• Featured
  • 27 Шілде, 2018

Данияр БАРЫС, әнші: «Мен – ұяты кедергі келтіретін адаммын»

Қуандық Рахымның «Мен қазақпын» әні әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды. Әскери шеруде шырқалғанында бар мәселе. Әсілі, бізге осындай рухты әндер керек. Патриоттық дүниелерді іздегенде, жер шұқып қаламыз. Репертуарында отаншыл шығарма бар әншіні емге таппайсың қазір. Біз Даниярды «Қазақстан дауысынан» кейін осы олқылықты толтырады деп күткенбіз. «Алға, Қазақстанды» айтып жүргенінде тіпті қуандық. Бірақ, шекара қызметінің ән-би ансамбліндегі әскери оркестрден кетіп қалыпты. Мұны естігенде шын өкіндік. Қазаққа да бір Любэ керек еді... ...Нұрлан Өнербаев, Саят Медеуов, Мейрамбек Беспаевтардан қазақы иіс аңқып тұрады. Қоңырлық бар өңінде де, сөзінде де. Данияр сол қатардан. Өзін іздеп жүріп, әрең таптық. Продюсер тұрмақ, әкімшісі жоқ. Бізбен беймарал отырып сөйлесті. Қысылып отырды бірақ. Көңіл пердесінің жұқалығы өңіне шығып тұрды. Табиғатының жайдақ емес, тым талғампаз екенін айтқанымызда, Қадыр ақынша: «Мен ұяты кедергі келтірген адаммын» деп, ыңғайсыздана күлді! ...Ол айтатын «Мұхида Шайбанды» тыңдасақ, сахара шөл көз алдыңа келеді. Жансусар болып, сусай бересің. «Танысайығын» тыңдасаң, өнеріне ынтықтығың тіпті артады. «Как молоды мы были» әнін естісең, уыздай албырт кезіңе барасың. Дауысы дархан даламызды еске салады. «Үлкен жобаның жеңімпазы едім» деп кеуде қаққан кезін көргем жоқ. Өмірдің өзіндей қарапайым. Сөйте тұра өр. Өз есімін потенциалы аздау әншілермен бірге  әдейі қойып көргенімізді біліп, өрекпи сөйледі. Өнерге осындай қызуқандылық, жанкештілік керек... «Тәп-тәтті сезімдерім бар» дегені сезімнің адамы екенін байқатты. Әттең, осындай жігіттер Медеу Арынбаев сынды кәсіби әншінің етегіне оралып жүрсе ғой. Медеудей сақа болып шығар еді... Жүрегіндегі сезімі біраз жерге жеткізетіні анық. Өнер сезімнен туады, өйткені. Тек жаралап алмаса, жараланып қалмаса екен... Данияр қандай ортада жүреді? Өнер деген ортада болғаннан кейін, сол ауылда, әрине. Бірақ, негізінен Алматы мен Шымкенттің тұрғынымын. Сонда жақсы-жақсы достарым бар. Арқар ауған Астананың аязына шыдай алмаймын. Онда көп тұрақтамаймын. Болашақта жақсы қызмет, жайлы баспана, жөнді көлік ұсынып жатса ғана барамын. Өзім Түркістанға жақын Ынтымақ ауылында дүниеге келгенмін. Өзімнен үлкен ағам бар. Мектеп қабырғасынан бастап ән айттым. Менен 7 ай үлкен нағашымның баласы болатын, екеуміз бірге өстік. Бәрі бізді егіздей көретін. Сабақ үлгерімім жақсы болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын бала болдым. Шымкенттегі ХҚТУ-дың өнер факультетінде музыкалық білім мамандығын оқып бітірдім. Ұстаздарым Әлден мен Сайлаубек Жақсыбековтер менің бойыма музыкалық білімнің негізін қалады. Осы кісілер менің сахнаға шығуыма, байқауларға қатысуыма тікелей себепші болды. Республикалық «Арай» конкурсында бақ сынап, лауреат болдым. Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық конкурста «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әндер номинациясында жақсы өнер көрсеттім. 2009 жылы «Шабыт»шығармашыл жастар фестивалінде дипломант болдым. 2011 жылы «Жас қанат» байқауына қатысып, дипломант атандым. «Қазақстан дауысы» жобасына дейін осындай азды-көпті жетістіктерім болды. Студент кезімде кіл додада жүрдім. Бірақ вокал сабақтарын жібермеуге тырысатынмын... Жақында еліміздегі бір ауқымды жобада бақ сынап көруді ойлап жүрмін. Өнер жанашырларынан «қатыс» деген сыңайда ұсыныс түсіп жатыр. «Қазақстан дауысындағы» достарыммен араласып тұрамын. Жанғали мен Жәмиғаның өнерін сыйлаймын. Бауыржанмен хат алысып тұрамыз. Шахеризат, Нұрман үшеуміз бейнебаян түсірдік. «Той думаннан» көрсетіліп жүр. Мені іздесеңіз, ұят деген шекарадан шықпайтын, адамдық деген арқаннан аттамайтын жердемін. Мен үшін анамның алғысы, досымның жан сыры қымбат. Даниярға зор дауыс кімнен дарыған? Әрине, бірінші Алладан, сосын ата-анамнан. Әке-шешем қарапайым адамдар. Әкеміз өмірден өтті. Сол – аздап жанға батады. Ағам отбасылы, қарашаңыраққа қарайлап отыр, шаңырақ иесі, анамның қамқоры. Мен өнеріммен елдің ішіндемін. Анда-санда барып, маңдайымызды иіскеткеніміз болмаса, үйде көп болмаймын. Анам «қасыма келін әкеп бер» деп тынышсызданып жүр. Жиырма бестен астық, бұйырса болып қалар... Ылғи жолда жүргесін уайымдайды. Өзімді зор дауыс иесі санамас едім. Мен үшін мұндай дауыс Жұбаныш ағамда бар. Болашақта ол кісімен ән айтқым келеді. Мейрамбек ағаны ел құрметтейді. Айқынды қатты бағалаймын. Жанды дауыстың жағында жүрген жігіттердің бірі. Ғазизхан Шекербековтың әндерін жақсы көремін. Күні кеше Ғазизханның шығармашылық кеші деп Шымкент пен Тараз өңірін аралап қайттық. Әндері тәтті. Репертуарымда «Танысайық» деген әні бар. Қуаныш Жаманқұловтың сөзіне жазылған. Бұл екеуі жақсы шығармашылық тандем. Мақпал апай айтатын «Жылдар, жылдар» әні қандай тамаша. Еркін Нұржановтың, Төреғали Төреәлінің сөзге қатты мән беретіні ұнайды. Өздері де ақын ғой, арзан ұйқас таппайсың. Сондай талапты өзіме де қойып жүрмін. Репертуарымда «Арнау» әтті қырғыз әні жақсы тыңдалып жүр. «Жалған дүние» атты әнді айтып жүрмін. Кейбір адамдарға сөзі онша  қонбапты. Меніңше, өмір мәнін ұқтыратындай-ақ дүние. Данияр неге саяқ? Жақсы араласатын досым шығармашылығыма жарнама жасап жүр. Ғаламторда мен жайлы дерек аз деп «жылап» жүр. Ютубеде аккаунтым бар. Оны өзім жүргізем. Қолданбайтын едім, бір жолдасым «көзімді ашты». Вконтакте, фейсбук, инстаграмм сынды желілерде өзім отырамын. Ешбір фейк емес. Шынайы жазуға тырысамын. Онда дастархан басынан, ұшақтан және тойдан сурет салмауға тырысамын. Себебі, халық осындай дүниеден шаршады. Әр сөзіме, әр образыма мән беремін. Потенциалы орташалау әншілермен қатар қойғаныңызды көріп, шамданып қалдым. Мен өзімді кереметпін не олардың дауыстары жоқ деп, мансұқтамаймын. Бірақ, талғам деген дүние бар жерде, мен жүремін. Жайдақ емесім анық. Сахнаға сағындырып, тұшындырып шығатыным содан. Белгілі деңгейде саяқпын. Қыздарға да етене жақын емеспін. Ғаламторда жазып, қал-жағдайымды біліп, тіпті «қызыл сызықтан» өтіп, сезімін білдіретін арулар бар. Дұрыс та шығар. Бірақ, мен «қорыта» алмаймын. Жанын жаралап, арманын аласартып алмаса екен. Арман арман күйінде, ып-ыстық боп, алыста лүпілдеп тұрғаны жақсы. «Махаббат қызық мол жылдарды»  студент кезімде оқығам. Ербол мен Меңтайдың адалдығы сақталса екен сондағыдай. Қыздар тұрмысқа періште қалпынша шыққаны дұрыс. Бәлкім, «шымкентше» ойлайтын шығармын, бірақ ол – ұлттың саулығы үшін керек. Данияр сынды қалай қабылдайды? Орынды сынмен қоса, орынсыз сынды да көтере аламын. Мен адамдардың көңіл күзетшісімін. Көңілін ауыртып алмайын деп, бағып тұрамын. Ойымдағыны тіке айтып тастауым мүмкін, бірақ еш зілсіз. Менің ол адам жайлы ойымды білу қиын. Жаманды да, жақсыны да жанымда сақтаймын. Мейрамбек аға сынды сынға ұшырамай жүргім келеді. Әні қандай, сәні қандай! Жұбаныш Жексенұлы сияқты кәсіби болғым бар. Нұрлан ағам құсап кәжекей мен қалташамды да қазақы еткім келеді. Нұрлан Өнербаевтай сағындырып шыққым келеді сахнаға. Ашық-шашық қоғамнан шаршадым. Бұрын сағыныш деген сезім бәрінен биік тұратын. Инстаграм деген бәле болды. Кімнің қайда, не жеп жүргенін біліп отырасың. Сәкен Майғазиевтің инста жазбалары ұнайды. Қоғамдық мәселелерге бас қатырып, ой қорытып жүреді. Балақандармен тәп-тәтті ғып суретке түсіп жүретіні күшті. Халық Сәкенді осы үшін де жақсы көретін шығар. Орталау деңгейде орысшам бар. Орыстың әндерін де қал-қадірімше айтамын. Өткенде бір танысым «екпінді дұрыс қоймапсың» деп қанымды ішті. Негізі, ондай кемшілікті, сауатты адамнан да табуға болады. Данияр жеңімпаздыққа қалай қарайды? Өнердегі жеңіс ештеңе емес, өмірде жеңімпаз атансам деймін. Жар таңдаудан жаңылыспасам екен. Менің арманымның алғашқысы – жақындарыма «жоқ» деген сөз айтпау. Барлық материалдық-моральдық қажеттілігін өтейтін жан болу. Екіншісі – елге еңбегі сіңген қайраткер атану. Үшіншісі – салиқалы ұл-қыз, шәкірт тәрбиелеу. Соларға үлгілі тұлға болу. Арманның ақшаға құрылмағаны жақсы. Ақшаға сатып алатын дүние арман емес. «Қазақстан дауысына» сіз лайықты едіңіз» деген сөздерді жүрген жерімде жиі естимін. Сол бағаға мәз болып қаламын. «Бірінші орынды алмадым» деген өкініш басында сәл-сәл болды, бірақ кейін жақсы сөздер естіп, жүрген жерде елдің батасын алып, танымалдықпен қоса жақсы көру құрметіне ие болғанымды сездім. Сонда Алланың бұл күніне де шүкір дейтін болдым. Расымен де, елдің ықыласы мен дұрыс көзқарасының өзі мен үшін жеңіс. Данияр сахнаға домбырамен шыға ма? Маған осындай ұсыныстар айтып жатқандар бар. Негізі, о бастан сахнаға Мейрамбек ағамен домбырамен терме айтып шыққым келген. Ол кісінің термелерін тебіреніп тыңдаймын. Тарсылы көп эстрадада терме көп айтылуы керек. Білуімше, Мұрат Қожа да термені бір кісідей айтады. Бірақ эстраданың сүрлеуіне салып жібергенбіз. Домбырамен шықса, біртүрлі көрінеді. Өзім домбырамен халық әндерін айтамын. «Мен қазақпын» сынды рухты жобаларды қызыға қараймын. Мойындауымыз керек, дәстүрлі әншілердің бәсі бәрібір биік. Олар терең. Әттең, дәстүрлі  бағытқа аса жоқпын, әйтпесе арқаланып алқалы топқа кірер ем... Данияр кіммен сұқбаттасқысы келеді? Беспаевпен әлбетте. Бір ортада, бір қуаныштарда бірге жүрсе те, ағаның жанына барып, әңгімелескім келеді. Қали аға Сәрсенбаев бекер Мейрамбекке үшбу хат жазған жоқ. Сеніп, сенім артып отыр. Әр қазақ Мейрамбектей болса, қанекей! Ол кісінің іші шемен шерге толы сияқты. Соны ақтарып, шындығын айтқызғым келеді. Төрештер сахнада ағат кеткенде, ағалық айтқаны қандай жақсы. Бізге ол кісілердің сыны керек. Өзім Нұрлан, Жұбаныш, Мейрамбек ағалар тарапынан сыналудың өзін де армандаймын. Арманның ақшаға сатып алмайтындай болғаны жақсы. Сонда ол асқақ қалпында қалады. P.S. Әнші сұқбат біткен соң «арманың бар ма?» деп сұрады. «Арманымды айтсам, ұрлап аласыз» деп күлдім. Артынша қарапайым ғана армандарым барын естігенде, шын қуанды. Байқағаным, әншімен сұқбаттан тыс та айтылар әңгіме көп екен. Арасында достық рәуіште сөйлесіп тұрамыз. Бізді ортақтастырған бір нәрсе – қазақы тәрбие деген қазық болса керек. Нұрсан Әлімбай айтқан обал, сауап, ар-ұят дегенді қасына торсықтай байлаған жігіт екен. Мен соған сүйсіндім!

Сұқбаттасқан Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №6 Маусым, 2018

912 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы