• Featured
  • 19 Қазан, 2018

NASA-да тәжірибеден өткен Жалын

Әр бала кішкентай кезінде жұлдыздар әлеміне сапар шегіп, ғарышкер болуды армандайды. Айдың жүзін көрген Тоқтар Әубәкіровке ұқсағымыз келетін. Өсе келе бұл тек бала арманға айналды. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Жалын Қабыкен Хьюстондағы Джонсон ғарыш орталығында NASA United Space School жазғы мектебінен тәжірибеден өтіп, Марсқа бару миссиясын ұйымдастыруға қатысқан. Жалын Алматы қаласының тумасы. Бала кезден ғарыш әлеміне қызыққан. Осы бағытта көп кітап оқып, ғарыш саяхатшысы болғысы келген кейіпкеріміз өз арманын іске асыруға біртабан жақындады. Шетелде екі апталық тәжірибеден өту мүмкіндігі қалай туғанын Жалыннан сұрадық. – Осыдан екі жыл бұрын бір танысым осы жазғы мектепке барған. Мен бұл бағдарлама жайлы 2017 жылдың желтоқсанында білдім. Бірден осы бағдарламаға құжаттарымды жинай бастадым. Өйткені бұл менің бала кезден аңсаған арманым ғой. Әрқашан Discovery Channel-ден ғарыш туралы бағдарламалар мен бейнебаяндарды көргендіктен, енді өз көзіммен сол жерді көргім келді. Бұл бағдарлама-ның бір ерекшелігі – халықаралық деңгейде. Бұған дейін NASA-дағы бірнеше бағдарламаға құжат тапсыр-ғым келгенімен, оған қатысуға тек АҚШ азаматтары құқылы еді. Ал бұл мектепте өту мүмкіндігі туғанда, қатты қуандым. Тек іріктеу кезеңдерін өту барысында біраз қобалжыдым. Алғашқы кезең – эссе жазу, екіншісі – skype-сұқбат болды. «Адамның Марсқа ұшуына үш себеп» немесе «Марсқа ұшу жолында кездесетін бес кедергі» сынды тақырыптарда жазылған эссемді жіберген соң, маған екінші кезеңге өткенім туралы хат келді. Екінші кезеңге қатты дайындалмадым. Өйткені бұған дейін бірнеше аме-рикалық жоғары оқу орнына құжаттарымды әзірлеп, әңгімелесу кезеңдерінен өткендіктен, тәжірибеме сендім. Сұқбатқа 2-3 адам қатысады деп ойлағанмын, сөйтсем олай емес екен. Үлкен конференция залында осы бағдарламаның алты өкілі және жазғы мектептің бірнеше түлегі отырды. Сұқбат шамамен 40 минуттай болды. Күтпеген сұрақтар болды. Қайда тұратынымды, не себепті осы жазғы мектепке қатысқым келетінін сұрайтын шығар деп ойладым. Бірақ, менен Марсқа ұшу үшін қандай ғарыш кемесін құрастыру қажет, оның диаметрін сұрады. Тағы да осы жолда алып-қосар бірнеше пікірім ескерілетінін айтты. Мен бұл жайттарды эссе жазу барысында жан-жақты ойлап құрастырғандықтан, мүдірмей жауап бердім. Бірнеше апта өткен соң іріктеу кезеңдерінен өткендігім туралы хат келді. Кейін барлық қатысушыларға арнайы әзірленген физика және математика пәнінен 30 бет есеп жіберді. Есеп-терді шығарып, жауабын қайта жібердік. Есептерді шығаруға шама-мен бір айдай уақытым кетті. Күндіз-түні еңбектенгенімді көрген ата-анам ғылымға деген қызығушылығымды ескеріп, шетелге кетуге рұқсаттарын берді. – NASA United Space School жазғы мектебінің ерекшелігі қандай? – Бағдарлама 5 бөлім мен 5 топтан құрылған: қызыл – Жер орбитасынан Марсқа дейінгі ғарышкерлерді тасымалдауға, көгілдір – топты қондыруға, жасыл – Марста өмір сүруге, көк – Марстағы зерттеулерге, сары – қаражатқа және барлық миссияларға жауапты. Жазғы мектепке 23 елден 15-19 жас аралығындағы студенттерді қабылдайды. Бағдарламаның басты мақсаты – Марсқа гипотекалық миссия құру және оның ішінде өндірістегі студенттердің өз ойларын іске асыру. Жазғы мектептің мерзімі екі апта. Алғашында бұл мен үшін өте аз уақыт болып көрінгенімен, бұл Марсқа бару үшін миссия құрастыруға ең жақсы белгіленген мерзім екеніне көзім жетті. Жазғы мектеп 22 шілдеде басталды. Билет-тің ақшасын және 1000 АҚШ долларын қажетімізге төледік. Host families-те 2-3 адам тұрдық. Жеке шығынды өзіміз көтердік. Олар бізді әртүрлі іс-шараларға апарып, қыдыртты. Америкалық отбасымен бірге тамақ әзірлеп, ауқаттандық. Маған олар қатты ұнады, тіпті бауыр басып қалдым. – Шетелде тәжірибеден өту тәртібі қандай болды? – Күн сайын сағат 7-де тұрып, таңғы асымызды ішкен соң, Хьюстон университетіндегі дәріске барамыз. Бұл оқу орнында NASA-ның мұрағаты бар болғандықтан, кейбір құжаттардың көшірмесін өткізіп, үйге алып кетуге рұқсат берілді. Біз жобаларымызға төрт-бес сағат уақытымызды жұмсап, түскі асқа баратынбыз. Кейінірек геологтар, оқытушылар және салалық мамандар келіп жұмысымызды тексеретін. Оған қоса, астронавтармен кездесіп, ғарышта екі рет болған Санита Уильямспен әңгімелестік. Астронавтардың біреуі ғарыш кемесінде, ал екіншісі МКС-та алты ай уақыт болған. Олардың айтқан әңгімесін тыңдаған өте қызықты, өйткені олар кітаптағы мәліметтерді айтпайды. Өздерінің басынан кешірген оқиғаларын айтып, тәжірибелерімен бөліседі. Менің есімде ерекше сақталғаны Curiousity-мен жасаған геолог қыздың оқиғасы. Ол бізге Марста қалай қону мен қандай жерлерді зерттеу қажеттігін айтты. – Марсқа бару үшін қалай жұмыс істедіңіздер? Алғашқы аптада өз ойымызбен бөлістік. Мен үш модульден тұратын ғарыш кемесін құрастыруды ұсындым. Бұл кеменің бірінші бөлігінде астронавтар, екінші бөлігінде жүк, үшінші бөлігінде кеме-нің өзі болады. Сонымен қатар, ғарышкемемде астронавтарға тұруға ыңғайлы жасанды гравитацияның болғанын қаладым. Сенбі және жексенбі сабақ болмады. Сонымен қатар, орталықтың директоры Джордж Эбби таныстыратын Линдон Джонсон атындағы ғарыш орталығына экскурсияға бардық. Ал жексенбі күні Хьюстондағы обсерваторияға барып, Марс пен Юпитерді көрдік. Екінші аптада топтарға бөлініп, белсендірек жұмыс істей бастадық. Өйткені бізге осы аптада жобамызды таныстыру қажет еді. Біздің топта Ирландия, Коста-Рики, Франция, Канада және Болгариядан келген студенттер болды. Бұл жерде тек өз тобымызбен ғана емес, басқа топтармен бірге жұмыс істеу керек. Өйткені біздің мақсатымыз бір. Мен өмір сүруге қамтамасыз ететін жүйені зерттеуге ниет білдірдім. Ал басқа балалар жасанды грави-тацияға, жанармайға, массаға және қажетті заттарға жауапты болды. Оған қоса, судың тазартылуын, газ бен жүйенің жұмыс істеуін талқыладық. Әр топта ментор мен ұйымдастырушылар көмектесті. Маған менторлардың жан-жақтан болғаны ерекше ұнады. Мысалы, біздің қызыл түсті топқа австралия-лық ұшқыш қыз қолғабыс етті. Ал басқа топтың менторлары, мысалы, еуропалық әскери тікұшағының ұшқыш инженері болды. Біз жаңа бастамаларды талқыласақ, олар бізге тәжірибелік кеңестер айтты. Ең соңында біздің жобамызды Джонсон ғарыш орталығының өкілдері мен бағдарламаның директоры бағалап, сұрақтар қойды. Егер оларға бірдеңе ұнамаса, жобаны қалай жақсартудың жолдарын ұсынды. – Алған әсеріңіз қандай? – Бұл бағдарламадан үйренгенім – топпен жұмыс. Барлық нәрсе-нің негізі топтағы адамдардың өзіне қажет іспен айналысуында жатыр. Біз бір-бірімізге баға беріп, қажет кезде қолдау білдірдік. Сонымен қатар, NASA-да жұмыс істейтін адамдарды өз көздерімізбен көрдік. Сол кезде алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Олар сондай қарапайым, кез келген сұраққа жауап беріп, көмектеседі. Қазір мен Worcester Polytechnik Institut бакалавриаты аэроғарыштық техника мамандығының студенті-мін. Болашақта аэроғарыш компа-ниясында жұмыс істейтініме сенімдімін. Бірақ, NASA-ны өз көзіммен көріп, қолыммен ұстап көргендіктен, сол жақта қалғым келеді. Армандар орындалады!

Назым САПАРОВА «Ақ желкеннің» жас тілшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті

«Ақ желкен» журналы, №9 Қыркүйек 2018 жыл

601 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы