• Featured
  • 11 Желтоқсан, 2018

Балаңыз тәрбиелі, білімді, саналы болсын десеңіз...

Жексенбі сайын Алматыдағы психоанализ орталығының мамандары түрлі тақырыпта тегін семинар өткізіп жүр. Біз барған кезде «Анаға реніш» тақырыбы сөз болды. Қатысушылар аз болса да, шынайы эмоцияларымен бөлісті. Аналарына деген өкпесін жою үшін психоаналитик айтқан түрлі әдіс-тәсілді орындап көрді. Семинардан соң Психоанализ ассоциациясының психоаналитигі Светлана Құдияровамен осы тақырып төңірегінде кеңірек әңгіме қозғаған едік. Құрсақтағы балаға анасының сезімдерінің бәрі әсер етеді. Ол анасының қандай көңіл-күйде жүргенін сезеді. Қазақта «40 күнге дейін баланы ешкімге көрсетпеу керек» деген ырым текке шықпаған. 40 күн аралығында анасының бала-сына деген аналық сезімі оянады. Бұл өте дұрыс. Қазір кейбір аналар 20 күннен соң жұмысқа шығып кетіп жатады. Ал оның кесірі балаға тиеді. Бала дүниеге келген сәттен бастап анасынан басқа әлемді сезінбейді. «Бұл – менің әлемім. Қарным ашса, сүт ішем. Жыласам, жаялығымды ауыстырады. Бұл әлемде менен басқа ешкім жоқ» деп ойлайды. Осы кезде мұқият болу керек. Барлық махаббатты бөліп, оған жылы сөй-леу керек. Сол кезде психология «фундаменті» қалыптасады. 40 күнде бала мен жас ананың көңіл-күйі бір-қалыпты болса, келешекте өмірдегі қиыншылықты да жеңіп өте алады. Бала 1,5 жасқа дейін анамен тікелей байланыста болады. Байқасаңыз-дар, кездескен нәрсенің бәрін аузына салады. Яғни бүкіл әлемді ол ауызбен қабылдайды. Себебі, ол ана сүтін емеді. 1,5-3 жасқа дейін психоанализде «анальная фаза» деп аталады. Баланы дәретке отырғызып өзінің қай жыныста екенін біле бастайды. «Мен ұлмын» немесе «қызбын» деп өз-өзін зерттейді. Сол кезде қызға әкесі тарапынан «сен әдемісің, ханшайымсың» деген жылы сөздер айтылу керек. Әкесі жылы сөз айтқан сайын қыз бала нәзіктігін, өзінің қыз екенін қабылдайды. Әдетте, 3-5 жаста қыздар бояуға үйірсек болады, анасының әдемі аяқ киімін кигенді жақсы көреді. Осы кезде көп ата-ана «тиіспе, кішкентай болып бояу не керек?» деп ұрсып жатады. Бұл дұрыс емес. Ол «сен қыз болуға лайық емессің» деген жауап боп сезіледі де, бейсанада қыз бала есейгенде де өзінің болмысын ашуға ұялатын болады. Ал ұл балаға керісінше, шешесі жағынан қолдау керек. Оған «арқа-сүйерім, сен мықтысың» деп жауапкершілік пен өз-өзіне деген сенімділікті қалыптастыру қажет. Ең маңызды кезең осы. Егер осы кезеңде психика дұрыс дамымаса, бұл баланың толыққанды отбасын құруына кедергі жасайды. Яғни бұл сөздер баланың ертерек отбасын құрып, жарымен бақытты өмір сүруіне, толыққанды отбасы болуына пайдасын тигізеді.

Ұлды ер адам тәрбиелеу керек

Ер бала үшін отбасында әкенің рөлі зор. Ұлды қалай болғанда да ер адам тәрбиелеу керек. Кейбір отбасыларда әкенің образы болмайды. Ең қиыны осы. Әйел ер баланы тәрбиелей алмайды. Қарны тоқ, киімі бүтін, білімін бергенімен, еркек психологиясын әйел адам бере алмайды. Оны тек еркек үйрете алады. Әкесі жоқ отбасыларда уақытша болса да еркектің бейнесі болу керек. Ол үлкен ағасы не туысы, отбасылық достар ұлды тәрбиелеуге атсалысуы тиіс. Ұлдағы еркек психологиясы сол кезде қалыптасады. Оның бейсанасында «еркек» образы дұрыс қалыптасқан жөн. Анасы ұлын «басқарып» отыратындықтан, кейін мұндай ұлдар болашақ жарының «басқарғанын» бейсанасында қалап тұруы мүмкін.

Еркекшора қыздың психологиясы қалай қалыптасады?

Қыздың психологиясы ер балалардан ерекше. Әкесі не шешесі жоқ қыз бала кемшілікті сезінуі мүмкін. Көпшіліктен оқшауланып жүреді. Ал еркекшора қыздардың психологиясы қалай қалыптасады? Егер ата-анасы құрсаққа бала біткеннен бастап «ұл болса екен» деп тілесе, бейсаналы түрде құрсақтағы бала өзін «ұл болуға» дайындайды. Сөйтіп, «еркекшора» қыздар өседі. Оған кішкентай кезінен бастап «ұл болу» бағдарламасы орнатылып тастаған. Ата-анасының күткен үмітін орындау үшін сәби бейсана түрде өзін «ұл болуға» сендіреді. Ал ата-ана қыздарының келешегін ойлай бермейтіні өтірік емес. Бір қызығы, «еркекшора» қыздар тұрмысқа шыққан күнде де өзін әйел ретінде сезінбеуі мүмкін. Көбіне мұндай қыздар тұрмысқа шықпай қалады. Бейсана түрде ол өзін «ұл» деп сезінеді. Өзіңіз ойлаңызшы, ол қалай «ұлға» үйленеді? Жігіттермен достасса да «аға», «көке», «бауырым» деп қабылдайды. Ұлдар да одан қызға тән образды көрмейді. Сырты қыз болғанымен, артынан ұлдың бейнесін сезіп тұрады. «Еркекшора» қыздар жақсы дос болғанымен, жақсы әйел бола ала ма? Мәселе сонда. Мұндай олқылық болмас үшін ата-аналар ертерек ойланса екен. «Ұлболсын», «Ұлмекен» деп ат қоюдың өзі құрсақтағы сәбидің бейсанасына арнайы «бағдарлама» орнатылып қалады.

Балаңызға өтпелі кезеңде көп көңіл бөліңіз

Бала 12 жасқа келгенде өтпелі кезең басталады. Өтпелі кезеңнің бала өміріндегі рөлі үлкен. Осы кезеңде жыныстық қызығушылық басталады. Қыздар ұлдарға, ұлдар қыздарға қарайтын болады. Махаббат сезімі оянады. Сол кезде ұл мен қызды қадағалау керек. Бірақ үйден шығармай қадағалап, әр басқан қадамына есеп сұрауды айтып отырғанымыз жоқ. Бәрін ашық түсіндіру керек. Алғашқы жыныстық қатынас қалай болатынын, оның салдары неге әкелетінін, бәрін айтқан дұрыс. Ана қызға, әке ұлға түсіндіргені абзал. Себебі ол кезде гормондар жоғары болады да, адамды билеп кетеді. Баланың психологиясы қалай қалыптасатынын қазіргі ата-аналар міндетті түрде білуі керек. Сол кезде ажырасу да болмайды, баланың бойында комплекстер де қалыптаспас еді.

Ата-анасы айырылысып кеткен кезде бала екеуін де қимайды. Мұндайда олар өздерін кінәлайды. Сондықтан ата-анасы айырылысатын сәтте «Біз бірге тұра алмадық. Бірақ, әрдайым сенің жаныңдамыз» деп түсіндіргені жақсы. Егер бұлай сөйлеспесе, бала «мен ешкімге керек емеспін, олар мені тастап кетті» деп ойлауы бек мүмкін. Немесе ата-анасының ажырасқанына өзін кінәлайды. Өзін кінәлау сезімі оған ересек өмірде үлкен кедергі болады. Белгілі бір ортада өзін артық адамдай сезінеді. Мұның арты неге апарып соғары белгісіз...

Баланы ата-әжеге беру дұрыс па?

Қазақтың осы салты дұрыс емес. Егер ата-ана баласының ата-әже тәрбиесінде өскенін қаласа, өздерімен бірге тұрғызу керек. Ал баланы ауылға беріп жіберіп, алты жылдан кейін мектепке берерде қайтып алып кету – қате. Мұндай жағдайда бала «жаңа отбасында» өзін артық сезінеді. «Сендер мені тудыңдар да, лақтырып тастадыңдар» деп әке-шешесіне өмір бойы ренжіп жүруі де ғажап емес. Ата-анасын саналы түрде қабылдап, жақсы қарым-қатынас жасағанымен, бәрібір өкпесі іште қалады. Сондықтан бала өз әке-шешесінің кім екенін біліп өскені дұрыс.

Бала отбасында еркек пен әйелдің қарым-қатынасы қандай болу керек екенін әке-шешесінен көреді. Әке-шешесі қандай қарым-қатынаста болса, бала соны болашақ жарын таңдаған сәтке дейін есінде сақтайды. Егер әкесі мас болып келіп, әйелін ұра берсе, онда еркек деген әйелін ұру керек екен деп қабылдайды. Ал отбасында әке-шешесі жылы қарым-қатынас танытып отырса, бала үшін отбасының үлгісі де сол болмақ.

Әке-шешесіне мүлдем ұқсағысы келмейтін балалар бар. Қандай жағдай болса да, өз өмірлерінде әке-шешесі жіберген қателіктерді болдырмауға барынша тырысады. Бірақ, олар да бір күні сынып кетуі мүмкін...

Жасы 40-та болса да 18 жастағы адамның қылығын жасайтындар бар. Неге? Себебі, сол адамның бейсанасы 18 жасындағы бір жағдайдан шыға алмай тұр. Адам содан қатты әсер алады да, өмір бойы соны есінде ұстайды. Жасы өскенімен, психологиялық тұрғыда әлі сол жағдайдан шықпаған. Ал өз жасына сай көріну үшін терапияға бару керек.

P.S. Сұхбаттан соң өзімнің бала кезімді еске түсірдім. Кішкентай кезімде ата-анамның «баладан ұят болады» деп жиі айтатыны есіме түсті. Соның мәнін түсінгендей болдым. Балаңыз тәрбиелі, білімді, саналы болсын десеңіз, өзіңіз де сондай болыңыз. Сонда әлем психологтарының «өзің қандай болсаң, балаң да сондай болады» деген сөзінің жаны бар екенін түсінесіз...

Дайындаған Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №11 Қараша, 2018

1142 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы