• Featured
  • 16 Қаңтар, 2019

Қажымұқан НҰРБЕК: «Пікірсайыс – шешендік өнер емес...»

Қазір оқушы үшін ойын жеткізіп айта білу өте маңызды. Ертең мектептен түлеп ұшып, үлкен оқуға түскен кезде оның ұялшақ екенін, ойын жеткізіп айта алмайтынын ешкім ескере бермейді. Араларыңызда біліп тұрғанын айта алмайтындар да бар шығар. Ол үшін алдымен батылдық, ойыңды анық жеткізу үшін шешендік те керек. Ауылдың ұяң баласы университетке келген соң, пікірсайыс клубтарына қатысып жүріп, талай жетістікке жеткенін көріп жүрміз. Пікірсайыс арқылы қабілетін көрсете білгендер бүгінде телевизия саласында бағдарламалар жүргізіп жүр. Пікірталас тек шешен екеніңді көрсету ғана емес, ақпаратты талдай білуге, қарсыласыңның пікірін сыйлауға үйретеді. Мұны пікірсайысшы Қажымұқан Нұрбек те жақсы біледі. Ол 2014 жылы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалды ойындарына қатысып, маусымдық ойындардың жеңімпазы атанған. Қазір Nazarbayev university «Инженерия» факультеті «Құрылыс инженериясы» мамандығында оқып жатыр. Сондай-ақ «NOMAD» пікірсайыс клубының белді ойыншысы. Біз одан пікірсайысшының мәдениеті туралы сұрадық. – Назарбаев университетіндегі «Nomad» пікірсайыс клубы туралы айтып өтсеңіз... – «Nomad» 2011 жылы құрылды. Қазір құрамында 100-150 мүшесі бар. Клуб мүшелері халықаралық, республикалық, өңірлік, қалалық пікірсайыс ойындарына қатысып, жеңімпаз атанып та жүр. – Сіз үшін пікірсайыс немесе дебат деген не? – Пікірсайысты адамдар шешендік өнер немесе екі адамның «ұрысы» деп қабылдайды. Алғашында мен де солай ойлағанмын. Бірақ, пікірсайыс – әдемі сөйлеу де, өз пікіріңді таңу да емес. Бұл – адамның ой-өрісін кеңейтетін құрал десек те болады. Мысалы, біз күнде Американың Ауғанстанға қатысты саясатын немесе Оңтүстік Корея мен Солтүстік Кореяның қарым-қатынасын, әйел құқықтарын, мемлекеттің атқаратын функциясы секілді тақырыптарды талқыламаймыз. Ал пікірсайыс клубтарында мұндай тақырыптар талданады. Қабілетті ашатын әрі дамытатын орта екенін айтқым келеді. Күнделікті ақпараттарды жай ғана оқысаңыз, есте қалмауы мүмкін. Ал біз оны талдай отырып, көзқарасым бірдей және қарама-қарсы адамдармен де ойнаймыз. Яғни сізбен пікірлес болып, ойыңызды дамытатын да, қарсы шығып, сыни ойыңызды шыңдайтын да ойыншылар болады. Кез келген тақырыпты талқылау сыни ойлауды қалыптастырады. – Ал сіздің пікірсайыс ойындарына қатысып жүргендегі мақсатыңыз қандай? – Мақсатым – еліміздің пікірсайыс өнерін әлемдік деңгейге жеткізу. Бұл өнер жақсы дамыған Ұлыбритания, Германия сияқты елдермен өз елімізді салыстырар болсақ, кенже қалып жатқаны рас. Бір жағынан менталитетке де байланысты. Қазір Назарбаев университеті «Nomad» клубының ұйымдастырумен халықаралық дебат ойындары өткізіледі. Шетелден пікірсайыс-шылар келіп, шеберлік сабағын өткізеді. Олардың бұл еңбегіне ешкім ақы төлемейді. Тек жататын орны мен ұшақ билетін, тамағын ғана өтейміз. Олар ерікті ретінде Қазақстандағы пікірсайыс өнерін дамытуға үлес қосып жүр. Пікірсайысшы әрқашан қоғамда болып жатқан оқиғаларды біліп, талқылап, ой қорытуы қажет. Әрі тұлға ретінде дами түседі. Әрбір адам қоғамдық мәселені талдап, өз пікірін қалып-тастырса, соған сай әрекет ететін болса, қоғамға пайдасы тиетіні сөзсіз. – Пікірсайысшының бойында қандай қасиеттер болу керек? – Пікірсайысшы эмоциясын басқара білуі керек. Мысалы, айғайлап сөйлеу – көрермендерге сондай темпераментті береді. Өзім ақырын сөйлеуге тырысам. Кейбір пікірсайысшылар ойыннан кейін қарсыласының айтқан сөзін көңіліне алып, кетіп қалып жатады. Сондықтан төзімді болған да жөн. – Иә, біреу пікірін салмақты жеткізсе, енді біреу қызу-қанды, әзіл-қалжың араластырып ойнайды. Сіздің стиліңіз қандай? – Мінезім салмақты болғандықтан, салмақты ойнаймын. Бірақ бірсарынды ойнасаң, қызықсыз болып кетуі мүмкін. Сондықтан бәрін араластырып ойнауға тырысамын. – Рақмет!

Бақытжан ОТАРБАЕВА. Астана қаласы.

«Ақ желкен» журналы, №12 Желтоқсан, 2018

523 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы