• Featured
  • 01 Ақпан, 2019

Руслан МЕДЕЛБЕК, спорт журналисі: «Осы тілді үйренбесем, адам болмаймын» деп алдыма мақсат қойдым

Ағылшын тілін меңгеру – өмірлік қажеттілігімізге айналды. Алайда өзге тілді үйрену екінің бірінің қолынан келе беретін оңай іс емес. Бұлай дейтін себебіміз, айлап, жылдап ағылшын тілін үйреніп жүргендердің өзі тілді бір кісідей меңгеріп кете алмағанын, әлі де ережелерден шатасатынын жиі айтады. Соған қарамастан ағылшын тілін қалай жылдам әрі толық игеруге болады? Білгіңіз келсе, ағылшын тілін әуелі курс арқылы, сосын өз бетінше еркін меңгерген спорт журналисі Руслан Меделбектің әңгімесіне құлақ түріңіз. – 2011 жылы 2-курста оқып жүрген кезімде Париж қаласына саяхат жасаған болатынмын. Дәл осы сапардан соң қайткенде ағылшын тілін үйренуім керек екенін түсіндім. Осылайша, елге оралысымен шәкіртақымның жартысын арнап, бірден тіл үйрену курсына жазылдым. Аптасына үш мәрте таңғы сағат 08:30-дағы курсқа барып жүрдім. Ал кешке төрт сағат бойы өз бетімше сөздер жаттап, деңгейіме сай кітаптар оқумен айналыстым. Міне, сол кезден бастап ағылшын тілінің халықаралық тестілеу жүйесі IELTS-тан жоғары ұпай жинауды мақсат еттім. Барлық дайындығымды, күш-жігерімді тек осы емтиханға арнадым. Себебі бұл тілді үйрену – мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатындығына сенімді болдым. IELTS-ті алғаш рет осыдан екі жыл бұрын тапсырдым. Ол кезде 6,5-7 ұпай аралығында жинап жүрдім. Тек эссе жазудан ғана ұпайым 6,5-тен аспай қалушы еді. Негізінен оқылым мен тыңдалымға қарағанда, жазылым біршама еңбекті, ауқымды сөздік қорды талап етеді. Сол үшін де өз бетіммен күнделікті бір сағатымды эссе жазуға, тағы бір сағатымды академиялық, ғылыми сөздер жаттауға арнадым. Сонымен қатар кез келген тілді үйрену грамматикадан басталатыны белгілі. Сондықтан ағылшын грамматикасын үйренуге де бар ынтаммен ден қойдым. Жазған эсселерімді 30 доллар төлеп, «IELTS-blog» атты арнайы австралиялық платформаның көмегімен қай жерден, қандай қателіктер жібергенімді тексертіп отырдым. Тестілеуге бір ай уақыт қалғанда оқуға, жазуға және тыңдауға күнделікті төрт сағат бөліп, дайындығым одан әрі қыза түсті. Тест құрылымына тоқталып өтсем, IELTS-тің оқылым бөлімінде үш мәтін беріледі, сол бойынша 40 сұраққа жауап беру керек. Одан соң 40 сұрақтан тұратын тыңдау тесттерінде екі ағылшындықтың сөйлесуі кезінде тапсырманы орындап үлгеруге тиіссіз. Ал жазылым бөлімінде белгілі бір тақырыпқа 250-300 сөз аралығында эссе жаздыртады. Ең соңында ағылшын тілі маманының сауалдарына жауап беруіңіз арқылы сөйлеу деңгейіңіз тексеріледі. 9 баллдық шкала бойынша 6,5-тен бастап жоғары балл болып есептеледі. Шынымды айтсам, бар ойым тек осы сынақтан сүрінбей өтіп, тілді меңгеріп алуда болды. Бұл мақсатқа жетуіме ағылшын тіліндегі аудиоподкастарды, британиялық BBC телеарнасының жаңалықтарын тыңдап, түрлі фильмдерді көріп жүруім де пайдасын тигізді. Одан бөлек күніне кем дегенде 10 сөз жаттап, оларды тәжірибемде қолдануға барынша тырыстым. Туған тіліміз болмағандықтан, ағылшын тіліндегі барлық сөзді жаттау, әрине, мүмкін емес. Бірақ ол сөзді білмей-ақ, кітап оқитындай дәрежеге жетуге болады. Жалпы жетістігімнің құпиясы осы кешенді дайындықтың арқасында деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі, «өз бетінше дайындалған дұрыс па, әлде мұғалім оқытқан тиімді ме?» деген сауалды көп естимін. Менің ойымша, ол адамның өзіндік қарым-қабілетіне байланысты. Ешбір курстарға қатыспай-ақ өздігінен үйреніп алатындар да жетерлік. Әрине, бағыт-бағдар беріп, қадағалап отыратын мұғаліммен дайындалсаңыз, тіптен жақсы. Өз басым алғашқы іргетасымды арнайы курс көмегімен қалыптастырдым. Тек белгілі бір деңгейге жетіп, біршама түсініп алғаннан кейін ғана өз бетіммен оқи бастадым. Ең бастысы, оқытатын курсты да, мұғалімді де дұрыс таңдай білу қажет. Дайындық барысында төрт мұғалім ауыстырып, соңғы төртінші оқытушыдан екі жыл тәлім алдым. Әр адам өз физиологиясын, миының мүмкіндіктері мен есте сақтау қабілетін жақсы білген жағдайда бұл іс оңайға түседі. Мәселен, кейбір адамдар жаңа сөзді 100 рет қайталап барып еске сақтаса, кейбіреулері конспект жазу арқылы жаттайды. Өзіме келер болсам, міндетті түрде сол сөздің суретін көріп, онымен байланыстырғаннан кейін ғана еске сақтай аламын. Күніңіздің көп бөлігін тіл үйренуге ғана арнасаңыз, бір жылдың ішінде меңгеріп шығуға болады. Ал егер жұмыспен немесе сабақпен қатар алып жүретін болсаңыз, біршама уақыт керек. Өзге тілде ойлап, ол тілде еркін сөйлеу кем дегенде үш жыл тұрақты дайындықты қажет етеді. Өзім бұл тілді үш жылдың ішінде толық игеріп шықтым. Сол себепті «бар-жоғы үш айдың ішінде ағылшын тілін үйретіп шығарамыз» деген дүниелермен мүлдем келіспеймін. Әрине, ағылшын тілін бәрінің де үйренгісі келеді. Алайда көпшілігі аздаған қиындықтарға шыдамай, орта жолдан тастап кетіп жататыны өтірік емес. Негізінен адам ойы өзге бір тілді үйренуге қарсылық жасайды екен. Ал оны жеңіп, қалаған нәтижеге қол жеткізу үшін өте үлкен күш-қайрат қажет. Әуел бастан-ақ «осы тілді үйренбесем, адам болмаймын» деп, алдыма айқын мақсат қойдым. Ағылшын тілін игеріп, қатарлас-тарымнан алда болғым келді. Маған мотивация берген нәрсе әлемнің түкпір-түкпірін аралап, саяхаттағанды жақсы көруім еді. Сол сияқты сіз де алдымен өз-өзіңізге «бұл маған не үшін қажет?» деген сауал қойып, соған жауап беріңіз. Бастысы – бар ынта-ықыласыңызды тек осы іске арнап, жан-тәніңізбен дайындалыңыз. Достармен кездесу, киноға бару, көңіл көтеру сынды дүниелерді уақытша тоқтата тұрған жөн. Тағы бір айта кетерлігі, тіл үйренгенде өзіңізге қызықты, жаныңызға жақын бір саланы таңдап алып, сол бойынша дайындалсаңыз, қызығушылығыңыз арта түседі. Таңдауым спорт саласы болғандықтан, осы тақырып төңірегіндегі мәтіндерді көп оқимын. Қазіргі кезде журналистикаға қатысты саяси маңызды тақырыптарды ағылшын тілінде оқып жүрмін. Бір сөзбен айтқанда, шын ниетпен кірісіп, бар күш-қуатыңызды арнай білсеңіз, ең қиын деген тілді де еш қиындықсыз меңгеріп алуға болады. Баршаңызға сәттілік тілеймін!

Дайындаған Сәбина ИГІЛІК, ҚазҰУ-дың студенті. Алматы қаласы

«Ақ желкен» журналы, №1 Қаңтар, 2019

583 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы