• Featured
  • 11 Қыркүйек, 2018

Нұрлыбек САҒЫНТАЙ, студент: «Көше әншісі тілемсек емес»

Астанадағы Есіл өзенінің жағалауында, дәлірек айтсақ, Ә.Мәмбетов көшесіндегі Арбатқа бет алатын жолдан сәл шеткеріректе «Ninety one»-ның «Қайтадан» әніне бірнеше бала еркін билеп тұр. Жас шамалары 17-18-дегі студенттер. Адамдар ерсілі-қарсылы өтетін жерде жеткіншектердің бұл биі бір қарағанда көзге түрпідей-ақ. Өздерінің киімі де ніл қарадан, шаштары жирен де жалбыр, би қимылдары да қатардағы қалыпты адамдардікінен гөрі «біртүрлілеу». «Ел жүретін жерде бұлары не сұмдық? Елпілдеп, не істерін білмей, бағытын таппай жүргендер ғой. Еліктеу мен солықтаудың соңындағы осы жастарды-ай» деген жақтырмауды қыдырып жүргендердің көзқарасынан-ақ байқауға болады. Бұрындары тек шетелдік кинофильмдерден көретін көріністі біздің елде байқатып, көше биін насихаттап жүргендерге жақсы көзқараспен қарайтындар әзірге өз замандастары ғана сынды. Оған дәлел жанымнан өткен жоғары сынып оқушысы: «Билері қандай күшті! Өздері де еркін екен! Тіпті оларға қосыла билеп кеткің келеді!» – деді эмоциясын жасыра алмай... ...Жағалау маңында осындай оқиғалар мен пікір қақтығысы күніге орын алады. Өйткені, мұнда болмыс-бітімі де, өмір сүру салты да бір-біріне ұқсамайтын мың сан адам келіп-кетіп жатыр. Жаңағы тосындау стильмен ерекшеленіп жүрген жастардың түпкі ойы – жұрт назарын өзіне аудару емес шығар. Өздеріне сондай жаңаша стиль, сергек өмір сүру салты ұнағандықтан болса керек... ...Жағалауға барған сайын талай көше музыкантын көріп те, тыңдап та, көңіліміз толмағанына тоқтамай, өтіп кетіп те жүрміз. Бірде синти-поп стиліндегі махаббат әндерімен бірге танымал рэперлердің әндерін гитарамен орындайтын жас жігіттің жанына жастардың шүпірлеп жиналғанын байқадық. Бозбала гитарамен бірде Ғалымжан Молданазардың орындауындағы әндерді айтса, енді бірде британдық поп музыкант Эд Ширанның ағылшын тіліндегі әндерін айтып отырды. Одан өзіміздің Батырхан Шүкеновтың репертуарындағы бірнеше әнді гитарамен шырқап берді. Қаумалаған топпен бірге жас жігіттің әнін тыңдап тұрып, көше әншісін әңгімеге тартып көрген едік... – Байқағаным, Есіл жағалауына адамдар серуендеуден бөлек, су жағасында медитация жасауға келетін сынды. Оған өздеріңіздей музыканттардың әні қосылғанда, тіпті тамаша екен... Нұрлыбек, жағалауда ән айтатыныңыз қол бостықтан емес болар? – Жағалауға, жалпы өзен-көлдің, судың жағасына адамдар өз-өзімен қалып, тынығуға келеді ғой. Бұл жағалаудың маңы адамнан арылмайды. Анау – құлағына құлаққап киіп, өзімен өзі жүрген адамға қараңызшы! Ол түнгі Астанада ішкі сырын музыкамен үндестіріп, содан жанына үйлесім табуда. Ал ар жақтағы спорттық киім киген жігіттер ары-бері жүгіріп, бойын ғана емес, ойын да шынықтырып жатыр. Ал кейбір адамдар мұнда көңіліндегі кірді шаюға, күйкі тірліктен шаршағанда келеді. Сондайда біз отырамыз әнімізбен адамдарға көңіл-күй сыйлап, күш беріп. Менің айтқан әніме жастардың жиылып, тіпті менімен қосыла шырқайтыны – музыка тілінің, әннің құдіреттілігінен болар. Алғаш студент атанып, Астанаға келгенімде достарымызбен қыдырып жүріп, осында келдім. Есіл өзені жағалауындағы, Арбаттағы көше музыканттарын көріп, шын қызықтым. Өзім бала күнімнен ән айтамын, музыка тек әуестігім емес, ән айтқаннан жаным рахаттанады. Мұнда қол бостықтан емес, әніммен адамдарға бөлек энергия бергім келетіндіктен жиі келемін... – Бөлек энергия беретіндеріңіз де рас, бірақ көше музыканттарын, жалпы көше өнерін түсінбейтіндер де бар ғой... – Оны жоққа шығармаймын, бізді ұнатпай, көшеде ән айтып отырғанымызды «жабайылық» деп қабылдайтындар кездеседі. Жағалауда ән айтудың несі жабайылық? Мен одан еш қымсынбаймын, қайта бейтаныс адамдардың әнімді тыңдап, әсерленгені, бетіме күлімдеп қарағаны маған энергия сыйлайды. – Алғаш достарыммен бірге келіп, жағалауда ән айта бастадым деп қалдыңыз. Бастапқыда көшеде ән айтуға қысылған боларсыз бәрібір де. – Әрине, бастапқыда қысылдым, тіпті адамдар жоралғы жасап, теңге тастайтын гитарамның чехолын алдыма қоюға ұялдым да. Бірақ, байқасам, мендей өнері бар жастар ұятты жиып қойып, бар өнерін ортаға салып жатты. Бір жағы адамдардың өнеріңді бағалап ақша бергені күш береді екен. Уақыт өте келе жағалауда ән айтуға бойым үйрене бастады. Негізі, көше музыканттарын шетелде бір кісідей бағалайды. Көше биі жайлы «Уличные танцы», «Шаг вперед» сынды шетелдік фильмдерді көргенде бұған көзім әбден жетті. Тіпті, көше музыканттарының арасында осы Астананың Арбаты сынды алаңдарда, көшелерде ән айтып бастап, кәсіби сахнаға шығып, атақты болып кеткен әлемдік поп жұлдыздар бар. Өзім де соны армандаймын. Көше әні мен биін шығармашылықтан хабары бар адамдар, былайғы өмірде сезімтал жандар түсінеді. Мені жағалауға ішкі бұлқыныстарым жетелеп келеді. Өмірде әртүрлі адамдар бар, әрқайсымыздың құндылығымыз да әртүрлі. Айналамыздағы көп адамнан, топ адамнан шығармашылық адамдарының ең басты айырмасы – өзгеше ойлай алатындығы! – Көше өнерінен, көше әндерінен хабарым болғандықтан, мен ғой сізді түсініп тұрмын. Жағалауда ән айтатыныңызды ата-анаңыз біле ме? Олар бұл өнеріңізді тіленшілік деп қабылдап қалмай ма? – Жоқ, көше әншісі тілемсек емес. Ата-анам біледі. Бастап-қыда үрке қарағаны рас, келе-келе үйренді. Өзім Қызылорда қаласының тумасымын. Бүгінде Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің III курс студентімін. Студентпін деп ата-анама салмақ салғым келмеді, бойыңда өнер болса, неге көрсетпеске бір жағы? Айтып отырмын ғой, мен публикаға жұмыс істеп, көпшіліктің алдында жүргенді ұнатамын. Жағалауға ақшадан таршылық көргеннен соң келмеймін, «чехол шешпей» де ән айта беремін. – «Чехол шешпей» дегеніңізді түсінбедім, қалай сонда?.. – Адамдар ақша тастамаса да, ән айта беремін дегенім ғой, музыка – менің өмірімнің бір бөлшегі. Сабақтан бос уақытта дәмханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істеймін. Қалтама қаржы-қаражат аспаздықтан да түседі. Қазір университетте техникалық машиналар және жабдықтар мамандығында оқып жатырмын. Бірақ болашақта бәрібір техник-машинист емес, кәсіби музыкант болуды, сахнада жүруді ойлаймын. Оқуымды бітірген соң өнер жолына кетемін бәрібір. Бір жағы жағалаудың бойында адамдар көп жүреді ғой, күндердің күнінде белгілі бір продюсер отбасымен осында қыдырып жүріп, мендегі ерекшелікті байқап, үлкен сахнаға жолым ашылар, бәлкім?! Ғайыптан тайып, сондай кәсіби музыканттың қолына түсе қалсам, заманауи бағыттағы әндер айтып, ерекше дүние жасауға тырысатын едім.. – Жөн екен. Жаңа бірде ағылшынша, енді бірде қазақша, сосын орысша ән айтып жаттыңыз. Жастар сізден кімдердің әнін көбірек сұрайды. – Шетелдік хиттерді жиі сұрайды. Британдық поп музыкант Эд Ширанның әндері жақсы өтеді. Украиналық «Бумбокс» рок тобының репертуарын сұрайтындар, Иван Дорнның әндерін қалап айтқызатындар көп. Сосын өзіміздің Батырхан Шүкеновтың, Сәкен Майғазиевтің орындауындағы сазды әндерді қосыла айтамыз. Ғалымжан Молданазардың әндерін қыздар көп айтқызады. Әскерден келген ағалар Виктор Цойдың әнін айтқызады. Әр адамның әнге деген талғамы әртүрлі ғой, бүгін менен Скриптонит деген псевдониммен танымал рэпер Әділ Жәлеловті сұрады. Тыңдарманның сұранысына қарай, репертуарыңды жаңартуға, ізденуге тырысасың. Кейде екі жігіт қатар отырып, біріміз шырқаған әнді біріміз жалғап, гитарамен біріміз ойнаған музыкалық туындыны екіншіміз іліп әкетіп, жарысатын кезіміз болады. Қыз-жігіттер қолдарындағы телефонының видеожазбасына өзі қалап айтқызған әнді жазып алып, жарнамамызды әлеуметтік желідегі парақшаларында өздері-ақ жасап жатады. Мен осындағы Қайрат, Әсет есімді жігіттердей қазіргі шетелдік, ресейлік, қазақстандық хит әндерді орындаумен қатар кешегі ретро әндерді де, рэпті де, музыканың қай жанрын да білетін жан-жақты болғым келеді. – Әйтсе де, осы өнермен сахнадан көрінудің орнына жәй көше әншісі болып қалудан қорықпайсыз ба?! – Ойыңыз орынды, бірақ көшеде әртүрлі адамдармен танысып, олармен пікірлескен сайын өзім де әр жолы рухани байып отырамын. Сосын ізденемін, бір жерден шығамын деген адам бәрібір түптің түбінде бір жерден шығады деп ойлаймын. – Кейде сол армандарың қол созым жерде емес, алыста тұрғандай көрініп, бәрін тастап, басқа жерге кетіп қалғыңыз келетін, уақыт пен мекен ауыстыруды ойлайтын сәттеріңіз бола ма? – Өз-өзіме көңілім толмай, ішкі тұрақтылығымды таппай кететін сәттер менде жиі болады. Одан мені тек музыка мен музыкалық аспаптарым ғана құтқарады. Ән айтпасам, әйтеуір бірнәрсе жетіспей тұрады.. – Рақмет, болашақта сахнадан көрейік!

Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Ақ желкен» журналы, №8 Тамыз 2018 жыл

782 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы