• Featured
  • 10 Шілде, 2018

«Көшпенділер» ойыны көгерте ме?

Біздің ауылға компьютер деген ғажайып осы мыңжылдықтың екінші жылы келді.  Мектептегі «Алғашқы әскери дайындық» сабағы өтетін кабинет Кеңес өкіметі кезеңінде қару-жарақ сақталатын болған соң, едені бетондалып, есігі темірден қойылған. Тәуелсіздік алғаннан кейін ондағы оқу-жаттығуға арналған бүкіл қаруларды ауданға алып кетіп, ол сынып бос қалған еді. Бір күні «мектепке компьютер» әкеліпті деген жаңалық тарады. Баяғы қару-жарақ сақталған сынып, осы кезде маңызды, маңғаз қалпына қайта ауысқан еді. Есігіне қара құлып түсті. Әр сабақ бітісімен бүкіл балалар сол сыныптың есігінің алдында жиналатынбыз. Сыртынан болса да көргіміз келеді. Есігі ашылған кезде әппақ мониторларды көреміз. Жақындауға болмайды. Табалдырықтың арғы бетінен ғана телміріп қайтып кететінбіз. Жыл өтпей, ауылдағы дүкен ұстаушы Ұлдана апайдың үйінде ойынхана ашылды. Жалғыз компьютер. Осы кезеңде ауылда асық, футбол, ләңгі деген ойындардың барлығы тоқтады. Суға түсетін арықтың жағасы жетімсіреп қалды. Бүкіл ауылдың баласы Ұлдана апайдың үйінің алдында. Тіпті, тиының болмаса да барып, көріп қайтқанға мәзсің. Ойынның бір сағаты 60 теңге болатын. 5 теңгең болса, бес минут ойнайсың. GTA деген ойынды естіген шығарсыз. Сол кездерде біз басқа ойынның бар екенін білген емеспіз. Компьютер тек сол GTA ойыны үшін ойлап табылған сияқты. Барлық балаға арман болған сол компьютер алдағы он жылдың ішінде кез-келгеннің қолында болатын, үйреншікті дүниеге айналып кететінін ешкім білген жоқ. Ойынның да неше атасы пайда болады деп ойламадық. Біздің санамыздың даму туралы түсінгі тежеліп қалған сияқты. Әлі ілесе алмай келеміз. Компьютер кез-кезлгеннің қолында бар. Бірақ, ойын залдары әлі жабылған жоқ. Керісінше дамыған үстіне дамып келеді. Кіре қалсаң ондағы шудан құлақ тұнады. Футбол ойнап жатқандар футболистердің аттарын атап айқайлап, «Counter-Strike» ойнап жатқандар «Тунельге кел», «Үйдің артында», «Граната лақтыр» деген сияқты өздері ғана түсінетін терминдерімен сөйлесіп жатады. Жалпы алғанда, сол жердегі ойындардың халыққа, ұлтқа, тіпті, адамзатқа еш пайдасы жоқ. Мағынасыз, мақсатсыз ойындар. Кейде ата-аналардың өздері жұмысқа кетіп бара жатып, шұғыл шаруалармен жүріп балаларын осында ұалдырады. Әрине, мектеп жасындағы балаларын. Қалай болғанда да, ата-ананы да, баланы кінәлай алмайсың. Бүгінгі қарбалас өмірдің талабы күшейіп келеді емес пе? Дәл осы тұста, өзімнің күлкімді келтіретін ой түсті. «Мектеп пен балабақшалардан кейін, ойынханаларды қазақшаландырып, ұлттық нақышта жасау керек» деген. Есіме түскен сайын еріксіз күлкім келеді. Бірақ, бұл күлкі Әсет Оспанов атты жігітпен жолыққан күнге дейін ғана жалғасты. Жалпы, сөйлескендегі оның сұрағы таң қалдырды. Ол маған: «5-10 жылдан кейін Қазақстандағы ойынханалардан қандай дауыстар шығатынын білесің бе?» деген еді. Қос иығымды қиқаң еткізіп, жауыры жабысқан баладай тұра қалдым. «Меніңше, ол кездегі диалогтар мынадай болады: «Түркістанда жүрмін», «Жарамды ат таңдап ал», «Отырардың қақпасының алдына кел», «Қылышыңды жеткеріп ал», «Қазір Отырардың кітапханасына кіріп шығамын». Міне, Қазақстандағы ойынханалардан 5 жылдан кейін осындай айқайлар шығатын болады». Мен таңмын. Бірақ, жалғасқан әңгіме барысында бәрі түсінікті болды. «Nomads» атты ойынды естуіңіз бар ма? Бұл көшпенділердің өмірі туралы шығарылған тұңғыш ойын. Отандық өнім. Идея авторы Әсет Оспанов атты жігіт. Біздің бүгінгі әңгімеміз сол «Көшпенділер» ойынының айналасында, жалпы компьютердегі ұлттық ойындар турасында өрбитін болады.

Ең бастысы – идея.

– Асеке, «NOMADS» ойыны туралы идея қайдан, қашан шыққан еді? Ойын жасаймын деп мектеп кезінен армандадым. Бірақ қолымнан келмей, тек идеяларымды жазып жүрдім.  Басында ойынның атауы «Алтын Орда» болады деп жоспарлаған едім. Бірақ, «Көшпенділер» фильмін көргеннен соң, ойым өзгерді. Ойынның атын «Көшпенділер» деп қою осылай туған болатын. Ал, мен бұл ойынды тек Қазақстан территориясымен шектеліп қалады деп ойламадым. Сондықтан, «Nomads» деген атау оңтайлы келді. Жалпы ойынды жасауды қолға алған кезімде мен студентпін. Жасым шамамен 18-де. Қиын болады, қолымнан келмейді деп ойлаған жоқпын. Тек арман болды және сол арманға жетелейтін қызығушылық пен ынта болды. Менің ойымша, бастысы – идея. Сол идеяның алты қырдың астындағы жетістігіне қарға адыммен болса да жетуге болады. Оқу орнын бітіріп, жұмысқа кірдім. Ақша жинадым. Өз саласын жақсы білетін дизайнер досым бар еді. Сол суретші тауып берді. Сонымен мен осы ойынның алғашқы тапсырысын жасалды. Алғашқы эскиздерін салдыруға 10-15 мың теңге кеткені есімде. Үлкен арман осылай қысқа қадамдармен басталған еді. – Жалпы ойынды суреттеп өтсеңіз. NOMADS – бұл сізді кейінгі орта ғасырлардағы Азия мен Ұлы даланың көшпенді халықтарының тіршілігімен тастыратын ойын әлемі. Мұнда көшпенділердің менталитеті, салт-дәстүрі, таным-түсінігі, сол кезеңдердегі қару-жарақтары секілді көптеген дүниелер көрініс тапқан. Сонымен қатар, сіз бұл ойын арқылы орта ғасырлардағы Отырар, Түркістан, Самарқан, Бұқара секілді тағы басқа қалалармен де таныса аласыз. –  «Номадс» ойынының өзге ойындардан айырмашылығы не? Қандай артықшылықтары мен ойнаған адамға пайдасы бар? Басты артықшылығы – ойында көшпенділердің өмірі бейнеленген. Осы уақытқа дейін бұл тектес ойындар экранға шыққан емес. Әрбір ойыншы өзіне түртіп алатын жерлері көп. Көшпенділердің тұрмыс салтынан бастап, қару жараққа дейін ішінде толы мәлімет. Тіркелген кезде ойыншы өзіне образ таңдайды. 20 шақты кейіпкерлердің образы бар. Тағы айта кететін жай, ойыншы өзіне лақап ат пен руын таңдай алады. Ойыншы өзінің кейіпкерін таңдап, оны әрі қарай дамытады. Оған қару жарақ, дулыға, сауыт-сайман секілді дүниелерді таңдайды. Жәй таңдап қоймай, оларды сатып алады. Сол заманға сай тіршіліктермен ақша жинайды. Қылышы майрылса өзі ұстаханаға барып жөндейді, тіпті, ұстаға өзі қалайтын қылышына тапсырыс та бере алады. Осы кезеңдерді кезек-кезек өте отырып, ойыншы көшпенділер өміріндегі көптеген мамандықтармен танысады. – Тарихи ойын деуге бола ма?

Белгілі бір деңгейде солай деуге де болады. Бірақ, біз тарихи фактілерге қатты берілмейміз. Өйткені, тарихи ойын жасау өте қиын. Оған бірнеше профессор, тіпті бүкіл тарих институты атсалысуы керек. Оған бізде бюджет жетпейді. Дегенмен, біз ойынды жасау барысында көптеген кітаптар мен интернетті ақтардық. Тарихи-этнографиялық мақалалармен танысып, база жинадық. Қателіктер де бар шығар. Ол жүре келе түзеледі.

Жалпы, ойынның маған қатты ұнайтын жері – ол адамдардың ойындағы қарым-қатынасы. Бір-бірімен достығы мен арасындағы бәйгесі. Әрбір ойыншы мен мықты болуға тырысады. Соғыстар да, жекпе-жек төбелестерде неше түрлі тактикалар ойлап тауып, көшпенділердің соғыс өнері туралы да аздаған мәліметтер жинайды. Тарихи деректер болмаса да, сол заманның тіршілігіне үңіледі. Бір кездері тарих пәнінен оқыған мәліметтерін, сол кездің тұрмысымен ұштастыруды үйренеді. Жалпы алғанда, өзінің ата-бабасы тарихының, тіршілігінің, танымының бір пұшпағымен танысады. Ойындағы ең басты дүние – осы деп ойлаймын. – Мен компьютерлік ойындарға онша да қызыға бермеймін. Бірақ, біраз ойындарды білетін едім. Сіздің ойын шыққанына біраз болса да әлі естімедім, біреулердің ойнап жатқанын да байқамадым. Әзірше «NOMADS» ойынын біз тек Вконтакте әлеуметтік желісінде ғана аштық. Аудитория көбейту үшін басқа да желілерге енгізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, мобильдік қосымшаны жасау керек. Сол кезде, ойыншылар кез-келген жерде, кез-келген уақытта өз ойындарын жалғастыра алады. Қазіргі таңда, біз тек компьютерлік нұсқасын әзірледік. Жылдың аяғына дейін мобильдік нұсқасы жолға қойылатын болады. Ойынның аса танымал болмауының себебі, жарнамалап жатқан жоқпыз. Өйткені, ойынымыз үлкен аудиторияға дайын емес. Әзірше, біздің тілмен, айтқанда бета тестте. Бұл ойын графикасы жағынан өте сапалы. Бұл өзіміздің өзімізге емес, шетелдік ойышылар мен серіктестердің ойынға берген бағалары. Дегенмен, «NOMADS» ойыны техникалық жағынан әлі де толықтыруларды қажет етеді. Менің ойымша, бұл ойының болашағы зор. Бірақ, жасалатын жұмыс жетіп жатыр. – Қазіргі таңда қанша ойыншыларыңыз бар шамамен? Қазір Вконтакте желісінде 10 500 адам тіркелген. Күнделікті бұл сан шамалап артып келеді. – Қазіргі таңда қандай ойындар танымалдылыққа ие? Сіздің ойыныңыз сол критерийлерге жауап бере ме? Біздің ойнымыз әлі өз жолының бастауында тұр. Басқа танымал ойындармен теңесуге әлі шамамыз келмейді. Әрине, техникалық жағынан. Ал, негізгі мазмұны жөнінен өте жоғары деңгейде. Жоғарыда айттым ғой, бұл ойынның неге «NOMADS» деп аталғанын. Сондықтан, бізге шекара шектеу болмауы керек. Әлемдік деңгейге жетуге болады. Менің бастапқыдағы мақсатым – осы болатын. Бастысы идея бар, жұмыс басталды, ол енді тоқтамайды. «DOTA» секілді ойындардан әлем чемпионаттары өтіп жатыр ғой. Бұл ойын да сол деңгейге көтерілуі тиіс. Ең бастысы тәжірибе жинау, мықты команда құру және қаржы жағынан тәуелді болу. Осы үш нәрсе болса, жақсы ойын жасау – уақытты ғана талап ететін дүние.   – Алдағы жоспарлар жөнінде, осы ойынның болашағы жөнінде не айта аласыз? Асыра сілтегенім емес, дегенмен, мен бірдеме бастасам аяғына дейін апаратын адаммын. Жарты жолда тастай алмаймын және бұл жобаға көп күш пен қаражат кетті. Көп тәжирибе алдық, көп нәрсеге үйрендік, көп мамандармен жұмыс істедік. Ойын графикасының сапалылығы жөнінде шетелдік мамандардың пікірлерін айттым емес пе? Мықты суретшілер, дизайнерлер 2-3 жыл бойы еңбек етті. Экран алдында көз майларын тауысып, тек осы ойынның жоғары деңгейге көтерілуін ойлады. Осынша еңбектерден кейін, бұл жобаны тастап кету – менің командама деген сыйымның төмендігі болады. Мүмкін, ойынды толықтай бір ізге түсіргеннен кейін оған тарихи сипат берерміз. Қазақтың хандарын, батырлары мен жырауларын оқушылар тек оқулықтардан ғана емес, өздері қызығып ойнайтын ойындарынан да көре алатын болар. Бұл – әзірше арман. Ал, арман «идеяның» бір аты деп білемін. Осылай біз әңгімеміздің басталған тұсына қайта ораламыз. Иә, ең бастысы – идея. Әңгімеңізге рақмет! Сұхбат барысында бірнеше рет қайталанған идея туралы сөз мені миымның қатпарларын ақтаруыма мәжбүрледі. Қайдан естідім? Жә. Сонымен қазіргі таңда бұл ойын жұмыс істеп тұрған желіге кіріп, тіркелдім. Шынында да графикасы өте ғажайып деңгейде. Кейінгі орта ғасырлардың бояулар политрасы сұлу ғой. Ондай шығыстық бояуларды бүгінгі күні Иран суретшілері мен өзбек халқының суретшілері өте жақсы сақтаған. Ал, біз Шығыс пен Батыс ортасынан өзгеше өнер тапқан халықпыз. Өзгеше бояу таптық. Ол орта ғасырларға да тән. Біздің дала шығыс өркениетінен де, батыс өркениетінен де сусындаған. Дегенмен, екеуіне де жатпайды. Әлем екі түрлі өркениетті, Батыс пен Шығыс өркениетін айтатын болса, дәл осы қатарда үшінші «Көшпенділердің» де өркениеті айтылуға тиісті деп ойлаймын. Әлем тарихы көшпенділерді тани қоймайды. Бірақ, бұған ешкімді кінәлауға болмас. Сонымен қатар, тарихты зерттеу бар да, бүгінгі күні оны айналымға енгізу деген тағы бар. Ал, ол үшін автордың өзі әлемдік тіл саналатын ағылшын тілін білсе ғажап болар еді. Яғни, біз не істемейік, қалай қарап жол салмайық, бәрі-бір маңдай ағылшын тіліне келіп тіреледі. Мен өзге тілді айтып отырғам жоқ... Жалпы, ойынның таза көшпенділік колоритте жасалғанын айтамын деп бірді айтып, бірге кетіппін ғой. Иә, ойынның көз тартары шынында да графикасы. Бұл – алғашқы әсер! Жалпы ойыншы өзіне кейіпкер таңдағаннан кейін, ойын Отарар қаласынан басталады. Жоғарыда айтқандай, шынында да өз руыңды да таңдай аласың. Тек, бұл жерде құрғақ таңдалмайды. Сен образыңды таңдай отырып, руыңның қысқаша шежіресінен хабар аласың. Отырар қаласының ішінде ұсахана, қару-жарақ дүкені, базар, хан ордасы, диірмен және ең қызығы ОТЫРАР кітапханасы бар. Өз басым ойын бастала сала бірден кітапханаға бардым. Ол жерде ақ сақалды қария қарсы алды. Далалық көшпендіге мына қалалық өмірде қалай өмір сүру керектігі туралы ақыл кеңес айтты. Отырар кітапханасы – ойында сіз таңдаған кейіпкердің ауық-ауық соғып тұратын тұрақты орнына айналады. Себебі, ондағы кітаптарды оқи келе сіз таңдаған кейіпкеріңізді күшейте түсесіз. Қорыта келгенде, «NOMADS» жәй ғана ойын емес. Тарих деуге толық жауап бере алмайды, бірақ, сол заманғы тіршіліктің көрінісі екені сөзсіз. Қажеттіліктен, заманның талабынан баланы экран алдына отырғызған екенбіз, оның сол экраннан не көретінінің жауапкершілігі біздің мойнымызда. Сондықтан, бүгінгі таңдағы барлық жастар қызығады деген әлемдік тәжірибедегі барлық дүниенің қазақша, ұлттық баламасы болуға тиісті. Бұл арман. Бірақ, «арман – идеяның бір аты емес пе»!!! *** Айтпақшы, есіме түсті. Кристофер Ноланның «Бастау» атты фильмінде екен ғой. «Жер бетіндегі ең жанкешті паразитті білесіз бе? Тарақан,  бактерия, вирус. Үшеуі де емес. Жер бетіндегі ең жанкешті паразит – идея. Оны өлтіру мүмкін емес. Ол сенің миыңа жүйеленіп енді ме, ол сені жаулап алады».

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6 Маусым, 2018

1624 рет

көрсетілді

249

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы