• Featured
  • 26 Мамыр, 2020

Берклиде білім алған Асылан

Қазір «Болашақ» стипендиясынан басқа да әртүрлі шәкіртақыға ие болып, шетелде білім алуға мүмкіндік көп. Шетелде білімді жетілдіруге мүмкіндік беретін гранттың бірі – Ш.Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры. 2017 жылы Атырау қаласының тумасы Асылан Табылдиев АҚШ-тың Беркли қаласындағы Калифорния университетінің магистратурасында оқу грантын жеңіп алып, шетелде оқып келді. Химиялық инженерия мамандығының маңызын, грант конкурсына қалай өткенін, шетелдегі білім жүйесі мен елге оралғаннан кейін қызметінің қандай екенін «Ақ желкен» оқырмандарына әңгімелеп берді. – Атыраудағы білім-инновация лицейінің түлегімін. Мектепте жақсы оқып, физика мен информатикадан облыс пен республика деңгейіндегі олимпиадаларға қатысып, жүлдегер болдым. Сабақтан бөлек футболға қызығып, сабақ пен спортты ұштастыруға тырысатын едім. Баршаңызға белгілі, Атырау – мұнайға бай өңір. Сондықтан мектеп бітірген соң химиялық инженерия мамандығын таңдадым. Химиялық инженерия мұнайды өңдеп, тазартып, дайын өнім жасайтын саланы оқытады. Назарбаев университетінде оқып жүргенде, мамандығымның ішінде үздіктердің қатарында болуға тырыстым. Екі жылдай профессордың көмекшісі болып, ғылыми зерттеу жұмысымен айналыстым. Соның ішінде су тазартуға атсалысып, криогель материалының құрамын зерттедім. 3-курста екі ай АҚШ-тың Wisconsin-Madison университетінде ғылыми жұмысымды жалғастырып, қосымша пәндерді оқыдым. Сонымен қатар, 2-курста ірі компанияларда тәжірибеден өттім. – Шахмардан Есенов қорының грантына қалай ие болдыңыз? – Бакалаврды бітірген соң шетелдік мұнай және газ компаниялары жұмысқа шақыра бастады. Бірақ екі ай Америкада оқыған соң магистратураны шетелде жалғастырғым келді. Содан Америка университеттеріне хаттама жазып, өтінішімді жібердім. Күндердің бір күні Калифорния университетінен жауап ретінде келген хаттама алдым. Бұл менің мамандығым бойынша дүниежүзілік рейтингте екінші орында тұр. Оқуға түскен соң Есенов қорының конкурсына құжаттарымды тапсырдым. Дәл сол уақытта қор қазақстандық студенттерге екі грантты ұсынып жатыр екен. Бағым мен бабым қатар шауып, грант иегері атандым. Сонымен қатар «Болашақ» стипендиа­ты болдым. Бірақ «Болашақ» стипендиясынан бас тарттым, оның өзге үміткерге пайдалы болғанына сенімім зор. – «Химиялық инженерия» мамандығының негізгі функциясы қандай? – Магистратура бағдарламасының мақсаты – коммерциялық табысты өнімдерге техникалық инновацияларды трансформация­лау. Химиялық инженерия саласының ішіндегі микроэлектроника мен энергиямен жабдықтау жүйесін таңдадым. Микрочиптерді дайындаудың технологиялық процестерін және энергетика жүйесінің түрлерін оңтайландыруды зерттедім. Оқыған білімімнің арқасында қазір химиялық инженерия саласында жаңа өнімді, микрочиптердің түрлі сызбасын жасап, ілгерілете аламын, интегралды микросхемалар қалай жұмыс істейтінін және энергетикада машиналық оқыту қалай қолданылатынын түсінемін. – Шетелдегі оқу жүйесінің ерекшелігі қандай? – Назарбаев университеті мен шетелдегі оқу жүйесінде аса қатты айырмашылық жоқ. Өйткені Назарбаев университетінің оқу жүйесі шетелдік стандарттарға сай. Бірақ бірге оқыған группаластарым дүниежүзінің түкпір-түкпірінен іріктеліп жиналғандықтан, өте білімді. Көбі қытайлар мен үнділер. ТМД елдерінен жалғыз мен болдым. Тағы бір ерекшелігі – оқытылған пәндер қазіргі индустрияға тікелей қатысты. Ғылыми деңгейде оқығандықтан сабақта тек оқытушы ғана емес, студенттер де белсенді қатысып, мәселенің шешімін өздері табуға тырысады. Сонымен қатар, белгілі бір компанияның мәселесін оқып келіп, соны зерттеп, қандай шешім қабылдауға болатынын топтық жұмыс арқылы қорғайтын едік. Басқа топтармен де пікір алмасып, әр адамның сол мәселеге қандай көзқараста екенін біліп, өзің шешім қабылдауды үйренесің. – Магистр ретінде атқарған қызметіңіз қандай болды? – Берклиде оқып жүрген кезімде профессордың көмекшісі болып жұмыс істедім. Физика сабағынан студенттерді оқыттым. 50 студентіме есеп шығару үрдістерін, зертханалық жұмыстарды қалай орындауды түсіндірдім. Теориядан алған білімді тәжірибеде студенттерге сабақ беру арқылы іске асырдым. Студенттердің емтихан есептерін құрастырып, 300 адамның бақылауын тексердім. Соңында профессордан жақсы баға алып, студенттердің алғысына бөлендім. – Шетелде қалуға ұсыныстар болды ма? Елге қандай жетістікпен оралдыңыз? – Колорадо штатындағы белгілі компания жұмыс ұсынып, шақырған еді. Бірақ мен еліме оралуды жөн көрдім. Қазір Қазақстанда мұнай және газ саласындағы «Шелл» компаниясында жұмыс істеймін. Мамандығым – инженер-технолог. Шетелде алған білімімді елімде іске асырамын деген шешіміме ешқашан өкінбеймін. Бастысы – еліме магистратураны үздік бітіргенімді дәлелдейтін дипломмен келдім. Басты жетістігім – инженерия саласындағы Топ-5 магистрант қатарына ендім. Lam Research жобасының шеңберінде біздің команда осы өнім үшін әлеуетті нарықты егжей-тегжейін зерттеп талдады. Барлық ықтимал технология, нарықтық қатерді бағаладық және оларды төмендету бойынша жоспар құрдық. Біздің команда жобаның техникалық аспектісі бойынша жұмыс істеді. Технология – өте күрделі процесс. Жұмыс барысында түрлі проблема болуы мүмкін. Командамызбен сол проблемаларды шешу жолдарын ұсындық. Оны компанияның техникалық директоры жоғары бағалап, біздің жобамыз бойын­ша жұмысты жоспарлауды бастап жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!

Назым Сапарова

«Ақ желкен» журналы, №3 Наурыз, 2020

756 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы