• Featured
  • 11 Қыркүйек, 2019

Гүлзада БЕКЕТ: Ол жақта плагиат пен жаттандылыққа жол жоқ

Бүгінде шетелде білім алып, тәжірибе жинау қазақ жастарының негізгі арман-мақсаттарының біріне айналды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлзада Бекет те сол мақсатта Еуропада білім алып жатқан талапты жас. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия және химиялық технологиялар факультетін бітіріп, кейіннен арнайы бағдарлама арқылы Еуропа Одағының төрт мемлекетте оқуға мүмкіндік беретін грантын ұтып алған. Қазір наноғылым және технология саласы бойынша Италияда білімін жетілдіріп жатыр. Кейіпкеріміз «Ақ желкеннің» оқырмандарына Еуропа әсері туралы аз-кем әңгімелеп берді. – Гүлзада, Еуропа, соның ішінде Италия несімен ұнады? – Магистратураның алғашқы жылында Франция және Италия елдерінде білімімді шыңдау мүмкіндігіне ие болдым. Әр елдің мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі, ұлттық құндылықтары әртүрлі. Француздардың мәдениеті мен қарапайымдығы қатты ұнады. Италияны ерекше ел деп айтсам қателеспеймін. Адамдардың жылы шырай танытуы, ойланбастан көмек қолын созуы таңғалдырды. Тіл үйірер тағамдары мен ғажап табиғат комбинациясы осы мінездерінің басты себебі шығар. – Ол жаққа қалай тапсырдың? – Үшінші курсымды тәмамдағаннан кейін Work and Travel бағдарламасымен үш ай АҚШ-та болдым. Осы сапарымнан соң халықаралық деңгейдегі тәжірибе керектігін сезініп, ғаламтордан Батыс Еуропа елдеріндегі магистратуралар туралы ақпарат іздестіре бастадым. Осылайша Erasmus Mundus бағдарламасы магистратура мен докторантураға көптеген грант бөлетіні туралы ақпарат таптым. Сонымен соңғы курсымдағы дипломдық жұмысыма қоса, магистратураға қажетті құжаттар жинап, емтиханға дайындығымды бастадым. Университеттегі күнделікті сабақ, дипломдық жұмысым бар, одан соң IELTS емтиханына дайындық және магистратураның өзіне дайындық тағы бар. Ниет пен еңбектің және Алланың берген несібесінің арқасында Еуропа Одағының төрт мемлекетте оқуға мүмкіндік беретін грантын ұтып алдым. Бакалаврда «Химиялық технология» мамандығын аяқтадым. Ал магистратурада жаңа технологиялардың жаһандық мәселелерді шешуде қолданылуы бойынша білімімді шыңдап жатырмын. – Ол жақтың оқу жүйесі мен біздің оқу жүйемізде қандай да бір айырмашылық бар ма? Ең бірінші неге көңіл бөледі? – Әр елдің білім беру жүйесі әртүрлі. Бағдарлама бойынша алғашқы жартыжылдықты Францияда оқыдым. Оқу процесі оңай болды деп айта алмаймын. Оқу жүйесі студенттердің жеке және топ ішінде жұмыс істеп, ауқымды ақпараттарды сүзгіден өткізіп, тапсырмаларды аз уақыттың ішінде талапқа сай орындап үйренуіне бағытталған. Екінші жартыжылдықты Италияда оқыдым. Бұл жақта білім жүйесі Франциядағыдай қатал емес, яғни студентке еркіндік береді. Көбіне өз-өзіңмен жұмыс істейсің. Бұл елде адамдардың ерік-жігері жоғары. Жаздыгүні кешкі сегізде де университет кітапханасы лық толы болады. Ешкім оларды қыстамайды. Яғни – әр студенттің өз өміріне жауапкершілікпен қарайтынының белгісі. Бұл бағдарлама әлемнің 22 елінен келген мықты деген студенттерімен бірге оқуға мүмкіндік берді. Сәйкесінше плагиат пен жаттандылық атымен жоқ. Профессорлардың әр студентке технология мен ғылым саласында әлемді жақсартар жаңалық ашатын тұлғадай қарайтыны өте қатты ұнады. Біздің елімізде Кеңес өкіметінен келе жатқан ескі кітаптар мен жаттанды оқыту жүйесі қалып қойғаны бәрімізге белгілі. Қазақша ғылыми әдебиеттерге қолжетімділік және авторлық құқықтың сақталуы қолға алынса деймін. – Ағылшын тілін қалай үйрендің? Қазір қанша тілде сөйлей аласың? – 9-сыныпта мектеп ауыстырып, ағылшынды тереңдетіп оқитын сыныпта бір жыл оқыдым. Сол жылы ағылшын тіліне қызығушылығым артты. Университет қабырғасында жүріп арнайы ағылшын тілі курстарына қатыстым. Тілге байланысты арнайы мақсатым болмаса, өзім қалаған деңгейге жете алмайтынымды түсініп, АҚШ-қа аттандым. Сол мемлекетте әріптестеріммен, жаңа достарыммен өткізген кезең ағылшын тілін дамытуда үлкен рөл атқарды. Жаһандану дәуірі – шекараларды білмейтін, көп тілде сөйлейтін заман. Халықаралық ортада жүргендіктен басқа тілдерді білу адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастырады деп түсінемін. Қазақстандық жастарға қойылған талапқа сай үш тілде сөйлей аламын. Жоғарыда айтып өткендей, Францияда 5 ай, Италия елінде 6 ай болдым. Сол уақыттың ішінде әр ел университетіндегі арнайы тіл курстарының арқасында француз және итальян тілінің негізін үйрендім. – Шетелге оқуға кеткендер оралғысы келмей қалады дегенді естіп жатамыз. Осы қаншалықты рас? Оқу бітіргеннен кейінгі жоспарың қандай? – Бәріміз елдің экологиясы мен экономикасына жаны ашитын, сөз бостандығы бар, рухани құндылығы бағаланатын, мәдениеті жоғары ортада өмір сүргіміз келетіні рас. Сондықтан бәрі дайын елде қалу немесе оны өз еліңде қалыптастыру таңдауын әркім өзі жасайды. Басты мақсатым – адамдарға қолұшын беріп, тек сауапты іс жасау. «Жат жердің қаршығасынан өз еліңнің қарғасы артық» деп жатады ғой. Адамзатқа, еліме пайдамды тигізсем қуанар едім. Алайда оқуды аяқтай салып, елге оралғанда, жалғыз адам мықты топ құрып, елімізге өзгеріс алып келер импульсты аз уақыт ішінде бере алмайды деп ойлаймын. Жоспарым өте көп. Негізі жоспар емес, нәтиже туралы айтқан ұнайды. – Еуропада оқығалы өміріңде қандай өзгерістер болды? Не үйрендің? – Бұл бағдарлама менің ойымды ғана емес, өмірімді де түбегейлі өзгертіп жатыр деп айтсам артық болмас. Бүкіл әлемнен дос және болашақ бизнес әріптестер тауып, олардың мәдениетін зерттеу мүмкіндігі берілді. Франция, Италия, Польша, Португалия және Германияның белді профессорлары мен әлемнің танымал компанияларынан келіп дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісетін мамандардан алған білімнің деңгейі тіпті бөлек. Шетелде оқу сыни ойлауды, түрлі елдің мәдениетін зерттеуді, аз уақытта сапалы жұмыс істеуді үйретуде. Өмірімде осындай мүмкіндіктердің болғаны үшін Аллаға шүкір етемін және отбасыма рақмет айтамын. Францияда және Италияда сол елдің, сол халықтың өмірін сүріп, барлық жақсы қасиеттерін бойыма сіңіруге тырыстым. Бұл екі елдің тұрғындары күнделікті өмірдің рақатын сезінуді, әр нәрсеге шын қуана білуді, жан тыныштығын сақтауды үйретті. – Әңгімеңе рақмет! Табыс тілейміз!

Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

Ақ желкен» журналы, №8 Тамыз, 2019

1274 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы