• Бала және біз
  • 26 Қазан, 2018

Латвияда көрсетілген қазақ мультфильмі

Ол – balapan арнасындағы «Шахмат патшалығы» мультхикаясының қоюшы режиссері. Мультхикаяның таныстырылымы жақында Латвия астанасы Ригада шахматтан жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының ашылуында көрсетілді. Бұл да қазақ анимациясы үшін жетістік. Сондай-ақ, ол балалар арнасындағы «Қоңыр қаз» анимациялық фильмдер циклінің де қоюшы режиссері. Біз Ділшаттан өзі туралы және қазіргі анимацияның жай-күйі жайлы сұрадық. «Мультфильм жасағанда онда не айтылатыны да, қалай жасалатыны да маңызды. Анимация – ойлануды қажет ететін нақты бір көрініс, ал режиссура білімнің ордасы», – дейді белгілі режиссер-аниматор Ділшат Рахматуллин.

Аниматорлыққа қалай келді?

– Анимация саласына келуім кездейсоқ емес. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты, Байсейіт ауылының тумасымын. Бала күнімнен суретті жақсы саламын. Суретші болуды ойлап, 9-сыныпты бітірген соң қазіргі Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжінің «Кескіндеме өнері» факультетіне оқуға түстім. Колледжден кейін курстастарыммен бірге Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында оқуға тапсырдық. Өкінішке қарай, сол жылы оқуға іліге алмай қалдым. Аниматор дегеннің – мультфильмдегі қимылды жасайтын маман екенін достарыма келіп жүргенде білдім. Мультфильм жасауға, аниматор болуға деген қызығушылық сол кезде басталды. Анимацияның суреттеріме жан бітіретіндігі, ендігі жерде салған суреттерім қимылдап-қозғалатыны қуантты. Осы «сиқырлы» процесті сезініп көргім келді. Сөйтіп аниматор мамандығына оқуға түстім. Сурет салуды білгендіктен де шығар, маған анимация қиынға түспеді. II курсқа келгенде режиссура бағытына қызығып, іздене бастадым. II курста Өнер академиясы бізді оқып, тәжірибе алмасып қайтуға Ресейге жіберген еді. С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кино университетіндегі мамандар бізге пластилинді анимацияның әдіс-тәсілдерін көрсетті. Сол жылы ресейлік аниматорлардан көрген тәжірибеге сүйеніп, «Екі қарға» атты шағын мультфильм жасадым. Оның алдында «Қонақ» атты тағы бір шағын анимациялық фильм жасағанмын. Ол қолдан салынған сурет анимациясы еді. Академияны бітірерде диплом жұмысым ретінде «Суретші» деген мультфильм жасап шықтым. Мұнда атақты Уолт Диснейдің өзі жиі қолданған «эклер» әдісін пайдаландым. Осылайша студенттік жұмыстардың бәрінде мультфильм кейіпкерлерін қолмен, компьютермен салып шығу, оларға дауыс жазу, фон таңдау – бәрін өзіміз жасауға тырыстық. Мұның бәрі маған үлкен тәжірибе болды.

«Алдар көседен» «Алан мен Қозықаға» дейін…

Мультфильм жасауды ғажайып әлемге сапар шегу дер едім. Күнделікті жұмысқа келген бойда сол тамаша әлемге еніп кетіп, кешке дейін шығармашылық еркіндікпен шартарапты шарлап шығасың. Қазір аниматор мамандығына сұраныс жақсы. Анимациялық студиялардан бөлек, телеарналарда, жарнама саласында жұмыс істеуге болады. Өзім алғашқыда «Аzia Animation» анимациялық студиясында суретші-аниматор болып жұмыс істедім. Екі айдан кейін бас продюсер режиссерлік жұмысқа ыңғайымның барын байқады да, «Алдар көсе» мультфильмінің екінші кезеңінің қоюшы режиссері етіп бекітті. Сөйтіп 50 сериялы «Алдар көсе» мультхикаясын жасап шықтық. Екінші жылы қолға алған жобамыз – 40 сериялы «Қазақ ертегілері» еді. «Аzia Animation» студиясында екі жылдай жұмыс істедім. Бұл аралықта «Балаларға қандай мультфильм қызықты?» деген сұраққа бас қатырып, жобаларымды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына, «balapan» телеарнасының байқауларына апарып жүрдім. Ойдағы дүниелерімді «balapan» арнасына ұсынуға мүмкіндік алғаннан кейін жұмыс көлемі де арта түсті. Ол уақыт балалар арнасының ашылғанына екі жылдай ғана болған кез. Жолым болып, «Ерден атаның әңгімелері» атты сақтар мен ғұндар жайлы мультхикаяны жасап шығуға тапсырыс алдым. Жобаға кірісер кезде шығармашылық топ жасақтау керек болды. Сөйтіп суретші, аниматор, сценарист, дыбыс режиссері сынды мамандардың басын қосып, Алматыда жеке анимациялық студия құрдым. Өзім ауылдың шаңын аспанға көтеріп ойнап өскен далалық болғандықтан, студияның атын «Dala animation» деп атадық. 3D мультфильмдер жасау үшін студиямызды соңғы заманауи технологиямен жабдықтадық. «Ерден атаның әңгімелерінде» қолдан салынған 2D анимацияны, қазіргі 3D анимацияны, пластилинді анимацияны қатар қолдандық. Бұл үлкен жаңалық болды десем де болады. Содан бері балалардың басты арнасындағы маңызды жобалар: «Әли мен Ая» мультсериалының үшінші кезеңінде, «Сиқырлы кітаптар» анимациялық телехикаясында, «Алан мен Қозықа» танымдық мультфильмінде режиссер ретінде менің қолтаңбам бар.

 «Шахмат патшалығы» туралы…

– «balapan» арнасындағы «Шахмат патшалығы» мультхикаясы жақында Ригада өткен шахматтан жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының ашылуында, 47 елден келген шахматшы балаларға көрсетілуі айтулы оқиға дер едім. 3D форматтағы мультхикаяда анимациядағы соңғы әдістер қолданылды. Бұл біздегі анимация саласының дамыған елдердің көшінде келе жатқанын көрсетеді. Дәрмен Сәдуақасовтың Шахмат академиясының қолдауымен іске асқан, шахмат үйренуді дәріптейтін 32 сериялы мультхикаяға суретші, аниматор-режиссерлерден бөлек, шахматтың білгірлері жұмылдырылды. Шахмат сабақтарын халықаралық гроссмейстер Евгений Юрьевич Владимиров жазды. Мультхикая эфирге жіберілмес бұрын «balapan» арнасы Астанада туындының таныстырылымын жасағанда, балалардың эмоциясын байқау үшін залда отырдым. Мультсериалдағы оқиғаларға балалар сеніп, бірде қуанып, бірде «қорқып» отырды. Эмоция – анимация үшін аса маңызды нәрсе. Жақсы шыққан мультфильм қашанда өзіндік эмоция мен мағынаға ие.

Анимацияның жай-күйі жайлы…

Қазақ аниматорларын алғашқы үлкен буын және қазіргі жас буын деп екіге бөліп айтуға болады. Алғашқы буын – Әмен Қайдаров ағаларымыздың тұсы, өте мықты толқын. Екінші буын – алды қырыққа жетіп қалған, соңы жиырмадан жаңа асқан жас мамандар. Бірақ алдыңғы мықты толқыннан кейін 90-жылдары анимация саласы «тоқтап» қалғандай күй кешті. Шамамен он жылдай уақыт қазақ балалары кеңестік мультфильммен, шетелдік аударма дүниелермен алданды. 2000-шы жылдан бері қазақ мультфильміне қайта жан бітті. Бұлай дейтінім, бұрын «Қазақфильм» киностудиясы ғана мультфильм түсірумен айналысса, қазір жекеменшік студия көбейді. Қазақстанның әр өңірінде жекелеген анимациялық студиялар ашылды, мультфильм түсіру, оны балаларға көрсету  жағынан бәсекелестік те пайда болды. Қазір Шымкентте «Жебе», «Сақ» студиялары, Алматыда «Rio animation» сынды жекелеген анимациялық студиялар қарқынды жұмыс істеп, балаларға мульт-фильмдерін ұсынуда. Шетелден оқып келген өзіміз қатарлы қаншама жастар бар. Олармен бірге аниматордың оқуын арнайы бітірмесе де, компьютермен сурет салуды, бағдарламаларды өз бетінше үйреніп, мықты маман атанып кеткендер жүр. Олар бүгінгі балаларға ұнайтын мультфильм жасау үшін эксперименттерге, түрлі тәуекелге барып жатыр. Қазір «balapan» арнасы да режиссер-мультипликатор мамандардың жұмысының жандануына, қазақша мультфильмдердің көбеюіне жақсы мүмкіндік беріп отыр. Осы жаңа маусымда анимациялық фильмдер көлемін анағұрлым арттырып, көрермендеріне «Ертемір», «Айдар», «Дала ойындары», «Шахмат патшалығы», «Қоңыр қаз», «Еркелер», «Бабалар сөзі», «Дара тұлға», «Кел, шырқайық» сынды 10 анимациялық жоба ұсынып жатыр. Бұл да отандық мультфильмдердің шетелдік аударма дүниелерді ығыстырғанын білдіреді.

Ендігі мақсаты…

Анимация – еліміз үшін өте маңызды сала. Бұған дейін телеарналар шетелдік мультфильмдерді қазақшаға аударып беріп жүрді. Жасалу технологиясы мен сапасы мықты болғанымен, шетелдік мультфильмдер сол елдің рухымен келеді ғой. Қазақтың эпостық жырларында, фольклорында игерілмеген материалдар, қаһармандар көп. Бірақ біз сол тарихта болған кейіпкерлерді қазіргі уақыттың оқиғасына бағыттай алмай жатырмыз. Әйтсе де, осы мақсатта талпынған мамандардың нәтижелі жұмыстары жоқ емес. Соның бірі 2017 жылы «Қазақфильмде» жарыққа шыққан толықметражды «Күлтегін» мультфильмі (Картинаның авторы әрі режиссері – Адай Әбелдинов). Екіншісі – режиссерлер Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының бірлескен жұмысы – «Тастүлек» мультфильмі. Бұл толықметрлі фильмдерді әлемдік анимациялық фильмдер байқауына ұсына аламыз, әлемдік прокатқа да шығаруға болады. Бір сөзбен айтқанда, қазақ анимациясының деңгейі көтеріліп келеді. Әлем қазір мультфильмді тек кішкентай балалар көреді деген түсініктен арылды. «Кунг фу панда», «Хранители снов», «Рапунцель», «Холодное сердце» сынды голливудтық мультфильмдер миллиондаған касса жинаумен қатар, ересек адамдарды да көрермен ете білді. Бізге, яғни аниматоррежиссерлерге жүктелген ендігі міндет – осы мақсатта іздену.    

Жазып алған Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Ақ желкен» журналы, №9 Қыркүйек, 2018

1175 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы