• Featured
  • 13 Тамыз, 2018

Азамат ШЫНАРОВ, күйші, «Мен қазақпын» жобасының финалисі: «Әркімнің жеңімпазы өз жүрегінде...»

«Мен қазақпын» мега жобасы («Қазақстан» телерадиокорпорациясы) кешелі-бүгінгі есте қалатын игі шараның бірі болды. Шалғайда жүрген өнерпаздарды сахнаға шығаруды алға тартқан жоба дәстүрлі әнші, күйші және термеші номинацияларында өтті. Бұл ұлттық құндылығымызды насихаттап, дәстүрлі өнердің шамшырағын жаққан байқау ретінде көпшілік көңілінен шықты. Біз байқаудың финалисі, Алматы қаласының атынан топ жарған күйші, зерттеуші Азамат Шынаровпен сұхбаттастық. – Бұл байқау сізге не берді? Жеңімпаз лайықты деп ойлайсыз ба? Әлде шешім оқыс қабылданды ма? – Сайыстың аты – сайыс. Ол жерде жеңімпаз болады, жеңілген адам болады. Бағымызды сынап, Алматы қаласының атынан шығып, финалға дейін жеткенім абырой деп ойлаймын. Сайыстың өтуі де орынды болды. Неге десеңіз, дәстүрлі өнерімізді, салт-санамызды дәріптейтін бағдарламалар жоқтың қасы. Ал «Мен қазақпын» ауқымы жағынан үлкен, ұлттық рух пен жігерді қамшылайтын, намысты оятатын тың жоба болды. Жарты жылға саятын уақыт көлемінде халық өз пікірін білдіріп, өнерімізді бағалап жатты. Алайда әркімнің жеңімпазы өз жүрегінде. Бәлкім, «Мен қазақпында» жеңіске жеткендердің бабы да, бағы да қатар шапқан болар. Мүмкін бір жерден кем қалған тұсымыз да болған шығар. Дегенмен, жеңбегеніміз болмаса, финалға жетудің өзі жеңіс деп ойлаймын. – Өзіңіз Батыс күйшілік мектебінің өкілісіз. Жобада Жетісудың атынан қатыстыңыз? Онда не сыр бар? – Алматы – өнердің ордасы. Бұл талай дүлдүлдің тұсауын кесіп, талай дарынды шыңдаған шаһар. Қаламызда қарымы тұлпардың шабысынан кем түспейтін күйшілер бар. Солардың ішінен суырылып шыққанымның өзі қайратымды шыңдады. Туған жерімдегілер де осы алғырлығыма қуанды, ешкім де реніш білдірмеді. Насихаттап, дамытатынымыз күллі қазақтың дәстүрі. Сондықтан ел деп, жер деп бөлінудің де қажеті жоқ. Мен Батыстың да, Жетісудың да күй өнерін жетік меңгеруге міндеттімін. Жер бөлінгенмен, күй бөлінбейді. Оның болмысы тұтас бір адам сияқты. Бөлшектер болсаң жансызданып қалады. Сол себепті өнерге бей-жай қарауға болмайды. – Сейтек мектебін жалғастырып, оның өнерін зерттеп жүрсіз. Сейтекке сізді кім әкелді, не әкелді? – 2013 жылы Алматыға оқуға келгелі бері ұлттық өнерді зерттеуге құлшынысым оянды. Ал Құрманғазының күйшілік мектебін жалғастырып, өз кезінде дәстүрлі өнерді жаңғыртқан, ұлы күйшілердің бірегейі Сейтектің туындылары көп орындалмайтыны, өз дәрежесінде насихатталмайтыны мені тіпті қынжылтты. Содан ол кісінің күйлерін нотаға түсіріп, тылсым табиғатын ашуға тырысып келемін. Тіпті шама-шарқым жеткенше Сейтектің атына кеш те бердім. Ол кісі талай қуғын-сүргінге ұшырап, абақтыға түсіп, айдауда жүрсе де қолынан домбырасын, жүрегінен күйін тастамаған адам. Осындай ұлттың өнеріне құрметпен қарап, жандандырған адамды жастар білуге, үлгі алуға тиіс. Ал осындай күйшіні зерттеу, оны насихаттаудың өзі мен үшін парыз саналады. Бел буып кіріскеннен кейін, атқарған ісіңнің әкелетін атақ-абыройын, пайдасын ұмытып кетесің. Себебі осы іске құшырлана, құмарлана кірісіп, ішіне еніп кете барасың. Осы тұста мақсатың да көрген-білгеніңді, іздеп тапқаныңды, зерттегеніңді өзгелер де білсе екен деген позицияға өзі-ақ ауысып кетеді. – Сейтектің күйшілік өзгешелігіне тоқтала кетсеңіз... – Әрине, әр күйшінің өзінің ерекшелігі болады. Күй шығарудағы өзгешелігі, орындау артықшылығы деген сияқты. Сейтек бабамыз айдауда, қуғында көп жүргенін айттым. Бірде түрмеден қашып шығып, өзінің туған жеріне орала алмай, қоңсы отырған елдерді аралаған. Ортаң қандай болса, өзің соған бейімделесің ғой. Сейтек бабамыз күйші болып өнерде жүргендіктен, сол өңірдің саз-мақамдарын өзінің күйлерімен суреттеген. Яғни оның күйлерінде қалмақ саздары әсер беріп тұрады, сондай ерекшелік бар. – Нотаға түскен күйді ала салып орындайтын күйші мен өз репертуарындағы күйге толық зерттеу жүргізіп барып қана орындайтын күйшінің айырмашылығы неде деп ойлайсыз, яғни бұрынғы Азамат пен қазіргі Азамат жайлы айтсаңыз. – Күйді нотамен орындау- ды консерваторияға түскен кез келген студент жадына тоқып, жаттығып алады. Дегенмен оның тарихына назар салып, күйдің жан-дүниесі мен табиғатын сезініп, жүрегіңнен өткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Жаныңа жақын, көңіл көкжиегіңе оң әсер беретін күй табу да оңайдың ісі емес. Тіпті осы дүние кейде өзімнің де қолымнан келмей жатады. Әйткенмен нағыз күйші ешқандай қиындыққа қарамастан болмыс-бітімімен күйді сезіне алу керек. Оны құрғақ нотада ойнап шығуы миға қонбайтын дүние. Күйшінің парызы барлық күйді орындай алу емес, таңдаулы күйді, өзің түсінетін күйді тыңдарманның жүрегіне жеткізіп, ойына қозғау салу. – Қазір жастардың көбі дәстүрлі өнерге құмартпайды. Ал сіз өнердің бұл түрін неге таңдадыңыз? Эстрада әншісі болуға шамаңыз жетпейтіндей көрінді ме? – Өнерге әсте адам баласы жай келе салмайды. Оның табиғаттан берген дарыны болады деп ойлаймын. Өзімді мықты дарынмын деп санап тұрғам жоқ. Әйтсе де, бұл өнер маған нағашы жағымнан келген. Атам сегіз қырлы бір сырлы азамат болған. Нағашы әжем де өнерден құралақан емес еді. Бойымда дәстүрлі өнерге деген ата-бабамнан жеткен қабілет болып тұрған соң неге оны жалғастырмасқа? Сондықтан мен дәстүрлі өнерді таңдадым. – Әңгімеңізге рақмет! Өнеріңіз өрлей берсін.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ, «Ақ желкен» журналының жас тілшісі.

«Ақ желкен» журналы, №7 Шілде, 2018

983 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы