• Featured
  • 07 Тамыз, 2018

Сырым МЫРЗА ӘЛИ, дәрігер: «Атамның ақылымен өстім»

Сырымды жаттығу залында көрдік. Сұраса келе, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлидің немересі екенін білдік. Медицина саласында жұмыс істесе де, грепплинг күресінен кезекті жарысына дайындалып жатыр екен. – Мен атамның тұңғыш баласы Қуаныштың ұлымын. 1988 жылы Ресейде, Владимир облысы, Киржач қаласында дүниеге келдім. Үш жасымда Қазақстанға қоныс аудардық. 11-сыныпты Алматыда атамның қолында оқыдым. Сосын С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, алты жыл Шығыс медицинасы факультетінде білім алдым. Жетінші жылы жалпы тәжірибе дәрігері, яғни қазіргі педиатр мен терапевт мамандығын игердім. Содан кейін төрт ай балалар неврологиясы бойынша білімімді жетілдірдім. Дәстүрлі медицина бағыты бойынша Санкт-Петербург қаласында арнайы курстан өттім. Біздің әулетте өнерден алшақ мен ғана. Балалары мен немерелерінің басым көпшілігі өнерге жақын адамдар. – Атамның қолында оқыдым деп қалдыңыз. Ара-қатынастарыңыз қандай болды? – Атам немерелерінің бәрін жақсы көріп, бәрімен жақсы қарым-қатынаста болды. Ешқайсының бетінен қаққан емес. Немерелеріне арнаған өлеңдері де бар. Менің университетке түсуіме де көмектесті. ҚазҰМУ-дегі таныс декандарына хабарласып, мені арнайы дайындауын сұрады. Жақсы мұғалімдерге оқытып, оқуға түсуге барынша жағдай жасады. Бірақ ешқашан абыройын пайдаланып, «немеремді оқуға түсіріп беріңдер» деп ешкімге айтқан емес. Мен тіпті ақылы бөлімге түсуден қауіптеніп, 11-сыныпты ауылда тәмамдадым. Университетке де ауылдық квотамен түстім. Университетті бітіргенше атамның қолында тұрдым. Ол кісімен әртүрлі тақырыпта еркін әңгімелесетінбіз. Атам массаж жасатқанды жақсы көрді. Қолын, арқасын уқалап беретінмін. Дін тақырыбында да әңгімелестік. Дінге қоятын талаптары жоғары болатын. Дінді ғылыми түрде зерттегісі келді. Өкінішке қарай, олай болмады. Сондықтан да менің дінді тереңірек зерттегенімді қалады. Әртүрлі сұрақтар қойып, мені ізденуге, талаптануға үйретті. Өмірінің соңында да дін мәселесі жайлы көп сөйлестік. Атама Құранда айтылған тұжырымдарды биология, физика сынды ғылымдардың растағаны туралы деректер жинап, көрсеттім. Құранның сарқылмас ғылым көзі екенін дәлелдегендей болдым. – Басқа немерелеріне қарағанда атаңызға біртабан жақынырақ болған сияқтысыз. Бұл өмірлік ұстанымыңызға әсер етті ме? – Атама басқа немерелерінен жақынырақ болдым деп айта алмаймын. Біріншіден, мен басқа немерелері сияқты өнерлі емеспін. Басқа немерелерімен қаншалықты жақын болғанын да нақты білмеймін. Мысалы, атамның кенже ұлының баласы Мұхит суретші. Өзінің көрмелерін өткізіп, кітабын да шығарған. Суретшілер болмысты бояумен суреттесе, ақындар сөзбен суреттейді емес пе? Осы тұрғыдан алғанда Мұхит атама әлдеқайда жақын болуы мүмкін. Сол Мұхиттың айтуынша, атам екеуміздің сөйлеу мәнеріміз қатты ұқсайды. «Атамнан естіген сөздерді сенен естимін. Сен айтқан сөздерді атамның да аузынан естігем», – дейтін. Атам менің патриоттық сана-сезімімді қалыптастырды. Ол кісі мен үшін эталон, атама қарап бой түзедім, ғибрат алдым. Атамның еңбекқорлығына тәнтімін. Ол кісі көп еңбектенгеннен ләззат алатын. Еңбекқорлығы маған қатты әсер етті және әлі күнге дейін шабыттандырады. Ол кісінің жетістіктеріне жеткім келеді. Бұл менің арман-мақсатымның бірі. – Сонда шығармашылыққа бет бұруды көздейсіз бе? – Негізі медицина саласы шығармашылық қабілеттерді жоққа шығарады. Шешендік өнерге жақын, сөзшең адамдар медицина саласына келсе, шығармашылық қабілетін дамыта алмайды. Сондықтан өзімді басқа салада сынап көргім келеді. Бәлкім, басқа салада да үлкен жетістіктерге қол жеткізермін. Мәселен, психологиялық кітап жазуды көздеймін. Әрине, дәрігерлікті ысырып тастамаймын. Өйткені медицина менің өмірімнің біртұтас бөлшегі. Шамамен 8-9 жасымда ақын болғым келетін. Ұйқасқа салып, неше түрлі өлеңдер жазатынмын. Жазғандарымды ылғи атама апарып оқытатын едім. Бірақ ол ешқандай жауап қатпайтын. Не жақсы, не жаман демей қайтарып беретін. Яғни, мені мақтамайтын. Осыған ашуланып, Мақатаевтың кітабындағы бір өлеңнің ортасынан үзіндіні көшіріп жазып алдым да, атама апарып: «Ал мына өлеңімді оқып көріңізші», – деп қолына ұстаттым. Атам ары қарап, бері қарап: «Мынаны сен жаздың ба?», – дегенде шімірікпестен «өзім жаздым» дедім. Атам: «Мынаны қараңдаршы, қандай өлең жазған», – деп таңғалған болатын. Мен мақтау естігеніме қуанып, өз-өзіме риза болдым. – Қандай кітаптар оқуға кеңес беретін еді? – «Эврика» жинақтарын оқуға кеңес беретін. Өйткені ол кітапта ғылыми тұрғыдан терең зерттелген, құнды дүниелер жарияланатын. Атамның кітапханасы өте үлкен болды. «Мен жаман кітап жинаған жоқпын. Кез келгенін алып оқи берсең болады», – дейтін. Атамның кеңесімен оқыған кітаптарды өмірлік тәжірибемде қолданып келемін. Мысалы, «Эврикадағы» медицина саласына қатысты жасалған ғылыми тұжырымдарды, әдістемелерді тәжірибе жүзінде пайдаландым. – Атаңыздың шығармашылығын қалай бағалайсыз? – Меніңше, «Жазмыш» атамның болмысын да ашады. Ұлт рухын көтеруге зор еңбек сіңірді. Себебі ол жырламаған тақырып жоқ. Оның жырларында ой да, сезім де бар. Атамның өлеңдерінен елі мен жерін жан-тәнімен, жалынды жүрегімен сүйгенін аңғаруға болады. – Жоғарыда дәстүрлі медицина туралы айтып қалдыңыз. Хиджама арқылы емдейді екенсіз. Медицина мұны қаншалықты құптайды? – Балалар неврологиясы мен хиджаманы қатар оқыдым. Сондықтан да хиджамамен балалар неврологиялық ауруларын емдей аламын деп айта аламын. Бірақ тек қана хиджаманы біліп, неврологиядан түк хабары жоқтар ДЦП (церебралды сал ауруы) сынды ауруларды емдеймін деп айтып жүр. Нерв жүйесін толыққанды білмей, бұл мүмкін емес. Мен өзіме өте үлкен талап қоямын. Бұл мәселені толықтай түсіну үшін жан-жақты оқып, зерттедім. Хиджама арқылы емдеген аурулардың нәтижелерін еліміздегі неврологияның бас мамандары мойындады. Оларға емге дейінгі және емнен кейінгі нәтижені көрсеттім. Хиджаманың мүмкіндігі өте көп. Варикоз, бүйрек, қан қысымы ауруларын, бауыр циррозын емдеуге болады. Менде бауыр циррозымен ауырған науқас болды. Аллаға шүкір, емдеп шықтық. Қазірге дейін араласып тұрамыз. Медициналық сүліктің де пайдасы орасан зор. Сүлік сілекейінде 40-қа жуық фермент бар. Бұл ферменттер адам ағзасындағы қанның, жасушалардың микроциркуляциясын жақсартып, қалпына келтіреді. Нәтижесінде қан қысымы бір қалыпқа түсіп, мүшелердің ісуі басылып, аурулар басылады. Адам ағзасындағы барлық қан айналым жүйесінің жұмысы қалыпқа келеді. Дәстүрлі емнің кем дегенде 2000 жылдық тарихы бар. Ал қазіргі заманауи медицинаның тарихы әлі 100 жылға жеткен жоқ. Алғашқы пенициллиннің өзі шамамен ХХ ғасырдың ортасында ойлап табылды. Қазіргі салынып жатқан вакцинаның сапасы өте нашар. Маған: «Сап-сау балам вакцина салғаннан кейін мүгедек болып қалды», – деп келгендер бар. Вакцина мәселесін ешкім көтеріп жатқан жоқ. Бөлінген қаржыға сапасыз вакцинаны әкеледі. Вакцина салдырмай, сондай ауруларға душар болғандарды естімедім. Керісінше, вацина салдырып, қызамық (краснуха) ауруымен ауырған екі жайтқа куә болдым. Негізі вакцина салдырғаннан кейін бұл ауруға душар болу мүмкін емес. – Спортпен кәсіби түрде шұғылданасыз ба? – Бала күнімде таэквандомен шұғылдандым. Сосын аралас жекпе-жекке көңілім ауды. Аралас жекпе-жекте спорттың барлық түрі қамтылғандықтан, грепплинг, бокс, еркін күреске жеке-жеке қатысып, мүмкіншілігімді байқап көрдім. Адамның өмірде қабылдайтын шешімдері қандай болса, спортта да дәл сондай болады. Күреске барғалы тез ұтылып қалатынымды байқадым. Егерде белдесудің басында ұтылып жатсам, соңына дейін арпалыспай беріле салатынымды байқадым. Күрес менің өмірімдегі қателіктерімді айқындап берді. Адам өмірде қандай болса, дәл солай күреседі. Күрестегі кемшіліктерді түсіну арқылы өмірдегі кемшіліктеріммен де жұмыс істей бастадым. Сондықтан спорт адамның алға ұмтылуына ықпал етеді. Спортпен айналыса бастағанда бірден екі мақсатты көздедім. Біріншісі, денсаулығымды сақтап, нығайту болса, екінші спорттық мансабымды қалыптастырғым келеді. Біз мақсатты тек 1-2 жылға ғана қоямыз, бірақ 5-10 жылға мақсат қоя бермейміз. Ал менің спорттағы мақсатым 1-2 жылда іске асатын дүние емес. Өйткені кәсіби спортшылар сияқты күніге екі уақыт жаттығу жасай алмаймын. Бірақ 8-10 жылдан кейін әжептәуір нәтижеге, деңгейге қол жеткізе аламын. Сырымның бет-әлпеті атасынан аумайды екен. Әңгіме барысында да атасы сияқты қалжыңдап отырды.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7 Шілде, 2018

1051 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы