• Featured
  • 02 Шілде, 2020

Жоан Роулиң. «Хәрри Поттер»

1-БӨЛІМ 

1. БЕСТСЕЛЛЕР. XX ғасырдағы орыстың ұлы ақыны Анна Ахматова «Я научила женщин говорить» деп атап жазғандай, ағылшын әдебиетінде әйел адамның кәсіби жазушылық жолын бастап берген – Афра Бен (1640-1689). Ағылшын, ирланд әйел жазушыларынан әзірге бесеуін – Энн Редклифф, Джейн Остин, Эмили Бронте, Джордж Элиот (псевдоним, шын есімі Мэри Энн Эванс), Вирджиния Вульфтың кітаптарын оқыдым. Шарлотта Бронте, Агата Кристи сомдаған дара кейіпкерлерді экраннан көрдім. Даусыз классик болғандықтан, барлығы да «әйелден ақын-жазушы шықпайды» деп кемсіткен астам қоғамдық көзқарасты жазмышына Құдай еншілеп берген қалам қуатымен жойып жіберді. Осы лекке бертінде қосылған Роулиң ханымның кереметі – XX жүзжылдықтың соңында алғашқы кітабы жарыққа шыққан соң көп ұзамай әлемдегі ең табысты феномен жазушыға айналғаны. Ол есімі брендке айналған жас қаһарманды сомдаған автор. Бас-аяғы 25 жылда балалар әдебиетіне олжа салған бестселлерлер шеруі жарты миллиард данамен 80 тілде жарық көрген. Мұндай алапат шығармашылық жетістікті дүниежүзінің мыңдаған жазушысы армандайды, бірақ ілуде біреуге бұйырмақ бақыт. Қазіргі интернет заманында атақты болу оп-оңай, ал әдебиетте дәл осындай биікке жету көбінің өңі түгілі, түсіне де кірмейді. Қара пиардың дүлей құзырын көне дүниеде сезіп қойған есалаң Геростратқа еліктеп, «Атың шықпаса жер өрте» принципімен көзге түсетіндер бұл санатқа әсте кірмейді. Әдебиет жер шарын жиектеп жатқан суға тең түсетін зор аумақты қамтиды. Оның еншісін теңізге ұқсату осыдан шыққан. Жүз мыңдаған автордың арасынан жұмбақ бәйгеге шапқан қас жүйріктей суырылып шығып, дүниежүзілік аудиторияны иемдену қалам ұстаған жандардың ең асыл мұраты. Әдеби Олимпте әбден орныққан Жоан Роулиң сондай таңдаулылардың бірі екені туралы содан беріде талай зерттеу мақала жазылған болар. Оның ең басты себебі, жазушы соңғы 30 жылда балалар әдебиетіне қосылған кесек туынды, айшықты образ тудырғаны. Балалар әдебиетінің алтын қоры жаңа кейіпкерге, таңғы сәуледей уыз бейнеге зәру болған дер шақта Хәрри Поттер пайда болды. Роулиң дереу циклдік тізбек романдар жазып тастады. Киноиндустрия бұл жобаны жүзеге асыруда бәрінен асып түсті. «Хәрри Поттер» деген есім дүниежүзілік брендке айналып кетті. Оның фанаттары жын атады. Бұл кітаптың орыс тілінде И.Оранский жасаған аудармасын 16 жыл бұрын оқығанмын. Жоан Кейтлин Роулиң. «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» атты кітапты 2020 жылы «Steppe & World Publishind» баспасынан Раиса Қадырқызы қазақ балалары үшін түпнұсқадан ана тілімізге тікелей тәржіма арқылы 5000 данамен жарыққа шығарды. Ағылшын тілінен аударғандар: Нәркес Берікқажы, Динара Мәзен, Саят Мұхамедияр. Жауапты редакторы – Назгүл Қожабек. Жатық, өз деңгейінде кәсіби аударылған кітап қазақ тілінде оқитын балалар үшін шытырман оқиғалы әдебиет тізіміне енді. Асқан білім құдіретін – библиофильдікті ғылыммен үйлестірудің феноменін XX ғасыр басында Джон Рональд Руэл Толкин (1892-1973) бастап беріп, ғасыр аяғында философия мен детективтің бағалы қоспасын түзіп шығарған демиург Умберто Эко қайта жаңғыртты. Ол интеллектуал жазушыларға шығармашылық лабораториясын, оның алхимиктік, әулиелік құпиясын көрсетті. Классикалық әдебиетті терең игеру нәтежесінде қарызға алынған бір түйір поэтикалық дәннен тұтас жеміс бағын өсіріп шығарған қазіргі заманғы жазушылары жетерлік. Бұл ретте миф ашытқы сияқты. «Әрбір қайталап айтылған миф оның жаңа нұсқасына алып келеді, – деп жазады «Грек мифологиясы бойына жолкөрсеткіш» атты кітабында Стивен П.Кершоу. – Мифке жаңа түсінік беруге болады», – дейді тағы. Көптеген жазушы бұрын жарияланған басқа кітаптардың негізінде кітап жазатынын, дайын идея, түпнұсқа сюжетті иемденіп, бөтен ой қорын малданатынын француз философы Гельвеций дәл басып айтып кеткен. Роулиңнің жазушылық түйсігі алдаған жоқ, ол ескі мен жаңаны шебер қабыстыра білді. Оның көз алдында шамшырақтай жарқырап Толкин тұрды, несіне іркілсін? Ол жазуды енді бастаған, аты жоқ белгісіз автор деген титтей аралдан – тар шеңберден шеберлігі асқан Дедал тәрізді қашып шықты. Оның қанатқауырсындары мифология, магия және көркем әдебиеттің өлшеусіз қазынасын білетіндіктен қабыса қойғаны айдан анық. Мұның астарында Роулиңнің әдебиетке деген ерен сүйіспеншілігі жатыр. Балалар әдебиеті классиктері тудырған кітаптар жер бетінде адамзат барда өлмейді. Есейіп кетсең де естен тандырардай таңғажайып романтикаға толы қызықты кітаптар санаңда жарқырап қала бермек. Даниэль Дефо, Джеймс Фенимор Купер, Томас Майн Рид, Марк Твен, Роберт Луис Стивенсон, Д.Р.Р.Толкин. Бұлар – ағылшын әдебиетінің ірі тұлғалары. Ал дүниежүзінің басқа тілдерінде жазылған балалар әдебиетінің алтын қорына енген үздік кітаптар қаншама. Балалық шақта шытырман кітаптарды орыс тілінен аударған бірқатар аудармашының есімі мен үшін құрметке лайық. Ол уақытта орыс тілін білмеуім себепті, тұпнұсқадан орыс тіліне, одан үшінші тілге тәржімаланған кітаптармен өскенімді несін жасырайын? Әбілмәжін Жұмабаев сияқты тамаша аудармашылар ұсынған шедевр кітаптарды іздеп жүріп оқитынмын. Аудармашы топ Роулиңнің романын ана тілге мейлінше дәл аударуды көздеген. «Ол диванға беттеді де: – Ары отыр, балпи, – деп қорыққанынан сілейіп отырған Дадлиді қағып жіберді» (56-бет). Оған қорықшы Хәгрид «балпи» дейді. Семіз, толық денелі томпақ баланы «балпақ», «балпиған» дейді, расымен аудармада «балпи» зат есім түрінде дұрыс келіп тұр. Тәржімада бірен-саран ауызекі нұсқа түрінде кетіп қалған: «ашты», «пысқан» деп аударылған, дұрысы «ащы», «піскен». «Ғайыпшапан» аудармашылардың сәтті ізденісі. «Жұлбасты Ник», «алаушырақ» деген сөздердің аудармасы «Почти Безголовый Ник», «каминная полка» екен. «Жұлынған бас» десе анығырақ болар ма еді. Мәтінде «тарантул» деп (105бет) берілген. Оның қазақшасы бүйі емес пе? Эдгар По «Алтын қоңыз» атты әңгімесінде бүйі сөзін келтіріп, эпиграф ойлап тапқан. Ол түсініксіз әрі құпия нәрселерде қисынды түсінік, себеп бар деп білген.

2. ТАҢБАЛЫ БАЛА. Автордың маңдайына бақ құсы болып қонған таңғажайып кейіпкер – Хәрри Поттер. Дүниежүзінде дөңгелек көзәйнек таққан, қолында сиқыр таяқшасы бар бұл баланы білмейтін бала аз болар. Жазушыны арманмұратына жеткізген Хәрри Поттер кім? Ол кімге ұқсайды деген маңызды сауал тумай қоймайды. Кітапта құпия код, аллегория және мифтік сарын көп. Таным таразысына салып, талдап, астарын танып жазуға татитын шығарма. Жоан Роулиң алғашқы тарауда-ақ сәуегейлік айтады. Ең ғажабы, бұл сөз автордың жеке басына қатысты айтылған көріпкелдікке айналып шыға келді! «Ана кісілер баланың қабілетін ешқашан ұқпайды ғой! Ол өскенде атақты тұлғаға айналмақ. Болашақта бұл күн Хәрри Поттер күні деп аталса да таңғалмаспын. Әлемде оның атын естімеген бала болмайды», – дейді профессор Макгонагал Дамблдорға. Автор каббаланы терең меңгеріп, өз өмірінің жарқын сценарийін жазып отырғаннан аумайды! Пифагор, Ньютон, Парацельс, Фрейд, Лейбниц – аз ғана адам каббаланы Әлемнің рухани заңдарын және оның физикалық дүниеге ықпалын түсіну үшін зерттеген екен. Қазақ халқының дүниетанымында: «Жақсы сөз – жарым ырыс». Магия министрлігі жөргектегі Хәрриді нағашы әпкесінің отбасына әкеп, табалдырыққа қойып кететін күні ерекше құбылыс болды. Лондон көшелерінде жүздеген үкі ұшып, айнала қаптап кеткен мантия киген адамдардың біреуі бұл күнді «Атың өшкірдің көзі жойылған керемет күн» атап, «Поттерлер, ұлы Хәрри» деп айтқанын мистер Дурслидің құлағы шалып қалады. Мантия – таза жүн матадан тігілетін плащ, ертеде монарх патшалар, шіркеу қызметкерлері кисе, кейінірек академиялық киім ретінде оқымысты-ғалымдар киеді. Шырғалаңы мол туындыда мантия және үкілер – асқан білім, даналық атрибуты. Яғни таңдаулы, элита деген ұғым өздігінен сүзіліп шығады. Мантияның қара түсін түнекке теңейтін өлең оны киген топтың былайғы жұртқа беймәлім тірлігін астарлаған сияқтанады: «Мантия мрака на безднах земли» (М.Волошин). Ганс Христиан Андерсеннің «Ұсқынсыз балапан» аллегория ертегісінде ұша алмайтын үй құсы үйректің балапаны саналған аққу құс сияқты Хәрри Поттер бір сәтте зорайып шыға келеді. Баспалдақты қойманың астында ұйықтайтын жетімек бала аяулы, таңдаулы, тағдырдың тылсым таңбасы түскен дара болып шықты. «Хәрри Поттер» жарыққа шыққан соң Поттерианаға қарсы шыққан қауым дәстүрлі діндер – христиан және ислам дін өкілдері болды. Оккульттік сайтани, қитұрқылық уағыздалған зиянзалалды, жас ұрпақтың солқылдақ санасын адастыруға бастайтын теріс мағыналы кітап саналды. Көне инквизиция дәуірінде пұтқа табынған ескі өркениеттің күпірге негізделген мұрасын, әзәзілдік рух жайлаған қолжазбаларды отқа жаққаны сияқты өртеп, құртып, басылымға тыйым салмаққа үндегеннен кейін бұл кітаптың даңқы одан сайын аспандай түсті. Әрқашан адам табиғатынан өшпес қайшылық: тыйым салынған жемістің дәмі тәтті. Хәрридің шекесіне түскен белгіні оның әке-шешесін өлтірген жауыз дұшпан салған. Бала ажалдан тылсым жағдайда құтылды. Жас баланың маңдайына түскен найзағайға ұқсас тыртық крест-айқышқа шегеленген мезетке тұспал тәрізді. Көне пайғамбарлар Исайя, Енох Құдай Люциферді астамшылығы үшін жерге, жерден тамұққа лақтырды, Жаратушының қаһарына ұшыраған азған періште көктен құлдилай құлағанда ирек-ирек найзағайға ұқсады, бірақ күлге айналып кетті, жаны соқыр сияқты түпсіз тұңғиық қапаста кезіп жүр деп жазады. Ал қас дұшпан Волдеморт нәресте Хәрриді өлтіргісі келуі Иисус Христос туған сәтті жұмбақтайтын параллель тәрізді көрінді. Емшектегі нәрестені төніп тұрған қауіптен ала қашу інжілдік діни сарынға сәйкестеуге әбден сұранып тұр. Тиран Ирод патша Мессия, Христос жарық дүниеге келерде жаңа туған жас нәрестелерді тегіс қырғызған трагедияның боларын алдын ала сезген игі күштер Құдай Анасын – Дева Марияны алшақ әкетеді. Осы эпизодқа сәйкес Хәрриді зұлым күштер мен сұқ көзден сақтап қалуды мұрат тұтқан Дамблдор: «Одан да жасы жеткенше у-шудан аулақта өскені жақсы емес пе?» – дейді. Көк жүзінде Вифлеем жұлдызы пайғамбар тууын паш етіп жарқырағанда шығыстан абыздар оған үш түрлі сыйсияпат алып, іздеп барғаны сияқты, жөргектегі Хәрриді Хәргид әкеле жатқанда мына екеуі де мистер Дурслидің үйін төңіректеп жүр. Тіпті миссис Макгонагал бүркеншік кейіпте, мысыққа айналып сол маңды қорып отыр. Алып денелі Хәгрид ораулы баланы қойнына тығып, ұшатын мотоциклмен әкелуінде де бір гәп бар. Мұнысы аспани символ болар. Әрі «Жауған жұлдыз» деген нышан тағы бар. Сондай-ақ бала Хәрриді сиқыршылардың баршасы бір көргеннен-ақ қадірлеп, пір тұтып қарайды. Былайша айтса, данышпандар нәресте Иисус Христосты тануына тең түсетін сілтемені жазушы ишарамен береді. Бірінші тараудың соңында құпия басқосуларда «Ана баланың тірі қалғаны» үшін деп шарап ішіліп, тост көтереді. Бұл кішкентай сәбиді әулие санаумен тең емес пе?! «Дәл осы сәтте бүкіл ел ішінде құпия кездескен адамдар стақан көтеріп: «Ажал аузынан қалған бала – Хәрри Поттер үшін!» деп сыбырлап жатқаны оның үш ұйықтаса түсіне кірмес еді» (26-бет). Сөйтіп, автор ә дегеннен-ақ бесіктен белі шықпаған бөпеге көсемдікті, таңдаулылықты таңып жіберді. Інжілдің Матвей жазған нұсқасында Ирод патшаның кезінде Вифлеем көгінде жарқырай туған жұлдызға қарап болжап, маг-абыздар келіп: «Дүниеге келген Иудей патшасы қайда? Өйткені біз оның жұлдызын Шығыстан көріп, қастерлеп бас июге келдік», – дейді. Нәресте әлемнің болашақ әміршісі екенін парсы данышпандары біліп келді. Табиғаттың құпия күштерінің сырын терең білетін оқымыстылар аспан денелерін бақылаумен айналысқан. Бұрынғы өткен әулиелер айтып кеткен көріпкелдік – жер бетіне Құтқарушы пайғамбар келерін білгендіктен абыздар жаңа туған Иисус Христосқа құрмет көрсетіп, бас иіп келді. Інжілде түпнұсқада «волхв» сөзі маг деп дыбысталады, мағынасы: сиқыршы, арбаушы. Ортағасырда «волхв» деп жұлдыздарға қарап бал ашқандарды атаған. «Волхв» көне сөз, сиқыршы, бақсы, көз байлаушы, жұлдызшы деген ұғым береді. Бағзы Иранда «maguš» абыздық кастаның бақсылары және мүшелері. Магтар саяси өмірде үлкен рөл атқарды, мемлекет істеріне араласты. Қөпқұдайшылық дәуірде ирандық дін абыздары ең алғашқы болып, Иса пайғамбарды таныған ілім иелері деп есептеледі. Жұлдыздар адам өміріне қилы-қилы әсер етпегін ақылды адамдар білген. «Құдай сені желден, жұлдыздардың кесірлі әсерінен және сиқыршылықтан құтқарсын!» (Шекспир. «Король Лир»). Он жасар Хәрридің террариумда экзотикалық жыланмен тілдескен жерінде оның тегін бала емес екенін Дурслилер, әсіресе, кенет жоғалып кеткен шыны әйнектің кесірінен жылан шағып ала жаздап, өлердей үрейі ұшқан Дадли түсінді. Үшінші тарауда автор Хәрридің жетімдігін айта түседі. Хәрри тұратын қуыс қоймада өрмекші торы бар. Петуния тәтесі марқұм сіңлісінің ұлына жаңа киім әпермей, өзінің ұлы ерке Дадлидің ескі оқушы киімін сұр түске бояп береді. Оны Хәрри өлген пілдің терісін жамылып алғандай (42-бет) деп жақтырмайды. Ұйқыдағы жылан Хәрри тесіле қарағанда көзін ашты, сонымен қоймай оған көзін қысты. Хәрри өзгелерден өзінің жаратылысы бөтен екенін, сиқыршылығын сезіп қалуы, ту жыланнан басталғаны әншейін нышан болмауға тиіс. Жер бетінде ең мифологиялық астары тұңғиық жәндік – жылан. Адам ата және Хауа ананы жылан кейпінде азғырып, жұмақтан қуғызған Әзәзіл туралы аңызды айтпай-ақ қояйын.

3. ҮКІ. Вл.Набоков «Шетел әдебиеті туралы лекциялар» атты эссе жинағында «Гюстав Флобер. «Эмма Бовари» атты тарауда Эмма өліп-өшіп оқитын сүйіспеншілік романдарда ғашықтық хат тасушыларды әрбір бекетте өлтіретін деп жазады. Эмма Бовари Дон Кихоттан жаралған кейіпкер десе несі бар?! Роулиңде хат тасушы қызметін атқаратын адам баласы емес. Хәрриді жаңа өмірге бастайтын хаттарды үкі пошташылар тасиды. Құстар қарша жаудырған жұмбақ хаттар Хәрридің қолына тимей қор қылады. Магл туыстары қалай жалтарса да, өкшелей қуа келетін сансыз хаттардың  сырын түк түсінбеген баланы Вернон жездесі тыйымы арқылы үздіктіріп қояды. Дурслилер отбасы Хәрри балақайды қайда ала қашса да жағдай оңалмайды. Габриэль Гарсиа Маркестің «Алдын ала хабарланған өлім жылнамасы» атты повесінде осы тектес оқылмай тау болып үйіліп жататын хаттар туралы әсерлі деталь бар. Хәгрид Дурслилер отбасына наразылық ретінде Дадлиге торай құйыршық өсіріп жібергені Маркестің «Жүз жыл жалғыздық» романын еске түсірді. – Магл, – деп қайталады Хәгрид. – Біз сиқыр жасай алмайтын адамдарға сондай ат қойғанбыз. Маглдардың ішіндегі ең қаныпезерлерінің арасында өскенің өкінішті-ақ. – Оны асырап алғанда сиқыр-миқырды тоқтатамыз деп серт бергенбіз, – деді Вернон жезде. – Адам қылып өсіреміз дегенбіз. Сиқыршы дейді ғой! – Сіз білдіңіз бе? – деді Хәрри. – Менің сиқыршы екенімді білдіңіздер ме? – Білмегенде! – деп Петуния апай кенет шаңқ етті. – Білмегенде! Әрине, білдік! Шешеңнен асып қайда барушы едің? Ол да тура сондай хат алып, анау мектепке кетіп жоқ болды. Каникул сайын қалтасы бақаның уылдырығына толып, кесені тышқанға айналдыру сияқты қайдағы жоқты үйреніп келетін. Тек мен оның шын бейнесін білетінмін. Ол нағыз есерсоқ болатын. Әке-шешем болса оны әлпештеп, «Лала керемет, Лала ақылды» деп бағып-қақты. Отбасымызда сиқыршы бар екені мақтан тұтты» (61-бет). Мына диалог, дәлірегі, бір-бірін қабылдамайтын екі күштің текетіресі, ымыраға келмейтін дау. Бірінші тарауда құпия «магл» сөзі кездеседі. Қиялдағанды өлердей жақтырмайтын мистер Дурсли кім? Менің ең сүйікті жазушым Хофманда «филистер» деген сөз бар. Бұл тоғышар деген мағына береді. (Айтпақшы, сәл шегініс. Қазақша аудармада Джонна Роулингті ағылшын тілінің ережесін сақтап Жоан Роулиң деп алғаны сияқты, Гете Институттың Қазақстандағы бөлімшесінің стипендиясымен жүзеге асқан жобаға қатысып, 2017 жылы жазда Германияда болған бір айлық әдеби сапарымда орыс тілінің ықпалымен «Г» әрпімен оқитын Гофман, Гессе сияқты жазушылардың есімін өз елінде «Х», «Һ» әрпі арқылы Хофман, Һессе деп айтатынын үйреніп келдім. Біздің қазақ тілінің әріп байлығы мұндай ерекшелікті ауырсынбайды. Керісінше, Батыс Еуропадағы кельт, роман тілдерінде бар дыбыстар бізде төл дыбыстар болып саналады). Маглдар мен магтар – жазушы именбей ұсынған модель – бір-біріне кереғар идеяның астарына көп нәрсе сыйып кетері анық. Роулиң сиқырдан тыс жай адамдар тіршілік ететін әлемді көңілсіз, кейіпкерлерін кілең жағымсыз, тоғышар қылып суреттейді, шынтуайтында, тіпті менсінбейді. Дурслилер отбасының портретін мысқыл, келемеж, мазақпен бейнелейді. «Екеуінің Дадли есімді «әлемдегі ең керемет, ең ақылды» кішкентай ұлы бар» (11-бет). Астрид Линдгрен сомдаған шатырда тұратын Карлсон өзін-өзі солай атаса, туысы Хәрриге озбырлық қылудан жалықпайтын ойсыздау баланы әке-шешесі дәріптейді. Ел қатарлы өмір сүретін, расында зұлымдығы жоқ мистер Дурсли асыранды баланың сиқыршы болып өзгеріп кеткенін қаламайды. Олар Хоугортс магия мектебіне шақыртуды қабылдайды, сиқыршылықты жек көре тұра көнуге мәжбүр болады. Хат қызғылт балауыз мөрмен бекітілген. «Мөрдегі үлкен «Х» әрпін айнала арыстан, бүркіт, борсық және жыланның суреті салыныпты» (43-бет). Мұның бәрі символдық белгі. Жасырын мекен Хоугартс сиқыр мектебіне қорықшы Хәргид балаларды қайықпен жеткізді. «Үлкен қара көлдің жағасында. Арғы жағада биік таудың шыңында терезелерінен жұлдызды аспанның бейнесі жарқыраған мұнаралары бар үлкен сарай тұрды»; «Шырмауықтан көрінбей тұрған үңгірге апаратын саңылауға қайықтар біртіндеп кіре бастағанда бәрі бұға қалды» (118-бет). Роулиңнің қиялының ұшқырлығы – оның шығармашылық алтын кілті. Сиқыршылар оқитын мектепте класс жоқ, төрт факультет бар, онысы өңі айналған класс, әрине. Он жасар Хәрри бірден факультетке қабылданды. Ертегіге тән сананы жазушы әу бастан қабылдап қойған. Жарыққа тән жылдамдық хикая энергетикасының қозғаушы күші сияқты. Дәстүрлі хат тасушы құс – көгіршін, қанша алыс ұшса да өз ұясына кері оралатын кептер поштасын адамдар баяғыдан білген. Роулиң үкіні хат тасушы етіп таңдауы текке емес. Хоугартс сиқыр мектебінің беделді оқытушысы профессор әйел Макгонагалдың есімі Минерва. Жазушының қанаттылардан үкіге назарының түсуі таңдауы сиқыршылар мектебі даналықтың ұясы деген идеяны астарлайды. Зевс Құдайдың қызы Афина, оның грекше есімі Паллада, латынша есімі Минерва. Өнертанушы Джеймс Холлдың айтуынша, антикалық Грекияда үкі Құдай әйел Афинамен байланыстырылған. «Минерва бейнеленген монеталардың екінші бетінде үкі кескінделген. Сондықтан үкі Минерваны бейнелейтін даналық символына айналды. Үкі үйме кітаптың үстінде қонақтап отыратыны ақылпарасат нышанын танытады» (Дж.Холл. «Өнердегі сюжеттер мен тұспалдар сөздігі»). Ежелгі Рим классигі Овидий үкіні «Паллада құсы» деп атайды. «Сок он Палладин возлил белокурой богине Минерве» (Овидий. «Метаморфозы»). Үкі жыртқыш құс, киелі кітап Библияда жиі кездеседі. Қаңырап қалған мұнараларда, ескі, қираған ғимараттарда, зират маңында мекендейді, қорегін аңдуға түнде ұшады. Түнгі тұнық ауаны, мүлгіген тыныштықты жарып жіберетін үкінің дауысы тым өткір, ащы, наразы. Моисей заңы бойынша үкі таза емес, арам құс. Роулиң зоологиялық деректі біле тұра қасақана бұрмалайды. Үкілер күндіз ұшпайды, ол түн құсы. «Намра айнасы» атты тарауда автордың Рождество мерекесіне таяу, қарлы боранда хат әкелген үкілердің халі мүшкіл еді деп қисындауы артықтау. Ақ үкі полярлық орманды мекендейді, қаһарлы қыстан қинала қоймайды. Хоугартста Хәрри жүздеген үкі иелеріне арлы-берлі хат таситынын көріп есі шықты. XV ғасырдың аяғына таман инквизиция дәуірінде мыстан аулауға көмекші құрал ретінде доминикан монахтеолог Генрих Крамер жазып, қосалқы автор Яков Шпренгер екеуі құрастырған тарихи құжат «Malleus Maleficārum» деп аталады (латынша «малефика» «мыстан»). Осы кітапта «IV ғасырда өмір сүрген Тур епископы қасиетті Мартин Юпитер, Меркурий, Венера, Минерва бейнесінде жын-сайтандарды жиі көрген», – деп жазылған. Шекспир жазған «Макбет» трагедиясында мыстан әйелдер дайындайтын дуагерлік қайнатпаға енген тізімде құрбақа, жылан майымен бірге үкінің тұмсығы бар. Жаңа дәуірде ежелгі дүниенің қаптаған пұт Құдайлары өлі Құдайларға айналды. Ескі наным-сенімді жаңа дін санадан өшіріп, қуалап шығаруға тырысты. Ежелгі ірілі ұсақ тайпалар сан алуан табиғат құбылыстарын түрлі Құдайларға, жер-суды иемденген рухтарға балап, шетінен киелі санап, құрбан шалып сыйынған. Мелшиген тас Құдайлар әдет-ғұрыптар арқылы қанды құрбандар тілеп тұратын сұмдық жауыз болатын.  Ортодоксал діндер мифтік Құдайларды тегіс жын-сайтанға теңеп, қасиетті күшінен айырып әрі қарғыс таңбасын басып, идеологиядан аластап жіберуге мүдделі екенін француз философы Жан Батист Батай жазады. Мифтік сананың заманы баяғыда өтті, алайда табиғат құбылыстарына поэтикалық көзқарастан, сұлу қиялдан туған айшықты бейнелер мифологияда орнығып қалды. Классикалық индуистік пантеонда Құдайлар мен Құдай әйелдердің санында есеп жоқ.

4. МАГИЯ. Көне заманда Грекияның «қара магия» өрістеген аймағы Фессалия, «халдей» «сиқыршының» синониміне айналғанын Апулей «Алтын есек» романында жазды. Халдей – Евфрат пен Тигр, қос өзен аймағын мекендейтін семит текті халық. Атам заманда бал ашушы сәуегейлер және дуагерлерді шыққан тайпасына қарамастан халдей деп атаған. Осип Мандельштам түнекті суреттегенде: «Обиженно уходят на холмы Старухы овцы-черные халдеи, Исчадье ночи в капюшонах тьмы», – деген өлең жолдарын жазған. Бұл бейнелеуден сиқыршының түндей қараңғы бәймәлім, жалпақ жұртқа жат астыртын болмысы қылаң беретін сияқты. Тегінде сиқыршылық – ежелгі дін десе болар. Энциклопедиялық білім иесі, интеллектуал жазушы Айзек Азимов әуелгіде Шумер, одан Вавилония, кейінірек Халдея, Месопотамия ақыры Ирак атанғанын, тұтастай бір елдің 4 түрлі атауы болғанын жазады. Ол астрология жалған ғылым дейді. Ежелгі АссироВавилонияда магия – білімнің аса маңызды саласы болатын. Кейінірек «маг» сөзімен сиқыршылар мен астрологтарды атайды. Уильям Шекспир көктегі жұлдыздар жердегі адам тағдырына ықпал етерін жиі айтады. Жаңа айтқан Генрих Крамер мен қосалқы автор Яков Шпренгер екеуі құрастырған «Malleus Maleficārum» деп аталатын құжатта: «Демонология бойынша жазылған трактатта мыстан әйелдер сиқырмен адамды жануарға айналдыра алады дегенге сенген адам Құдайға күпір, дінсіз және пұтқа табынушыдан жаман» делінген. Мұнда теолог, философ Августин көп Құдайға сенетін кітаптарда сиқыршы әйел Цирцеяның Одиссейдің жолдастарын шошқаға айналдырып жібергені көз алдау, сезімді алдау, мүмкін емес, шынтуайтында бұлай болмаған деп жазғанын мысалға келтірген. Мұндай дуаның барын мойындау Жаратушы Құдайға қарсылық, оның құзырына шәк келтіру болып саналды. Мұсылман мифологиясында жер бетінде күнәға батқан екі періште Харут пен Марут адамдарға сиқыр үйреткен. Дездемонаның әкесі Брабанцио Отеллоны қара кітап аударатын сиқыршы, қызымның басын дуалап алды деп арыз айтады. Ібіліс иллюзияның қас шебері саналады. «Is рунасы қорғану үшін әрі кез келген магиялық шабуылды қайтаруға тамаша көмектеседі» («Руналар және бойтұмарлар»). Романда Хәрридың Дамблдормен алғаш таныстығы бір жосын суреттелген. Бетпе-бет келу яки сырттай көру емес. Хәрри Хогуартсқа бара жатқан жолда, купеде сатып алған шоколад бақаның қорабындағы картада ер кісінің суреті бар. «Жарты ай пішіндес көзәйнек таққан, қисық мұрынды, сақал-мұрты мен шашы аппақ кісі. Суреттің астында Албус Дамблдор деп аты жазылып тұр» (109бет). Профессор Дамблдорға «Хоугартс мектебінің директоры, қазіргі заманы ең ұлы сиқыршылардың бірі» деп анықтама дерек берілген. Картада сурет іле жоғалып кетті. Сиқыр мекенде бүкіл портрет жанды, қозғалып жүреді, кісімен тілдеседі. Шахмат фигуралары тірі, аяқ басқан сайын фантасмагория. «Бізде, маглдар әлемінде, адамдар фотосуретте қозғалмай тұрады», – дейді Хәрри Рон досына. Шоколадта карта арқылы кілең сиқыршылар мен алхимиктердің аты берілген. Қазіргі заманғы тауарларды актерлер мен спортшылар жарнамалайтыны сияқты. Моргана, Хенгист, Алберик Граннион, Цирцея, Парацельс, Мерлин. Моргана – фея, кельт аңыздарында король Артур дәуіріндегі Гальфрид Монмутский баяндаған «Мерлиннің өмірі» атты хикаялар кейіпкері. Су культіне қатысты бейне, «теңіз тудырған», Бретонияда керемет теңіз қыздары «моргана» аталады. Мерлин – кельт аңызында ақын және көріпкел. Оның прототипі тарихта болған валлийлік бард Мирддин Жабайы делінеді. Ол Мәжнүнге кезбелігімен, жалғыздығымен әрі ақындық жаратылысымен ұқсас. Хенгист – аңызға айналған британдық, Кент графтығының алғашқы королі. Альберик Граннион – сиқыршы. Цирцея күн Құдайы Гелиостың қызы, Медеяның әпкесі, Одиссейдің жолдастарын шошқаға айналдырып жіберетін дуагер әйел. Овидий поэмада алтыншаш Күн Қызының салтанатты сарайы жабайы аңдарға толы деп бейнелейді. Астрологияда грек мифтерімен тығыз байланысты аспан денелері жетіп артылады. Парацельс (1493-1541) – дәрігер, алхимик, философ, мистик, демонологиямен айналысқан, «Оккульттық философия» кітабының авторы, медицинада Гиппократты мойындап, шөппен емдеуді білген. Ол астральдық ықпал әсерін түсінбей, емші сырқатты емдей алмайды деп санаған. Себебі адам – микрокосм, ғалам –макрокосм. Борхес «Парацельстің райхангүлі» атты новелласында оның арандатуға иілікпес Құдайшыл болмысын жұмбақтайды. Хәрри ұстайтын заттардың бәрі дерлік сиқырлы. Хогуартста спорт куидич деп аталады. Уизли әулеті тегіс осында оқиды. Ведьма-мыстан әйелдердің көлігі саналатын сыпыртқылар бірде ат, бірде ұшақ орнына жүреді. «Нимбус-200» жерде емес, көкте ызғитын спорттық жарыс машинасынан аумайды. Балалар қос топқа бөлініп, ұшқыр сыпыртқыға мініп аулайтын алтын снетч – күміс қанатты алтын доп, оны қақпақылдап ұстап алу қиын. Мектеп кубогына талас, кәдімгі мектептегідей. Жазушы суреттеген заттар көбінесе өздігінен жан бітіп кететіні жас оқырман үшін, әрине, қызық. «Хәрри доптар өздігінен жұлқынып, қобдиға байланған белбеуінен босап шыққысы кеп тұрғанын байқады» (179-бет). Тым жоғары ұшса сыпыртқылар солға тартып тұрады. Сол діни ұғымда теріс, жолы болмауға бастайды. Невил қырсыққа ұшырай беретін кейіпкер, биіктен құлады, қазаннан төгілген ішірткіге күйіп қалды. Николай Гогольдың атамекен поэтикасымен баурайтын тырнақалды туындысында ақша мен заттар тірі сияқтанып, ал адамдар өлі заттарға ұқсап кететін. Мұндай гипербола-әсірелеуді кей сәтте шындыққа қиянат деу оңай емес. Персей Медуза Горгонаның басын кесіп әкелуге аттанарда Меркурий оған қанатты сандалын, жазғы жеңіл аяқкиімін бергенін Овидий суреттейді. Хәрриде осындай уақыт пен кеңістікті бағындыратын үлкен мүмкіншілік бар. Киіп алса көзге көрінбейтін киімі бар. Герберт Уэллс ғылыми фантастикасымен көзге көрінбейтін адам идеясын әдебиетте жаңғыртты. Оқытушы Снейп орманға жасырын барады. Балалар соңынан аңдиды. Хәрри Нимбусына мініп, шамшат ағашының бұтағына қонды. Бұл – бақсылық инстанция. Хәрридің әкесінен қалған ғайып-шапанын ұлына берген, жоғалтып алғанда қайтадан білдірмей әкеліп қоятын адам Албус Дамблдордың дәл өзі болып шығады. Интрига күшті қиысатын тұс осы шапанмен байланысты. Миссис Роулиңнің кітабы кереғар идеяларға толы. Мысалы, «Снейп емтихан алғанда балалардың желкесінен төніп тұрды, ондайда олар Адамның жадын өшіретін ішірткі қалай жасалатынын еске түсіре алмай қиналып қалатын» (274-бет). Бұл антигуманизм. Адам жадынан айырылса мақұлықтанып, таза мәңгүртке айналмай ма? Хәрмиона айтатын сиқырлы сөздер: «Алоһомора!», «Уингардиум Левиоса!». Хәллоуинде мыңдаған жарқанат қабырғада, төбеде тізіле қонып, бірнеше мыңы залда үйіліп, үстелдердің үстінен қара бұлттай төніп ұшып жүреді. Бұлдағы инфернальдық, яғни жаһанамдық белгі. Хәрридің досы Рон Уизли егеуқұйрық ұстайды, аты Қаспақ, зиянды кеміргіштің бұл түрі сүйкімді жануарға жатпайды. Миссис Норрис атты аңдуыл мысық қамалды кезіп жүреді, ол Филчтың шабарманы. Есік орнына ашылатын портреттегі дәу ледиге айтылар құпия, кілт сөз: «Шошқа тұмсық». Мектеп кубогын иемденген жеңімпаз факультет – «Слизерин жыланы бейнеленген байрақ». Шошқа, жылан, мысық христандық дүниетанымда қарғыс басылған харам мақұлықтар. Оқушыларды Хогуартсқа келерде және каникулға кетерде арлы-берлі Хәгрид қайықпен алып өтеді. Стикс өзенінен өлі жандарды тасымалдап, о дүниеге, Аид патшалығына алып өтетін Харон қайықшы еске түседі.

(Жалғасы келесі санда)

Айгүл Кемелбаева

«Ақ желкен» журналы, №6 Маусым, 2020

836 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы