаным бар... Қолымда «Шын бақ әңгiмесi» деген пьесаға аударуға лайықты бiр романым бар», – деген жолдар кездеседі. Міне, осылардың барлығы сол қолжазбалармен бірге өртеліп кетті. 1915 жылдан 1931 жылға дейінгі еңбегі күлге айналды. Қызыл өкімет мылқау Шәукеннің қолымен қызыл жалынға тастатты.
– Жазалаушы отрядты Абзал Қарасартов басқарса, сол отряд ішінде Шәукен ақсақалдың болғаны ма?
– Иә. Болған. Шәкәрімнің қалай атылып, қалай құлағанын өз көзімен көрген. Оқиғаның қалай болғанын бала күнімізде бізге ыммен көрсеткен. Шәкәрім үшін жылайды екен сөйтсек. Мүмкін, өліміне емес, артында қалған дүниесін өз қолымен өртегеніне қынжылатын болар. Кім білсін? Мылқаудың жандүниесін кім ұққан?
– Ол сақтаған сурет қашан жарыққа шықты?
– Шәукен сол 1931 жылдан 1960 жылдарға дейін ол суретті жан баласына көрсетпей сақтаған. Өйткені бере қоятын ешкім жоқ. Шәкәрімнің төрт ұлының төртеуі де «халық жауының» баласы ретінде сотталған. Ахат Сібірге айдалды. Екі баласының бірі түрмеде атылып, сол түрмеде екіншісі қорлыққа төзбей өзіне-өзі қол салған дейді. Ал, Қытай асып кеткен баласы Зият 1937 жылы атылған. Кейін Ахат ақсақал айдаудан оралып, 1960 жылдары Алматыдағы Әуезовтің үйіне қонаққа шақырылады. Бұл қонақтар ішінде Шәукен ақсақал да бар. Ахат Құдайбердиев сол отырыс туралы естелігінде Шәукен ақсақалдың қатты ыңғайсызданып отырғанын айтады. Бірдеңе айтқысы келіп, көздері жасаурап, менен кешірім сұрайтындай қарайды дейді. Содан бір үзілістен кіргенде Шәукен соңында қалып, есік сыртынан Ахатты шақырып, жылап тұрып ақынның суретін тапсырған екен.
– Шәкәрім мүрдесі қай жылға дейін құдықта жатты?
– 1960 жылдары баяғы Шәкәрімнің досы Керімқұл жазалаушы отрядтың артынан аңдытып жіберген баласы Қабышқа Ахат ақсақал: «Не бауырларымның, не әкемнің сүйегін арулап қоя алмадым ғой», – деп кейіп отырғанында, Шәкәрімнің мүрдесі жатқан құдықты көрсетеді. Ахат алғашқы құлашын күрекпен қазып, деп қалғанын қолымен қазып, әкесінің сүйектерін жинап, бір шабаданға салып, Кәкітайдың баласы Әрхамның үйіне әкеліп, бүкіл сүйегін қайта құрап, жуындырып, арулап көмген. 1931 жылы атылды. 1960 жылдары қайта жерленді. Араға тағы 30 жылдай уақыт салып, 1988 жылы ақталды.
– Айтпақшы, Шәукен ақсақалдың үйін ОГПУ үш рет тінтіді дедіңіз. Олар әрбір қуыс, әрбір тесікті қарары сөзсіз. Сурет қайда болған?
– ОГПУ-ден алып шыққан соң, Шәукен суретті шешесіне апарып берген. Шәукеннің шешесі Шәкәрімнің суретін өзінің кебіні деп дайындаған ақ матаның ішіне орап қойған. Шәкәрімнің өзі ақ кебінге оралып жерленбесе де, суреті кебінге оралып бізге жетті. Әкелердің өрлігі, аналардың ақылының арқасы болар.
– Әңгімеңізге рақмет, аға!
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №1 Қаңтар, 2018
1702 рет
көрсетілді1
пікір