• Featured
  • 06 Тамыз, 2019

Дінмұхамед МАЙЛЫБАЙ, жас ғалым: Балалар астрономияны көп оқыса деймін...

Дінмұхамед Майлыбай астрономияға бала күнінен қызыққанын айтады. Қызығып қана қоймай, қазір сол салада еңбек етіп жүр. Димаш бүгінде Кореядағы KAIST университетінің студенті. 2016 жылы Кореяда өткен Азия-Тынық мұхит астрономиялық олимпиадасының бас жүлдегері. – Димаш, неліктен дәл астрономияға қызықтыңыз? – 7-сынып оқып жүргенімде «Бөбек» мектебіндегі астрономиялық практикумға жіберді. Содан бастап астрономияға қызығушылығым оянды. – Көптеген республикалық, халықаралық байқауға қатысып жүрсіз. Жалпы астрономиялық байқаулар қалай өтеді? – Астрономиялық практикум нәтижесі бойынша ең үздік оқушылар республикалық олимпиадаларға қатысуға шақырылады. Олимпиададан жүлделі орын алған оқушылар жазғы мектепке қатысып, түрлі халықаралық олимпиадалар мен турнирлерге тегін барады. Олимпиада жазбаша, теориялық есептер шығару және телескоппен жұлдыз, галактика сияқты түрлі нысандарды табу шарты бойынша өтеді. Ал турнирге дейін шамамен 1 ай бұрын есептер беріледі. Осы есептерді командамен шығарып, турнирде дебат ретінде жауабын ұсынуымыз керек. Біз командамызбен турнирден екі мәрте 2-орын алдық. Республикалық олимпиадалар мен турнирден бірнеше рет 1-орын иегерімін. Мен үшін ең басты жүлде – Кореяда 2016 жылы өткен «Азия-Тынық мұхит астрономиялық олимпиадасында» жеңіске жеткенім.Ол ең үздік нәтиже болып есептеледі. – NASA-да оқу үшін байқауда жеңімпаз атандыңыз. Бұл байқауға қалай қатысып жүрсіз? – Біріккен ғарыш мектебі әр жыл сайын NASA-ның қолдауымен Техас штатындағы Хьюстон қаласында байқау өткізеді. Оған түсу үшін бірінші кезеңде мотивациялық эссе жазу керек. Екінші кезең – скайп арқылы сұқбаттасу. Бұл сұқбаттасудың мақсаты – адамның мінезі мен қасиеттерін жақсырақ білу. Алайда, досым бұл сұқбаттан өте алмай қалды. Өйткені ағылшын тілін жетік білу керек. – Жазғы мектеп қалай өтті? Оқу бағдарламасы қандай екен? – Мектепке қатысушылар Марсқа адамды жіберудің миссиясын жоспарлайды. Студенттерді 5 топқа бөледі: қаржы мен жер орбитасына шығару, Жер орбитасынан Марс орбитасына бару, Марсқа қону, Марста өмір сүру және Марсты зерттеу. Мен Марс орбитасына жетуді таңдадым. Себебі осы тақырып астрономиялық есептерге ең жақын. Біз астронавт және инженерлердің дәрістерін тыңдап, өзіміздің жоспарымызды жаздық. Меніңше, бағдарлама өте қызық әрі пайдалы болды. – Оқуыңды аяқтаған соң елге оралғың келе ме? Қазақстанда астрономия саласы қай деңгейде деп ойлайсың? – Қазірше ешқандай тоқтамға келгем жоқ. Оқуым толық аяқталған жоқ. Ғылым ретінде Қазақстанда астрономия әлі даму жолының ең басында. Бірақ жас мамандар үнемі көбейіп отырғандықтан, болашақта астрономия саласы жоғары деңгейде дамиды деп ойлаймын. – Еліміз үшін Байқоңыр ғарыш айлағының маңызы зор. Неге Марсқа Байқоңырдан ұшуға болмайды? – Әрине, Марсқа Байқоңырдан ұшуға болады. Бірақ, алғашқы миссияны яғни адамды Марсқа жеткізу NASA-да өткізіліп жатыр. Сондықтан олар ғарыш кемесін Канаверал мүйісінен немесе АҚШ-тағы басқа ғарыш айлағынан жібереді. – Марсты зерттеп жүрген ғалымдардың айтуынша, ол жақта тіршілік жоқ. Бұл туралы ойың қандай? – Әзірге ол жақта тіршілік бар екенінің ешқандай дәлелі табылмады. Бірақ Марста қатты су, яғни мұз көп. Жердегі өзендердің арналарына ұқсайтын арналар да кездеседі. 2018 жылы ғалымдар Марста сұйық суды тапқанын айтты. Сондықтан Марста қазір де, өткен заманда да тірі ағзалар болуы ықтимал. – Астрономия саласында кімді үлгі тұтасың? – Астрономияда мықты тұлғалар көп. Бізге Кореядағы олимпиадада LIGO (гравитациялық интерферометр обсерваториясы) зерттеуде жұмыс істеген профессорлардың бірі дәріс берді. Олардың жұмысы мені қатты таңғалдырды. Ғарышкерлер де өте батыл. Мысалы, италиялық Лука Пармитано ашық ғарышқа шыққан кезеде скафандоры сынып, шлемінің ішіне су аға бастаған. Бірақ Лука бұндай қатерден аман-есен өтіп, жұмысын бітіргеннен кейін ғана кемесіне қайтып оралған. Біздің елде балалар астрономияны көп оқыса деймін. Маған «Бөбекте» астронономиялық іс-шараны бірінші ұйымдастырған адам Вера Загайнова және халықаралық олимпиадаларды жыл сайын ұйымдастыратын ресейлік Михаил Гавриловтың жұмысы өте ұнайды. – Сұқбатыңызға рақмет! Сәттілік тілейміз!

Сұқбаттасқан Нұрлыхан Жұмахан. Түркістан облысы.

Суретті салған Н.Ященко

«Ақ желкен» журналы, №7 Шілде, 2019

1127 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы