• Featured
  • 05 Тамыз, 2020

Жасөспірімдерге қандай фильм ұсынамыз?

Қазақ киносындағы мәселелерді қозғағанда балаларға арналған фильмдердің де керегін айтып қаламыз. Балаларға арналған фильмдер кино қоржынымызда жоқ емес, дегенмен жаңа заманның ұрпағына жаңаша дүние керек дейміз. Ал жасөспірімдер ше? Алаңсыз балалық шақтан өтіп, мына дүниенің қыр-сырына қаныққысы келетін жасқа өткендерге кино өнері қалай көрінбек? Ол фильмдерде не айттық, қалай айттық, нені көрсете алмай жүрміз? Сауалдарымызды мамандарға қойып көрдік...  1. Тәуелсіздіктен кейін жарыққа шыққан фильмдерде жасөспірімдер тақырыбы қаншалықты көрініс тапты? Оларға қатысты әлеуметтік мәселелер ішінара көрсетілді ме? 2. Байқауымызша, жасөспірімдерге «арналған» дегеннен гөрі олар «туралы» фильмдер көп сияқты. Мысалы, Серік Апрымовтың «Бауыр», «Әкеге қоңырау шалу», Данияр Саламаттың «Әкем екеуміз», Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» секілді фильм- дер. Мұнда жасөспірімдер өмірі бар. Бірақ оларға арналып түсірілген деп айта алмас едік. Сіздің ойыңызша, жасөспірімдерге арналған фильмдер қандай болуы керек? 3. Жасөспірімдер туралы отандық фильмдердің ішінде дау тудырғаны – Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмі. Фильм шетелдік қаншама фестивальден жүлде алса да, біздің билік оны отандық арналардан көрсетуге тыйым салды. Бұл туралы пікіріңіз қандай? Фильм қаншалықты «қауіпті?»

Сәбит Құрманбеков, режиссер:

Фильмдерге драматургия жетіспейді

1. Жасөспірімдерге арналған фильм жоқтың қасы, Өйткені өзім бұл тақырыпта бір-ақ фильм түсірдім. «Секер» фильмі. Кезінде дискісі шығып, сатылымы жөнінен бірінші орынға шыққанбыз. Кино нарығын шетелдіктерге беріп қойдық. Коммерцияның өзі балаларға кино түсірмейді. Қоянбаев, Адамбаевтар да ыржақай-тыржақайдан аса алмай жүр. Балаларымыздың санасын шетелдік фильмдер жаулап алған. 2. Бұл фильмдер – әлеуметтік драмалық фильмдер. Мұндай фильмдер балалар мен жасөспірімдерге соншалықты қызықты емес. Серік Апрымов көбіне әлеуметтік тақырыпқа бет бұрып кетеді. Баланың көзқарасы шетке қалып қояды. Ал біз әдеби шығармаларда, спектакльде, фильмдерде баланың көзқарасымен қарауды ұмытып кеттік. Мысалы, «Менің атым Қожа» фильмін кітап желісімен түсірді. Абдолла аға Қарсақбаев кітаптан ауытқыған жоқ. Өйткені ондағы оқиға баланың тілімен баяндалған. Қазір осындай дүние жоқ. Не жазушыда жоқ, не драматургте жоқ. Балаға арнап кино түсіру үшін мықты драматургия керек. Жасөспірімдерге әлеуметтік жағдайды айтудың орнына баланың тілімен баяндалған оқиға керек. Біз тіпті анимацияда да баланың тілін қиындатып жібереміз. Балаға не керек? Балаға патриоттық тақырып болғанның өзінде баланың тілімен, жасөспірімнің тілімен көрсету керек. Мысалы, Данияр Саламат түсірген «Бәйтерек» фильмінің тақырыбы жақсы, бірақ бір қызық оқиға жетіспей қалды. Мектеп, ауыл, мұғалім, Астана – бәрі үйлесімді, бірақ қызықтайтындай бір оқиға кемшін боп қалды, меніңше. Шетелдік фильмдер мен анимациялардың ықпалынан қазіргі балалардың көзқарасы өзгеріп кетті. Ізденіс жасау керек. Жас режиссерлер тілін табу керек, оларда энергия, фантазия көп. Үгіт-насихат балалық шақтан басталады. Мысалы, өтірік айтпай-ақ қояйын, 5-6-сынып оқып жүргенімде «бізден бақытты адам жоқ шығар» деп ойлайтынмын. Соның бәрі насихаттың арқасы. Қазір ондай идеология жоқ. Әр фильмге драматургия керек. Ал драматургия әдебиеттен басталады. Әдебиет – фильмнің қайнар бұлағы. Драматургия – бұлақтың көзі. Біз сол бұлақтың көзін аша алмай отырмыз. Әдебиетке сүйенбесек, ештеңе шығара алмаймыз. Шетелде комиксты шығару үшін де әуелі тәптіштеп драматургия жазып алады. Ал комикстан жақсы фильм шығаруға болады. Мысалы, «Супермен» кезінде кітап боп шықты. Одан комикске айналды да кейін қаншама фильм түсірілді. Әлі түсіріліп жатыр. Әсия Сүлееваның «Жеңіс семсері» деген фильмі жақсы түсірілген. Жасөспірімнің тілінде түсірілген, фантазиясы да бар фильм. Бірақ насихаты кем. 3. Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмін толық көрмедім, үзіндісін байқап қалдым. Меніңше, ой тастайтын фильмдер де керек. Оны артхаустық фильм деп санаймын, тілі қиындау. Балалардың да таным деңгейі әртүрлі ғой, мұндай фильмдер де керек. 20 жасымда «Қияр» деген фильм түсірдік. Жастар туралы болатын. Бірақ оны сол кездегі идеология қабылдамай қойды. Сонда бізді Жазушылар одағы құтқарды. Ондағы үлкен қаламгерлер бізді жақтап шықты. «Жас өмірдің ауылдағы перспективасы жоқ, фильм соны жақсы көрсеткен» деді. Сол сияқты Эмирдікі де жақсы, бірақ оны жасөспірімдердің 80 пайызы қабылдай алмайды. Ол үлкендерге әсер етеді. Қанымбек Қасымбековтың «Шоқ пен Шер» деген фильмі бар. Сол шетелден жиырма шақты жүлде алды, мысалы. Бала мен құлынның арасындағы оқиға, тілі жеңіл. Ал жоғарыда айтқан авторлық фильмдер балаға қиындау. Біз фильмде балаларға қаншалықты жақындай аламыз, қаншалықты әсер ете аламыз деп ойлануымыз керек. Дана Әмірбекова, кинотанушы:

Жасөспірімдерге арналған фильмдер салғырттықты көтермейді

1. Жасөспірім жандүниесіне камера көзі арқылы үңіліп, оның қатпар-қатпар тұңғиық әлемін көрерменге ақтарған туындылар қазақ киносында жоқ емес. Мысалы, Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма», Әмір Қарақұловтың «Соңғы демалыс», Серік Апрымовтың «Үш ағайын», «Аңшы», «Бауыр», «Әкеге қоңырау шалу», Рүстем Әбдірәшевтің «Қаладан келген қыз», Данияр Саламаттың «Әкем екеуміз», Тимур Қасымжанов пен Төлеген Байтөкеновтің «Супер Баха», Ахат Ыбыраевтың «Аңыздар кітабы: Жұмбақ орман», Әділхан Ержановтың «Үкілі Кәмшат», Эмир Байғазиннің «Асыланның сабақтары», «Төрт оқиға», «Өзен», Руслан Акунның «Офф-лайн демалыс» және Ернар Құрмашовтың «Офф-лайн демалыс-2» сынды толықметрлі кинотуындыларын атай аламыз. Сонымен қатар жасөспірімдер тақырыбы кино әлеміне енді ғана қадам басып келе жатқан дарынды жас режиссерлер Берік Жахановтың «Еркек», «Асан», Дархан Төлегеновтің «Таң сәулесінің шапағаты», «Маршрут», Мадияр Мұратұлының «Шалаш», Ален Рахметалиевтің «Мұғалім» және тағы басқа қысқаметрлі фильмдерінде жасөспірімдер тақырыбы жан-жақты қамтылып, тереңінен ашылды. Балалықпен қош айтысып, жасөспірім шаққа қадам басқан жеткіншектердің тұлғааралық қатынас ерекшеліктері мен психологиялық-әлеуметтік тұрғыда бейімделу жолындағы қақтығыстары мен келеңсіздіктері таспаланған бұл туындылар әлемнің беделді кинобәйгелерінде жеңіс тұғырынан көрініп, сан мәрте көк байрағымызды желбіретті. 2. Жалпы жасөспірім тақырыбындағы фильмдер жасөспірімдерге арналған және жасөспірімдер туралы деп екіге бөлініп қарастырылады. Осы тұрғыда бұл тақырыпта түсірілген отандық кинотуындыларымыздың басым көпшілігі жасөспірімдер туралы екені жасырын емес. Бұның басты себебі, осы тақырыпты қозғаған туындылардың басым көпшілігі киноны өнер ретінде қарастыратын авторлық, демек артсинема бағытында түсірілуінде. Ал кез келген авторлық туынды кейіпкердің ішкі әлемінің қатпарында жасырынған қыртысын ашып, зерделеуге тырысады. Бұл туындыларда жасөспірімдер психологиясы, олардың тұлғалық, адами болмысының қалыптасу ерекшеліктері пәлсапалық тұрғыдан қарастырылып, режиссердің өз ой елегінен өткізген, субъективті көзқарасы таспаланады. Алайда, жасөспірімдерге арналған фильм- дер де жоқ емес. Мысал ретінде Тимур Қасымжанов пен Төлеген Байтөкеновтің «Супер Баха», Ахат Ыбыраевтың «Аңыздар кітабы: Жұмбақ орман», Руслан Акунның «Оффлайн демалыс» және Ернар Құрмашовтың «Оффлайн демалыс-2» фильмдерін атай аламыз. Көрерменнің қызығушылығын тудыратын мейнстрим бағытында түсірілген бұл фильмдер жасөспірімдердің арман-қиялдарын негізге ала отырып, ақ пен қараны ажырата алатындай сыни көзқарастарын қалыптастыруға, олардың ой-өрісінің дамуына ықпал етіп, альтруизм мен гуманизмге жетелейді. 3. Эмир Байғазиннің фильмдері «қара тізімге» іліккені белгілі. Алайда, кейіннен дәл сол тізімдегі фильмдерді қазақ мәдениетінің жетістігі ретінде қарастырғаны жайлы оқығанмын. Уақыт өте өз көзқарасын өзгерткен болар деп түсіндім. Әр адамның өз шындығы болады демекші, фильмдер де әртүрлі болуы керек. Ал білімді емес, білекті бол деп түсінетін жасөспірімдердің қатыгездігін шынайылықтың шегін асырмай суреттейтін Эмирдің кинотрилогиясынан туған баласынан бас тартып, өз игілігін ойлайтын ата-ананы көреміз, хиджаб жамылған қызды мазақтап, сыныптастарының алдында қорлаған ұстаздың бейнесін көреміз, аузынан Алласы түспей жүріп, қорғансыз балалардан ақша жинайтын діндардың былықтарына куә боламыз, қорғансызды қорғаудың орнына қорлауды жөн санайтын полицей қызметкерлері мен өз ортасының озбырлығын адалдық қағидаларымен шешпек болған жас баланың бейнесін көреміз. Жасөспірім психологиясын терең зердеге алған кинотрилогияда бірде-бір кәсіби актер ойнамайды. Осыған қарамастан, режиссер Эмир Байғазин актер шеберлігін арнайы меңгермеген балалардың нанымды ойынына қол жеткізе білген. Осы тұрғыда ұзақ пландар мен шынайы ауыл көрінісін бейнелеген пессимистік сарындағы кинотрилогия стильдік, құрылымдық жағынан қазақтың «жаңа толқын» режиссерлерінің фильмдерін еске түсіреді. Композициялық құрылымы мен кино тілінің бейнелеу тәсілдерін ұтымды әрі орынды қолдануы арқылы зорлықзомбылық, қылмыс пен жаза тақырыптарына байланысты терең толғаныстар тудыра білген Эмир Байғазин Асланның хикаясы туралы трилогиясы арқылы адамның бойындағы бір-біріне үйлеспейтін, үндеспейтін жақсылық пен жамандық, мейірім мен жауыздық, махаббат пен сатқындық іспеттес кереғарлықтар мен  қақтығыстарды шебер таспалаған. Кинотрилогия қазақ халқын қаралайды дегенге түбегейлі келіспеймін. Себебі шындықты таспалау – қаралау емес. Эмирдің көздеген мақсаты – көрерменге, оның ішінде жасөспірімге ой тастау. Қандай болуды емес, қандай болмауды көрсету. Баяғыда ата-бабаларымыз «Өнер алды – қызыл тіл» дейтін. Бүгінде бұл ұстаным өзгерген. Себебі бұрынғының баласы ертегі тыңдап, жыр-дастанды жаттап, көңіл қойып, көкейіне түйіп өскен. Ал еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін экран алдында отыратын бүгінгі заманның адамдары үшін өнер алды – кино тілі, демек, экран өнері. Сондай-ақ, бұрынғы заманда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген болса, бүгінгілерге «Экраннан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дұрыс. Бұл тұрғыда, меніңше, жасөспірімдерге арналған фильмдер салғырттықты көтермейді. Осы орайда біздің киногерлер көрсеткен әр кадрына, диалогта қолданған әр сөзіне аса кірпияздықпен, барынша жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені кино – жастардың сана-сезімін қалыптастырудағы алпауыт күш. Ендеше, киногерлеріміз киноның осы қасиетін дұрыс пайдаланып, ұлттық құндылықтарымыз бен төл мәдениетімізді, салтдәстүріміз бен тарихымызды, дініміз бен тілімізді дәріптейтін, мазмұны бай, мағынасы терең, тілі көркем туындыларды жарыққа шығарғаны дұрыс. Себебі жастар – болашағымыз. Егер біз болашағымыздың жарқын болғанын қаласақ, бүгінгі жастарға өнеге боларлық дұрыс тәлім-тәрбие бергеніміз абзал.

Дайындаған Асылан Біржанұлы

«Ақ желкен» журналы, №7 Шілде, 2020

1761 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы