• Featured
  • 12 Ақпан, 2019

Ардақ ҚАДЫРХАН, каскадер: «Әлемде қазақтай ат құлағында ойнайтын ешкім жоқ»

Қазақстандағы каскадерлік өнер туралы сөз қозғағанда алдымен «Nomad Stunts» каскадерлер тобы ойға оралады. «Nomad Stunts» елімізде ғана емес, Голливуд пен Болливудты бағындырған әлемге әйгілі каскадерлер тобы. Кейіпкеріміз Ардақ Қадырхан аттың құлағында ойнап, қазақтың асқақ рухы мен айбынын бүкіл әлемге танытып жүрген «Nomad Stunts»-тың белді мүшесі. Ардақпен қиындығы мен қыр-сыры көп каскадерлік өнер туралы біраз әңгіме өрбіттік. – Бала күнімнен спортпен шұғылданып, әртүрлі үйірмелерге қатыстым. Сөйтіп жүргенде цирк өнерінің де бар екенін білдім. 2007 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түсіп, диплом жұмысын спорттық акробатика бойынша қорғадым. Оқу бітіргеннен кейін бір жылдай аралас жекпе-жекте бағымды сынап, біраз жарыста өнер көрсеттім. Одан бөлек, муай-тай, күрес, панкратион сынды спорт түрлерінен де сынға түсіп, жүлделі болдым. Ал каскадерлікке бет бұруыма ағам Еркебұлан себепкер болды. Ол «Nomad Stunts»-та жұмыс істеуге шақырып, команда мүшесі болғанымды қалады. Ауылда атқа мініп өскендіктен басында бәрі оңай көрінген. «Nomad Stunts» каскадерлер тобына қабылданғаннан кейін кәсіби тұрғыда шабандоздықты (ат үстіндегі акробатика) үйрендік. Атпен шауып келе жатып атты жанға құлату, алдыға құлату сынды трюктерді жасау өте қиын. Мен көбіне ат алдыға омақаса құлайтын трюкті жасаймын. Әрине, тұлпарды өзіңнің ерік-жігеріңе бағындыру үшін шеберлік пен ептілік, қара күш пен рух керек. Одан бөлек, трюкті жасағанда өзімізді де, атты да жарақаттап алмауға тырысамыз. «Nomad Stunts» каскадерлер тобы тек ат үстіндегі трюктерімен ғана шектелмейді екен. Каскадерлік өнердің барлығы қамтылған. – Көбі бізді ат үстіндегі қылыштасу сияқты, тек атпен ғана орындалатын трюктер істейді деп ойлайды. Әсте олай емес. Заманауи төбелестерді, биік жерлерден секіру, қару-жарақпен де неше түрлі трюктердің бәрін істейміз. Мысалы «Бизнесмены», «Районы» сынды киноларда төбелестік. Ал Голливуд пен Болливуд көбіне ат үстіндегі трюктер үшін шақыртады. Өйткені әлемде аттың үстінде арқаланып кететін қазақтар ғана екенін біледі. Әсіресе, Мәскеуде қазақтардың атқа отырғанына ерекше таңғалып, басын шайқады. Қазір каскадерлікке бет бұрған актерлар да артып келеді. Өйткені каскадерлерге деген сұраныс елімізде де, шетелде де жоғары. Меніңше, каскадерлік жұмыс нағыз ерлерге арналған. Қолыңда қылыш-садағың, аяғыңда қырым етік, ылғи аттың үстінде жүресің. Ардақ әлемнің біраз елінде болып, әртүрлі атақты режиссерлердің жобасына қатысқан. Андрей Кравчуктің «Викингінде», Маркус Ниспелдің (АҚШ) «Конан-Варварында» жұмыс істеп, неше түрлі қиындықтар мен қызықтарды басынан өткізген. – Ресейлік режиссер Игорь Зайцев түсірген «Тобол» фильмінде жұмыс істедік. Түсірілім жұмысы Тобыл өзенінде өтті. Жұмыс таңғы сағат бесте басталып, кешке бір-ақ бітеді. Қақаған қара суықта 5-6 сағат бойы аттың үстінде костюммен отырдық. «Атқа мінген қазақтың рухы биік болады» демекші ешқандай қиындыққа мойымай, жұмысымызды тыңғылықты атқардық. Түркияда Ертұғырыл туралы түсірілген «Діріліш» сериалына қатыстым. Аттан құлайтын трюкті жасау барысында аяғым үзеңгіде қалып, атқа сүйретіліп кеттім. Бірақ еш сыр бермей, атқа қайта отырып шаптым. Бар ойым қазақтың намысын түсірмеу болды. Жаңа Зеландияда түсірілген «Мулан» киносында Джет Ли сынды атақты актерлармен жарты жыл бірге жұмыс істедік. Бұл жақта да атпен неше түрлі трюктер жасап, атқа қазақтай міне алатын халық жоқ екенін тағы бір дәлелдедік. Өзіміздің аттарды апармағандықтан әуелі олардың атын әбден үйретіп, ырқымызға көндірдік. Табиғатымыздан жылқыға жақын болғандықтан ба, кез келгенімен тіл табысуымыз оңай. Түркияға екінші рет «Меxмед – әлемді жаулаушы» атты фильмге түсуге аттанарда әкем қалжыңдап: «Юсупты (Кенан Имирзалыоглу) көрсең сәлем айт», – деген болатын. Бір қызығы, Кенан Имирзалыоглу біз жұмыс істеуге барған кинода басты рөлде ойнайтын болып шықты. «Nomad Stunts» каскадерлер қатарына қосылғысы келетіндер өте көп. Бірақ олардың барлығы команда мүшесі бола алмайды. Кейде командаға қосылғандардың өзі ұзаққа бармайды. Мұның да өз сыры бар. – Жетекшіміз Жайдарбек Күнғожиновтің қоятын басты талабы – тәртіп. Жетістіктеріміздің бір сыры да осында шығар. Команда қатарына қосылғысы келген небір тепсе темір үзетін жігіттер бір аптаға шыдай алмаған. Біз «Номадтың» футболкасын кию үшін бір жыл жүрдік. Команда қатарына қосылғанда бір нәрсе білсем, үйренсем, әлемдік киноларда өнер көрсетсем деген мақсатым болды. Кез келген саладағыдай мықтылығыңды, өз ісіңнің шебері екеніңді дәлелдеуің керек. Жұмысыңды уақытында, дұрыс орындамасаң лайықты жазаңды аласың, тиісінше өз міндетіңді тиянақты істесең сый-құрмет көресің. «Nomad Stunts»-тың құрамындағы Есболат Әбдиберік, Алтынбек Шәкен, Жанболат Жүніс сынды жігіттерді ерекше атап өткім келеді. Бұл жігіттер жас та болса, өздерінің мықтылығын дәлелдеді. Каскадерліктің барлық бағыты бойынша трюктерді емін-еркін жасап, әлемнің ең үздік жобаларында жұмыс істеді. Айтпақшы, жақында Қазақстан «КИнЭС» («Гиннестер рекорды» кітабының қазақша нұсқасы) рекордтар кітабына кірдік. Шетелдік каскадерлер көбіне көлікпен, мотоциклмен жасайтын трюктерді қояды. Бірақ ат үстіндегі трюктерді жасайтын өзге ұлт өкілдерін көрмедім. Каскадерлер үшін әрқашан спорттық формада жүру аса маңызды. Олар күніне екі уақыт жаттығу жасап, бокс, аралас жекпе-жек сынды спорт түрлерінен шеберлігін шыңдайды. Аралас жекпе-жекпен айналысқан Ардақ та бұл спортты ерекше жақсы көріп, ел намысын қорғап жүрген саңлақтарға жанкүйер екен. – Аралас жекпе-жектен атақты UFC тұжырымында өнер көрсетуге лайық спортшылар бізде көп. Атап айтсақ, Арман Оспанов, Арман Әшімов сынды жігіттер жекпе-жек өнері қазақтың қанында бар екенін көрсетіп, әлемдік додаларда ел абыройын асқақтатты. Сондай-ақ, UFC төрінде көк туымызды желбіреткен Дамир Исмағұловтың төбелесі ерекше ұнайды. Меніңше, бірнеше жылдан кейін қазақ жігіттері UFC-де өнер көрсетіп қана қоймай, чемпиондық атаққа да қол жеткізеді. Ардақ бала күнінде актер болуды армандаған. Бірақ қазіргі арман-мақсаты мүлдем басқа. – Шыны керек, басында актер болғым келетін. Бірақ уақыт өте келе бұл ойымнан түбегейлі айныдым. Атақты актер немесе ешкімнің қолы жетпейтін каскадер болуды да армандамаймын. Негізгі мақсатым – каскадерлік өнер арқылы қазақтың атын шығару. Еліміздің атын әлемге танытуға теңізге қосқан тамшыдай болса да үлес қосуды көздеймін.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1 Қаңтар, 2019

1349 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы