• Featured
  • 26 Қыркүйек, 2018

Ұрланған тағдырлар

Соңғы он жылдағы балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық деңгейі күрт жоғарылады. Балалардың ғұмырлық естеліктеріне орны толмас ояз түсіргенімен қоймай, педофильдердің басым бөлігі «жемтігін» жан түршіктірерлік жағдайда мерт қылады. Жиі тіркелетін бұл қылмыстың алдын алу үшін баламен ашық сұхбаттасу керек. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген оңайырақ. Бейтаныс тұлғалармен тіл қатыспағанның абзалдығын ескерткеннен тыс «не үшін?» деген сұрағының жауабын ойына қондырған абзал. Педофилия – психологиялық ауытқу. Сәбиқұмар жат емес жақыныңыз болуы да мүмкін. Мысалы, 2015-2016 жылғы статистикаға сүйенсек, азғындардың 30 %-ы – зәбір көрген баланың өз туысы. Жақсы танитын балаларына күш көрсеткен қылмыскерлердің саны 60 % -дан асып жығылған. Тек 10% сәбиқұмар ғана өзі танымайтын балаға зорлық көрсетеді екен. Мысалы,   Ричард Хакл есімді «суперпедофиль» атанған британ азаматы 200-ден аса балаға қатысты қылмыстық әрекетке барған. Ең жан шошытарлық тұсы өзінің онлайн блогында 9000 жазылушысына өз әрекеттеріне қатысты жазба жариялап отырған. Өзінің құрбандарының арасында толыққанды емес отбасының балалары ғана емес, ата-анасы ағылшын тілін үйрету үшін Ричардты жалдаған бүлдіршіндер де бар. Джейси Дюгардтың «Ұрланған тағдыр» («Украденнная жизнь»)  кітабы он сегіз жылдық зорлықтың табымен жазылған. Небәрі 11 жасында мектептен қайтар жолда ұрланған қыздың қоңырауын анасы 18 жыл күткен. Джейси 14 жасында дәрігерлердің көмегінсіз ана атанған.  Екі қызы бар Джейсиді көп адамдар перзенттерінің анасы емес, әпкесі деп қабылдайды екен. Қазірде Джейсидің «Ұрланған тағдыры» таралымы көп кітаптардың қатарына еніп, бірнеше тілге аударылған. Мектепке кеткен Наташа Кампуш есімді 10 жасар австриялық бүлдіршін араға сегіз жыл салып үйіне оралған. Вольфанг Прикопиль есімді азамат қызды 4 ай сырттай бақылап жүріп ұрлайды. Он сегіз жасында, яғни 2006 жылы бостандыққа қашып шыққан қыз 2008 жылы өзінің телевизиялық жобасын жарыққа шығарады. Қазірде Австрияның беделді журналистіне айналған Наташа 2010 жылы орта мектепті тәмамдаған. Наташаға көмек көрсетпек болған психологтар  Стокгольм синдромын анықтаған. Ал, қылмыскер Натша қашқан күні поезд астына түсіп жан тапсырады. «Natascha Kampusch trifft» бағдарламасының жүргізушісіне айналған кейіпкеріміз сот арқылы қылмыскердің бүкіл дүние-мүлкін өз меншігіне алған. Кампуштың құрсаудағы күндерін бейнелейтін «3096 күн» деген фильм жарыққа шыққан. Құзғынға балалығы жем болған балғындар психологиялық соққы алып, жағдаят әр кез өмірлеріне өз көлеңкесін түсіреді. Елімізде де «сәбиқұмарлардың» құлқынына құрық салу мүмкін болмай отыр. Қамауға алынған қылмыскерлер 15-20 жылдан кейін бостандыққа шыққан соң да қылмысын қайталамасына кім кепіл? Педофилияны психологиялық ауытқу деп бағалап, ем алатын сәбиқұмарлар некен-саяқ. Бүлдіршін қызды өзі бала болса да сәбиқұмардан құтқарған бүгінгінің батырына айналған Қуаныш Мейрамбекұлымен әңгімелестік. Қуаныш жақында ғана Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қолынан  «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалін алды. – Қуаныш, оқиға қалай орын алып еді? – 2016 жылдың шілде айы болатын. Оқиға балалар алаңында орын алды. Түстен кейінгі уақытта достарыммен футбол ойнауға стадионға бара жатқанбыз. Сол кезде бір қыздың айқайлаған дауысын естідім. Қарасам, бір  50 жас шамасындағы киімсіз ер адам көрші қыздың шашы мен қолынан ұстап тұр екен. Бірден қолын ажыратып, қызды құтқардым. Мен тек қызды құтқаруды ойладым. Ол кісі адам өлтіру қылмысы бойынша 10 жыл түрмеде отырып келген екен. Қаскелең ауданының тумасы болып шықты. Жанымда достарым болды. Бірақ олар қорқып бармады. Негізі ол қыздың жанында  әкесі болған. Әкесі кетіп қалған кезде жаңағы кісі келген. Оның ақыл-есі дұрыс. Ішпеген. Сау болса да осындай әрекетке барған. – Қылмыскерге қандай жаза қолданғанынан хабарың бар ма? – 15 жыл мерзімге қамауға алынғаны туралы естідім. – Бұл оқиғаны өзгелер қалай қабылдады? – Көршілердің бәрі ризашылықтарын білдіріп, ісімді ерлікке балады. Ал ата-анам қорыққанымен оларда іштей мақтаныш сезімі болды. Әкем үлкенді сыйлап, кішіге қамқор боларлықтай дәрежеге жетіпсің ғой деп бір марқайып қалды. Қауіпті жағдайға өзіме сенген соң барғанымды олар жақсы түсінді. Әкем мен анамнан маған деген үлкен сенімдері осы кезде аңғарылды. Алайда оларды осы жағдайдан соң тым уайымға салғаным өтірік емес. Алаңдап, байқап жүруімді айтып ескертіп отырады. Бұл оқиғадан соң біздің ауланың бар баласы ата-ана қарауынсыз сыртта жалғыз жүрмейтін болды. Ойнаса да, басқалай әрекеттерге барса да жақындары жанында жүреді. – Қандай оқушысың? Бос уақытыңда немен айналысасың? – Негізі спортқа бейім оқушымын. Бұл әкемнен келген қасиет шығар. Себебі, әкем де спорттың әр түрінен өзін сынап көрген. Қай түрін болсын тез алып кете беретін болған. Мен өзім 8 жасымнан бері таэквондо спортымен шұғылданамын. Турнирге 65 келі салмақ дәрежесінде қатысып жүрмін. Украина, Түркия елдерінде өткен Халықаралық дәрежедегі жарыстарда бақ  сынадым. Осы уақытқа дейін 40-қа жуық медаль алдым. Бүгінде қара белбеу иегерімін. Құдайға шүкір, әлі қатты соққы алған кезім болған жоқ. Әділетсіздікке де ұшыраған жоқпын. Тіпті арнайы тамақтану тәртібім де жоқ. Жарыс алдында өзіме тек жеңуді мақсат етемін. Сол үшін мұқият дайындалып, мұратыма жетсем деймін. Жеңіс аяусыз төгілген тер мен ерен еңбектің арқасында ғана келеді. Сабақ үлгерімім жақсы. Спортпен қатар алып жүруге тырысамын. Ата-анама ұстаздар тарапынан болсын, басқалардан да ешқандай шағым түскен жоқ. Әрине бұл ата-анамның тәрбиесінің арқасы деп ойлаймын. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген. Әкем әрдайым «Кісінің ақысын жеме, өзгеге себепсіз соқтықпа» деп айтады. Күшім тек спорттық жарыста ғана сыналады. Бос уақытымда футбол ойнаймын. Отандық «Қайрат» футбол командасының жанкүйерімін. Бауыржан Исламханды үлгі тұтамын. Әлеуметтік желіге 3-4 сағаттай байланып қаламын. Одан жаңалықтар, түрлі ақпараттар аламын. Кейде комикстер жарияланатын журналдарды оқимын. Анама да көмектесемін. Үй шаруасындағы шаңсорғышпен үй тазалау, қоқыс шығару менің мойнымда. – Өмірлік ұстанымың бар ма? – Спортты әрі қарай дамытып, оқуымды оқып, қоғамнан өз орнымды тапсам деймін. – Өзгелер сені «Батыр» деп атағанда қандай сезімде боласың? – Мен өзімнің әрекетімді батырлық деп бағаламаймын. Себебі, менің орнымда кім болса да, бүлдіршінді қорғар еді. Тіпті мен құтқарған 8 жасар қыз досымның қарындасы болып шықты. Ата-анасы, досым әрекетім үшін алғысын білдірді. Маған одан асқан марапат пен сый қажет емес. – Риясыз сұқбаттасқаныңа рақмет!  

Балерке ӘСІЛХАН, Ғайнижамал АРЫСТАНБЕК ХҚТУ-дың 2-курс студенттері Түркістан қаласы

«Ақ желкен» журналы, №8 Тамыз 2018 жыл

1114 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы