• Featured
  • 27 Наурыз, 2019

Робот жасайтын елге айнала аламыз ба?

Осыдан 5-6 жыл бұрын «Ақ желкенде» жаңа айдар ашылды. «Өнертапқыш» деп ашылған айдар содан бері тұрақты жүріп келеді. Оған себеп – еліміздің әр түкпірінен өнертапқыш балалардың көрінуі, олар жасаған жаңа дүниелер. Бірі «ақылды үй» жасады, бірі судан жарық алатын құрылғы ойлап тапты. Көпшілігі ұлттық дүниелердің заманауи үлгісін жасады. Мысалы, күннен қуат алып, өздігінен жарық шашатын киіз үйдің жаңа құрылымын ойлап тапқаны да бар. Қызығы, бұлардың көпшілігі – оқушылар. Азамат Ешмұхаметов қазірге дейін 12 робот құрастырыпты. 1 жыл Англияда оқып келген Азамат қазір Жапонияның Токио қаласындағы «Токай» университетінде білімін жетілдіріп, тәжірибесін арттырып жүр. Механика факультетінде «робототехника» мамандығы бойынша PhD оқуда. Ал негізгі қызметіне келсек, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Роботтарды басқару жүйесіндегі микропро-цессор» пәні бойынша сабақ береді. Елдегі робототехника саласынан да, робот жасаушы ел – Жапонияның бүгінгі жағдайынан да хабары мол. Сондықтан тақырыпқа орай сұрақтың жауабын робототехниканың қазанында қайнап жүрген Азамат Ешмұхаметовтен сұрауды жөн көрдік... – Біздің робототехника саласындағы жағдайымыз қандай? – Қазақстанның робототехни-кадағы немесе ғылымдағы жағдайы он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда жақсарып келеді. Оған басты ықпал – «Болашақ» бағдарламасы. Ғылымның тілі – ағылшын тілі, бүкіл зерттеулер, жасалып жатқан роботтардың барлығы ағылшын тілінде жасалады. Ал біздің мақала, материалдардың барлығы бұған дейін орыс тілінде жазылатын еді. Қазір ағылшын тілінде шығатын болған соң біршама жақсарды. Робототехника саласы бізде әлі жеткілікті жағдайда емес. Бір қуантатын жағдай – қалада робототехниканың түрлі курстары ашылып жатыр. Назарбаев зияткерлік мектептеріне бұл сала пән ретінде кірді. Осы жағдайлар бізге көмектеседі. Басқа елмен салыстырғанда біздің жастардың осы салаға құштарлығы қуантады. Бұл – біздің ең жақсы жағымыз деп ойлаймын. – Бұл саламен шұғылданып жүрген негізінен оқушылар ғой? – Иә, жасалып жатқан ғылыми жұмыстардың көбі оқушылардан шығады. Өйткені бізде мектептің деңгейі, қызығушылығы универ-ситеттің деңгейінен жоғары тұрады. Мақалаларды қарасаңыз, осындай ой түйесіз. Өкінішке қарай, мектептің деңгейін ары қарай жоғарылату қиын боп тұр. Робототехника саласы – ұзақ уақыт айналысатын сала, шыдамдылықты қажет етеді. Мысалы, менің бір роботпен айналысып жатқаныма жарты жыл болды. Роботтың бір жағын жасасаң, бір жағы шығып қалады. Ойдағыдай шығару үшін уақыт керек. Мектепте жай ғана ойын үшін көрсетеді. Ал біз индустрияға арнаймыз. Негізгі айырмашылығы осы. Меніңше, Қазақстанның робототехника саласының болашағы зор. – Ал балаларды дайындайтын мамандар жағы қалай? – Қазір мамандар жетіспейді. Шындықты айту керек, сапалы білім беретін, жақсы мұғалімдердің саны аз. Біздің Қ.Сәтбаев университетінде Қасым Бегалыұлы деген ұстаз бар. Қазір сол кісі талантты балаларды жинап жатыр. Назарбаев университеті мен Қ.Сәтбаев университеті ғана сапалы мамандарды дайындайды. Бірақ бұлардың өзінен бүгін-ертең нәтиже болады деп айту қиын, дегенмен 4-5 жылдың ішінде жақсы нәтиже болуы керек. – «Үшке» оқитын балалар да осы саланың шебері болады деген екенсіз. Мұны қалай түсіндіресіз? – Робототехника саласын сурет өнеріне теңеймін. Өйткені, бұл сала қажет білімдердің біреуі ғана. Білімнен жоғары тұратын дүние – фантазия. Баланың фантазиясы роботты қалай жасайтынына тікелей қатысты. Робот жасалынбай тұрып, барлығын көзбен елестете білу – өте маңызды. Мысалы, басқа сабақтарды нашар оқып жүрген балалар менің сабағымда әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетеді. Сондықтан фантазиясын аша білу керек. – Қазақ баласын жапоннан мықты депсіз тағы бір сұқбатыңызда. Қай тұрғыдан жоғары қоясыз? – Оның дәлелі былай: қазіргі жапон балалары аштықты көрмеген, тоқшылықта өмір сүріп жатыр. Олардың өмірін, жағдайын әке-шешесі жасап қойған. Олар әке-шешесі берген жолдан ауытқи бермейді. Сыртқы дүниелерге бас ауыртпайды. Екінші мәселе, біздің балаларды мектепте және университетте жан-жақты оқытады. Өкінішке қарай, бір қазақ бір жапонды озатын болса, он қазақ он жапонға қарсы тұра алмайды. Керісінше олар он есе басып озады. Себебі, қазақ халқы жалғыз өзін ғана дамытуға бейім. Қазақ үшін бірігіп жұмыс жасау өте қиын. Біріншіден, бізде көшбасшылыққа таласу көп. Екіншіден, пайданы бөлісуде кикілжіңге ұрынады. Топтық жұмыста жеңілетініміз сондықтан. Мысалы, неге футболдан нашармыз?! Байқасаңыз, командалық спорттан да мықты емеспіз. Бұл біздің менталитетімізді көрсетеді. – Робототехника біздің қай саламызға көбірек керек? – Бұл саланың ең жақсы жері – бүкіл жерде қолдануға болады. Робот тек темір немесе автомат қана емес, программа да болуы мүмкін. Роботтар ең бірінші қаржыгерлер мен бухгалтерлерді алмастырады. Бұны Митио Каку деген профессор да айтқан болатын. Сосын қара жұмысшылардың орнын басуы мүмкін. Бірақ мына нәрсені шатастырмау керек: робот адамды жұмыссыз қалдырмайды, керісінше адамның қызметі одан сайын көбейеді. Адамдар басқа жаққа бейімделеді. Ал біздің роботтарымыз медицина, құрылыс салаларына көптеп керек. Зауыттардағы үлкен жұмыстарды әлі күнге ер адамдар атқарады. Сосын ауылшаруашылық саласына роботтар керек. Біріншіден, бұл сала – тамақ. Екіншіден, жастардың ауыл шаруашылығына қызығушылығы өте төмен. Ешкім ауылға барып егін орып немесе қызанақ еккісі келмейді. Бұл мәселені роботтар арқылы ғана шешуге болады. Негізгі салалар осылар. Робот жасар кезде міндетті түрде мәселе болады. Оның шешуі – техника. Оны құрастыру студенттерге жүктеледі. – Бізде өнертабысқа жетіп жатқан, роботтар құрастырып жатқан өнертапқыш балалар көп. Оның біразын журналымыз арқылы біз де сүйіншілеп жүр-міз. Солардың ішіндегі үлкен жетістіктері деп қайсысын айтар едіңіз? – Ғаламтордан да, бұқаралық ақпарат құралдарынан да оның бәрін естіп, көріп жүрмін. Жақында ғана бір жақсы жаңалық естідім. Қателеспесем, Америкада Санжар Тайжан деген жігіт Илон Маскқа ғарышқа ұшатын капсула дайындап жатқан көрінеді. Сол жігітті мақтан тұтсақ та, үлгі қылсақ та болады. Біз қазір өтпелі кезеңдеміз. Осындай жігіттердің басын қосу керек. Олар-ды біріктіретін, интеллектуалын пайдаланатын мекеме болмай тұрғаны қиындау. Білетінім, робототехникада бетке ұстар құралымыз жоқ. Жасалынған зат іске асып, өмірде қолданысқа ену керек. – Ал бізге жоғары жақтан қолдау бар ма? – Қолдау бар. Жақында ғана «Жастар жылының ашылуында» Елбасы, қателеспесем, грантқа, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасауға 3 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Бұл жақсы қолдау. Білім және ғылым министрлігінен басқа да гранттар бөлініп жатыр. Жеке кәсіпкерлер де грант тағайындап жүр. Қолдау одан да жақсы болса екен деп тілейміз. Себебі робототехника саласында қаржы бәрін шешеді. Мысалы, Қазақстанда жүргенде менде ғылыми жұмыстарға бюджет болмайтын. Ал мұнда, Жапонияда студент ретінде маған ақша бөледі. Ол ақшаға ғылыми жұмыстарыма керек заттарды, роботқа қатысты құралдарды ала аламын. Негізгі керек нәрсе де осы ғой. Қазақстаннан немесе басқа елден келген талантты қыз-жігіттердің жасаған дүниесін Жапония өздеріне солай алып қалады. Сосын жапондар оны өнеркәсіпке айналдырады. Бұлай жасауға олардың құқы бар, ақшасын төледі, оқытты дегендей. Патентті міндетті түрде өздерінің атына алады. Бұйырса, мұндай жағдай біздің елде де болады. Бірақ қашан? Ғалымдарға сенім орнаған жағдайда ғана болады. Ғылым мен қаржы бір-біріне сәйкес келмейді. Ғылыммен айналысатын адам ақшаға тәуелді болмау керек, яғни жағдайы жасалған болу керек. Жапонияда ғалымдарға қаржыны жақсы бөледі. – Қазір өзіңіз қандай роботпен айналысып жатырсыз? – Қазіргі жұмысым – жылан тектес роботтар, яғни жұмсақ роботтарды дамытып жатырмыз. Мұны ауыл шаруашылығына қолданбақпыз. Оның қызметі – көкөністі жинау. Негізі мұндайды атқаратын дәстүрлі роботтар бар, бірақ олар сабағын сындырып жібереді. Бізге қауіпсіз, жұмсақ робот керек болды. – Қорыта келгенде, бұл салада біздің болашағымыз бар ғой? – Әрине. Сізге бір мысал айтайын: осыдан 10 жыл бұрын «Тесла» деген көлікті ешкім білген жоқ. Илон Маск 10 жылдың ішінде «Тесла», «SpaceX» деген керемет екі компания құрды. Екеуі де нарықтан үлкен үлес алып отыр. Қазір оқимын деген адамға жол ашық. Адамның ішінде мықты потенциалы болса, он жылда тура осындай компания жасауға болады. Оған толық мүмкіндігіміз бар. Бір ғасырлық тарихы бар компаниялар «Тесламен» деңгейлесе алмай қалды. Бәрі өзіңізге байланысты. Мұндай мүмкіндік қазақ баласында бар, жасай аламыз! – Әңгімеңізге рақмет, Азамат! Лайым, солай болғай!

Әңгімелескен Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №2 Ақпан, 2019

1966 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы